ҚАЗАҚТЫҢ ҚАРА НАРЫ

 

Арын ойлап теңізің мен жеріңнің,

Шықтың дара үдесінен сенімнің.

Қазағымның қасиетті ұлысың,

Арқалаған аманатын еліңнің.

 

Бақ пен мұрат әз халқыңның тілегі,

Азаматсың ел деп соққан жүрегі.

Үміт күткен перзентісің үкілеп,

Туған жердің сенім артқан тірегі.

 

Аз ба, көп пе тартқан елдің азабы,

Бақ пен сорды тағдыр басқа жазады.

Қалаулысы атанғанда халқыңның,

Қуаныштан толқыды Арал, Қазалы.

Көкіректен кетті қайғы, нала-мұң,

Ақиқаттың тарттың дәлдеп садағын.

Сізге қадап жәутеңдеген жанарын,

Көзін ашты талықсыған Аралың.

 

Толар бір күн арнамыз да, көлім де,

Жаңа келген нәрестедей өмірге.

Еңбегіңді елің, халқың біледі,

Қазақ деген шаңырақтың төрінде.

 

Қазағымның қайтпас қара нарысың,

Туған елдің абыройы, арысың.

Тайталаста тайдырмаған намысын,

Ұрпағыңа қасиетің дарысын.


Жетіскен МӘКЕНӘЛИЕВ, ақын
ТАҒЫЛЫМ 21 желтоксан 2017 г. 126 0