Еліміздегі ең алғашқы метеостанса

Еліміздегі ең алғашқы ауа райын бақылайтын метеорологиялық станса қай өңірде пайда болғанын білесіз бе?.. Ойыңызға алдымен Алматы немесе өзге қалалардың бірі оралатынына күмәніміз жоқ.
Алайда, республика аумағындағы тұңғыш метеорологиялық станса осыдан тура 170 жыл бұрын Қазалы қаласында ашылғанын біреу білсе, енді бірі біле бермейді.
Тарихқа көз жүгiртсек, Қазақстан аумағындағы метеорологиялық бақылаулар ХIХ ғасырдың ортасынан бастау алады. Қуаныштысы, алғаш осындай станса Қазалы қаласында 1848 жылы ашылған. Екiншi метеорологиялық станса арада алты жыл өткеннен кейін 1854 жылы Семейде құрылған. Ұзақ жылдар бойы ел игiлiгiне қызмет етiп, күннiң кiрпiгi мен айдың айшығын аңдыған ауа райы сақшылары үнемi үзiлiссiз жүйелi жұмыс істеп келедi.
Шағын ғана бақылау стансасында 1907-1942 жылдары Анна Карловна Блан басшылық етсе, аға гидромед бақылаушы Варвара Семен­овна Мясникова, техник агрометеоролог Валентина Александровна Гарина, гидромед бақылаушы Антонина Семеновна Панкиева, техник гидролог Гельсем Хамиджановна Ярцева, гидропост бақылаушысы Александр Иванович Федоров қызмет атқарған.
«Қазалы ауа райын бақылау» стансасында 1950 жылы Касаткин, 1954-1961 жылдар аралығында Майсеев, 1961-1964 жылдары Г.С.Шабалин, 1964-1976 жылдарда В.Г.Донсков басшылық жасаған. Д.К.Добрин, В.И.Шумилина, В.Г.Донскова, Андреюк, Н.Паули­лер қызмет iстеген.
Елiмiз тәуелсiздiк алған тұс­тары мекеме жаңа iзденiс үстiнде жұмыс атқарды. 1994-2008 жылдары Құттыбай Тарғынов басқарған кезде «Қазалы ауа райын бақылау» стансасы үлгiлi қызметi үшiн 2005 жылдың шiлде айында Швейцарияның Женева климат бақылау орталығының «Құрмет грамотасына» ие болды. Бұл құрметке жету жолында станса қызметкерлерi И.А.Арент, Т.К.Сұлтанмұратов, Н.М.Сұлтанмұратовалардың қосқан үлесi мол.
Мекеменi 2008-2011 жылдары Қазихан Сердалиев басқарса, 2011 жылдың 17 маусымынан берi Сәуле Оспанова басшылық жасап келедi. Қазiрде бекетте 8 адам жұмыс iстейдi. Олар аға техник Алтынай Махамбетова, техник Сергей Паули, техник Мадияр Манасов, техник Эльмира Тарғынова, агротехник Гүлнұр Сердалиева мен гидрологтар Ринат Тарғынов пен Нұрлан Жалғасбаев.
Метеорологиялық стан­са – тұрақты метеоро­логиялық бақылауға арналған мекеме. Станса кешенiнде атмосфераның және жер үстiнiң жағдайын бақылауға арналған метеорологиялық алаң мен бақылау нәтижелерiн алатын, өңдейтiн және беретiн приборлармен жабдықталған орындар бар. Термометрлi және гигрометрлi психрометрлiк үйшiк, жел жылдамдығы мен жаңбыр өлшеуiш, топырақ термометрi сияқты аспаптар метеорологиялық алаңда орналасқан. Мекеме ғимаратында барометр, даладағы аспаптардың көрсетулерiн тiркейтiн қондырғылар жұмыс iстейдi.
Бұл кешеннің негiзгi мiн­детi осы құралдар арқылы метеоро­логиялық құбылыстардың белгiлi бiр мерзiм iшiнде өзгеруiн, ауаның ылғалдылығы мен температурасын, желдiң бағыты мен жылдамдығын, атмосфералық қысымын, бұлттың пiшiнi мен санын, күн құбылмалдылығы мен атмосфералық құбылыстарды, қардың көлемiн, жауын-шашынның мөлшерi мен су деңгейiн, маусымдық судың температурасын, әр он күн сайын Сырдария өзенiндегi судың шығынын (қанша куб), қысты күнi мұздың қалыңдығын, атмосфераның жағдайы – бұлттылығын, күн шұғыласының ұзақтығын анықтайды. Бақылау әрекетi қабылданған стандартты бағдарлама бойынша 3 сағат сайын жүргiзiлiп тұрады. Осыдан алынған мәлiметтер шартты белгiлерге түсiрiлiп, «Қызылорда гидрометеорологиялық орталығы­на» жiберiледi.
Тарихы ХIХ ғасырдан басталатын мекеменiң материалдық-техникалық базасына келер болсақ, ауа райын бақылайтын метеоро­логиялық аспаптар жеткiлiктi.
Метеорологиялық стансаның басты күшi – ауа температурасы, желдiң бағыты мен жылдамдығы, жауын-шашын мөлшерiн және т.б. табиғат құбылыстарын өлшейтiн аспаптар.
Ендi бiз метеорологиялық стансада бар аспаптарға тоқталып өтсек. Алаңда орналасқан метеорологиялық аспаптарға арналған бiрiншi жалюздi қорғау будкасының iшiнде психрометрлiк термометрлер және шашты гигрометр бар. Оның басты қызметi ауа температурасы мен ылғалдылығын өлшейдi. Мұнымен қоса оның iшiнде минимальдi термометр мен максимальдi термометр де болады. Олар ауаның ең төменгi және жоғарғы температурасын көрсетедi. Екiншi жалюздi қорғау будкасында М-16 АС метеорологиялық термографы мен М-21АС гигрографы орналасқан. Сонымен қатар, жауын-шашын мөлшерiн анықтайтын О-1 жауын өлшегiш құралы, қар өлшегiш стационарлық және тасымалдаушы рейкалар, қардың тығыздығын көрсететiн ВС-43 таразылы қар өлшегiшi, күн шұғыласының ұзақтығын сезетiн ГУ-1 модельдi универсальдi гемографы, желдiң бағыты мен жылдамдығын бiлетiн Вильда флюгерi (желбағар), ауаның қысымын көрсететiн электронды БРС-1М барометрi, желдiң бағытын анықтайтын электронды М63М-1 анеморумбометрi, қысты күнi жердiң 3 метр тереңдiктегi температурасын бақылайтын АМ-34 термометрi, жаз айларында жердiң 5, 10, 15, 20 метр тереңдiктегi температурасын өлшейтiн Савинский термометрi бар. Осы құрылғылар арқылы аудан аумағындағы барлық мәлiметтерді станса қызметкерлері қағазға түсiрiп, жинақтайды.

Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ.
ТАНЫМ 09 қаңтар 2018 г. 227 0