ЖАЛАҒАШ ЖҰМАҚТЫҢ НАҚ ӨЗІНДЕЙ

 Жалағаштың бүгінде келбеті өзгерген. Арман қуып Алматы барғалы да ширек ғасырға жуық уақыт болыпты. Бірақ туған жер бір сәт естен кетпейді.
Баяғыдай емес, қазір ақпарат алмасу жеделдеген заман. Алатау баурайында отырсақ та, Жалағаш жаңалықтарына қанықпын. Жақсы жаңалық оқысам, кәдімгідей марқайып қаламын. Мысалы, былтыр аудан бойынша 16 оқушы "Алтын белгі" иегері атанып, 142 оқушы мемлекеттік грантқа оқуға түсіпті. Қалай қуанбайсың, ел болашағы білімді жастардың қолында ғой. Елдің тұрмыстық жағдайы жақсарып келе жатқанын ауылға барған сайын байқаймын. Біздің жалағаштықтардың бойына жалқаулық тән емес, әу бастан бейнетқор. 2011 жылы АҚШ-тың мұнайлы Техас штатында болған едім. Техас – АҚШ-тың ең ыстық нүктесі. Өздеріне тән экологиялық қолайсыз жақтары да жетерлік. Сонда байқадым, біздің Жалағаштың аптабы Техастың жалын шарпыған қапырығымен салыстыруға келмейді. Оның қасында Жалағаш жұмақтың нақ өзіндей.
Техас топырағы құнарсыз, қыс болмайтын себепті жыл бойына бірнеше мәрте өнім алып, әбден тоздырған. Солай болса да мәпелеп, құлпыртып отыр. Өсірмейтіні жоқ, біздің қазақы қауындарымыз бен әңгелектеріміз алдымнан шыға келгенде, «Мақпалкөлдегі» бақшалығымыз еріксіз еске түсті. Олардың қасында біздің ауданның егіншілік жағынан мүмкіншілігі өте мол екенін байқадым. Ендеше, бұл Жалағаштың болашағы зор деген сөз. Биыл күріштен аудан диқандары мол өнім алыпты. Құрдасым Зұлқар Маханов бірнеше жылдан бері жеке күріш егеді. Кәсіпкер азамат Имамзада Шағыртаев «Таң» ауылы жерін тұтас күріш алқабына айналдырған. Ауылдас ағам Әбзәли Бердалиев пен ініміз Әліби Бекжанов та күріш егудің қыр-сырын үйренген. Егіншілік саласында еңбек етіп жүрген басқа да аудандағы іскер азаматтар туралы сүйсіне әңгімелеуден жалықпаймын. Мен Алматыға аттанған тоқсаныншы жылдары ауданның жағдайы тым мүшкіл еді. Көптеген жер дән себілмей бос жататын. Қазір сұрастырсам, бос жер таппайды екенсің. Демек, жердің береке екенін, одан айырылса бәрінен айырылатынын ауылдастарым жақсы түсінген.
Міне, мені қуантатын жайт – осы. Ауданның басқа салалары да жанданып келе жатқанын байқаймын. Аймағымызды кесіп өтетін «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» күре жолы ауданымызға экономикалық жағынан тиімді. Ендеше, Жалағаш жұртшылығын 2018 жаңа жылымен құттықтаймын! Елде ауызбіршілік болсын, халықтың еңбегі жана берсін!
Нұрлыбек САМАТҰЛЫ,
жазушы, республикалық «Таң-Шолпан»
әдеби журналының бас редакторы.
ТАНЫМ 04 қаңтар 2018 г. 191 0