ҮКІМЕТТІ ТҰҢҒЫШ БАСҚАРҒАН ҚАЙРАТКЕР

Мемлекеттің тәуелсіздігіне қол жеткізу, оның негізін қалау – түсінген адамға жеңіл шаруа емес. «Тәуелсіз ел болдық» деп бөркімізді аспанға атып қуану бір бөлек те, ал шынайы экономикалық және ұлттық тұрғыдан Тәуелсіздікке қол жеткізу – Қазақстан үшін оңай болған жоқ. Сол қиын-қыстау жылдары елдің іргесін бекемдеуге үлес қосқан азаматтар жайында әңгіме айта қалсаң, алдымен ойымызға тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Премьер-министрі Ұзақбай Қараманов түсетіні анық. Тәуелсіздік шежіресі болған асыл ағамыздың арамыздан кеткеніне де бір жыл толды. Асқар тау алыстаған сайын айбарлы көрінеді демекші, Ұзақбай ағаның да тұлғалық болмысы, кісілік келбеті жан жүрегімізде айқындалып, жаңғыра түскендей. 
Көк байрағымыз биік желбіреп, төрт­күл дүниеге дербес ел атанғанымызды нақты іспен көрсету үшін ұлтжанды аза­маттар 90 жылдардың басында жарғақ құлағы жастыққа тимей, қызу еңбек етті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бастаған мемлекетшіл тұлғалардың қата­рында 1991 жылдары Қазақстан Үкіметін басқарған Ұзақбай Қарамановтың да есімі аталады. 
Саналы ғұмырын Қазақстанның өсіп-өркендеуіне жұмсаған тұлғаның өмір жолына көз салған адам ел Тәуелсіздігінің шежіресін оқып отырғандай күй кешеді. Иә, дәл солай. Бұл – артық-кемі жоқ, еш­қандай әсіре-қызылсыз, боямасыз айтыл­ған шын сөз. 
Құрылыс саласында мол тәжірибе жи­наған Ұзақбай Қараманов Куйбышев қаласындағы инженерлік құрылыс инс­титуын ойдағыдай тәмамдағаннан кейін елге бет түзеп, біраз уақыт Ақтөбе жерінде жұмыс істеген соң, кіндік қаны тамған туған жері Қызылорда облысына ат басын бұрып, құрылысқа бел шешіп, білек сыбана кірісті. 
«Қызылордастрой» тресінде елеулі ең­бек жолын бастаған жас жігіт аз ғана уақыт­тың ішінде өзіне тапсырылған жұ­мысты ұршықша үйіріп, ілкімді ісімен бас­шылықтың назарына ілікті. Арада біршама уақыт өткеннен кейін жалын­даған жас жігіт тапсырылған жұмыстың бәрін тиянақты орындап, әрбір іске жауап­кершілікпен қараған соң, жас маманды құрылыс-монтаж басқарма­сының басшылығына сайлайды. 
Осылайша, Ұзақбай ағамыздың еңбекке толы өнегелі ғұмыры туған жері Сыр бойында бастау алып, кейіннен ол республика деңгейіндегі жауапты қызмет­терге ұласты. Аптал азаматтың алға қой­ған мақсатқа жетудегі табандылығы, дербес шешім қабылдауға дағдылануы, әр мәселеге қатысты жеке көзқарасы мен көкейге тұнған пікірді ашық айта білуі, сонымен қатар басқалардың да пікірін ынта қойып тыңдауы, тартымды ойларды жұмыс барысында басшылыққа алуға дағдыланған Ұзақбай Қараманов қандай қиындық болса да, бәрін байыппен ше­шуді өмірлік кредосына айналдырды. Ұзақ­бай ағамыздың осы бір бекзат бол­мысы тұңғыш жасақталған Қазақстан Үкі­метінің табысты жұмыс істеп, қазақ қоға­мының нарықтық қатынастарды жат­сынбай қабылдап, ел экономикасын оңалтуға барынша ықпал еткені сөзсіз. Құрылысқа деген құштарлық Ұзақбай ағамызды ұдайы алға жетелеп, жайлы кабинеттен гөрі құрылыс басында жүруіне итермеледі. 1964 жылы Қызылордадан Алматыға келгенде де оның облыс көле­мінде жетекші құрылыс мекемелерін тіз­гіндеп, олардың табысты жұмыс істеуіне ықпал еткенін айтпастан бұрын құры­лыстағы қарапайым жұмысынан бастап, аз ғана уақыттың ішінде маңайындағы адамдарды ортақ іске жұмылдыратын іскер басшы екенін тағы да іспен дәлелдеп шықты. Жас жігіт кабинетке қамалып, қағаз­бастылыққа салынуды жаны қалаған жоқ. 1967 жылы Қазақстан компартиясы Іс басқармасының құрылыс-бақылау тобы­ның меңгерушілігіне қызметке шақы­рылып, біраз уақыт табысты жұмыс істе­геннен кейін, білікті маман жұмсақ кресло мен мансап баспалдағынан бас тартып, құрылысқа аңсары ауа берген соң, нақты жұмыс істеуге тағы да сұранды. Осылайша, білікті маман Алматының адам танымастай ажарлануына бар күш-жігерін жұмсады. Тіпті Алматының бой­тұмарына айналған іргелі ғимараттардың бәріне абзал азаматтың алақанының табы тигенін білдік. Айталық, М.Әуезов атын­дағы драма театры, Көктөбедегі телерадио кешені, Медеу шатқалындағы тасқыннан қорғайтын бөгет, «Қазақстан» қонақүйі және қазіргі Достық даңғылы мен Назарбаев көшесінің аумағындағы іргелі ғимараттарды салуға Қараманов барынша атсалысты. 
Кетеуі кеткен ескі Кеңестік жүйеден жаңа нарықтық экономикаға қадам бас­қан сәтте қазақ қоғамын бұрын адам естіп, көз көрмеген қиындықтар күтіп тұр­ған еді. Мемлекет басшысы осы қиын­дықтан ұлтжанды азаматтардың ертеңгі күнге деген сенімі ғана алып шығатынын сезді. Ал мұндай өршіл, қиындыққа мойы­майтын өжет қасиетті Ұзақбай Қара­мановтың бойынан талай рет бай­қаған да болуы керек. Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаев үзең­гілес әріптесі Ұзақбай Қарамановқа сенім артты. Сол бір сенім жайында Ұзақ­бай ағамыз өзінің ғұмырнамалық кіта­бында былайша ой толғайды: «Адам қыз­мет баспалдағымен көтерілген сайын үнемі үйренеді, алдына қойған міндет­терін жан-жақты зерттеп, оған қол жет­кізуге ұмтылады. 
Сондықтан жауапты лауазымдық қызметке кандидат таңдауда оның тек білімі мен тәжірибесі есепке алын­байды. Өзіне беймәлім жаңа қызметтерді түсіне алатын қабілеті мен жо­лында кездесетін қиындықтарды жеңуге жұмсайтын күш-жігері қоса есеп­ке алынады», – деп өзінің тұңғыш премьерлік қызметке қалай келгенін қолмен қойғандай түсіндіріп берген еді. Иә, бұл жерде Президенттің Ұзақбай Қарамановқа үлкен сенім артқанын бай­қаймыз. Осылайша, 1991 жылы 25 мау­сымда «Қазақ КСР Министрлер кабинеті туралы» заң қабылданып, Тәуелсіз Қазақ­станның тарихында Қазақ КСР Премьер-министрі деген лауазымды қызмет пайда болды. Аталған қызметке бірінші болып Ұзақбай Қараманов тағайындалып, атпал азамат еліміздің өсіп-өркендеуі жолында жан аямай еңбек етті. 
Ұзақбай Қараманов басқарған алғаш­қы Үкімет қазақ қоғамының социалистік шен-шекпенін шешіп, жаңа нарықтық экономикаға бет бұруына даңғыл жол салды. Бұл – ел дамуындағы маңызды белес, жаңа кезең еді. Өйткені нарықтық экономикаға көшу біз үшін бұрын-соңды болмаған мүлде бейтаныс іс болатын. Дәл осы кезеңде түрлі қиындықтар мен әбден шиеленіскен түйінді мәселелерден айна­лып өту мүмкін емес-тұғын. Сондықтан еліміздің экономикалық басқару жүйесін қайта құрылымдау, жаңа сападағы шаруа­шылық жүйесін қалыптастыру және оның тұтас ағза секілді үздіксіз жұмыс істеуі үшін заңнамалық жүйесін құру Қараманов Үкіметіне жүктелген маңызды міндет болды. 
Осылайша, 1990 жылдары Қазақ КСР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың нұсқауымен еліміздің нарықтық эконо­микаға өтуі бағдарламасын дайындайтын арнайы жұмысшы тобы құрылды. Маңыз­ды жұмыс жедел түрде қолға алынды. Мемлекеттік басқару жүйесіндегі кіріп­тарлықты жеңу, қарапайым халықтың санасына дендеп енген керенаулықты жеңу оңай болған жоқ. 
Қазақ қоғамын нарықтық қоғамға кі­рік­тіруде Үкімет әлеуметтік бағыт ұста­нып, еліміздің экономикалық және та­биғи мүмкіндігін есепке алып, барша халықтың жақсы өмір сүруіне қолайлы жағдай туғызатын алғышарттарды бас­шылыққа алуға тырысты.
 Сол кезде еліміздің нарықтық қоғамға бет бұруын үш кезеңге бөліп қарастыруға болады. Бірінші кезеңде, саяси жағдайды тұрақтандыру, мемлекеттік және құқық­тық тәртіпті нығайту, әлеуметтік шиеле­ністердің өріс алмауын қамтамасыз ету маңызды жұмыс болғанын байқаймыз. Осы аталған жұмыстарды табысты іске асыру үшін заман талабына сай заңна­малық базаны қалыптастыру да өзекті мәселелердің бірі еді. 
Екінші кезеңде, нарық механизмдерін іске қосып, экономиканы тұрақтандырып, өндірістің құлдырауына жол бермеудің жүйесін қалыптасыру аса маңызды міндеттердің біріне айналды. Бұл үшін бағаларды босату, жер реформасын жүр­гізу сынды маңызды міндеттер жедел түрде қолға алынғанын білеміз. 
Үшінші кезеңде, Қазақстанда нарық­тық қатынастардың қысқа мерзімде аяққа тұрып кетуі үшін мемлекеттік-мо­нополиялық қызметтерді шектеу және еліміздің инвестициялық саясатын да­мытып, осы аталған маңызды бағыттар­дың аясында еліміздегі экономикалық жағдайды тұрақтандыру көзделді.
 Сол бір қиын жылдар жайында ол өзінің естелік кітабында: «Біз экономи­каны түбегейлі қайта құрудың алғашқы қадамын жасадық. 1990 жылы Қазақстан тәуелсіздігіне ие болғанға дейін Үкімет меншік, кооперация, кәсіпкерлікті дамыту және шаруашылық қызметінің еркіндігі туралы, шаруашылық жүргізуде сыртқы экономикалық принциптерді қамтамасыз ететін заңдарды қабылдады. Ал бір жылдан кейін кәсіпорындар, оларды мемлекет қарамағына алу және жекешелендіру, шаруашылық серіктес­тіктер, банктер мен банк қызметі жайын­да, жер реформасы туралы заңдар да қысқа мерзім аралығында әзірленіп, қабыл­данды. Осылайша, Қазақстан Одақ тарамай тұрып-ақ нарықтық экономика құруға мүмкіндік беретін заңдарға ие болды», – деп сол кезде өз бағасын берген болатын. 
Қараманов Үкіметі Қазақстанды қысқа мерзім ішінде нарықтық эконо­микаға бейімдеп, сонымен қатар Кеңес үкіметінен мұраға қалған күрделі мәселе­лерді шешіп, халықаралық деңгейдегі маңызды міндеттерді абыроймен атқар­ғанын айрықша атап өткен жөн. Бұл ретте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың табандылығына арқа сүйеген Ұзақбай Қараманов бастаған Үкімет мүшелері Семей ядролық сынақ по­лигонын жабу және Аралдың эколо­гиялық түйінін тарқатуда қыруар шаруа атқарғанын барша қазақ жақсы біледі. 
Кең байтақ Қазақстанның түкпір-түк­пірінен жекелеген адамдар, еңбек ұжым­дары қасиетті қазақ жерін атом сынағынан құтқару турасында өтініш-хаттар жазумен болды. Барша қазақ баласының ортақ мақсатқа бір кісідей атсалысқанын Ұзақбай Қараманов өз естелігінде: «Сол кезде Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ халқының қоғамдық белсенділігі мені қат­ты қанаттандырды. Нұрсұлтан Әбішұлы бұл мәселенің қаншалықты маңызды екенін түсініп, біздің Семей жеріне барып, облыс және аудандағы қоғамдық белсенділермен, жұртшылық­пен кездесіп, халықтың мұң-мұқтаж­дарын, тілектерін барынша құлақ қойып тыңдауды тапсырды. Осылайша, Елбасы полигонды жабу мәсе­ле­сімен айна­лысқанда құжаттардан бұрын, көзбен көрген мәселелерге сүйеніп, шешім қабылдаудың маңызы зор екенін бәрімізге түсіндірді. Сол кезде радиа­ция­лық сәулелердің әсерінен денсаулығын бұзған жарты миллионнан астам адамға Мәс­кеудің бір тиын өтемақы төлемеуі менің көңіліме қатты қаяу салды. Өйт­кені АҚШ-тың ядролық сынақ жүр­гізілген Невада штатының тұрғындары үшін АҚШ билігі мемлекеттік бюджет тара­пынан қыруар қаржы бөліп, ауқымды әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асырғанын білуші едім. Ал біздің Семей жерінде мұндай «алтын жаңбыр» ешқа­шан жауған емес», – деп қоғам қайраткері сол кезді асқан күйінішпен еске алады. 
90 жылдардың басында Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей жетекшілігімен сынақ алаңындағы халықтың денсау­лығын жақсарту бағытындағы әлеуметтік кешенді жұмыстар мен Семей полигонын жабуға қатысты маңызды шаралар қатар іске асты. 
Қазақ жерін экологиялық апатқа айналдырған Кеңестік жүйенің үлкен қателіктерінің бірі – Арал мәселесі. Кө­лемі жағынан дүниежүзінде төртінші орын­ды иеленген Арал теңізінің эколо­гиялық апатқа айналуы еліміз үшін үлкен қасірет болғаны даусыз шындық. Сол жылдары Кеңес өкіметі күріш өсіру бойын­ша Қытаймен бәсекеге түсіп, Қазақ­стан жыл сайын 1 миллион тонна, Өзбекстан 6 миллион тонна күріш өнді­ріп, Әмудария мен Сырдарияның Аралға құятын бар суын бұрып алып, экология­лық апатты қолдан туындатты. Осының кесірінен Арал теңізінің деңгейі 16 метрге дейін түсіп, теңіз өзінің бастапқы жаға­лауынан 150 шақырымға дейін алыстап кетті. Теңіздің бір литр суындағы тұздың көлемі 25 граммға дейін артып, дәстүрлі балық шаруашылығы толықтай күйреді. 
Ұзақбай Қараманов Қазақстан Үкіметі Төрағасы қызметінен кеткеннен кейін де Арал мәселесін бір сәтке де назардан тыс қалдырмады. Қайта Қазақстан Парла­менті Мәжілісіне депутат болып сайлан­ған жыл­дары Мәжілістің қоршаған орта, эко­логия мәселелерін бас­қарып, бұл мә­селені ұдайы назарда ұстағанын білеміз. 
Туған жеріне деген сүйіспеншілік оның Аралды сауықтырып, экологиялық апаттың асқынуына жол берген жоқ. Апталдай азаматтың Аралды құтқару бағы­тында атқарған жұмыстарын бір ма­қалаға сыйдыру мүмкін емес. Бұл жайын­да бірнеше кітап жазуға болады. 
Мәңгілік мекеніне аттанған асыл аға­ның Қазақ елінің жан-жүрегінде мәңгі жаң­ғыратын кезеңі басталды. Қарама­нов­тың елдік мақсат-мұратпен біте қай­насқан өнегелі ғұмырын жас ұрпаққа үлгі-өнеге болып, Қазақ еліне жарық шаш­­қан сүмбіле жұлдыздай жарқырап, бәрімізді дұрыс жолға бастай беретін болады.

Нұрлан ЖҰМАХАН, 
"Айқын" газеті.
ТАҒЫЛЫМ 19 қыркүйек 2018 г. 1 628 0