ЕСІМІ МЕН ЕҢБЕГІ ЕЛ ЕСІНДЕ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы өткеннің өнегесін ұмытпауға, тарихтың тәлімін ұлықтауға үндейді. Ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрді насихаттаумен қатар елі үшін еңбек етіп, артына үлгі болар іс қалдырған азаматтарды бүгінгі буынға үлгі етуге шақырады. Тегінде азамат қайраткер болып, аспаннан түсе қалмайды.  Көп оқып, көп ізденістің ізінде жүреді. Өз қызмет саласын бес саусақтай меңгерген, Арал ауданындағы балық шаруашылығының  үздік ұйымдастырушысы  Төлебай Орынбаев ағамыз сондай жан еді.

Төлебай аға жастайынан Қу­аң­дария мемлекеттік мотор­лы қайықпен балық аулау стан­циясында (МРС-та) ба­лық аулау нұсқаушысы қыз­метін ат­­қарыпты. Кейін Қасқа­құ­лан­ның белгілі тумасы Шамау Иб­рашев екеуі Ресейдің Крас­нодар өлкесіндегі Анапа қала­сындағы үшжылдық балық ша­руашылығы колхоздары төр­аға­ларын дайындайтын оқуға  түседі. Ол кезде балық шаруа­шылығының дипломды кадрлары жоқтың қасы. Екі азамат бұл оқуды 1958 жылы ойдағыдай бітіріп елге келеді. Төкең мен Шамау ағамыз араларынан қыл өтпестей ағалы-інілі дос болған азаматтар еді. Екеуі де балық шаруашылығының ыстығы мен суығына берілген ерен майталмандары болды.

1965  жылдың ақпан айында мен Арал аудандық партия ко­митетінің өндіріс, көлік-бай­ла­ныс бөлімінің меңгерушісі бо­лып бекідім. Ол кезде кадр мә­селесіне қатаң қарайтын кез. Оның бер жағында, бірінші хатшы Тәкей Есетов облыстық партия комитетінде бөлім мең­герушісі болып істеген, облыстың бірінші басшысының талабын жақсы біледі. Үш-төрт ай өтпей-ақ Т.Есетов мені шақырып алып «Құдайберген, балықшы кол­хоз­­дарының басқармалығына бе­­делді, іскер, тәжірибесі мол бір адамды обкомға ұсынайық. Біз­­дерді келешек ұятқа қалдыр­май­тын болсын, мұқият қара, дайында» деп тапсырма берді. Сол тұста таңдауымыз Төлебай ағаға түсіп еді.

Ол кезде Төкең аудандағы «Рай­ым» балық колхозын басқа­ратын. Балық колхоздарында жоспарды орындау үшін балық­шы­ларды маусымына қарай те­ңізге, көлге, дарияға 1-1,5 айға кө­шіріп отырады. Бұл айтуға оңай болғанымен, атқарылуы өте қиын шаруа. Төкең соның бәрін дау-дамайсыз ұйымдастыра біл­ді. Жұрттың тілін тапты, бас­тық­пын деп шіренбей, шаруамен келген жұртты риза етуге тырысты. Төкеңе бүгінге дейін райымдықтардың ықыласының бірде-бір  кемімеуі соның айғағы деп білемін.

Мен 1956 жылы Гурьевте­гі Бүкілодақтық балық шаруашы­лы­ғы техникумын бітіріп кел­гесін, мамандығым бойынша балық аулау нұсқаушысы бо­лып Төлебай ағаның қызмет істе­ген жерлерінде, «Қызыл балық», «Аманөткел», «Райым», «Шев­чен­ко»  балық колхоздарында жұмыс­тарда болдым. Және де Қуаңдария мемлекеттік моторлы қайық ау­лау станциясын үш жылдай бас­қардым.  Сонда Төкеңе деген ха­лықтың зор ықыласын көрдім. Төкеңді дархандығы үшін халық жақсы көретін. Өзі орысшаға да, қазақшаға да сауатты. Сөзге жүй­рік. Жұмысшыларына кек сақтамайды. Кешірімді. Жас­тың да, үлкеннің де тілін таба бі­леді. Жұмыс десе, түрегеліп тұ­рып ұйықтайтын жанкештілігі жә­не бар. Ауыра қалса, жолда жүріп емделеді, күн-түн жүр­се де,  түнделетіп келсе де, таң­ғы сағат 6-да тіп-тік, тап-таза жұмыс­шылардың алдында тұрады. Ол жүрген жерде халықтың көңілі көтеріңкі. 

Төкең 1967 жылдан аудандағы ең ірі Бөген мемлекеттік балық аулау базасының бас инженері қыз­метінде болды. Мұнда да  бас­шылық, ұйымдастырушылық қа­білетімен көрініп және ел ішіндегі беделі ескеріліп, Бө­ген  машина-мелиоративтік стан­­ция­сына директорлыққа бе­­кі­тіл­ді. ММС деп аталатын бұл меке­ме аудандағы балық аула­натын көлдерді суландыру жұ­мыс­тарымен айналысатын.  Бұл қызметті ол зейнет жасына дейін атқарды. Одан соң екі жыл тәлім­гер ретінде тағы да еңбек етті.

Еліне еткен ердің еңбегі ес­ке­русіз қалмайды. Себебі Төле­бай аға сол  ММС мекемесіне ди­ректорлық қызметке келген­нен бастап өзінің туған жері Қа­ратереңдегі Кәрітұма көлін бө­геттеуді талай басшының ал­ды­на мәселе етіп көтеріп жүре­тін. «Кәрітұма бөгеттелсе, су сақталады. Көлде балық көбейеді, аң-құс, шөп те молаяды, қыста мұз қатқанда қамыс іші малға пана болады. Бұдан басқа Тоқпанға, Қасқақұланға, Құйылысқа баратын жол қысқарады» дейтін еді, жарықтық. Осы жұмысты Төкең ақыры бітіріп, туған же­ріне игілікті іс істеп кетті. Қара­тереңдіктер де ерен ұлдарының бұл еңбегін ескеріп, бөгетке «Тө­лебай бөгеті» деп ат беріпті. Аза­маттың туған жерге туын тіккені осы емес пе?!

1974 жылы аудандық атқару комитеті төрағасының бірін­ші орынбасары бо­лып жүргенімде аудандық оқу бөлімінің бастығы Ебейсін Исаев, аудандық сауда бөлімінің бас­шысы Тілес Бохаев үшеуміз  Бөген арқылы Қасқа­құлан ел­ді мекеніне  бара жатып Төле­бай ағаға жолықтық. Сапар мақ­саты – келешегі жоқ кіші ел­ді мекендерді жабу туралы Арал аудандық партия комитеті  бюро­сының қаулысын халыққа түсіндіру. Төкең шаруамызға қа­ныққасын, ақылын айтты. Үйден шығарда «Қарағым, Құдайберген, бара жатқан жерлерің киелі де, қасиетті жер. Халқы момын, сыпайы. Сіздерге қарсы сөз айтпас» деп еді. Аға айтқандай болды да шықты. Ел шешімді түсіністікпен қабылдады. 

Өмірде екі ақиқат бар дейді. Ол тумақ және өлмек, ал осы екеуінің арасы күрес. Өзі бас­қарып тұрған ұжым мен жұмыс үшін жанын аямаған басшының бірі Төлебай Орынбаев ағамыз еді. Сондықтан да ел оның есімін қастер тұтып, көңіл төріне қо­нақтатады. Азаматын ардақтай біл­ген елдің еңсесі еш уақытта төмен болған емес.

Құдайберген САРЖАНОВ,

ҚР өндірісіне еңбегі сіңген қайраткер.

ТАҒЫЛЫМ 09 шілде 2018 г. 106 0