МАҚТАНСАҢ, ҚАЖЫМҰҚАНМЕН МАҚТАН!

Қазақтың мықтыларын, жүректілерін, білектілерін, тектілерін, батырларын, ақындарын, ғалымдарын оқығанда қуат алып, күшімізге күш қосылып отырады. Мұның барлығы қазақ болып туғаннан шығар. Бұл жолғы әңгімеге қанша айтсаң да, айтқың келе беретін, қанша жазсаң да таусылмайтын даңқты палуан, күш атасы Қажымұқанды өзек етпекпіз.


Қажымұқан Поддубныйды жеңген бе?

  Бұл сұрақ талай адамның көкейінде жүргені анық. Орыстар өздерінің, біз өзіміздің палуанымызды жеңді деп ойлаймыз. Сөз жоқ екеуі де мықты палуан. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды. Қапсағай денелі азаматтардың өздеріне лайық тұлғалары  мен батырға тән мінездері  болған.

 Енді жоғарыдағы сұрақтың жауабына келейік. Қажымұқан жайлы кеңестік заманда кино түсірілді. Дәлірек айтсақ, 1985 жылы «Знай наших!» деген атпен жарық көрген киноға Бақытжан Есжанов, Георгия Мартиросян, Александр Панкратов-Чёрный қатысқан. Осы киноның мазмұнына мән беріп қарасақ, бір жиында Қажымұқан мен Поддубный күреседі. Екі алыптың белдесуінде Поддубный  Қажымұқанды көтеріп көкірегіне қойып, өзінің мойнын қайыра басын тіреп шалқалап жатады. Мұндай әдісті әдетте палуандар қарсыласы қапсыра құшақтап, екі иығын жерге тигізгелі жатқанда қолданады. Кинода үстіндегісі жеңді (победил тот кто сверху) деп айтылады. Ал, үстінде біздің Қажымұқан бабамыздың болғанын анық көрсетеді. Кеңестік заманның қылышынан қан тамып тұрған сәтте, Мәскеудің «а»  дегені алғыс, «қ»  дегені қарғыс болып тұрған кезде Қажымұқанды жеңді деп дәлелсіз айтпаған шығар. Үстіндегісі жеңді деп астарлап жеткізілген шындықтың астарында сіз бен біз білмейтін әлі талай ақиқат болуы мүмкін.


Саракикимен белдесу немесе өлімге апарған айқас

Белдескенде қарсыласының барлығын алып ұрып жыққан да, ырқына көнбеген жапонның бас терісін сыпырған да осы Қажымұқан бабамыз. Оқиға былай болған. 1912 жылы Қытайдың Харбин қаласында күрестен әлем чемпионаты өтеді. Балуандардың бәсіне біздің Қажымұқан бабамыз бен оның досы Поддубный да қатысқан екен. Ресейдің атынан шығып тұрған бұл екеуі қарсыласының барлығын жеңеді. Бас жүлде де Қажымұқан мен Поддубныйға тең бөлініпті. Бірақ, ұйымдастырушылар құйтырғы әрекет жасап, атақты Саракикиді жапон күресі бойынша жеңген адамды жеңімпаз деп танитындықтарын айтады. Сонымен, Қажымұқан атамыз Жапонияның чемпионы, джиу-джитсуды жетік меңгерген, жапон күресі бойынша қарсыласының барлығын жеңген Саракикимен белдеседі. Кейбір деректерде  қос алыптың айқасын «Смертельная схватка» (Өлім айқасы) деп  те атаушылық бар.  Себебі, күрес кезінде жеңіс үшін түрлі әдістерді жасап, бір-бірін өлтіріп алса, кешірім жасау қарастырылған көрінеді. Қажымұқанды қайтсем жығам деген Саракики жапон күресінің әдістеріне салып, қол-аяғын қайырып ауыртпақ та болыпты. Екеуі ұзақ белдескен. Саракики мысықша ұмтылып, Қажымұқанның құлағын жаралап, ернін қанатып, денесін қан-жоса етіп тырналап тастапты. Қажымұқан ақыры болмаған соң Саракикиді төбесінен асыра лақтырып, үстіңгі ернінен ұстап, бас терісін сыпырып алғанға ұқсайды.

Жапондар Саракикидің өлімін әртүрлі етіп көрсетеді. Бір деректерде оны жынданып өлді десе, енді біреулері жүрек талмасынан көз жұмды дегенді айтады. Қажымұқан мен Саракикидің арасында «Өлім айқасы» болғаны ақиқат. Мұны жоққа шығара алмаймыз. Екі мықтының айқасында Қажымұқанның жеңгені  шындық.


Қажымұқан қандай болған? (Суретте Қажымұқанның көйлегі, иесі Рахат Барысұлы)

  Қазақ балуандары сөз қозғағанда Қажымұқан бабамызды ерекше атап өтеміз. Бұл ол кісінің атақ-даңқынан бөлек, халықтың балуанға деген ілтипаты мен құрметін білдірсе керек. Бала күнімде Шиеліден шыққан жазушы, атақты «Мың бір түнді» қазақша сайратқан аудармашы Қалмақан Әбдіқадыровтың Қажымұқан туралы жазғандарын оқып таңданып жүретін едік. Белдескенде ешкімнен жеңілмеген, жауырыны жерге тимеген батыр бабамыз жайында кино түсірілген киноны көріп кәдімгідей бір масаттанып қалатынбыз. Енді міне, тағы бір жерлесіміз, ғалым Әуелбек Қоңыратбаевтың Қажымұқан туралы естелігінен балуанның шын мәнінде қандай болғанын көз алдымызға елестетіп отырмыз.

Бірде профессор, қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосқан ғалым Әуелбек Қоңыратбаев жол түсіп Қажымұқанның үйіне қонаққа барыпты. Бұл кезде балуанның жасы егде тартып жетпіс беске келген шағы екен. Әуелбектей ғалым келер ұрпаққа Қажымұқанның шын бейнесін мұра етейін деді ме, жоқ әлде алпамса денелі, тау мүсінді адамды көргенде іріліктің неден басталатынын білгісі келді ме әйтеуір рұқсатын алып дене құрылысын өлшеп шығыпты. Ғалымның дерегі бойынша Қажымұқанның салмағы – 174 келі болса, бойы – 195 сантиметрге тең екен. Қос құлаштап өлшеген кеудесінің аумағы – 146 сантиметрді құраса, балтырының жуандығы – 49 сантиметр болыпты. Ал, мойнының жуандығы – 56 сантиметр де, басы – 65 сантиметр, аяқ киімі –54 өлшем болып шығыпты. Ә.Қоңыратбаев қызығушылық танытып  ұзындығы – 14 сантиметр, жуандығы – 10 сантиметр болатын ортаңғы саусағын, тіпті,  12  сантиметрге жететін үстіңгі және астыңғы еріндеріне дейін өлшеген екен.

Қажымұқан Мұңайтпасұлы – қазақ халқының тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан. Тұтас ғұмырын күрес өнеріне арнап, ұланғайыр жері мен өршіл халқын бірінші болып өзге жұртқа паш еткен, өзінен бұрынғы қандастары баспаған топырақты басып, көрмеген елді көріп, өзге қазақ тақпаған алтын, күміс медальдарды мойнына тұңғыш ілген атағы әлемге жайылған балуан. Қажымұқан орасан күштің иесі, күрестің бірнеше түрінен әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ алыбы ретінде де кеңінен танымал. Теңдессіз өнерімен жер шарын аралаған, 54 мемлекетте күреске түсіп, 48 медаль олжалаған Қажымұқандай мықты XX ғасырдың басында түркі халықтарының ішінде қазақта ғана болды. Біз мұны мақтанышпен айтуымыз керек. Ол қазақ зиялыларымен де бірге болған. Тіпті, Ұлы Отан соғысына көмекке арнайы ұшақ та жасатқан. Міне, Қажымұқандай бабамыздың қандай болғанын білгісі келетін адамдарға біздің айтпағымыз осы.


Әзиз БАТЫРБЕКОВ.

 

ТАНЫМ 03 сәуір 2018 г. 768 0