ҰЛТ КӨГІНДЕ ӨШПЕСТЕЙ ІЗІ ҚАЛҒАН

Қазақ халқының ардақты азаматы, аққан жұлдыздай аз ғұмырында соңына мол мұра қалдырған, Қазақстан мен Орта Азия жастарының жалынды жетекшісі, көрнекті қоғам қайраткері, ағартушы-демократ Ғани Мұратбаевтың елі мен болашақ ұрпағы үшін жасаған еңбегі бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге.
Шығыс жастарының көсемі атанған Ғани Мұратбаев қа­сиетті Қазалы топырағында, қазіргі Ғани Мұратбаев ауылында Мұратбай болыс­тың шаңы­рағында   1902 жылы 3 маусымда дүниеге келді. Төрт жасында әкесінен жетім қал­ған Ғаниды анасы Бәтима Қазалы қаласына әкеліп, орыс-түзем мектебіне оқуға береді. Одан кейін, 1914-1916 жылдары бастауыш училищеде оқиды. 1916 жылы 14 жасында анасы Бәтима дүниеден озып, әкесінің інісі Салықбайдың қо­лында тәрбиеленеді. Ағасы Салықбай Ғаниға «Теміржолшы от­басы­нан» деген анықтама алып беріп, Ғани сол анық­тамамен Таш­­­кент­тегі Фин­кельштейн атын­­дағы қазақ-қырғыз педа­­го­ги­калық учи­ли­ще­­сіне оқуға түседі (Бұл училище 1920 жылдан Халық ағарту институты болды). Білімге құштар   Ғани 1919 жылы жастар ұйымына мүшелікке қа­былданып, содан бастап жа­­лын­даған өмірі жас­тар ұйы­­мымен үнемі  ты­ғыз бай­­ланыста  өтті. Сол кезең­де саяси сана-сезі­мі де, өмірге көз­қарасы да көп жас­тар­дан озық Ғ.Мұратбаев ком­сомол­дың алдыңғы қатарлы бел­сенді мү­шесі, жастар жұмысын үлгі­лі ұйым­дастырушылардың бірі болды.  
1920 жылы  Ғани Верный­да педагогикалық курста са­бақ берді. Ол сонымен қа­тар жас­тар ара­сындағы жұмыс­тарды жүргізуге де атсалыс­ты. 1921 жылы Түр­кіс­тан комсомолы Орталық Ко­ми­­теті бюро­сының төрағасы бо­­лып сай­ланды. Осы кезде ол Түр­­­кіс­тан комсомолының өкілі ре­тін­де Орынбор қаласында өт­кен Қазақстан комсомолының бірін­­ші съезіне қатысады. Сонымен бірге жастарды оқыту, тәрбиелеу, олар­дың арасында заман талап ет­кен жұмыстарды жолға қою мақ­сатында қызмет етті. Ауыл жастарының көзін ашу, ұйым­ға тарту, сауатсыздықты жою, ауыл шаруашылығын жақсартып, ірі өн­дірісті күшейту жұмыстарын жолға қойды.
  1921 жылы 22 наурызда Ғани Мұратбаевтың бастамасымен Түркістан Республикасы комсо­молының органы «Жас Алаш» газетінің тұңғыш нөмірі жарыққа шығып, редакторы өзі болды.
1922 жылдың қазан айында РКСМ-нің V съезі өтіп, сол съезде Балтық Теңіз Флоты комсомолдық қамқорлыққа алған президиум мүшелеріне «Құрметті теңізші» атағын берді. Олардың арасында Ғани да бар еді.
Жаңа өмір жасау жолында күннен күнге белсенділігі артып, шыңдала түскен Ғаниды жақсы білетін РКСМ ОК РКСМ-нің Орта Азиялық бюросын құрып, Ғани Мұратбаевты 1922 жылдың мамыр айынан бас­тап мүшесі және хатшысы етіп сайлады. Орта Азия бюросы мүшелерінің бірі болып Бұхара, Хорезм республикасындағы жас­тар ұйым­дарына қамқорлық көрсететін комиссия төраға­сының міндетін атқар­ға­нын, бұл тарапта Орта Азия еңбекші жастары арасындағы қозғалысты дамытудағы зор үлесі үшін Хорезм Республикасы Ғ.Мұратбаевты «Қызыл Еңбек» орденімен марапаттады.
1924 жылдың қыркүйек айы­­нан өмірінің соңына дейін  Коммунистік Жас­тар Интернационалының IV кон­­гре­сінде КИМ-нің атқару коми­тетінің президиум мүше­лігіне сайланып, шығыс елдері жастары бөлімінің меңгерушісі болады.
1923 жылы Ғани Мұратбаев ауыр науқасқа шалдығып, сол науқастан 1925 жылы  15 сәуірде Мәскеуде көз жұмды.
Ғани өз заманының тілін біліп, уақыт толқынына ілесе білген асқақ ойлы, өр кеуделі өрен еді. Бар-жоғы 23 жыл ғана өмір сүрсе де елдің жоғын жоқтап, өшпес өнегелі із қалдырды. Осындай асыл перзентін туған халқы ешқашан ұмытпақ емес.
Күншығыс жастарының жа­лынды ұйымдастырушысы атанған даңқты жерлесіміз Ғани Мұрат­баевтың өмірі мен атқарған  қыз­метіне байланысты 1968 жылы 7 қарашада Қызылорда облысы, Қазалы аудандық Кеңесінің шешімімен музейі ашылды.
Музей Ғанидың жалынды істерімен жарқын жолын ілгері жеткізу, жас ұрпақ бойы­на патриот­тық тәрбие беру мақсатында көп­теген шаралар ұйымдастырып келеді.
Жыл сайын Ғанидың туған күнінде  «Мәңгілік шырқар жы­рым­­сың» атты дәстүрлі жас ақындар мүшәйрасы мен кіші футбол жарысы ұйым­дастырылады.
2016 жылдан бастап музей жанынан белсенді, өнерлі, озат оқушылардан құралған «Жас ғани­танушылар» үйірмесі, соны­мен қатар, үш буын (ардагерлер, өлкетанушылар – музей қызмет­керлері, оқушылар) өкілдерінен құралған «Өнеге» бірлестігі жұмыс жасайды. Ғани есімін жастар арасында мәң­гілік қалдыру мақсатында ұйымдастырылған дәстүрлі  «Ғани Мұратбаев» атындағы облыс­тық, республикалық жас­тар сыйлығының тағайындалуы – жастарға үлкен жауапкершілік пен сенімділік артады.
Ауданға ат басын тіреген қонақтар мен отау құрған жас жұбайлардың, әскерге шақырылған жастардың бас иіп, рухына тағзым ететін қастерлі орны – Ғанидың жартығасырлық тарихы бар музейі.  
Ғани Мұратбаев – адамзат баласының санғасырлық тари­хындағы саяси дүрбелеңге толы кезеңде дүниеге келіп, асқақ арман, мүбәрак мұраттар отын арманшыл көкірегіне жағып өткен, таңда туған шолпандай қазақтың көгіне із тастап ағып өткен қыршын жас, қайраткер тұлға, дара есім, даңқты болмыс иесі.

Алтынай ЖАДЫРАСЫНОВА,
Ғани Мұратбаев мемориалдық музейінің ғылыми қызметкері.
ТАҒЫЛЫМ 12 маусым 2018 г. 85 0