Ұшақ рейсі кешіктірілген жағдайда не істеу керек?

 Әуежайға келгенде әуе рейсіңіз кешіктірілгенін естідіңіз. Осындай жағдайда не істеу керек? Бұл ретте сіздің қандай құқықтарыңыз бар? Авиакомпаниядан өтемақы алуға бола ма? Өз құқықтарыңды мойындату үшін қандай шара қолдану қажет? Осы туралы айтамыз.

Бірінші ұшақ рейстерінің қандай жағдайларда кешігетінін қарастырайық:

  • Қолайсыз ауа райы;
  • Әуежайдың дұрыс жабдықталмауы;
  • Техникалық себептер;
  • Бір ұшақтың кешігіп келуі өзге рейстердің кешіктірілуіне себеп болуы мүмкін. Мысалы, Атыраудан Алматыға Шымкент арқылы ұшатын әуе рейстерін алайық. Жолаушылар Шымкентте басқа ұшаққа ауыстырылады. Егер Атыраудан шыққан рейс кешігіп келсе, соның салдарынан Шымкенттен Алматыға шығатын рейс те кешігеді. Себебі Атыраудан Алматыға билет алған жолаушылардың жетуін күтуі керек;
  • Жолаушылардың өмірі мен денсаулығына қауіпті жағдайларды болдырмау мақсатында тексеру жүргізу;
  • Кейде ұшаққа отырып алған жолаушы ұшудан бас тартуы мүмкін. Бұндай жағдайда барлық жолаушылар шығарылып, ұшақ салоны толық тексеріледі;
  • Тіркеуден өткен және жүгін өткізген, бірақ ұшаққа мінбей қалған жолаушыны күту кезінде рейс кешігуі мүмкін.

Ұшақ рейсі кешіктірілген жағдайда жолаушылардың бірнеше құқықтары бар. Олар “ҚР әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы” заңының86-бабында көрсетілген. Тасымалдаушының кінәсінен рейс кешіктірілсе, әуе кемесі кеш келсе, тасымалдау маршрутының өзгеруінен рейс кідірсе, авиакомпания жолаушыларына мынадай жағдайларды жасауға міндетті:

Жеті жасқа дейінгі баласы бар жолаушыларға ана мен бала бөлмесін ұсыну;

Рейс 2 сағатқа кешіксе:

  • Жолаушылар 5 минуттан екі рет тегін қоңырау шалуға құқылы. Оның ішінде халықаралық қоңырау шалу немесе электрондық почта арқылы екі хабарлама жіберуге болады;
  • Авиакомпания жолаушыларын салқын сусынмен тегін қамтамасыз етуі керек.

Рейсті 4 сағаттан артық күткенде:

  • Күндіз әр 6 сағат сайын, түнде әр 8 сағат сайын ыстық тамақпен қамтамасыз ету.

Сапарды түнде 6 сағаттан артық, күндіз 8 сағаттан артық күткенде:

  • қонақ үйге орналастыру;
  • қонақүйге дейін және кері қарай көлікпен жеткізу.

Жоғарыда аталған барлық қызметтер тегін көрсетілуі тиіс!

Сапарды 10 сағаттан артық күткенде:

  • Жолаушыны баратын жеріне жақын арада ұшатын рейске отырғызуға;
  • Билеттiң толық құнын қайтаруға мiндеттi.

Осы талаптарды орындамаған тасымалдаушылар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 567-бабына сәйкес жауапқа тартылады. Егер ондай жағдай бірінші рет орын алса, авиакомпианияға 481 000 теңге (200 АЕК), бір жыл ішінде қайталанса, 2 405 000 теңге (1000 АЕК) айыппұл салынады.

Тасымалдаушы авиакомпания өз міндеттерін орындамаса, қайда шағымдану керек?

Егер тасымалдаушы авиакомпания жоғарыда көрсетілген міндеттерін орындамаса, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетімен ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Азаматтық авиация комитетіне шағымдануға болады.


Дереккөз: https://baribar.kz/51029/ushaq-reysi-keshiktirilgen-zhaghdayda-ne-isteu-kerek/
ТАНЫМ 09 ақпан 2018 г. 299 0