БАНК ЖӘНЕ БАСПАНА

Баспаналы болудың жолдарын білгісі келіп редакцияға хабарласатындар аз емес. Оқырманды қызықтырған сұрақтарды біз «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Ілияс Жұрыновқа қойған едік.
Сұрақ: Үш жылдан бері тап­қанымның бір бөлігін депозитке жинап келемін. Бірақ «банк жекешеленеді» дегенді естігелі уайымдап жүрмін...
Жауап: Бұл мәселе былтырдан бері қозғалып жүр. Жыл басында да Үкімет отырысында айтылды. Еске салсақ, қазіргі таңда «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» «Нұрлы жер» бағдарламасының бір бағытын іске асырып келеді. Жекешеленген жағдайда аталған міндет қала береді. Салымшыларға мемлекеттің 20 проценттік сыйақысы да төленеді. Барлық шарт сол күйі сақталады. Банктің негізгі рөлі өзгермейді. Жекешелендіру кезінде акцияның 49 проценті инвесторға сатылады. Ал 51 проценті мемлекеттің иелігінде қалады. Ұлттық банкке қарасты депозиттерге кепілдік беру қоры ешбір жағдайға қарамастан депозиттің күйіп кетпеуіне кепілдік береді. Осы күні облыста 50 мыңнан астам банк салымшысы бар. Оларға айтарымыз, жекешелендіруге байланысты алаңдаудың, қауіптенудің қажеті жоқ.
Сұрақ: Банк қазір қандай мем­лекеттік бағдарламаларды жүзеге асырып жатыр? Олардың бір-бірінен не айырмашылығы бар?
Жауап: Банк мемлекеттік бағдарламаларға 2005 жылдан қатыса бастады. Солардың бірі – өткен жылдың қаңтарында іске қосылған «Нұрлы жер» бағдарламасы. Бағдарлама аясында 10 мыңға жуық қазақстандық тұрғын үйге қол жеткізді. Бағдарлама шартына сәйкес заем мөлшері – 5 процент, пәтердің бір шаршы метрі Алматы, Астана, Ақтау, Атырау қалаларында – 180 мың, басқа қалаларда – 140 мың теңгеден. Соңғы 5 жылда өтініш иесінен бөлек, отбасы мүшелерінің де атында жылжымайтын мүлік болмауы тиіс. Банктің «Өз үйім» деген өз бағдарламасы бар. Атыңда үй бар ма, жоқ па, оған қарамайды. Заем мөлшері – 7 процент, алғашқы жарнасы – 20 процент.
Сұрақ: Банктен шот ашу үшін не істеу керек?
Жауап: Алғашқы шот ашу үшін банкке келу немесе банк кеңесшілеріне жолығу міндетті. Ол үшін тек төлқұжат керек. Ал егер бұрын шотыңыз болып, екіншісін ашқыңыз келсе, сайт арқылы жеке кабинетіңізге кіріп, онлайн қызмет түрін пайдалана аласыз. Аудан, ауыл тұрғындарына жеке кеңесшілеріміз көмектеседі. Олар туралы мәлімет сайтта бар. Шот ашу жұмысы «Қазпоштаға» да жүктелген.
Сұрақ: Шот ашу үшін қанша комиссия төлейді?
Жауап: Бұрын 5,5 мың теңгеден бастап төлейтін. Өткен жылдың сәуірінен бастап комиссия алынып тас­тал­ды. Бірақ шотты жабу кезінде депозитте қанша қаражат жиналғанына қарамастан 5 мың теңге ұсталады. Шот ашудың еш қиындығы жоқ. Басты мәселе – үзбей депозит жинау. Клиенттер банкке, «Қазпоштаға» барып, уақыт жоғалтқысы келмесе, сайттағы жеке кабинеті арқылы банк карточкасынан депозитке ақша аудара алады. Оны қиынсынса, өз жұмыс орнының бухгалтериясына ай сайынғы еңбекақысының белгілі бір бөлігін шотына аударуды сұрап, өтініш білдірсе болды.
Сұрақ: Сіздердің қызметкер­леріңіз адамды әуреге түсіріп қоюға бейім. Өткен жолы барып, қандай құжат жинау керегін сұрасам, «ке­лесі жолы келіңіз» деп шығарып салды...
Жауап: Мұндай жағдайда банк қызметкерінің үстінен сол мезетте басшылыққа шағымданып, мәселенің ақ-қарасын бірден анықтап алған дұрыс. Банк қызметін пайдалану үшін бізге күніне шамамен 300-ге жуық адам келеді. Олар көбіне жұмыстан сұранып шыққан соң кезекке шыдамай, «уақытымызды алды» деп реніш білдіріп жатады. Біз әр жұма сайын аптаны қорытындылап, қызметкерлердің тәртібіне қатысты мәселе болса, оны талқылап отырамыз. Олар сыннан қорытынды шығаруға міндеттеледі.
Сұрақ: «Орда» бағдарламасы бойынша кімдер, қашан, қалай, қай жақтан үй ала алады?
Жауап: Қатысушылар екі топтан тұрады: 1-топ – жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар (көпбалалы, толық емес отбасылар, мүгедек бала асырап отырған отбасылар, жетім балалар және асыраушысынан айырылған балалар, 1, 2-топ мүгедектері, оралмандар, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік мекеме қызметкерлері), 2-топ – ерлі-зайыптылардың екеуінің де жасы 35-ке толмаған, 2 жылдан кем емес некеде тұрған, баласы (балалары) бар отбасылар, сондай-ақ балалары (баласы) жасы 35-ке толмаған, оның ішінде ажырасқан, жесір/тұл қалған ата-ананың біреуі ғана тәрбиелеп отырған толық емес отбасылар.
«Орда» бағдарламасы аясында Қызылорда қаласында Сырдария өзенінің сол жағалауында салынып жатқан үйлерден пәтер беріледі. Нысандар толық пайдалануға берілген соң банк әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы ресми түрде бағдарламаның басталғаны туралы хабарлайды.
Қатысушылар жоғарыда аталған топтардың қатарында болуы, мекен-жайы Қызылорда облысы бойынша тіркелуі, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» депозиті және шотында 500 мың теңгеге жуық кепілді жарна болуы қажет. Талапқа сай келетін, бағдарламаға қатысамын дейтін, бірақ банкте шоты жоқ азаматтар болса, онда бүгіннен бастап шот ашып, кепілді жарна салып қойғаны жөн.
Сұрақ: Сол жағалаудағы пәтер бағалары қандай?
Жауап: Сол жағалауда салынып жатқан үйлердің шаршы метрі – 120 мың теңге. Мәселен, екі бөлмелі үйдің ау­мағы 53 шаршы метр десек, үйдің жалпы құны 6 млн 360 мың теңге болады. Оны алғысы келген адам біздің банктен шот ашып, алғашқы жарнасы ретінде барлық соманың 20 процентін немесе 1 млн 272 мың теңге жинау керек.
Сұрақ: Ол үшін банктегі шот үш жыл бұрын ашылған болуы міндетті ме?  
Жауап: Сол жағалаудағы үйлер банктің «Өз үйім» бағдарламасы аясында беріледі. Оған осы бастан шот ашып қатысса да ештеңе етпейді. Алайда, шотты ертеректе ашқан және ақша жинаған адамның мүмкіндігі жоғарырақ болады.
Сұрақ: Салынған, салынып жатқан үйлердің сапасы үшін банк қаншалықты жауапты?
Жауап: «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» – сатушы мен сатып алушының арасындағы дәнекер ғана. Біз құрылыс компанияларына клиент табуға, са­лым­­шыларға ыңғайлы бағамен жайлы жағдай жасалған аумақтан үй алу­­ға көмектесеміз. Сондықтан банк үй­­лердің сапасы үшін жауап бере алмайды.
Сұрақ: Сол жағалаудан жер үй­лер салынады дегенді естідім. Бұл қаншалықты рас?
Жауап: Бұл сұрақтың жауабын жергілікті әкімдік біледі. Ал әзірге банк тарапынан Ақтөбе мен Қостанай өңірлерінде жер үй, коттедждер салынып, шаршы метрі 120 мың теңгеден сатылып жатыр. Пилотты жоба оң нәтиже көрсетсе, өзге өңірлерде де жалғасуы тиіс.
Сұрақ: Депозитімде 3 млн теңге бар. Соған 8 млн-ның үйін сатып ала алам ба?
Жауап: Егер сіз «Нұрлы жер» және «Өз үйім» бағдарламалары аясында пайдалануға беріліп жатқан үйлерден сатып алғыңыз келсе, алғашқы жарна пәтер сомасының 20 процентін құрауы қажет. Егер бағдарламалардан тыс пәтер аламын десеңіз, онда алғашқы жарна 50 процентті құрайды. Сонда 3 млн теңгеңіз болса, бағдарламалар аясында мемлекетіміздің кез келген қаласынан 15 млн теңге тұратын пәтер сатып ала аласыз. Немесе бағдарламалардан тыс 6 млн теңгеге дейін заем алып үй салуға, пәтер алуға, жер телімін алуға немесе үй жөндеу жұмысына жұмсай аласыз.
Сұрақ: Өзім Қызылорда қала­сында тұрамын. Бірақ банк арқылы Астанадан үй алғым келеді...
Жауап: Онда сіздің қай бағдарламаға қатысатыныңыз маңыз­ды. Тек депозитте сатып алатын үй құнының 50 проценті жиналуы керек. «Өз үйім» бағдарламасының ерекшелігі, осы жақта тіркеуде тұрып та басқа қаладан баспаналы болудың мүмкіндігі жоғары. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша үй алғысы келетін қалада тіркелу қажет. Ал Астана мен Алматы қалаларында кем дегенде екі жыл тіркеуде болу міндетті.
Сұрақ: Банк салымшысы ре­тінде ескі үйлерден пәтер немесе жер үй сатып алуға бола ма?
Жауап: Жоғарыда айтылған бағдарламаларда ескі үйлерден пәтер алу мүмкіндігі қарастырылмаған. Дегенмен, салымшы қажеттілік үшін керек кезінде депозиттегі қаражатын немесе несие ала алады.
Сұрақ: Пәтер бағасы оның қай қабатта орналасқанына байланыс­ты бола ма?
Жауап: Келісімшартта көрсетіл­меген болса, бәрінің бағасы бірдей.
Сұрақ: Әке-шешемнің үйінде менің де үлесім бар. Сонда банк арқылы пәтер ала алмаймын ба?
Жауап: «Өз үйім» бағдарламасы бойынша ала аласыз. «Нұрлы жер» бағдарламасында оған шектеу бар.
Сұрақ: Банк үй жөндеу үшін несие бере ме?
Жауап: Қажетті соманың жартысын жинаған жағдайда қалған бөлігін тө­мен проценттік көрсеткішпен бе­реді.
Сұрақ: Салымшыларға былтыр­ғыдай тағы өтемақы төленбей ме? Ол не үшін берілді?
Жауап: Ол кезде доллар бағасының күрт көтерілуіне байланысты берілді. Бірақ бұл доллар құбылған сайын жыл­­да өтемақы беріледі деген сөз емес.
Сұрақ: Пәтерді кезектен тыс алса бола ма?
Жауап: Бұл жерде салымшы жинаған балл ғана ескеріледі. Кезек жөнінен адамның әлеуметтік-тұр­мыстық жағдайына басымдық берілмейді.
Сұрақ: Сіздерде қанша депозит түрі бар және олардың бір-бірінен айырмашылығы қандай?
Жауап: Бұған дейінгі «Болашақ», «Кемел», «Бастау» деген депозит түр­лері өткен жылдың шілде айынан бас­тап бір ғана «Баспана» депозитіне бі­ріктірілді. Одан бөлек, біз ерлі-за­йып­тыларға отбасылық пакет ұсы­на­мыз. Мысалы, бір салымшыда бір­неше депозит болуы мүмкін. Бірақ мем­­лекеттік сыйақы шоттардың бі­р­еу­іне ғана аударылады. Ал барлық от­­басы мүшелеріне жеке-жеке депозит ашсаңыз, мемлекеттік сыйақы от­басылық пакеттің әр депозитіне беріледі. Алайда, шот үш жылға жетпей жабылатын болса, салымшы мем­лекеттік сыйақыдан қағылады.

Дайындаған
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы».
Cұхбат 01 қараша 2018 г. 370 0