Жыл соңына дейін Қызылордада цифрлық ХҚКО ашылады

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Айдын Қайруллаевты әңгімеге тартып, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының Сыр өңірінде қалай іске асып жатқанын білген едік.
– Айдын Бөкенбайұлы, қазіргі таңда елімізде жүзеге асырылып жатқан «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында барлық сала цифрландыру мүмкіндіктерін енгізуге талпынуда. Дегенмен, бүгінгі таңда цифрландыру ұғымы көбіне осы «Азаматтарға арналған үкіметте» айқын көрініс тапқандай. Айтыңызшы, аймақта цифрландыру қай дәрежеде жүріп жатыр?
– Дұрыс айтасыз, бүгінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы халыққа қызмет көрсететін барлық орталықтарды бір жүйеге интеграциялап, мемлекеттік қызметтердің бірыңғай провайдеріне айналды.
Қазіргі таңда мемлекттік қызмет түрі көп көрсетілетін орын – бұл «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы. Кез келген құжат біздің мекеменің қатысуымен орындалады. Сондықтан, бұл сала ақпараттық жүйенің соңғы үлгідегі артықшылықтарын енгізуді қажет етеді.
Мемлекеттік корпорация тарапынан мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру, заманауи технологияларды енгізу арқылы халыққа ыңғайлы жаңа әдістерді қолану кеңінен қолға алынды. Осыған сәйкес мемлекеттік органдар мен азаматтардың арасындағы тікелей байланысты болдырмау міндеті бүгінде сәтті жүзеге асып келеді. Бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың бірден бір жолы.
Корпорацияның алдында тұрған негізгі міндет – бұл ұсынылатын қызметтердің сапасын қамтамасыз ету, әкімшілік кедергілерді төмендету, мемлекеттік қызметтер көрсету процесінің ашықтығын қамтамасыз ету.
Бүгінгі таңда жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру, мемлекеттік қызмет көрсету, сондай-ақ әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу секілді бірнеше сала бірігіп, қызмет көрсету аясын кеңейтті.  
– Бір арнаға тоғысқан төрт ірі саланың цифрландыру бағытындағы жұмысы бірін бірі қаншалықты толықтырады?
– Біз өзімізге жүктелген міндет – мемлекеттік қызметті көрсету үрдісін үнемі дамыту үстіндеміз. Мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру, автоматтандыру, ақпараттық жүйелерді интеграциялау арқылы бұл бағытта жеткен жетістіктеріміз аз емес. Бұрын халық «бір терезе» қағидатының игілігін көрсе, бүгінде бұл бағытты одан әрі ықпалдастыра отырып, «бір өтініш» қағидатына қол жеткіздік.
Мысалы, электрондық үкімет порталында кәсіпкерлердің игілігі үшін композиттік қызметі іске қосылды. Енді жеке ісін ашқысы келетін азаматтар үш қызметті бірден ала алады: заңды тұлғаны тіркеу, банктік шот ашу және сақтандыру туралы келісім-шарт жасау. Бұл мемлекеттік қызмет көрсету барысында «бір өтініш» қағидатын қолданудың үлгісі болып табылады.
Бүгінде жер қатынастары мен құрылыс салалары - бизнес өкілдері мен жеке тұлғаларды жиі мазалайтын сыбайлас жемқорлық тәуекелі жоғары мемлекеттік қызметтер болып отыр.
Бұл бағытта әкімшілік кедергілерді азайту мақсатында облыста мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру мен оңтайландыру жұмыстары қолға алынуда.
Осы орайда, аймақ басшысының шешімімен облыстық цифрлық технологиялар басқармасы құрылды. Бүгінде біз осы басқармамен бірлесіп, бірқатар жобаларды талқылап, жұмыс жасаудамыз.
– Елбасы биылғы жолдауында 2019 жылы мемлекеттік қызметтердің 80 пайызы электронды форматқа көшуі тиіс, 2021 жылы 100 пайызға орындалу керектігін айтты. Осы тапсырманы орындау бағытында қандай тындырымды тірліктер атқарылуда?
– Цифрландыру үдерісінің көшбасшысы ретінде мемлекеттік корпорация еліміздегі цифрландыру ісіне ықпал ететін, нақты жобаларға бастамашы болуда.
Мемлекеттік реестрде 746 қызмет бар болса, бүгінгі таңда соның 621-і, яғни 83 пайызы біздің корпорация арқылы көрсетіліп отыр. Оның 486-сын, яғни 70 пайыздан астамын азаматтар үйден шықпай, немесе кеңседе отырып-ақ электронды форматта алуға мүмкіндігі бар. Жергілікті атқарушы органдармен көрсетілетін 195 қызметтің 94-і (48%) «электронды үкіметтің» веб-порталы арқылы көрсетілуде.
Айта кетейік, биылғы жылдың 10 айында халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы 1 млн-нан аса (1 082238) мемлекеттік қызмет көрсетілсе, оның тең жартысы электронды нұсқада көрсетілді. Ал, өзіне-өзі қызмет көрсету «Connection Point» секторы арқылы көрсетілген қызмет өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 40 пайызға өсіп отыр. Яғни, халық оператордың көмегінсіз мемлекеттік қызметтерді жиі алады деген сөз.
Айта кетейік, жыл басынан бері Мобилді азаматтар базасына 200 мыңға жуық адам тіркеліп, 700 мыңдай қызылордалық өздігінен қызмет алған.
– Жалпы, мемлекеттік қызмет көрсету саласында жағымды жаңалық көп секілді...
– Әрине, жаңалығымыз көп. Бүгінде «Азаматтарға арналған үкімет» тарапынан мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру, заманауи технологияларды енгізу арқылы халыққа ыңғайлы жаңа әдістерді қолану кеңінен қолға алынды. Жыл басынан бері бірнеше пилоттық жоба іске қосылып, халық арасында кеңінен қолдау тапты.
Солардың бірі – проактивті форматта туу туралы куәлік рәсімдеу. Жоба аясында үстіміздегі жылдың қаңтар айынан бастап «Азаматтарға арналған үкімет» мемкорпорациясы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ бірлесе отырып проактивті форматта туу туралы куәлік рәсімдеу пилоттық жобасын қосқан болатын. Электрондық үкімет порталы барлық мәліметтерді түрлі мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен жинап, ал өзге деректерді SMS хабарлама арқылы ата-анадан сұрайды. Осылайша ана мен бала перзентханадан шығам дегенше 2-3 күнде барлық құжаттар дайын тұрады. Нақтырақ айтсақ, осы жылдың 10 айында мобильді азаматтар базасына 5816 жүкті ана тіркелді, 3982 баланың туу туралы куәлігі рәсімделіп, 2262 сәбиге жәрдемақылар тағайындалды. Сондай-ақ 3488 бала балабақша кезегіне осы проактивті қызмет арқылы қол жеткізді.
Айта кетейік, Қазақстан ТМД елдері арасында алғашқы болып мемлекеттік қызметтердің проактивті қағидатын енгізді. Көп ұзамай баланы тұрғылықты жеріне тіркеу, асыраушысынан айрылу, жұмысынан айрылу, жүкті болу мен босануға байланысты табысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдер тағайындау, «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иегерлеріне жәрдемақы рәсімдеу, мүгедектікті белгілеу жөніндегі қызметтерді және зейнетақы төлемдерін тағайындауға қатысты мемлекеттік кепілдіктер де проактивті принциппен ұсынылатын болады.
Қазірдің өзінде, жүргізуші куәлігін ауыстыру мен көлік құралын тіркеу мемлекеттік қызметтері Egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы онлайн форматта алынуда. Болашақта қызметтерді алуды жеңілдету үшін биометриялық деректер қолданылатын болады. Яғни, адамның тұлғасын растау кезінде бет келбеті мен саусақ бедері арқылы қызмет көрсетіледі деген сөз.
Бірқатар мемлекеттік қызметтер танымал Telegram әлеуметтік желісі арқылы алу жолдары қарастырылған.
Telegram-бот арқылы мекенжай, жылжымайтын мүліктің бар-жоқтығы, сотталған-сотталмағаны туралы анықтамаларды сұратуға болады. Одан бөлек емханаға тіркелу, дәрігер қабылдауына жазылу, дәрігерді үйге шақыру және Халыққа қызмет көрсету орталықтарына кезек брондау және басқа да көптеген қызметтер қолжетімді.
Жақында мемлекеттік қызметтерді қашықтықта онлайн тәртіпте ұсыну жобасын іске қосылды. Бүгінде 20 мемлекеттік қызметті видеобайланыс арқылы алуға болады. Мұндай қызметтер азаматтарды ХҚКО бару міндетінен босатып, уақыттарын үнемдеп қана қоймайды, сондай-ақ қағаз жүзіндегі құжат айналымын қысқартады.
Елбасы өз Жолдауында жерқоры мен жылжымайтын мүлік нысандары туралы мәліметтердің бірыңғай ақпараттық базасын жасауды тапсырды.
Осыған орай, жер қатынастары, сәулет және құрылыс саласындағы цифрландырылған бас жоспарларды, инженерлік коммуникацияларды және онлайн қызметтерді көрсетуді орналастыру арқылы Ұлттық геоақпараттық жүйесінің жариялық картасында бос жер телімдері бойынша пилоттық жобаны облыста іске қосу жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда пилоттық жобаны жүзеге асыру мақсатында облыс әкімдігі жанынан жұмысшы тобы құрылып, тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Айта кетейік, кей жағдайларда жер телімдерін рәсімдеу үшін 6 айға, кейде 1 жылға уақыт жуық кетеді. Егер Ұлттық геоақпараттық жүйесінің (НГИС) жариялық картасы арқылы жер телімдерін табыстау бойынша пилоттық жобасы іске асса қызмет көрсету мерзімін 1 жылдан 20-30 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік бар және бұл 100 пайызға дейін қағаз нұсқадағы құжат айналымды жояды.
Бүгінгі таңда жер учаскелерін рәсімдеу саласы бойынша басқа да мемлекеттік қызметтерді көрсету тәртібі оңтайландырылып, мерзімі қысқарды.
Сонымен қатар, Электронды үкімет бағдарламасын орындау мақсатында жылжымайтын мүліктерді тіркеу саласы бойынша барлық анықтамаларды электронды түрде алуға қол жеткізілді.
– Айдын Бөкенбайұлы, филиал тарапынан атқарылып жатқан игі істердің ауқымын аңғардық. Жаңалық қашанда қаладан бастау алатыны рас. Ал ауыл тұрғындарының Сіз айтып отырған жаңашылдықтарды қабылдау деңгейі қаншалықты? Жалпы аймақ халқының цифрлық сауаттылығы туралы не айтар едіңіз?
– Жыл басында халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында облыстық әкімдікпен бірге іс-шаралар жоспары жасалып, 20 мыңнан аса қызылордалық қысқамерзімді оқыту курстарымен қамтылды.
Филиалмен тұрақты түрде әкімдіктермен, мемлекеттік органдармен бірлесіп, оқу орындарында, адам көп шоғырланатын жерлерде, меншік нысанына қарамастан облыс бойынша 3300-ге жуық еңбек ұжымдарында электронды қызметтерді алу жолдары жан-жақты насихатталды. Түсіндірме жұмыстары оқу орындарында да ұйымдастырылуда. Бұл бағытта жыл басынан 2 600-ден аса іс-шара өткізіліп, оған 50 мыңға жуық адам қамтылды.
Біздің мамандар шалғай ауылдарға барып тұрғындарымен кездесу ұйымдастырып, онда электронды үкімет порталы арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге тоқталып, оларды қалай алуға болатынын үйретуді жалғастырып келеді. Ауыл тұрғындарына мемлекеттік қызметтердің қол жетімділігін қамтамасыз ету, азаматтардың аудан орталығына жол жүруге байланысты шығындарын қысқарту және уақытты үнемдеу мақсатында соңғы үлгідегі құрылғыларымен жабдықталған Мобильді Халыққа қызмет көрсету орталықтары шалғай елді мекендерге шығып, мемлекеттік қызметтің барлық түрін толыққанды көрсетіп жатыр.
Мобильді ХҚКО елді-мекендерге сол ауылдың әкімдіктерімен алдын ала келісілген кесте бойынша шығуда.
– Өте орынды екен. Ал мүмкіндігі шектеулі жандарға қандай жағдайлар қарастырылған?
– «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» арқылы мемлекеттік қызмет көрсету кезінде мүмкіндіктері шектеулі азаматтарға қолжетімділігін арттыруға ерекше назар бөлінеді. Атап айтсақ, корпорацияның фронт-офистерінде арбада отырған мүгедектерге арналған пандустар мен шақыру тетігі, Брайль мәтінімен ақпараттық тақтайшалар, зағип жандарға арналған тактиль жолдары орналастырылған.
Одан бөлек, 1 және 2-топ мүгедектігі бар адамдар «Электрондық үкімет» порталының 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы мемлекеттік қызметтерді үйлерінде алып отыр. Қоңырау арқылы тапсырыс бергеннен кейін мемлекеттік корпорацияның қызметкерлері бұл азаматқа 72 сағат ішінде барады.
Сондай-ақ, мүгедектердің композиттік қызметтерді алу мүмкіндігі көзделген. Мысалы, азамат мүгедектік тобын алу үшін комиссиядан өткенде, оның басқа еш жерге баруының қажеті жоқ. Әділет министірлігінің ақпараттық жүйесі мен орталықтандырылған мүгедектік деректер қорын ықпалдастырудың нәтижесінде құжаттар онлайн режимінде мемлекеттік корпорацияға беріледі. Мұнда барлық жәрдемақы түрлерінің төлемі тағайындалып, оның төленуі де ұйымдастырылады. Өтініш қабылдау кезінде қағаз жүзіндегі құжат айналымы толық алып тасталған, ал жеке басын куәландыратын құжат жөніндегі, тұрғылықты жері бойынша тіркелуі туралы мәліметтерді электрондық үкімет шлюзі арқылы жеке тұлғалардың мемлекеттік деректер қорының ақпараттық жүйесінен алады.Сонымен қатар, былтырдан бастап «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы есту және сөйлеу қабілеті нашар азаматтарға мемлекеттік қызмет көрсету бойынша жаңа қызмет түрімен толықты. Енді бұл адамдарға ым-ишарат тілінің кәсіби маманы арнайы қосалқы монитордан нақты уақыт режимінде сурдоаударма ұсынатын болады.
– Алдағы жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз?
– Жыл соңына дейін Цифрлық халыққа қызмет көрсету орталығын ашуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда бұл мәселе орталық аппаратта қаралып жатыр.
Бұл орталықтың ерекшелігін айта кетейін. Ол толық автоматтандырылған және онда азаматтар қызметтерді өздігімен оператордың қатысуынсыз алады. Орталықта өз өзіне қызмет көрсету секторы «Connection point» және арнайы стенд-павильондарда планшеттер орнатылады.
Сонымен қатар, мұнда азаматтардық цифрлық білімін жетілдіру сыныптары жұмыс істейді. Кез келген адам осы сыныптарда электронды порталмен жұмыс жасап үйрене алады.
Сондай-ақ, жыл соңына дейін миграциялық қызмет көрсету орталығын ашу көзделуде. Шетелден келген азаматтар бұған дейін салық мәселесімен, ЖСН мен медициналық анықтама алу үшін бірнеше жерге барып, 5-6 күнін жоғалтатын.
Енді еңбек мигранттары «бір терезе» қағидасы бойынша қажетті қызмет түрлерін ала алады. Бұл өз кезегінде жұмыс берушіге де қолайлы. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға да мүмкіндік береді.
– Мазмұнды сұхбатыңызға рахмет!

"Бақ.кз"

Cұхбат 08 қараша 2018 г. 260 0