«Жұлдызы» жанған оқулық

 Адам баласы хат танып, көзі ашылғалы бері тәрбие мен білімді жанына серік қылып келеді. Өйткені, тәрбие арқылы берілген сапалы білім келешектің тұтқасын ұстайтын азаматтарды тәрбиелеудің алғышарты іспеттес. Ал бұл байлықтың бастауы – кітап. Кітап – ғалым, тілсіз мұғалім. Дей тұрғанмен, бүгінгі күні ұлт болашағы болатын бүлдіршіндер оқулықтар арқылы кімдерді танып, кімнен үлгі алуда? Жалпы, өскелең ұрпақты болашақта қалай елестетеміз?
Бұл күмәнді сұрақтар қайдан шықты дерсіз? Осыдан бірнеше күн бұрын зияткерлік мектепке түсуші талапкерлерге арналған оқулыққа МС Сайлаубектің өмірбаяны енгізілгені туралы жазба желіде дабыл қаққан болатын. Иә, түсініксіз тілде өлең (өлең деуге қимайсың) айтатын, сізге таныс МС Сайлаубек. Жарық көргеніне көп уақыт болмаса да, жинаққа енгізілген бұл жаңалық дүйім жұрттың аузында жүр.
Ел-жұрт бұл туралы желідегі Киікбай Жақыпұлының фейсбук парақшасындағы жазбасынан ақпараттанған. Жазба авторы: «...Сонымен, еліміздегі ең таңдаулы Назарбаев зияткерлік мектебіне түсетіндер «Қазақ тілі» оқу құралының 75 бетіндегі 7 мәтіндегі МС Сайлаубектің егжей-тегжейлі жазылған өмірін жатқа білуі керек. Оған қоса, «МС Сайлаубектің жұлдыз болуына не әсер етті?» деген 4 сұраққа жауап беруі тиіс. Бұның бәріне жауап беріп, әйгілі мектепке түсіп кеткен талапкерден МС Сайлаубектің әнін салып беруді де сұрауы мүмкін шығар деп ойлайсың. Бұл туралы сынақ кітапша авторлары Қазбек Сағидолла мен Серікболсын Дүйсембайлардан сұрау керек. Сонда бұл авторлардың деңгейі «тілсіз» «жұлдыздардың» айналасында ма? Сонда еліміздегі ең әйгілі мектеп оқушыларының үлгі тұтары рэппер болуы керек пе? Ал аталмыш мектеп басшылары бұл масқараға не дейді екен? Еліміздегі ең таңдаулы Назарбаев зияткерлік мектебіне жасалып жатқан сынақ тапсыру кітапшалары осындай болса, басқаларының сықпыты белгілі шығар... «Жүре берсең, көре бересің» деген осы»,– дейді ашынып.
Зерттей келе, шынында да, аталмыш жайт 2018 жылы жарық көрген Назарбаев зияткерлік мектептеріне түсушілерге арналған тест тапсырмалар жинағында орын алғанына көзіміз жетті. Біреулерге рэпердің өмірбаяны қызығырақ болатынын білсек те, басыңызды бос дүниемен толтырмағанды жөн көрдік.
Авторлардың бірі желі белсендісіне жауап беріп те үлгерген көрінеді. «Талай 100 мың данамен шығып жүрген, ішінде қаншама қателіктер өріп жүрген оқулықтарды да көзіміз көріп жүр. Ал біздің ресми емес, тек емтиханға дайындыққа арналған бар-жоғы 100 дана тест жинағының ішіндегі 5-6 жолымыз қаншама балағат, ғайбат сөздерге алып келді. Бірақ, бұл жолдар келесі басылымда ауыстырылып, түзетіліп үлгерген еді. Және бұл тест жинағы ешқандай ресми бекітілмеген, мектеп бағдарламасына енбеген», – деп жазды Серікболсын Дүйсембай.
Қазіргі таңда Сауд Арабиясында білім алып жүрген кітап авторы еліне өкпесі бар екенін де жасырмады.
«Мен бұны ақталу үшін де, мақтану үшін де жазып отырған жоқпын. Тек біздің қоғамның кейбір “белсенділері” мәселенің мән-жайына барып алмай, тек алып-қашпа әңгімеге еріп, жерден жеті қоян тапқандай бөлісе кететінінен әлем көшіне ілесудің ауылы алыс па деп қалдым. Титтей “қателігі” үшін өз ұлын өзегінен тепкендей көрінген елге енді оралғың да келмей қалады екен. Елден кешірім сұрадым», – дейді 25 жасар павлодарлық ғалым.
Жас ғалымның жауабын оқып отырып кезіндегі Алаш зиялыларының көрген қиыншылықтары, Ахмет Байтұрсыновтың: «Қинамайды абақтыға жапқаны, Қиын емес дарға асқаны, атқаны. Маған ауыр осылардың бәрінен, Өз ауылымның иттері үріп, қапқаны» деген өлең жолдары еріксіз есіңе түседі екен. Дей тұрғанмен, бұл ән бұрынғы әннен біраз өзгеше екенін де айта кету керек. Әңгімесінен өкініштің лебі байқалмағанымен, кітап авторына кешіріммен қарауға шақырған желі қолданушылары да аз емес. Алайда, тұтас ұлтты қамтитын жауапкершілігі мол іске жауапты қараудың үкімі – парыз екендігіне ешкім дауласа қоймас.
К.Жақыпұлының желіде жариялаған жазбасына еліміздің үлгілі оқу ордасының маманы да жауап берді: «Аталған «Қазақ тілі» жинағының құрастырылуына және басылып шығуына «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының қатысы жоқ. Кітап жекеменшік жолмен шығарылған. Аталған мазмұндағы тест тапсырмалары зияткерлік мектептерге түсу үшін конкурстық іріктеуде қолданылмайды», – деді «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы педагогикалық өлшеулер орталығы директорының орынбасары Айдана Шилібекова.
Көпшіліктің қолданысында жүрген «Google» ақпараттық порталы «МС...» деп жаза бастағаннан-ақ «МС Сайлаубек» деген толыққанды мәліметтерді экранға шығарып береді. Бұл кісінің танымалдығына айтар уәжіміз жоқ. Бірақ, жұртқа белгілі болғанның бәрін ұрпаққа үлгі етіп көрсету туралы заңды өз басым, естіген емеспін. Оның үстіне, бұндай қателіктер бүгін ғана орын алып жатқан жоқ. Ендеше, «Сын түзелмей – мін түзелмейді» деген тәмсілді ту етіп, ұлт болашағына балта шабатын мұндай қателіктерді құрықтаудан қалыс қалмасақ, айыпталушылар да ағысының арнасына абай болар деген ойдамыз.
Абайдың «Артық білім – кітапта» деген сөзі арқылы оның құндылығын аңғартса керек. Ұлтымыздың бас ақыны айтқан қымбат қазына – білімді басы артық «білімшелермен» шатастырып жүрмесек игі.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ.
ТАНЫМ 02 наурыз 2018 г. 159 0