ӨНЕГЕ ӨРНЕГІ

«Адамның адамшылдығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деген нақыл қалған хәкім Абай атамыздан. Шындығында, мұғалім барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, оқытып үйрететін абзал жан. Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ болары анық.
Өмірі өнегеге толы, ардақты ана, аяулы ұстаздың бірі – Палмаш апай. Ол кісі 1947 жылы қаңтар айында Айтжан атамыздың әулетінде өмірге келді.
Уақытты тоқтату, оны кері қайтару да мүмкін емес. Адам баласы уақыттың жылдам екенін тек жасы ұлғайғанда ғана байқайды екен. Менің ұстаздық жолымда өнегелі өмірімен үлгі боларлық талай жақсылар кездесті. Сол асылдардың бірі – Палмаш апай.
Ұстаз деген ұлағатты атқа лайық апайымызды бүгінде ерекше сағынышпен еске аламыз. Қызылорда қаласында №253 орта мектебінің құры¬лып, іргетасы қаланғаннан бері білім ошағында қызмет еткен Палмаш апайымыз бүкіл саналы ғұмырын ұлт болашағын тәрбиелеу жолында сарп еткен мұғалім. Ол кісінің шәкірттері қазіргі таңда ел-жұртына қызмет етіп, еліміздің дамуына, көркеюіне өз үлестерін қосуда. Даналық сөздермен оза білген қазақ халқымызда «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген сөз бар. Алдыңнан өтіп, тәлім алған оқушың заңғар биіктерден көрініп, туған халқының алдындағы борышын өтеп жатса, бұдан асқан қандай бақыт бар ұстаз үшін?!
Аяулы ұстазымыз 1976 жылы ұжымымызға қосылған. Ол келген күнінен бастап терең білімін, балаларға деген махаббатымен баршаның жүрегін жаулаған болатын. Жұмыс барысында өзінің ғылыми-зерттеу жұмысқа деген қабілетін де көрсете білді. Мінезі ашық, іскер, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары әріптесіміз №253 орта мектептің мақтанышпен аталатын алдыңғы қатарлы қызметкерлеріміздің бірі болды. Мектептегі барша қызметкерлердің арасында сыйлы және оқушылардың да зор ықыласына бөленген ұстаз болатын.  
Палмаш апай туралы №253 орта мектептің зейнеткер ұстазы, ақын Сұлушаш Сұлтанова былай деп сыр бөліскен еді.
«Өзеннің ағысын тоқтату мүмкін болса да, уақытты тоқтату, оны кері қайтару мүмкін емес. Адам баласы уақыттың жылдам екендігін тек жасы ұлғайғанда ғана байқайды екен. Уақыттың қадірін түсініп, өкінішке де берілетіні де сондықтан болса керек. Себебі, күйбең тіршілікпен жүргенде, жаныңда жүрген жандардың жан-дүниесін тани алмай, олармен етене араласа алмай, ыстық ықыласыңды білдіре алмай қалғаныңа өкінесің. Өткен күндерге сапар шеккеніңде сол аяулы жандардың бейнесі көз алдыңа оралып, есіңе жиі-жиі түсерін қайтерсің. Менің ұстаздық жолымда өнегелі өмірімен үлгі боларлық талай жақсылар кездесті. Сондай асылдардың бірі – Палмаш апай.
№253 орта мектебіне келген кезім. Айналамда бәрі бейтаныс жандар. Кім жылышырай танытса, сол кісі менің туғанымдай көрінетін. Бірде бастауыш сынып мұғалімдерінің арасынан орта бойлы әдеміше келген апай менің жаныма келіп: «жаңадан келдің бе?» – деп сұрады. Мен «иә» деп жауап бердім. Өзінің бас¬тауыш сынып мұғалімі Палмаш апай екенін, бұл ұжымның өте ауызбіршілікті әрі өнерлі екенін, менің тез үйреніп кететінімді айтып, көңілімді жұбатты. Міне, Палмаш апаймен менің алғашқы танысуым осылай болды. Бір көргенде «апайдың ұстазға лайық сырт бейнесі мен ішкі жан-дүниесі үйлесім тапқан жан екен» деген ой келді. Күнделікті сабақ арасында кездесе қалсақ, бір-біріміздің жағдайымызды сұрасып, қуанысып қалатынбыз. Білімді де білікті ұстаз Палмаш апайдың сөздерінен оның өте мейірімді де қамқор ана, асыл жар екенін байқайтынмын. Әттең, тағдыр ісі біреуге қатты, біреуге тәтті деген. Мен науқас қызымды аяққа тұрғызам деп шаршап-шалдығып жүргенде, апайым жазылмас дертке ұшырап, келмес сапарға кете барды. Иә, тағдырдың жазуына не шара?! Биік-биік мақсаттары бар, осындай асыл жанның өмірі қысқа болады деп кім ойлаған? Адамның адамгершілік қасиеттері мен өшпес істері мына дүниеден өткеннен кейін өкінішке, сағынышқа ұласатынын кім білген? Зейнеткерлік жасқа жетіп, қасиетті мектеп қабырғасында өткен күндерімді көңілімнің таразысына салар болсам, көбіне қимас жандардың бірі Апайым оралады ойыма. Көз алдыма әдемі жылышырай жүзі, жымиып күлгені келеді. Апай өте қарапайым жан болатын. Көрінгеннің бойынан табыла бермейтін сол қасиетті өзі білім берген оқушыларының бойына дарыта білген ұстаз еді. Ондай жанның көзден кетсе де, көңілден кетуі, ұмыт болуы мүмкін емес. Апайымның биязы мінезі, сабырлылығы, адамгершілігі, оның бауырмалдылығы, – айналасына жылы шуақ шашып жүретін адами қасиеті жүрегімде сол қалпында сақталып келді. Алла алдынан жарылқасын...»
Палмаш апайымыз 1969 жылы Абай есімді азаматқа тұрмысқа шығып, отбасын құрады. Олар өнегелі шаңырақтарын шаттыққа толтырып, Марат, Мұрат, Дәулет есімді ұлдарымен қоса Жанар есімді қызына жақсы қасиеттерді дарытып, барлық күш-жігерін перзенттеріне арнады. «Алтын кездік қын түбінде жатпайды» демекші, анасының асыл қасиетін бойына сіңіріп, елжанды, тәрбиелі болып қалыптасып ержеткен қос ұлы Мұрат пен Марат қазіргі «Абзал и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде басшылық қызмет атқаруда. Ал, кенже баласы Дәулет «Абай-Дәулет» компаниясына басшылық жасап отыр. Мұрат өз сөзінде: «Ана деген – мен үшін ерекше ұғым. Анамның айтқан асыл сөздері менің құлағымда өшпес шырақ секілді. Қашанда «әкеңмен ақылдас, әкең біледі» деген сөздерді құлағымызға құйып өсіргендіктен әкемізге деген құрметіміз ерекше болды. Қазір ойлап қарасам, ол анамыздың көрегенділігі, бізге берген тағылымды тәрбиесі екен ғой» деп аяулы анасын еске алды.
Еткен еңбегі еленіп, оқу-ағарту ісіндегі шеберлігімен жеткен жетістіктерімен ұстазымыз Палмаш апай көптеген марапатқа ие болды. Білім саласына қосқан зор үлесі үшін облыстық білім басқармасының Құрмет Грамотасымен, мұғалімдер күніне орай қала әкімінен мадақтама, қалалық білім бөлімінен оқушыларының білім жетістіктері бойынша алғыс хаттармен, қалалық мәдени-көпшілік іс-шараларға белсенді түрде атсалысқаны үшін мадақтау хаттарымен, жастарға сапалы білім, саналы тәрбие берудегі зор үлесі үшін көптеген мадақтамалармен марапатталған.
Адам баласы өзінің ұзақ тарихында жасаған рухани, мәдени қазынасы, адамгершілік, тәлімгерлік тағылымдары ұрпақтан-ұрпаққа осы ұстаздық үрдіс арқылы беріліп, жалғасын табады екен. Палмаш апайдың өнегесі ұрпақтары мен шәкірттері арқылы жалғасын таба беретініне сенеміз.

Қадиша ҚОРҒАНОВА,
№253 орта мектеп директорының орынбасары.
ТАҒЫЛЫМ 14 желтоксан 2017 г. 129 0