ЕҢБЕКТЕН БАҚЫТ ТАПҚАН ӘУЛЕТ

Қазекеңнің «мал-жаның аман ба?» деп жөн сұрасатын дағдысында терең мән жатыр. Осынау сөзден барша тыныс – тіршілігі  төрт түлікпен тығыз байланысқан ата-бабаларымыз үшін мал шаруашылығының қаншалықты маңызды екенін аңғару қиынға соқпайды. Бір қуанарлығы, ел атакәсіптен айныған жоқ.

Соңғы жылдары мемлекет тарапынан кәсіпкерлік саласына, ауылға, оның ішінде  мал шаруашылығын дамытуға деген жанашырлық, қаржылай қолдау жасау саланың тамырына нәр жүгіртті.

Мемлекет қолдауын сезініп отырған жандардың бірі – Майдакөл ауылындағы «Айзат» шаруа қожалығының мүшелері. Шаруа қожалығының негізін Сейіт Сұлтанбеков ақсақал құрған болатын. Зейнеткерлікке шыққанша ауылда еңбек еткен Сәкең өсіп-өнген іргелі әулеттің иесі. Өмірлік жары Зария екеуі бауырынан өрбіген перзенттерінен отыз немере сүйіп отырған бақытты ата-әже.

Қазіргі таңда шаруа қожалығына ұлы Берік жетекшілік жасаса, Жасаралы мен Дәурені ұжымда еңбек етеді. Сейіт ақсақал балаларының ақылшысы. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген бар. Ортақ мүдде, әулет абыройы деген ұғым бұл отбасы үшін қастерлі.

«Айзат» шаруа қожалығы алғашқы қадамын Майдакөл ауылының аумағынан 600 гектар жер алып, жеке иелігіндегі санау­лы ірі қараны күтіп-баптаудан бас­тады. Қай шаруаны да бірден дөңгелетіп әкету оңайға соқпайды. Қожалық мү­шелері де сандаған кедергі, уақытша қиын­дықтарды бастан кешірді. Дегенмен, шыдамдары сарқылмады. Біртіндеп істері оңға басты. Уақыт өте мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасымен жеңілдетілген несие иеленуге қол жетті. Қаражатты тиімді пайдаланып, 30 бас ірі қара алып, мал тұқымын асылдандыруға кірісті.

Ет бағытындағы қазақтың ақ бас сиыр­лары төлі есебінен көбейе түсті. Оған қоса жеке қаражатқа жылқы мен қой-ешкі алып, өсірді. Қолдағы техникаларды жарақтандырып, мал азығын дайындауға күш салды. Қожалықтың иелігіндегі жер­ге жоңышқа егіліп, жем-шөп қоры жасақталды. Қашанда еңбекпен тыныстап, қара жұмыстың қазанында шыңдалған әулет өздеріне арнап бақша егуді де назардан қалыс қалдырмады. Қарбыз-қауын, жаздай сауын. Қауын, кәмекті бала-шаға қаужаңдап, қауынқұрт, қақ тілінді. Қолдан дайындалған құрт-май дастарқан сәніне айналды.

Кәсіптен көркейген іргелі әулет мүше­лері мемлекет берген несиені жауып, мал бордақылау ісін дамытып, шөп тайлайтын құрал алуды жоспарлауда.

Жұмабек Табынбаев.

Қазалы ауданы.

ТАҒЫЛЫМ 25 қазан 2018 г. 240 0