ҰЛТТЫҢ ҰЛЫ ТҰҒЫРНАМАСЫ

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында елдің мақсат-мұратын жүзеге асыруға бағытталған, рухани жаңғыруға негіз болатын бірқатар бағыттар айқындалған. Бағдарлама баспа бетінде жарияланған сәттен бастап ел ішінде кеңінен талқыланып, ондағы мақсат-міндеттерге байланысты шаралар атқарылуда.  
Мақалада көтерілген әрбір мәселе әр қазақтың, қазақстандықтың жүрегіне жол тапқан кемел ойдан туған кемеңгер шешім екені даусыз. Аймағымызда «Рухани жаңғырудың» 4 кіші бағдарламасын ілгерілету және үйлестіру бойынша облыстық жұмыс тобы, Сарапшылар кеңесі және Жобалық кеңсе, Жобалық топ пен хатшылық құрамы құрылды. Аталған топқа өңірдің зиялы қауым өкілдері, депутаттар, үкіметтік емес ұйымдар, ардагерлер, БАҚ өкілдері, партия жетекшілері енгізілді.
Бағдарламаны ілгерілету мақсатында және қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруді насихаттайтын облыстық ақпараттық-насихаттық топ құрылды. Аталған топ мүшелері Қызылорда қаласы мен барлық аудандарда кездесулер өткізіп, аймақ тұрғындары арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру негізінен өңірлік Жобалық офистің үйлестіруімен, ұзақмерзімді жобалар мен ірі көлемді шаралар аясында жүзеге асырылуда. Қазақстанның киелі жерлерінің картасына еліміз бойынша таңдалып алынған 100 қасиетті орынның тізіміне облысымыздан 12 нысан енгізілді. Олардың қатарында археологиялық Сығанақ, Жанкент, Шірік-Рабат, Жент қалашықтары,  сәулет және қала құрылысы ескерткіштері – «Қорқыт ата» ескерткіш кешені, Оқшы ата, Төлегатай-Қылышты ата, Қорасан ата, Жанқожа баба, Бұқарбай батыр кесенелері, Бегім ана мұнарасы және Қызылорда қаласындағы Христос спаситель шіркеуі бар.
Рухани жаңғыруға негіз болатын «Рухани қазына», «Тәрбие және білім», «Атамекен» секілді кіші бағдарламары бойынша бірқатар жұмыс атқарылуда. Өңірдің шығармашылық ұжымдарын тарта отырып, күй өнерін, ұлттық дәстүрлі әндер мен жыраулық дәстүрді дәріптеу, тарихи қойылымдарды сахналау, музей экспозицияларын жаңарту сынды жобалар қолға алынуда. «Туған өлке мәдениеті, өнегелік құндылықтар» базалық бағытына енгізілген «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау аймақтарының, құрылыс салуды реттеу аймақтары мен қорғалатын табиғат ландшафты аймақтарының шекараларын бекіту туралы» жобасы бойынша бүгінгі күнге дейін 35 ескерткіштің қорғау аймағы белгіленді. Музей қорындағы құнды да көне жәдігерлер мен тарихи-мәдени жазбалардың тарихын халыққа таныстыру, насихаттау мақсатында «Бір жәдігер» жобасы «QYZYLORDA» телеарнасымен бірлесіп, жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда әр апта сайын музей қорындағы құнды жәдігерлер, олардың тарихы «Бір жәдігер» айдары арқылы көрсетіліп отыр. «100 жаңа есім» жобасында бірнеше жерлесіміз жеңіске жетті. Аймақта жас¬тар мәселесіне кеңінен көңіл бөлінуде. Ресейде оқып жатқан Сыр перзенттерін айтпағанның өзінде, биылғы түлектердің 97 пайызы жоғары және арнаулы орта оқу орындарына түскен. Мұның барлығы үлкен қолдаудың нәтижесі. Тұңғыш Президент күні, Тәуелсіздік және Жаңа жыл мерекелеріне орай, «Сыр жомарты» қайырымдылық айлығын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары мен қайырымдылық айлығын өткізу тұжырымдамасы бекітілген болатын. Қайырымдылық айлығына қатысатын барлық меншік түріндегі ұйымдардың тізімі жасалып, оларға көмекке мұқтаж аз қамтылған азаматтардың тізімдері жолданды. Қайырымдылық айлығы аясында аудандар мен Қызылорда қаласында және барлық меншік түріндегі ұйымдардың тарапынан әлеуметтік қолдауға бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылып, өткізілуде.
Қызылорда облысы әкімдігі мен Халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымы бірлесіп, түркітілдес елдердің «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» атты  фольклорлық-музыкалық өнер фестивалі өткізілді. Сонымен қатар, ақын-драматург Иранғайыптың 70 жылдығына арналған «Бұ дүние ғайыбы» атты жыр кеші, композитор Ілия Жақановтың «Әнім саған, Сыр елі!» атты шығармашылық концерті болып өтті. Бұл кеште І.Жақановтың Сыр еліне арнаған «Сырдария вальсі» әнінің тұсауы кесілді. Сондай-ақ, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-жазушы, дипломат, -филология ғылымының докторы, профессор, белгілі түрколог, академик Мырзатай Жолдасбековтің 80 жылдығына арналған «Атанғаным Мырзатай – ел арқасы» атты салтанатты кеш пен қазақ-қырғыз ақындарының басын қосқан «Парасатты поэзия» атты жыр кеші өтті.
Бұдан бөлек, «Туған жерге тағзым» форумы өтіп, ел мақтанышына айналған Сыр перзенттері бас қосты. Жастар форумында  мемлекеттің ертеңгі тіректері болатын өрендердің армандары бір арнаға тоғысты.
Мұның барлығы Алашқа ана атанған Сыр бойы рухани жаңғыруға негіз болатын аймақтың бірі екенін айғақтай түседі. Бір ғана мысал ретінде, Сақтардың астанасы – Шірік-Рабаттың, Оғыз империясының астанасы – Жанкенттің, Қыпшақ империясының, Қазақ хандығының астанасы – Сығанақтың, Қазақ Республикасының астанасы болған, «қазақ» деген ұлт атауы ресми түрде қайтарылған – Қызылорданың, басқа емес, дәл осы Сыр өңірінде орналасқанын атап өтуге болады. Қазір Сырдарияның сол жағалауында құрылыс жұмыстары жүріп жатқаны белгілі. Бір атап өтерлігі, онда бұрынғы Қазақ Орталық Атқару комитеті ғимаратының нұсқасы бойынша облыстық музейдің құрылысы жүргізілуде. Өздеріңізге белгілі, Қызылордада дәл осы Қазақ Орталық Атқару комитетінде 1925 жылы бұрын «қырғыз-қайсақ» атанып келген ұлтымыз «Қазақ» деген түпкі атын ресми иеленіп, тарихи шешім қабылданған болатын. Оның бір жағы мұражай да, екінші жағы Рухани жаңғыру орталығы болады. Қазақ халқының өсіп-өркендеуіндегі арадағы бірғасырлық уақыт осылайша бір-бірімен сабақтасып, рухани жалғасын таппақ. Бұл бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстарға бұқаралық ақпарат құралдарының әлеуеті де белсенді пайдаланылуда, одан тәуелсіз БАҚ-тар да сырт қалып отырған жоқ. Мемлекеттік ақпараттық саясатты сапалы әрі жемісті жүргізу мақсатында облыстық, қалалық және аудандық БАҚ-ты бір орталыққа біріктіріп, құрылған медиа-холдинг бұл жұмысты  жоғары деңгейде атқаруда. Бір сөзбен айтқанда, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы өткенімізді оралтып, бүгінімізді бағалауға, тарихымызды келешек ұрпаққа аманат етуге мүмкіндік береді. Өйткені, бұл бағдарлама елімізді кемел келешекке бастайды.

А.ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ.

ТАНЫМ 03 қаңтар 2018 г. 171 0