АЛТЫ АЛАШТЫҢ АРДАҒЫ ТҰҢҒЫШ ПРЕМЬЕР-МИНИСТР

 Бұл естелік еліміздің құрылыс ісінің аса көрнекті майталман қайраткері, халық құрметіне бөленген азаматтарымыздың бірі, тәуелсіз еліміздің тұңғыш Премьер-Министрі болып қызмет атқар­ған Ұзақбай Қараманұлы туралы болмақ. 

Құрылыс деген өзі күрмеуі қиын орта. Оны бастау да, аяқ­тау да қиын. Басын бастап, аяғына дейін жеткізген жанды үлкен маман деп атауға болады. Өйткені, мұндай күрделі істе бастан-аяқ бақылау жасалып, жан­ашырлық болмаса, оның қиюы кетеді. Мысалы, аты әлемге әйгілі Антонио Гаудидің атақты жұмысы Саграда-Фамилиа (Temple Expiatori de la Sagrada Família) кешірім шіркеуінің құрылысы ХІХ ғасырдың соңынан бас­тап әлі күнге дейін жалғасып келеді. Ұлы сәулетшінің қиялы мен ойынан шық­қан бұл та­рихи ескерткіш қаншама өз­ге­рістерге ұшырады. Бүгінгі күні тіпті оны тоқтату туралы да ұсыныстар түсуде, өйткені ав­тордың бастапқы ойының өрнегі жойылған. Міне, бұл ға­ламдық ауқымдағы бір мысал.

Ал күнделікті өмірімізде басы қызу басталып, аяғы сиырқұйымшақтанып кететін қаншама жобалар бар. Осындай мүшкіл халге жеткізбей, қолы­на алған жұмысты ая­ғына жеткізу кез келген маманның қолынан келе бермейді. Осы тұрғыда Ұзекеңді өз саласы бойынша білімділік деңгейі мол, түсінік дәрежесі биік тұлға деп білемін.

Ол құрылыс мамандарының ішінен өзінің еңбекқорлығымен, басқару шеберлігімен бәрінен оқ бойы озық шығып, тәуелсіз еліміздің тұңғыш Премьер-Министрі болды. Премьер-Министр – ағылшын тілінен аударғанда «бірін­ші министр» деген сөз, біздіңше Үкімет басшысы.

Қазақстанның бергі тарихындағы Үкімет басқарушы органдары әртүрлі аталды: Алаш үкіметі, Революциялық комитет (рев­ком), Халық комиссарлары кеңесі (Совнарком), Министрлер кеңесі. Бүгінгі Үкімет басшысы лауазымында болған азаматтарымыздың тізімі отызға жетіпті, олардың ішінде Алаш үкіметін басқарған Әли­хан Бөкейхановтан бастап Сәкен Сейфуллин, Нұртас Оңда­сынов, Жұмабек Тәшенов, Дінмұхамед Қонаев, Бәйкен Әшімов, Нұрсұлтан Назарбаев сияқ­ты қазақтың марқасқа азаматтары бар.

Елбасы Жоғарғы Кеңеспен ақылдаса отырып, Кеңес өкіметі мен тәуелсіздігіміздің тоғысында осы лауазымды талай күрделі істің ыстығы мен суығына шыңдалған, өндіріс пен ел ша­руашылығының қыр-сырын білетін Ұзақбай Қарамановқа міндеттеп, сенім артты. Ұзекеңнің ұстамдылығын ерекше атап өткім келеді. Кез келген даулы мәселені айқай-шыңсыз, құрылыс пен жобалау салаларын үйлесімді түйістіретін шешімдер тауып отыратын. Құрылыстың бү­ге-шігесіне дейін білетін са­уаттылығының арқасында ешбір мәселені уысынан шы­ғармай, оң ше­шімін айтатын. Со­ның арқасында ол басқарған өндіріс орындары көптеген жақ­сы жетіс­тіктерге жетіп отырды.

Ұзекеңмен қызметтес болғандар да, ол кісінің алдына барып, қандай да бір істің күрмеуіне шешім алғандар да оның терең білімін, ашық көзқарасын мойындап айтып жүретін. Білімді құрылыс мамандарының аздығынан өткен ғасырдың 60-70-жылдарына дейін Үкімет басшылығында құрылыс кураторлары болып басқа өндіріс өкілдері қызмет атқарды. Осы жылдары елімізде құрылыс ісі қарқынды бастау алған еді. Ірі панельді үй құрылысы зауыттары салынып, олар дами бастады, соның нәтижесінде еліміздің барлық қалалары мен елді мекендерінде шағын аудандар бой түзеді. Жаңатас, Қаратау, Рудный, Арқалық, Хромтау, Лениногор (Риддер) сынды өндірістік қалалар да жаңара түсті.

Осы кезеңде құрылыс саласына ҚазКСР Министрлер Кеңесі төраға­сы­ның орынбасары, Социалистік Еңбек Ері, білікті металлург, өз сала­сындағы тәжірибелі басшы Ар­тем Мисакович Вартанян же­текшілік етті. Мен сол жылдары Тұрғын үй-аза­маттық құрылыс басшысы, ҚазКСР Мем­құрылысы төр­алқасының мүшесі бол­ған уақытымда Артем Миса­ковичтің біздің салаға бай­ла­нысты өткізген жиналыстарына жиі қатысып тұра­тынмын. Тұрғын үйлер серия­ларын таң­дау, ірі панельді үй құры­лысы за­уыт­тарын салу және дамы­ту, ірі панельді үйлерді қайта өңдеу сияқты мәселелер қарас­тырылатын. А.Вартанян – өз саласының ас­қан білгірі еді, батыл ше­шім­дерді қа­был­дауымен ерек­ше­леніп тұратын. Алай­да, негі­зінде өзі құрылысшы бол­ма­­ғасын, бұл саланың мамандары басшы­лыққа өз пі­кірін толығымен жет­кізе ал­май жататын уақыттар да болатын. Сон­дықтан да сол кезеңде жобалау­шы­лар мен құрылысшылар қауымы оның іскерлігі мен білімін қанша мо­йын­да­са да, іштей құрылыс маманының жетек­шілік етуін қалайтын.

Әрине, Вартанян бас­шылыққа кез­дей­соқ келе қалған адам емес, құрылыс индус­трия­сына жетек­шілік еткен жылдары көптеген келелі істерді атқарып кетті. Дегенмен, сол кез­дері Үкімет ба­сына құрылысшы, сәулет­шілікті түсінетін маман келеді деген ой басы­мызға кел­мейтін. Келді. Келгенде де еліміз тәуелсіздікке енді қол жеткізіп, билікті өз қо­лы­на ала бастаған күрделі жылдары өзінің орнын тап басып дәл келді. Бұл құрылыс инженері Ұзақбай Қараманов еді.

Көптеген жылдар құрылыс мамандары тіпті төраға орынбасарлығына да тағайындалмаған болса, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 1990 жылдың 17 мамырында қабылдаған қаулысы бойынша бекітілген Министрлер Ке­ңесінің құрамында төраға Ұзе­кеңмен бірге оның жетті орынбасарының үшеуі құрылыс мамандарынан тағайындалғаны біз үшін аса жағымды жаңалық болды. Құрылыс саласының өкілдері Эрик Гукасов, Октябрь Желтиков, Николай Макиевский және Ұзекең егемен елдің алғашқы қадамының нық болуына бірлесе тер төкті. Талай реформалық жобалардың не­гізі осы кезеңде бастау алды. Тарихымызда қарапайым құрылыс жетекшісінен министрге жеткен талай майталман азаматтар болған. Мастер, про­раб кезінде құрылыс алаңда­рында нивелирі мен теодолитін арқалап, күн сайын бір қабаттан екінші қабатқа көтерілуді ауырсынбай шыңдалған жас инженер министр болғанда да министрдің портфелі мен креслосын ауырсынбайды. Сол себепті де Ұзекең­нің аумалы-төкпелі заманда Премьер-Министр болып тағайындалуы кездейсоқ емес. Осындай деңгейге жеткен азаматтардың ішінде құрылыс ісінің ірі мамандары Асқар Құлыбаев, Евгений Ёжиков-Бабаханов, Амалбек Тшанов, Тайыр Мансұров қиын-қыстау замандарда облыс басшылықтарында, іргелі істердің басы-қасында болды.

Ұзекең салған премьер-ми­нистр­ліктің сара жолын жал­ғастырушылардың бірі – құ­рылыс инженері маманы Павлодар үй құрылысы ком­бинатының мас­тер­лігінен еліміздің Премьер-Министр­лігіне (2003-2007 жылдар) дейінгі жолды жүріп өткен, қазіргі Шығыс Қазақстан об­лысының әкімі Даниал Ах­метов. Өзі құрылысшы болғасын ба, әлде елі­міздің құрылыс ин­дустриясын да­мы­тудағы ең­бегімізді елегені ме, Ұзе­­кең жобалаушыларға да ерекше жан­ашырлық танытып жүретін. Ке­ңес өкі­меті жылдарындағы жос­­парлы шаруа­шылық тәртібі кезінде кәсіп­орын­дар­дың қыз­­меткерлеріне автобус­тар мен жүк кө­ліктері, жеңіл көліктер ғана бөлініп оты­ратын. Мен білетін Ұзекеңнің адам­гер­ші­лік ұста­нымында досқа адалдық, жол­­дасқа де­ген сенімділік қашанда биік дәрежесінен түскен емес.

Ұзекеңнің жас­тық шағын­дағы тай жарысы кезінен бастап елағасы жасына келгенше жа­қын араласқан, бүгінде мар­құм бол­ған Ас­қар Әлмұхамбетов деген азамат болды. Ол ерте­ректе Мәскеудің Одақ бойынша өте белгілі, беделді «Тяжэлектропромпроект» жо­ба­лау инс­­ти­тутының Алматы қала­сындағы фи­лиа­лын­да көп жылдар бойы директор болып қызмет ат­қарған. Өзі бір сымбатты, ақ­көңіл, мінезге бай, адамгершілігі мол, білімді азамат еді. Қайта құру, нарық эконо­микасына көшуге бет алған тұста, еш дайындықсыз ұжым басшыларын сайлау науқаны басталған. Сол науқан Асқар үшін сәтті болмай, ол филиал директорлығына өтпей қалды. Ұзекең маған Асқарды жұмысқа алу жөнінде ұсыныс жасап, ол «Казгорстройпроект» бас жобалау институтына жұмысқа келіп, менің орынбасарым ретінде бір­не­ше жыл қызметтес болдық. Мен Ұзе­кеңнің жұмысқа, қызметтес ортаға адалдығын білетінмін, онымен бірге жол­дастыққа деген азаматтығының биіктігін де байқадым.

Ұзекең Үкімет басшысы болар алдында оның Абай даңғылы мен Бай­сейітова көшелерінің маңайын­дағы құ­рылыс басшылары тұратын үйлерден төрт бөлмелі сайлы пәтері болатын. Премьер-Министр қызметіне ауыс­қан кез­де лауазымына сай басқа жерден үй берілді. Сол се­бепті тұрып жатқан үйін көп­тен бері аралас-құралас ке­ле жатқан жолдасы Асқар Әл­мұхам­бе­товке заңдастырып қалдыру жолын қарастырды. Ол кісі, әрине, үйсіз бол­ған жоқ, шағын ауданда ірі панельді үйлердің бірінде тұра­тын. Бұл өткен ғасырдың 50-жылдары жобаланып-салынған үйлердің бірі болатын. Ол үйлердің си­па­тын қара сөзбен керегінде қан шығармай-ақ жан шығаратын май­талман классик жазушымыз Әбіш Кекілбаев керемет айтып кетіп еді. 90-жылдардың бас жағында болған Қазақстан сәулетші­лерінің кезекті бір съезінде сол кездегі Мәдениет министрінің орынбасары болып қызмет ететін жазушы Әбекең Горбачевтің жа­риялылық бағытының сәулет­шілердің қызметіндегі көрінісін дәл тапқан болатын. Жалпылай айтқанда, ол кісі жариялылық дегенді біреулер енді түсініп жатса, сәулет­шілер көршілердің түнгі тірліктерін бір-біріне жариялауға кедергі келтірмейтіндей етіп, араларына жұқа қабырға салып, баяғыда-ақ жүзеге асырып қой­ған, деп съездің делегаттарына Мәдениет министр­лігінің атынан жол болсын құттықтауын айта отырып, бізге сынын да жеріне жеткізіп айта білді. Ондай үйді кеңейту мүмкіндігі жоғын біле отырып, Ұзе­кең өз пәтерін Асқарға заңдастырып беру үшін біраз көңілін бөлді. Ұзекең бас директор ретінде мені де шақы­рып, осы істі заң­ды түр­де аяғына дейін жет­кізуге сеп­тік етуімді сұрады. Көп­теп-көмектеп жүріп, бәрі сәтті шешілді. Асекеңнің қо­ныс­­тойында болдық. Сол күні қолға алған іс­тің ризашылықпен біткеніне Ұзекең мен Ұл­дай жеңгеміздің келісті-келісті айтылған ниеттерінен білі­ніп отырды. Ба­ла­сына, туысына емес, жолдасына бергізгені де үлкен адамшылық қасиет.

Ұзекеңнің халықпен араласуда суықты­ғынан гөрі жылуы көп. Үлкен крес­лоға ие болып, оның буына уланып, кеудесіне нан пісетін басшылар да жиі кез­десіп жатады. Францияның атақты фи­лософы Монтескье: «Көптеген ға­сырлар тәжірибесі көрсеткендей, қо­лында билігі бар адам қылмыс жасау­ға бейім тұрады...» деген сөзі бар. Бұл билік етуді би­леп-төстеу деп түсінетін кейбір азаматтарға тән болар. Ұзекең өз бойындағы ата-­анасынан дарыған асыл қа­сиеттерімен осындай бас­шылар­дан айырма­шылығы жер мен көктей. Ол жан-жағына жылу дарытып, айналасына игі жақ­сы­ларды топ­тас­тыра білді. Бұл оның отба­сының да жылуы мен ауыз­біршілігін арттырып келе­ді. Білімді, парасатты Ұлдай жең­геміз де азаматын ардақтап, отба­сына ұйытқы болатын асыл жан.

Ертеректе ата-бабаларымыз қасиетті қазақ жерін, киелі елін қорғау үшін шаңы­рақ ие­сі, атұстар ұрпақтың келуін бір жаратушыға сыйынып, тілеу­мен бол­ған. Тари­хымыздан белгілі желкілдеген қол бас­таған Жанқожа батырдың ұрпағы болып келетін Ыңғай атасы дүниеге төртінші болып қыз немересі келгенде, ба­ласы Қараман мен келіні Айсұлуға іштей өкпелеп, атына мініп алыс жолға аттанып кетіпті. Алла тағаланың жазуы шығар, әлде Ыңғай ақсақалдың тілегі қабыл болды ма, бесінші немересі болып керегінде еліне бел болар, ерліктерге дайын, шекесі торсықтай атұстар ер бала дүниеге келеді. Бұл – атасын ұзақ күттіріп, отбасында тұңғыш ұл болып үлкен қуаныш алып келген, кейін бүтін қазақ халқы ұзақ күткен тәуелсіз еліміздің тұңғыш Премьер-Министрі Ұзақ­бай Қараманұлы еді. Бірін­шілік жай ғана реттілікті білдіріп қоймайды, ол зор жа­уап­кершілікті, ерен еңбекті жүк­тейтін озат жұмысты да білдіреді. Бұл тұрғыдан Ұзақ­­бай Қарамановты нағыз Бі­рінші министр деп айта аламыз, оған елдің құрметі де куә бо­ла алады.

Әбдісағит ТӘТІҒҰЛОВ, 

Мемлекеттік сыйлықтың 

лауреаты, академик.
«Егемен Қазақстан» газеті.

ТАҒЫЛЫМ 21 желтоксан 2017 г. 103 0