Сіздің реакцияңыз – сіздің денсаулығыңыз

Кейде адамдардың көпшілігіне жан тыныштығы жетіспейді. Көп нәрсеге талап қоймай, бейжай қарап үйренсек, ауыртпалықтарды бастан оңай өткізер едік. Қандай жағдай болса да, өзін байсалды ұстай алатын адам өте қызу әрекеттенетін адамға қарағанда өмірдің негативті зардабынан құтыла алады. Өзіңізді және жақындарыңызды қорғау үшін ұстамды және байсалды болып үйрену керек. Оны кез келген жаста игеруге болады.

 Барлық ауру жүйкеден туады дегенді жиі естиміз. Адамның сабырлы болуы тек психологиялық емес, сонымен қатар физикалық денсаулығына де байланысты мәселелерден қорғайды. Әрдайым ашулану, жек көрушілік және айқай психикаға жақсы әсер етуі мүмкін емес.

Кейде айқайлау – жиналған ауыртпалықты шығарып жіберудің жалғыз әдісі. Бірақ айқайыңызға айналадағылар біртүрлі қарауы мүмкін. Сондықтан ондай жағдайға жеткізбеген дұрыс.

Әр нәрсені уайымдамаңыз 

Адамдар уайымдайтын нәрсенің барлығы бірдей сонша қауіпті емес. Әрине, көпшілік неліктен бірден сабырға келе алмайтынының бірнеше себебін айтып ақталуы мүмкін. Ақшаның жетіспеуі, жеке өміріндегі проблемалар, жұмыстағы қиындықтар, жаңалықта айтылып жатқан жаман нәрселер және басқа да жағымсыздықтар өмірді улайды. Сөзсіз, олардан құтылу қиын. Ол үшін шыдамды болып, тырысу керек. Адамның қаншалықты ашуланғанына, жүйкесін құртқанына байланысты ол мәселелер соншалықты жылдам шешіледі деп кім айтты?! Тіпті, керісінше, ол қаншалықты ашушаң болса, кедергіні шешу соншалықты қиындай түседі. Себебі ашу үстінде адамдар дұрыс шешімді байқамайды, кеңесті тыңдамайды және көмек сұрай алмайды. Олар тек өздерін және жанындағыларды шаршатады, күші мен қуатын жоғалтады. Адамда энергия шексіз, ол өзіне деген ұқыпты қатынасты және қалпына келу үшін уақытты керек етеді. Бірақ мұндай қатты сезімдер оны тез жоғалтады. Соңында бар ақпаратты сараптауға ештеңе қалмайды. Сондықтан, есте сақтаңыз, байсалды болу тек денсаулыққа емес, қиын сұрақтарды оңай шешуге де көмектеседі.

Өзіңізге уақыт бөліңіз

  Ол 15 минут болса да тек сізге арналуы керек. Жұмыс көп болса да, қоңыраудан, сөйлесуден бас тартыңыз, ешкімге кедергі келтірмейтін жерге кетіңіз. Мұндай 15 минут аптасына 1-2 рет емес, күнде болғаны жақсы. Ол уақытты өзіңізге арнаңыз, ол мүмкін емес секілді көрінуі мүмкін. Бірақ ән тыңдағанда, кітап оқығанда немесе теледидар қарап отырғанда да өз-өзіңізбен болуға болады. Бастысы, сыртқы қоздырғыштардан құтылуды үйрену керек. Адам толы автобустағы көңіл күйі жоқ жолаушының немесе көршілес машинадағы жүргізушінің айғайы сізді алаңдатпауы керек. Өміріңізге маңызы жоқ адамдарға мән бермеуге үйренген жөн.

Ескерту беріңіз 

Дөрекі әрекетке бірден ашу шақырудың мәні жоқ. Бірақ әдейі істеген болса, бетіне кетпес үшін ескерту жасаған жеткілікті. Ол адам ойламаған жерден, байқаусыздан істеген болуы да мүмкін.

Әрдайым жүйкеңізге тиетін нәрселерден құтылыңыз 

Ой-өрісімен ерекшеленетін адамдардан құтылыңыз. Тату болу үшін не істесеңіз де, қанша тырыссаңыз да келіспесе, табиғатқа қарсы тұра алмайсыз. Сондықтан, онымен сөйлесуді, мүмкіндік болса, көрісуді тоқтатыңыз. Жүйкеңізге тиетін бағдарламаны қарамаңыз, ондай ақпаратты көрмеңіз және жағымсыз пікірлерді оқымаңыз.

Сіздің реакцияңыз – сіздің денсаулығыңыз! 

Барлығын өзгерту мүмкін емес, бірақ оған деген қатынасыңызды өзгертуге болады. Біреу жүйкеңізге тисе, оны күлкілі жағдайда елестетіңіз немесе оның қатысы бар күлкілі оқиғаны еске алыңыз. Әдетте, наразылық бәрін шындап қабылдағаннан болады. Өміріңізге әзілдің бір бөлігін қосыңыз. Күлкі өмірді ұзартады. Нағыз қайғының қасында біреудің біртүрлі әрекеті тіптен мән беруге тұрмайды. Мұның ақша жетіспеуіне де, арақатынастағы проблемаға да байланысы бар. Уақытты уайымдауға емес, жағдайды түзеуге, жол іздеуге арнаңыз. Сондықтан өмірдегі қиындықтарға жеңу керек белес ретінде қараңыз.

Бастысы – сену! 

Барлығына күшіңіз жететініне сеніңіз. Қолыңыздан ештеңе келмесе, қиындықтармен күресе алмасаңыз, осы күнге дейін жетер ме едіңіз?! Яғни, ашулануға себеп жоқ. Өзіңізге керек уақытта байсалды және жинақы бола алатыныңызды дәлелдеңіз. Ал қалғанының бәрі сіз үшін ұсақ-түйек, мағынасы жоқ. Әлемнің барлық мәселесін шешуге тырыспаңыз. Міндетті түрде ұйқыңызды қандырыңыз, сериал қараудан бас тартыңыз. Шаршаған жүйке жүйесі ауыртпалықпен күресуі қиын. Әрине, сізге рақат сыйлайтын спорт түрімен айналысыңыз. Арасында өзіңізге көңіл көтеретін демалыс жариялаңыз. Бұрынғыға қарағанда сабырлы бола түссеңіз, айналаңызда бәрі қиын әрі күйгелек емес екеніне таңғала қарайсыз. Олардың арасынан қуантатын және сенім беретін заттар көп екендігін көресіз.

massaget.kz


ТАНЫМ 09 тамыз 2018 г. 65 0