КӨЗДЕН КӨШКЕНІМЕН, КӨҢІЛДЕН ӨШПЕЙДІ

 Біздің бүгінгі ауылдардың дамуы кешегі кеңестік дәуірдің орта  кезінде бір ізге түсті. «Ильич» шамының жарығы кешке оталып, тамақ ішіп болғанда сөнетін мотордың жібіне байлау­лы болған.  Мұның бәрін айдау жолдың шаңын кешіп, бастауыш мектепке барған алдыңғы толқын жақсы біледі.
Сол ауылдарды көктетіп-көгерт­кен, өсіріп-өндірген аға буынның ерен еңбегі, елді, жерді сүйген азаматтық күш-жігері емес пе еді?! Олардың жан дүниесіндегі адамдық парызға адалдық, имандылық, мейірімділік секілді туабітті қасиеттері де ерекше. Осындай ерекше жандардың бірі, ауыл-аймағы ардақ тұтқан абзал жан Бектас Тоқсанбаев болатын.
Бектас Болатұлы 1939 жылы Бәйгеқұм ауылында өмірге келген. Мектептен соң Қызылорда меди­цина училищесінде оқып, бітірген.
1964-1970 жылдары Алматы меди­циналық институтында білім алып, еңбек жолын Жөлек ауылдық ауруханасында дәрігер-терапевт болып бастаған. 1973-1988 жылдары Жөлек, Бәйгеқұм ауылдық ауруханасында бас дәрігер болып қызмет еткен. Он төрт жыл ауылдық кеңес депутаты болып, ауылдастарының көкейтесті мәселелерін жоғарғы басшылық назарына салып, олардың өз шешімін табуына тал­май бейнеттенген азамат. Осындай еңбеккештігімен еленген ақ желеңді абзал аға талай мәрте салалық мақтаулар алды, Қазақстан дәрігерлерінің съездеріне қатысты. «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» белгісін иеленді.
Алайда, Бектас Болатұлының ең үлкен, ең құрметті марапаты ел алғысы болды. Бәйгеқұмдықтар бұл кісінің атын ешқашан ауыздан тастаған емес.
Мына бір оқиға ағаның туған жерге, жерлестеріне нағыз жанашыр адам екенін дәлелдейді. Өзі зейнетке шыққан соң, басшылық ауыл ауруханасының бас дәрігерлігіне сырт жердің адамын қызметке жіберген. Осы жағдайда ауылдағы әрбір науқас адамның тарихын білетін, олардың басы ауырса, шекесі сыздайтын ауылдан шыққан қатардағы дәрігерді құзырлы орындарға дәлелдей отырып, бас дәрігерлікке бекіттірген. Бұл кісіге «өзімнен өткесін не болса, ол болсын» дейтін атүстілік жат болатын.
О баста осы бүгінгі Бәйге­құмдағы аурухана басқа ауылдан салынатын болып, бұл іске байланысты да Бектас аға совхоз прорабы Мұстафа Сыздықов секілді елшіл азаматтармен бірі­гіп, облыстық басшылыққа қай­та-қайта кіріп, аурухананы ауыл­да салдыртуға атсалысқан. Сол ауру­ханада ота, перзентхана бөлі­мін аштырып, көп жыл қызмет еткен.
Зейнетке шыққан алғашқы жылдары тұрғындар ауруханаға барудың орнына осы кісіге келіп көрінетін қызық оқиғалар кездеседі. Осының өзі-ақ ол кісінің адам жанына жақындығымен бірге білгір маман екенін дәлелдейді.
Бектас аға 2012 жылы қайтыс болды. Қаншама науқас жандарды емдеп, өмір қуанышын сыйлады. Артына ізгілік қалдырды. Өз кәсібіне баулып, біліктілік тәжірибесін үйреткен Зағира Мұхамедова, Алексей Ким, Гүлмира Оразбекова секілді шәкірттері бүгінде белгілі дәрігерлер, ел денсаулығы күзетінде қызмет етіп келеді. Сондай-ақ, «ата көрген оқ жонып», Бектас атаның үш бірдей перзенті медицина саласын таңдады. Олар да бүгінде ел-жұрттың алғысын алып, әке атына бәрекелді айтқызып жүр.
Елбасы Н.Назарбаев «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақа­ласында: «Біз «жаныңда жүр жақсы адам» деген сөздің байыбына бара бермейміз. Шын мәнінде, Тәуелсіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнерімен озып шыққан қаншама замандастарымыз бар. Олардың жүріп өткен жолдары – кез келген статистикадан артық көрсеткіш» деген еді. Осы сүбелі сөздің ас­тарынан туған жеріне еңбек күшін арнаған, ағайыннан қолда барын аямаған Бектас Болатұлы секілді азаматтарды дәріптеудің ұрпақ алдында қандай маңызға ие екенін ұғамыз.

А. СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ.
ТАҒЫЛЫМ 02 маусым 2018 г. 180 0