ҚАЗАҚ ЖАҢҒЫРАМЫН ДЕСЕ…

Мойнымызда мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухамановтың аманаты бар еді. «Қазақ жаңғырам десе…» деген мақаласын қолымызға тапсырып тұрып, жазылған дүниенің жай-жапсарын жан-жақты түсіндірген. Осының баспасөзде жариялану жағдайын тапсырған. Тіршіліктің қамытын киіп алып, тынбайтын тірліктің соңында жүргенімізде аздаған уақыт өткізіп алдық. Сөйтіп жүргенде, Сейілбек Шаухаманұлы келместің кемесіне мініп, қайтпас сапарға аттанып кетті. Көзі тірісінде мақаласын жариялауға көмектесе алмағанымызбен, аманатқа қиянат жүрмейді. Орындалуы керек. Сол ниетпен «Айқын» газетіне арнайы ұсынып отырмыз. Әлпеті әлемтапырақ болған қоғамның, құндылықтар атаулы құнсызданып, бәсі төмендеп тұрған тұста ойлы адамның бей-жай өмір сүруі неғайбыл. Ал ол Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ел басқару ісін қолға алып, саналы ғұмырын ұлтына арнап, халқының барақатты өмірі үшін тер төккен тұлға болса, онда жауапкершік пен міндеттің де батпандай берері бесенеден белгілі. Мақаланы редакцияға жіберер алдында тағы бір қайта қарап шықтық. Қазақтың қайраткер ұлының жанайқайы мен жанашырлығы алыстан айқайлап көрінеді. Ұлтты түзеудің, халықтық қалпымызды қайта табудың, жаппай жаңғырудың жолын көрсетіп, айтып кетіпті. «Айтарыңды айтып кет, айта алмайсың қайтып кеп» деген сөздер де біздердей кісілерге, жасы шектеулі ақсақалдарға арналса керек» депті мақаласының бір тұсында. Бәлкім, ажал періштесінің айналшықтап жүргенін сезді ме екен? Дегенмен жөні түзу, санасында саңлауы барға сәуле боп құйылар сөзін арнап кетті. Енді айтылған әңгіме қоғамның құлағына жетсе, орындалса дейсің. Ол да болар, оңалар. Тек Сейілбек Шаухамановтың ол күнді көре алмайтыны өкінішті. Оқып шығыңыз, ой түйіңіз. Біз тек аманатты орындаушы ғанамыз… 

Ержан БАЙТІЛЕС.

Тегінде, дағдарыс, тоқырау атаулы­ның аса қауіптісі саяси, экономикалық, әлеуметтік дағдарыс емес – рухани дағ­дарыс болса керек. Қазіргі таңда қо­ғамда зинақорлық, нашақорлық, жезөк­шелік, әділетсіздік, ретсіздік, жөнсіздік, алдау-арбау, зорлық-зом­былық, сыбайлас-жемқорлық, ман­сапқорлық, жүзшілдік, жікшілдік, жершілдік, рушылдық, топшылдық, ұятсыздық, имансыздық геометриялық прогреспен өсіп, қазақи қасиеттеріміз құнсыздануда. Қазақ дәстүрінде бұрын-соңды болмаған, адамның құлағы естіп, көзі көрмеген, кісінің жа­нын түр­шіктіріп, иманын бір уыс ететін жабайы, жат, өрескел, теріс оқиғалар кеңінен етек алуда.
Ең сорақысы – адамның мүшелерін, тәнін ғана емес, тіптен өзінің қаны мен қанасынан шыққан, бауыр етінен жаралған баласын сату еді. Бұл – ары­мызды, намысымызды сату, елдігімізді, халықтығымызды, қанымызға сіңген қадір-қасиетімізді түгел сату емес пе? Тағы бір қасіретті жағдай балаларының әке-шешесін бақпай-қақпай қарттар үйіне апарып тастауы, сондай-ақ тірі әке-шешелері бола тұра туған бала­ларын жетімдер үйіне өткізуі немесе тіп­тен көшеге тастап кетуі секілді сана­мызға сыймайтын, ойымызға орнық­пайтын оғаш оқиғалар.
Осындай безбүйрек балалардан, имансыз ата-аналардан не жақсылық күтуге болады? Ондай азғындардан не үміт, не қайыр?! Туған әке-шешесін, баласын қиналмай сатқан адам Отанын да, халқын да ойланбай сатады.
Сондай-ақ Қазақстан өзіне-өзі қол салудан, отбасының ажырасуынан, некесіз бала туудан, түрмелердің саны жағынан әлемде үшінші орын алады. Елімізде әрбір үшінші отбасы ажы­расады. Өзіне-өзі қол салудан қазақ қыз­дары әлемде бірінші орынға шыққан. 22 пайыз бала некесіз туады, 8 мың бала 25 елге сатылған, 2000 қыз шетелге тұрмысқа шыққан, 11% қара­көздер басқа дінге кіріп кеткен. Қыл­мыстың, дүниеге мүгедек балалардың көптеп келуінің, жастардың 80 пайы­зының денсаулығының әскер қатарына алуға жарамсыздығының, еркектердің 50 пайызының белсіздігінің басты себебі – маскүнемдік.
Мың өліп, мың тірілген қазақ та­рихында мұндай жағымсыз жағдайлар еш­қашан болған емес. Бұл біздің иті­мізге ар, мысығымызға намыс боларлық жайттар. Енді біз тәуелсіздік заманында, ел аман, жұрт тынышта бұндай індетке неге жол беріп отырмыз?
Осыдан бірнеше жыл бұрын қазақ қоғамындағы орын алып отырған осын­дай келеңсіз кемшіліктер жайлы халық­аралық «Түркістан» газетіне мақала жазған болатынмын. Тақы­рыбын «Сы­пайының сипағаны сұрағаны» дегендей «Қазақ ел болам десе…» деп қойған едім. Халықтың нағыз жанашыр, жаңашыл газеті мақаланың тақырыбын «Қазақ қайда қаңғырып бара жа­тыр­сың?» деп жариялады. Не деген батыл­дық, не деген қара қылды қақ жарған әділеттілік десеңізші? Осы рухани азғындауымыздың, азып-тозуымыздың салдары ұлттық, мемлекеттік қауіпсіз­дігімізге қатер тудырмауы үшін, теріс, қауіпті процестерді тоқтату үшін, хал­қы­мыздың тәнін, жанын сауықтыру, рухани жаңғырту мақсатында Прези­дентіміз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жариялады. Өзінің ұлағатты ұсыныстарын, ордалы ойларын ортаға салды.
Ия, аспанда құстай болып ұшуды үйрендік, теңізде балықтай болып жүзуді де меңгердік, бірақ өкінішке орай адам болып, адамша өмір сүруді үйрене алмай-ақ келеміз. Егер осы қауіп-қатердің, аурудың, апаттың ет пен теріден өтіп, қанға, сүйекке сіңуінің алдын алмасақ, өз қатемізді өзіміз же­дел жөндемесек, дұрыс адами, қа­зақи, адал, таза, түзу жолға түспесек, жаңғыр­мақ түгілі, қаңғырып кетеріміз сөзсіз.
Не істеу керек? Бүгін ойланайық, толғанайық, оянайық, ағайын! Ертең кеш болады.
Бірінші кезекте: Бүкіл ел, халық, қа­зақ болып, басшымыз бен қосшымыз, жасымыз бен кәріміз бәріміз жоғарыда айтылған, әлі де айтылмаған қауіпті індеттердің ауқымына, қарқынына, салдарына терең талдау жасап, оның тамырына балта шабу үшін жан-жақты ойластырылған батыл да жедел, қатаң да аяусыз шаралар қолдануымыз керек. Бүкіл қоғам болып, азғындардың аяғы­ның астында жер жәннатындай етуіміз қажет. Оған қоғамның, халықтың күші де, құдіреті де жетеді деп ойлаймын.
Екінші кезекте: Осындай мемлекеттік, ұлттық қауіпсіздігімізге кері әсер ететін қайсыбір жағдайдың пайда болып, қо­ғамда, адамдардың санасында, өмі­рін­де орын алып, өрістеуінің алдын ала­тын, болдырмайтын, түбірімен жоя­тын қатаң заңдар шығарылып, оның орындалуын мемлекет және бүкіл қоғам болып қам­тамасыз ету керек.
Бұрын «ел болам десең бесігіңді түзе» десек, енді «есігіңді де түзе», «терезеңді де түзе» дейтін заман туды. Біздің ашық-шашық есігімізден кімдер келіп, кімдер кетпей жатыр, жат елдің шетке шыққан шегірткелерінің қорығына айналдық емес пе? Тереземізден қаншалықты теріс үгіт-насихат, теріс идеология, бүлдіргіш ақпараттың ағыны кіріп жатыр десеңізші?
 Сондай-ақ Мәңгілік ел болу үшін, өркениетті, өнегелі халық болу үшін, тарихтан тағлым алу үшін, болашағымыз баянды болу үшін, рухани жаңғыру үшін алдымызда тағы да бірнеше аса жауапты, тағдырлы міндеттер тұр.
Ол шілдеханадан бастап, жаназаға дейінгі, тал бесік пен табыттың арасын­дағы қазақ тарихында қалыптасқан елуге тарта рәсімдерімізді, әдет-ғұрып, салт-сана, дәстүрлерімізді уақыт, заман тала­бына, бүкіләлемдік, бүкіл адамзаттық мәдениетке, өркениетке сәйкестендіріп, артығын алып тастап, жетпегенін жетіл­діріп, жаңартуымыз, жаңғыртуымыз керек. Ол біздің өзіміз, өміріміз, өмір салтымыз, болмысымыз, болашағымыз. Оны тәртіпке келтірмей, реттемей, адамдарымыздың санасын, салтын рухани жаңғырта алмаймыз, іргелі ел, қабырғалы халық, қазақ болып қала алмаймыз.
Қазақта «Ас көп болса, кәде көп» деген сөз бар. Қазір бүкіл қазақ есепсіз ас пен тойдың әлегімен әуре. Қазақ дәстүрінде той және томалақ деген ұғымдар бар. Қызды ұзату, ұлды үйлендіру, сүндет – бұл той, ал қалғанының бәрі томалақ болып есептеледі. Той-топыр емес, ас ішіп, аяқ босататын жер емес, той – кезекті көңіл көтеру кеші емес, той – ұрпақ, рух сал­танаты, тарихи, мәдени шара, мәде­ниет, өнер, өнеге, тәрбие мектебі. Той – тарихтан тағлым, қа­зақтың ұлылығынан ұлағат алатын орын. Ал енді осы тойлар, то­малақтар бізде қалай өтіп жатыр? Кез келген дәс­түрдің озығы да, тозығы да бар емес пе?
Бірінші кемшілігі: шақырылған қонақтардың алыстан, жақыннан келіп кетуін, 1-2 сағат кешігіп басталуын қоса есептегенде бір тойға 6-7 сағат алтын уақыт кетеді. Бұл бір жұмыс күні емес пе? Онсыз да біз демалыс күндерін, таусыл­майтын 3-4-5 күннен тұратын мереке күндерін, 39 күндік еңбек демалысын қоса есептегенде әр жылдың тең жарты­сына жуығында жұмыс істемейміз.
Ендеше жұмыс істемей, қалай жақсы тұруға болады?
Дүниеде ең қымбат нәрсе ақша да, алтын да емес – уақыт. Уақыт –қоғамның, мемлекеттің, халықтың, жеке адамның ортақ меншігі, байлығы. Оны жекеше­лендіруге болмайды. Жеке-дара біреудің уақытын ерікті-еріксіз иемдену, жеу – барып тұрған мәдениетсіздік, жабайылық, ұрлық, ысырап, сыбайлас жемқорлық, қиянат, имансыздық деп бағалауымыз керек.
Әдетте біз үйі жоқ адамды үйсіз, көлігі жоқ адамды көліксіз, білімі жоқ адамды білімсіз, жұмысы жоқ адамды жұмыссыз, ұяты жоқ адамды ұятсыз, көргені жоқ адамды көргенсіз дейміз. Ал өзінің той-томалағына арнайы шақыра отырып, сол азаматтардың алтынға пара-пар уақытын бағалау былай тұрсын, мақтаншақтықпен, бетбақтықпен өз қалауынша билеп-төстейтін дәл мұндай сорақы көргенсіздік әлемнің бірде-бір елінде, бірде-бір халқында жоқ.
Екінші кемшілігі: тойға жарыспен, бәсекемен, даңғазылықпен, дарақылық­пен есепсіз көп адамдардың шақырылуы. Тойға біздіңше, туыстар, жекжаттар, әріп­тестер, достар, жолдастар, өзің жақын білетін, өзіңді жақсы танитын, жақсы көретін, отбасылық қарым-қаты­настағы тілеулес адамдар ғана шақырылуы керек.
Ал өмірі үйіңді көрмеген, үйін көрме­ген, есігінің қай жаққа қарай ашылатын­дығын білмейтін адамды тойға шақыру да жөнсіз, жосықсыз, ретсіз жағдай, көп­­шілік оны тек ақша жинаудың, ақша­сын қайырудың шарасы деп бағалауда. Басқаша қалай бағалауға болады?
 Үшінші кемшілігі: той-томалаққа негізінен тек қолында байлығы, билігі бар адамдар ғана шақырылады. Онда жетімді, жесірді, мүгедекті, жоқ-жұқаны, кем-кетікті, төңірегіміздегі мыңдаған әлжуаз, қамқорлыққа зәру топтың бірде-бір уәкілін көрмейсің. Осының өзі нағыз әділетсіздік емей немене?
Төртінші кемшілігі: тойлардың басым көпшілігінде нағыз аста-төк ысырапқа жол берілуі. Ислам қағидаларында ысы­рапты шайтанның ісі деп бағалайды. Қажет пе, қажет емес пе, жей ме, жемей ме, онда ешкімнің де шаруасы жоқ, әй­теуір дастарқанды толтырып, жайнатып қою міндет. Көп жағдайда есепсіз, талғамсыз дайындалған тамақтың 70-80 пайызының ысырап болуы ешкімді де ойландырар емес. Тіптен банкіден несие алып, той жасап, кейін қарызын қайтара алмай қиналып жүрген жандар қаншама?
Бесінші кемшілігі: жаппай ішімдікке салыну. Кей жерлерде қазан-ошақтың басында жүрген келін-кепшіктерден бастап, жастар, ауыл ақсақалдары да той­дың бар қызығы тек арақ ішу деп біледі.
Алтыншы кемшілігі: тойдың үштен бір уақытын дайындығы жоқ, дәрежесі төмен, мәдениеттен бейхабар, өзін де, өзгені де сыйламайтын асабалар алады. Олар әрі-беріден соң тіпті зиялы қауымды да өздерінше оқытып, жеңіл-желпі әңгі­мелер айтып, ретсіз, парықсыз, әдепсіз әзіл-оспақтарға бой алдырып, жұртты мезі етеді. Сондай-ақ сондай асабалар атқаратын беташарлар да бетімен кеткен рәсімдердің бірі.
Жетінші кемшілігі: өтіп жатқан той­лардың басым көпшілігінің деңгейінің, дәрежесінің, тәрбиелік мәнінің төмендігі, өнеге, үлгі, сабақ аларлық ештеңенің жоқ­тығы. Айқай-шудан, мәнсіз, мағы­насыз әннен, әдепсіз биден, даңғаза музыкадан басың айналады. Оннан, жиырмадан, отыздан топтап сөз беріледі, той-томалақ үлкен бір мылжыңбайлардың ұзын сонар жиналысына айналады. Сонда да тойдың аяғы кәдімгі бітпейтін наз, дауасыз дау, өкпе-реніш. Тойдан демалып, көңілденіп, шаттанып қайту­дың орнына ренжіп, еңсең түсіп езіліп, шаршап қайтасың.
 Ал енді осы той-томалақтарды қалай реттеуге болады?
Бұл– аса өткір, өміршең маңызды мәселе.
Той жөнінде Өзбекстан, Тәжікстан президенттерінің, Қытай басшылығының арнайы жарлық шығаруы, Елбасының бірнеше рет ерекше ескертпе жасауы, тегіннен тегін емес.
Тойлар қандай шарттарға, қандай талаптарға, қандай өлшемдерге жауап беруі қажет? Міне, бұл да ел-халық тағ­дырына жауапты, жанашыр, жаңашыл көкірегі ояу, көзі ашық әрбір азаматты ойландыруы керек. Барлық қазақи, діни, елдік, халықтық шаралардың біріншіден: ең басты құндылығымыз адамдардың денсаулығына, екіншіден: өміріміздің өзегі мен темірқазығы жұмысқа, үшін­шіден: елдің, халықтың ауызбір­шілігіне зияны тимеуі тиіс, төртіншіден: ретсіз шығын мен ысырапқа, даңғазылыққа, дарақылыққа, жарысқа, бәсекеге жол берілмеуі қажет.
Біздер, ардагерлер ұйымдары, дін жетекшілері, жергілікті билік, зиялы қауым осы аталған талаптарға сәйкес келмейтін шараларға жол бермеуіміз керек. Тойларды өткізудің мәдени, тәр­биелік, әдептілік, ұлттық, ұлағаттылық мазмұндағы 2-3 сағаттық қызғылықты бағдарламалары жасалып, қазіргі қа­лыптасқан той өткізу мерзімін екі есеге қысқарту қажет деп есептейміз. Осы бағдарламаны жүзеге асыра алатын, лицензияланған асабалар дайындалуы қажет. «Мұсылман болу әсте, әсте, кәпір болу бір пәсте» дегендей бірте-бірте ішімдік мөлшерін азайту, шараптың жеңіл түрлеріне көшу, түптің түбінде ішімдіксіз, қымыз, қымыранмен той өткізу – бүгінгі күннің кезек күттірмейтін мәселелерінің бірі. Арақ – біздің ата­мыздың асы емес. Тойда топтап сөз беруді доғару, сөйлеушілердің санын азайтып, 4-5 кісіге дейін жеткізу аса қажет шаралардың бірі.
 Атам қазақ ешқашанда жаппай жарысып сөйлемеген, бір дуалы ауыз адам сөйлеп, басқалары тыңдаған. Қазақ адам түгілі төрт түлік малды да топтап, бірге қамамайды, есек пен атты, түйе мен өгізді арбаға парлап жекпейді. «Атымды ата да, сыбағамды итке таста» деген қа­зақтың ұрпағымыз ғой. Сол 20-30 сөй­леуге тиісті топтың атынан бір-екі кісіге сөз берілсе, өте орынды болар еді.
 Қазақ торқалы тойлар мен кәделі астардың арқасында іргелі ел, қабырғалы халық болған. Қазақ тарихында астар ас ішіп, аяқ босатар даңғаза шара емес, халықтың, елдің, бірлігіне, тірлігіне, өміріне байла­нысты «жер дауы, жесір дауынан» бастап, барлық дау-дамайдың, ұрыс-керістің, барымтаның, құн алып, құн берудің соңғы нүктесін қоятын, қара қылды қақ жарған әділдік, шындық шыңы ретінде қарастырылған. Ас деген үш жүздің, 46 тай­паның, 345 рудың басын қосатын және халықтың, елдің, мемлекеттің іргесін бүтіндейтін, төңірегін түгендейтін мерейлі, мәртебелі, мағыналы, мақсатты, ұлан-ғайыр шара болған. Ас – қазақтың бәйгесі, көкпары, күресі, айтысы, әні, сәні, көрмесі, мәдениеті, өнері, өмірі, өзі, қазақтың дәрежесі, деңгейі, бет-бейнесі, болмысы. Дана қазақ бір астың аясына қазір әлемде жоғарғы деңгейде өтіп жат­қан спартакиада, олимпиада, фес­тиваль, конференция, конгресс, симпозиум, съездердің атқаратын ауқымды міндет­терін сыйдыра білген.
 Мұндай 500-700 үй тігетін, соншама бір түсті бие сойылатын, әр үй Сібірден әкелінген жолбарыстың терісімен, Бұхара, Хиуа кілемдерімен әшекейленген, арбамен нан тарататын, жорғамен табақ тартатын, 1000 саба қымыз ішілетін, қазақ­тың кең-байтақ жерінің түкпір-түкпірінен апта, ай жүріп атпен келген 10000-дай қонақтарға айдалада қажетті жағдай жасайтын бұндай ас әлемнің бірде-бір елінде, бірде-бір халықта болған да емес, болмайды да.
 Қазір егеменді елімізде астар уақытқа, заманға, қалыптасқан жағдайға байла­нысты жаңаша үрдісте өтуде. Астарда бәйге шаптыру, көкпар беру, тоғыз құ­малақ, күрес, футбол сияқты спорттың түрлерінен облыстық, республикалық, мемлекетаралық, жарыстар өткізу дәстүрі қалыптасуда. Бұл құптарлық та, қол­дарлық та жаңалық.
 Ал енді астардың кемшілігіне, теріс тұстарына келер болсақ, жоғарыда толық дерлік талданған тойлардың кемшіліктері, өкінішке орай, астарда да айна қатесіз түгелдей қайталануда. Ең өрескел кемшілік сол, кейінгі кезде астардың дастарқан мәзірі той­лардікіне теңесіп, есепсіз ысырапқа жол берілуде. Ас дастарқанына желінетін де, желінбейтін де, қажет те, қажет емес те, тегі дүдамал тағамдар талғамсыз қойы­луда. Тіптен ішімдікке бейімделген ащы салаттар, колбаса, сыр, селедка бәрі-бәрі бар. Құдай-ау, қазақтың дастарқаны қай заманда осындай болып еді? Көп жағ­дайда дайындалған тамақтың төрттен үш бөлігі желінбей қалады. Ас дастарқанында қазақтың ұлттық тағамдары нан, бауырсақ, шелпек, май­сөк, жент, құрт, ірімшік, сорпа, ет немесе палау желінетін мөлшерде ғана болып, ысырапқа жол берілмеуі керек қой.
Келесі өрескел кемшілік – ас өту мерзімінің ұзақтығы. Кейбір астардың келу, кету уақытын қоса есептегенде 2-3 сағатқа созылатындығы бәріңізге белгілі. Менің соңғы жылдары байқап жүргенім, облыс әкімі қатысқан аса мәртебелі аза­маттардың асында 4-5 адамның ғана сөйлеп, астың бір сағаттың аясында бітуі.» Мың қарға шақырса да жаз бол­майды, бір қаз қаңқ етсе жаз шығады» деген – осы да. Осы үлгіден, осы өнегеден менің түй­ген ойым, бүгінгі нақты ұсы­нысым – алдағы уақытта облыста өтетін астардың, тойлардың тізгінін әкімдіктер, ішкі саясат, мәдениет басқармасы алып, тиісті тәртіп қалыптастырғаны дұрыс болар еді. Осындай біздің тарихи, тағдырлы, ұлттық дәстүрлерімізден артық қандай мәдениет, қандай ішкі саясат, қандай рухани жаңғыру болуы мүмкін?
Біздің халқымыздың тарихында адам­ның дүниеден өтуі қаншалықты табиғи, тағдырлық іс болғанымен, ол – өте ауыр, қайғылы, қасіретті орны толмас оқиға. Әр аймақта өлікті жөнелтудің әртүрлі дәстүрлері қалыптасқан. Әрине, оның дұрысы да, бұрысы да бар, артығы да, кемі де бар. Халықта: «Өлім ортақ, жау серік» деген сөз бар. Өлім ортақ дегені – туу болса, өлу де болады дегені, тал бесікке тиген арқа табытқа да тиеді, өлмей адам қалмайды, өлім кезекпен бәріне де, бәрімізге де келеді, сондықтан ортақтасып атқарыңдар, біріңді бірің сүйеңдер, демеңдер, жәрдемдесіңдер дегені.
Өлім қаншалықты қайғылы болған­мен ағайын мен ағайынның, әулет пен әулеттің, халықтың, елдің арасын жақын­дататын, туыстыратын, жуыстыратын, ауызбіршілігін қамтамасыз ететін киесі, қасиеті бар. Қазақ адам дүниеден өткенде ара­дағы, әдетте өмірде болмай тұрмайтын өкпе-ренішті, дау-дамайды, кикілжіңді жиып тастап барып көңіл айтады, қайғы­сына ортақтасады, төс түйістіріп көрісе­ді, осыған дейінгі жіберілген кемшілік­тер, қателіктер, ағаттықтар қай жағынан бол­са да кешіріледі, қайтадан дос, жол­дас, туыс, жекжат, ағайын болып жүре береді. Міне, елдің, халықтың ауызбіршілігін қамтамасыз етудегі, қалыптастырудағы өлімнің осы мәмлегерлік қасиеті мен құдіретін тиімді пайдалана білуіміз керек.
Сондықтан да, өлім-жітімге байла­нысты өткізілетін барлық шараларға халықтық, мемлекеттік аса маңызды іс деп қарағанымыз абзал.
«Өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» деген де сөз бар. Бізде қазір өлік үлкен шығынмен, ша­шып-төгумен, ішіп-жеумен, алып-беру­мен, бәсекемен, атан жарыспен атқары­луда. Онсыз да ауыр қазадан, қайғыдан қан жұтып, қабырғасы қайысып, омыртқасы майысып отырған отбасына осының бәрі ретсіз, жөнсіз, өліге де, тіріге де пайдасы жоқ қосымша бейнет, қосым­ша салмақ, қосымша қайғы, ақылға қонбайтын артық жұмыстар.
Біздіңше қазалы үйден қазан көтеріл­меуі керек. Өлік шығып жатқан үйден тамақ ішу дұрыс емес. Қазалы үй қарын толтыратын жер емес. Қайта барлық туыс, жора-жолдас, ағайын, ұжым, көр­ші-қолаң болып 3-4 күн қаралы отбасын, оның әрбір мүшесін ерекше қамқорлыққа алып, олардың қайғысын жеңілдетуге, барлық шаруадан, қосымша міндеттерден түгелдей босатуға күш салу қажет. Біздің аймақ үшін ең өткір, өміршең мәселе – қонақасы беру мәселесі болып тұр. Қонақасы деген аты айтып тұрғандай, о заманда да, бұ заманда да сырттан, алыстап келген қонақтарға көрсетілетін қызмет. Өлік жерленбей тұрып қонақасы беру рәсімі мүлдем дұрыс емес. Дін де, дәстүр де бұған түбегейлі қарсы. Ас-садақа өлік жерленгеннен кейін берілуі керек. Сонда тірі де, өлі де, Алла да разы болады деп білеміз.
Сондай-ақ қазалы жандар есінен танып жатқанда сөмке алып келіп, оған жауап күтіп, тепсініп тұруды үзілді-ке­сілді тыю керек. Бұл – нағыз барып тұрған мәдениетсіздік, жабайылық, бұл да бірде-бір елде, бірде-бір халықта жоқ дәстүр. Тағы да бір ойланатын мәселе, қазақта тас ату, топырақ шашу деген ұғымдар бар. Дүниеден өткен кісінің ең жақында­рының, ең жанашырларының, көпші­ліктің көзінше қолға кезекпе-кезек күрек алып, асарлатып топырақ ату – өте ың­ғайсыз, дөрекі, жабайы көрініс. Оның да бір мәдениетті үрдісін тапқан жөн сияқты. Мысалы, Алматыда, мынау іргеміздегі Таразда топырақты алдын ала қапқа салып дайындап қойып, сыпайы ғана тиісті орнына жайғастырып жатыр. Бізге де осылай істеудің не қиындығы бар? Сондай-ақ ақша тарату, жаназаның үстінде жүзге, руға арналған шапандарды айқайлап, ұрандатып тапсыру да қолдауға жатпайтын теріс үрдіс. Бұл үрдістің он­сызда бөлінуге, жарылуға бейім, сыныққа сылтау іздеп жүрген қазаққа зияннан басқа көк тиындық пайдасы жоқ.
 Ия, қазақта адамды сыйлау, құрметтеу, ұлықтау, ат мінгізу, тай сойып, қонақасы беру, ішік, шапан жабу рәсімдері болған. Бірақ осындай құрмет, сый – жаппай көрсетілмеген және үлкен талғампаз­дықпен, ішінара, белгілі жағдайда ғана, елге, халыққа құрметті кісілерге ғана жасалған. Қазір елімізде жаппай ша­пандандыру үрдісі етек алып барады. Қайсыбір астар мен тойларда 30-40 шапан таратылуда. Кейбір ардагерлердің үйіндегі жиналған шапан қоры 100-ге дейін жетіпті. Бірақ өкінішке қарай, бірде-бір адам үйде де, түзде де шапан киіп жүрмейді. Осы шапандандыру үрдісі басталған егемендіктің алғашқы жылдары облыс басшысы кезімде «ағайындар, шапанның қадірін кетіріп, шұлғау қылып алмаңдар» деп дер кезінде ескертіп-ақ едім, ешкім құлақ аспады. «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ» деген – осы да. Қазір халқыма айтарым, айна­лайындар, жаппай шапандандыруды доғарыңдар, мүмкіндіктеріңе қарай, адамға қажет, пайдаланатын зат сый­лаңдар, ағайын.
 Ендігі бір назар аударарлық мәселе – ол өлікті сақтау, жуу мәселесі. Мүм­кін­дігі болғанша өлікті бір түнетуден артық сақтамау керек. Біздің жағдайымызда 40 градустық шыжыған шілдеде көп қабатты үйдің бір, екі бөлмесінде өлікті сақтау, жуу мүмкін емес. Сондықтан мешіттердің, ауруханалардың жанынан өлікті сақтай­тын, жуатын арнайы орын дайындалып, олар барлық сақтандыру шараларынан хабардар, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген арнайы маманмен жасақталуы керек. Өйткені жұқпалы аурудан, түрлі апаттардан, кісі қолынан қайтыс болған мүшесіз жандарды жуу – кез келген туыстардың, ағайындардың қолынан келе бермейтін іс.
 Енді мазарларға да назар аударатын уақыт жетті. Дүниеде өлі көп пе, әлде тірі көп пе? Әрине, өлі көп, өйткені адамның дүниеге келетін бір ақ жолы, ал дүниеден өтетін тоқсан тоғыз жолы, себебі бар ғой. Атам қазақ топырақтан жаралған адам бәрібір топыраққа айналады деп өлген кісіні түбінде бәріміз де баратын ортақ анамыз жерге жерлеген, асып кетсе, қам кесектен сыпа, кесене, төрт құлақ тұр­ғызған, 50-100 жылда бәрі де топыраққа, жерге айналып кететін болған. Сондықтан да өлілердің тірілерден көптігі байқалмай келген. Адам атадан бері 90 миллиард адам дүниеге келіп, 83 миллиарды өліп, қазір әлемде 7 миллиардтың үстінде адам өмір сүруде. Қазір бір елдімекеннің төңірегінде бірнеше зираттар пайда болды, тірісінде бір ауылға сыйған ағайындар өлгесін бір зиратқа сыймайтын болып барады. Теміржолдың, автомобиль жолдарының жағасынан зәулім, қызылды-жасылды ескерткіштер, кесенелер, ғимараттар атан жарыспен бой көтеріп, молалар қалаға айналып барады. Егер осы қарқынмен кете берсе 40-50 жылдан кейін мынау тірілердің елі ме, әлде өлілердің елі ме деген сұрақтың туындауы әбден мүмкін. Бүкіл әлемде мазарлар қасиетті, киелі, ғибадат орны, мәдениет ошағы болып есептеледі. Онда адамдар демалады, серуен, саяхат жасайды. Біздегі жердің де, тірінің де, өлінің де егесі жергілікті әкім­шілік органдары бұл маңызды мәселеде де бүкіл әлемдегідей тиісті мемлекеттік тәртіп орнатуы кезек күттірмейтін өткір, өміршең мәселе деп есептейміз.
Келесі мәселе – отбасы құндылық­та­рының құлдырап кетуі. «Отан от басынан басталады», оны қара шаңырақ, құтты­хана мешіт, құтты қоныс, құтты мекен, алтын ұя деп те атайды. Табалды­рықтан биік тау жоқ, дастарқаннан, төрден артық қасиетті, киелі орын жоқ. Келін түсіру, оның бетін ашу, неке қию, ат қою, шілдехана, бесікке салу, тұсаукесер, сүндетке отырғызу, дүниеден өткен кісінің бейсенбілігі, жетілігі, қырқы, жүзі, тағы да көптеген әдет-ғұрып, салт-сана, дәстүрлер отбасында өту керек. Қазір осы ұлттық қазақи шаралардың басым көпшілігі мейрамханаларда өтіп жүр.
 Оның үстіне қазақтың «Аллаға жағам десең азанды бол, халыққа жағам десең қазанды бол», «Асың барда, беріп жүріп ер таны, атың барда, желіп жүріп, жер таны», «Би бол, би болмасаң, би түсетін үй бол», «Бір күн дәмдеске қырық күн сәлем», «Сен қонақ болсаң мен құлмын, мен қонақ болсам, сен құлсың», «Қонақ кірсе есіктен, бәлекет кетер тесіктен» дейтін даналық қағидалары әдрам қалып, қазір жұрт үйіне қонақ та шақырмайтын болып барады. Әрине, зәулім сарайлар­дың қаңырап бос тұрғаны өкінішті-ақ.
Данышпан Қорқыт бабамыз: «Қонақ келмейтін үйдің қирағаны дұрыс», – деп бекер айтпаған болар.
Олай болса, от басының, ақ дас­тарқанның қасиетін, құдіретін, киесін, қазақи дәстүрлерімізді, отбасы­ның мәртебесін қалпына келтіріп, рухани жаңғыру үшін ұтымды пайдаланайық!
Ұлтымыздың кемел келешегі мен жарқын болашағына, саулығы мен салауаттылығына, сыр-сымбаты мен қадір-қасиетін арттыруға, заман, уақыт талабына сай рухани жаңғыруына қатысты бірқатар өзекжарды ойларым­ды ортаға салдым.
 Айтылған пікірлердің, сындардың, ұсыныстардың артығы да, кемі де, дұрысы да, бұрысы да, ащысы да, тұщысы да болуы әбден мүмкін. Атам қазақ: «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады»,– демей ме? Мен сіздерге, бүкіл елге, халыққа ор­тақ, дос, жанашыр, тілектес адаммын. Сондықтан айтқандарымның артығы болса, менің шіркін-ай осындай болса деген арманымнан, қиялымнан туған ойлар деп қабылдап, кемі болса ке­шірерсіздер. «Айтып өткен ақында арман бар ма» дегендей, біздің үлкендік міндетіміз – парызымыз айтып кету. «Айтарыңды айтып кет, айта алмайсың қайтып кеп» деген сөздер де біздердей кісілерге, жасы шектеулі ақсақалдарға арналса керек. Олай болса, ұлттың тағдырына тікелей байланысты осындай ұлағатты әңгімені бүгін айтпағанда, қашан айта­мыз, сіздерге айтпағанда кімге айта­мыз? Қоғамымызда орын алып отырған кемшілік, қателіктерімізді жөндеуді біздің әрқайсысымыз ең алдымен мына өзімізден, өз отбасымыз бен әулетіміз­ден бастап, жалқыдан жалпыға қарай көрші-көлем, ұжым, ауыл, аймақ болып қолға алуымыз қажет.
 Енді, «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар» дегендей жалпы, түпкілікті, кең көлемде мемлекеттік, бүкілхалық­тық деңгейде не істеуіміз керек?
Бірінші: қазір бізге мемлекеттік, ұлттық идеология керек. Мемлекеттік идеология – Қазақстандағы барлық ұлт­тар мен ұлыстардың Конституция­дағы бекітілген теңдігін қамтамасыз етеді. Ал ұлттық идеология – ұлтымыз­дың ал­дында тұрған сан алуан өткір, өмір­шең, тағдырлы, тарихи мәселелерді шешіп, мақсаттарымыз бен мұраттары­мызды қамтамасыз етуі тиіс.
Ислам мемлекеттік идеологияға негіз, өзек болып, ұлттық идеологияның барлық талаптары мен сұраныстарын толық қамтамасыз ете алады. Әлемнің 50 елінде дін мемлекеттік идеология болып есептеледі. Жақында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев «біздің Конституциямыз – Құран» деп жаһанға жар салды. Біз үшін бұдан басқа тура, түзу, төте, таза да дұрыс жол жоқ.
 Екінші: біз жаңғыруды, жақсы­лықты, жаңалықты, тағылымды, не істеу керектігін өз елімізден, жерімізден, қазақи қасиеттерімізден, өзіміздің төл тарихымыздан алуымыз керек. Қазақ Абылайханның ақ жолымен, Есімханның ескі жолымен, Қасым­ханның қасқа жолымен жүріп, Тәуке ханның жеті жарғысының қағида­ларымен өмір сүріп, ешкімнен де артық болмаса кем емес арлы, намысты, иманды, антына адал, сертіне берік халық болған. Бүкіл қазақ сын сағаттарында төрт-ақ ұранның төңірегінде топтасып, жүрек те, білек те, тізе де қосып, бірігіп, жұдырықтай жұмылатын болған. Асар десе, халықтың күнкөрісінің барлық шаруаларын бүкіл ауыл болып асарлатып тегін орындап тастайтын болған. Аттан десе, ауыл азаматтары түгел­дей белдеудегі байлаулы аттарына қо­нып, ауылын, жерін, малын басқын­шылар мен шапқыншылардан, барым­ташылардан қорғайтын болған. Алаш десе, бүкіл қазақ атқа қонып, елін, жерін, халқын жаудан қорғайтын болған. 300-400 жыл аттан түспей соғысып жүріп ұлтарақтай жерін де ешкімге таптатпаған. Алас десе, елдегі ұрыларды, қары­лар­ды, тентектерді, телілерді, бұзық­тар­ды, бұзақыларды есекке теріс қара­тып мінгізіп, мойнына құрым киіз бай­лап, бетіне күйе жағып, артынан топы­рақ шашып, ауылдан аластайтын болған. Бұл не деген өлімнен де ауыр ар жаза десеңізші?!.
Сондықтан да қазақ тарихында, қазақ дәстүрінде қазақи тәрбие, қазақи тәртіп болған. Жоғарыда айтылғандай, әлі де айтылмаған өрескел, жантүр­шігерлік рухани азып-тозу, азғындау болмаған. Бізге осыдан артық қандай үлгі, қандай өнеге, қандай бағыт, қандай бағдар керек?
Ел болам десең бесігіңді де, есігіңді де түзе, адастырмай алып шығар ақылыңа жүгініп, халықтық қамыңды қыл, қайратыңа мін, қайсар қазағым!…

Сейілбек ШАУХАМАНОВ,
"Айқын" газеті.
ТАҒЫЛЫМ 26 қыркүйек 2018 г. 1 109 0