ҰЗАНДАРДЫҢ ІЗІН БАСҚАН ҰЗЕКЕҢ

Тарих тереңінен маржан сөз тартқан ақын-жырауларды, аталы сөздерімен елді аузына қаратқан көкірегі көмбе абыздарды, ежелгі ата-бабаларымыздың  өнегелі игі дәстүрлерін жалғастырушы рухы мықты жандарды біздің Сыр бойында ұзандар деп те атайтынын бала кезімде  әкемнен естігенім бар-ды. Сол ұзандардың ізіндей болған ақсақалдар  Жалағаш жерінде де аз емес. Солардың бірі туғанына 90 жыл толған Ұзақ аға Еспанов болатын.

Ұзақ ағаның өмірдерегін, оның ауыл шаруашылығының озат ұйым­дастырушы ретінде Социалис­тік Еңбек ері атанғанын қалың  қау­ым түгел біледі. Ол жайлы аз жа­зылған жоқ, талай деректі фильм­дер де түсірілді. Мен Ұзақ ағаның  руханиятымызға сіңірген сүбелі үлесі жайлы сөз қозғамақпын.

Ол кісі туабітті ақындық таланты бар жан болатын. Ол жайлы кезінде қазақ поэзиясында орны бар ақындар Тұманбай Молдағалиев, Қомшабай Сүйенішевтер Ұзекеңнің  жыр кітабының беташар сөзінде лай­ықты айтып өткен. Ағамыз қара сөзді де ойната білген қалам­герлік қасиеттен де құралақан емес еді. Ол сонау 1974 жылы «Қай­нар» баспасынан Сырдағы ауыл шаруашылығының басшылары ара­­сында көш бастап «Сыр кү­ріші – ел ырысы» деген кітабын шығар­ды. Кезінде қалың оқырман жылы қабылдаған бұл кітап ауыл шаруашылығында жұмысты ұйым­дас­тыру және проблемалық мәселе­лерді шешу әдістерін, ел басқарған азаматтардың ұлт руханиятынан да түсінігі мол болуы керектігін жеткізуімен құнды дүние болды. 

Өзімнің ел тарихына байланысты жазылғандарды оқып, зерделей жүретін әдетіммен «Сыр кү­ріші – ел ырысы» кітабын 2013 жылы қайталап оқып шыққан болатынмын. Менің туған ауылым-Мәдениет шаруашылығын он бес жылдай басқарған ақынжанды ба­тыр ағамыздың кітабын оқи отырып, ауылымыздың кеңшар болып құрылуы мен өсіп-өркендеуіне, ке­зінде жеткен жетістіктеріне байланысты көптеген мәліметтерге қа­ныға түскен едім.

Әсіресе кітаптың «Айналайын адамдар» деген тарауында ауыл­дағы Ұлы Отан соғысынан орал­маған боздақтардың есімдері жазыл­­ған ескерткішке байланысты айтыл­ған жайлар маған үлкен ой салды.  Ұзекеңнің Қызылордадағы үйіне барып сөйлесіп, «Сыр арда­гері» және «Жалағаш жаршысы» газеттеріне көлемді мақала жариялаттым.

Бұл ескерткіштің бір ерекшелігі, соғыстың Жеңіспен аяқталғанына небәрі 28 жыл толғанда, 1973 жы­лы ашылғандығында еді. Ол кезде аудан орталықтарының өзін­де ерлер есімін ұлықтайтын мұн­дай белгілер сирек болатын. Осы­дан кейін ғана Ұзекеңнің үлгі­сімен ау­дан орталықтары мен ел­ді ме­кендерде Жеңістің әрбір атау­лы мерекелерінде соғыс құр­бан­да­ры­ның ескерткіштері жаппай ашыла бастапты.

Осы жайларды сұрай сәлем беріп барғаныма қуанып қалған Ұзекең біршама уақыт ойланып отырды да, өзінің қашанғы қарлығыңқы дауысымен әңгіме бастаған еді.

– Ол уақытта біздің «Мәде­ниеттің» тасы өрге домалап тұрған уақыт болатын. Толағай табысы­мыз жыл өткен сайын молайып, аудан, облыс пен республикада алдыңғы қатарлы күріш шаруашылығы ата­нып, Одаққа белгілі бола баста­ған кезіміз еді. Содан бір күні кең­шардың мамандарын жинап ақыл­дастым.

Бұл жұмыстарды атқаруда бас есепші Мұхаммедияр Салиев, бас экономист Файызхан Кенжетаев, кең­шар парткомының хатшысы Өтеп Сәрсенбаев, жұмысшылар ко­ми­тетінің төрағасы Тоқтасын Әб­ді­реев, директордың мәдени жұ­­мыстар жөніндегі орынбасары Тұр­лыбек Деменовтер тынымсыз із­деніс үстінде болыпты. Ауылдағы бірталай майдангерлер үлкен үлес қосыпты. Олармен сөйлесіп, тізімді нақтылауда есепші Тұрсынбек Ас­қа­ров айтарлықтай жұмыс атқа­рып­ты. Қашанда аруақты жан­дар­дың рухын қадірлейтін Ұзақ Ес­панов ағамыздың көптің алғысын ар­қа­лаған сауапты ісінің бір парасы осындай еді.

Кейіннен өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында қайта жаң­­ғыртудан өткен сол ерлік ес­керт­кішінің алды қашанда гүл шоқ­та­рына толы. Отан қорғап, шейіт болған аталар рухани тағзым етіп, гүл дестелерін қоятын жастар әр­дайым оларды үнсіздікпен еске алады.

Автомат асынған қазақ сол­датының мәңгі жас тас мүсіні де  айналасына мейірім шуағын төге қарап тұр. Бұл ескерткіш ағай­ынның айбары болған, талай игі­ліктің ұйытқысы болған Ұзақ аға Еспановтың кейінгіге қалдырған өшпес өнегесіндей көрінеді.

Болатбек НҰРЖАНОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.  

ТАҒЫЛЫМ 18 қазан 2018 г. 326 0