КІШІ АРАЛ ТОЛҒАЛЫ ҚҰСТАР ОРАЛА БАСТАДЫ

Қызылордада құстар әлемін зерттейтін ғалымдар санаулы. Солардың қатарына күні кеше Нұргүл Сиханова қосылды. 

Ол төрт жыл Татарстандағы Қазан федералды университетінің аспирантурасында оқыды. К.А.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университет – Мәскеу ауыл шаруашылығы академиясы диссертациялық кеңесінің шешімімен биология ғылымдарының кандидаты атанды. 

Төрт жылда тек теория қумай, Қаратерең ауылындағы (Арал ауданы) Кәрітұма көліне жиі барып тұрды. Сондағы құстардың саны, түрі, тегі, ортасы сияқты жағдайларды бақылауда ұстады. Диссертациялық жұмысын «Сырдария өзені атырауындағы көлдер жүйесінің қалпына келу аймағындағы орнитоценоздардың қалыптасуы» деген тақырыпта сәтті қорғады. 

– Нұргүл, Қызылордада қандай орнитологтар бар?

– Сыр өңірінің табиғатын биолог Оразбай Қосанов, «Барсакелмес» қорығының орнитофаунасын қорықтың ғылыми қызметкері Берік Қуандықов ағалар зерттеп жүр. Бірақ құстар дүниесін жануарлардан бөліп-жарып қарастыратындар жоқтың қасы. Ондай ғалымдар Алматы жақта жиі кездеседі. Мысалы, Анатолий және Виктория Ковшарь – әкесі мен қызы – орнитология саласының жілігін шағып, майын ішкен мамандар.

– Биология сан салалы ғой, неге дәл осы орнитологияға қызықтыңыз?

– Бізде тек құстар әлемін зерттеумен айналысатындар, жаңа айтқанымдай, некен-саяқ. Сол олқылықтың орнын толтырғым келді. Диссертация тақырыбын таңдау кезінде Татарстанда білім алуымызға мүмкіндік жасаған Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры Қылышбай Алдабергенұлы «Қазақстанға қатысы, пайдасы болсын» деді. Ал Арал – теңіз жалғап жатқан Қазақстан мен Өзбекстанға ғана емес, бүкіл Орталық Азияға ортақ мәселе. Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Аралды сақтап қалу жобасының сәтті жүзеге асырылуы Кіші Аралдың деңгейін біршама көтеріп, теңізді аудан орталығына жақындата түсті. Теңіздің тартылуымен бірге кезінде қайтып кеткен құстар орала бастады. Осыны айтқанымда диссертациялық кеңес мүшелері «Арал әлі бар ма?» деген кейіппен таңырқай қараған.

– Төрт жыл бойы тек теориямен шектелмеген шығарсыз?

– Бұл кезең мен үшін ізденіске толы болды. Оның алғашқы жылында ғалымдардың еңбектерімен танысып, архив ақтардым. Дис­сертациялық жұмыс тақырыбы Арал өңіріне байланысты болғандықтан, кейін жиі экспедицияға шығып тұрдық. Санап көрсем, 2014-2017 жылдар аралығында осындай 13 экспедиция ұйымдастырылған екен. Материалдарды жинақтап, статистикалық есептеу жүргіздім. Оның қорытындысы ғылыми мақалаларыма арқау болды.

– Экспедиция дегенде, Қаратереңге барып тұрдыңыз ғой?

– Иә. Кәрітұма көлі осы ауылда орналасқан.

 Жалғыз өзіңіз бе?

– Жолдасым екеуміз. Ол да – ғылым жолындағы азамат, Арал тақырыбына қатты қызығады. Маған көп көмегі тиді.

– Қаратерең сапарынан не түйдіңіз?

– Бұл өзі – Аралдың территориясында болғанымен, Қазалыға жақын орналасқан ауыл. Екі ортаны көлікпен төрт сағатта жүріп өтесің. Бірақ жол жоқ. Мен зерттеген Кәрітұма көлінде 2014-2017 жылдар аралығында құс атаулының 70-ке жуық түрі тіркелді. Оның басым көпшілігі сулы-батпақты жерлерді мекендейді. Соңғы зерттеу нәтижесіне қарағанда, Сырдария өзенінің атырауы мен Кіші Арал теңізінде 250 таксон кездеседі. Бір ғасыр бұрын Николай Зарудный «Арал теңізінің құстары» атты ғылыми еңбегінде теңіздің шығыс жағалауы мен аралдарында, Сырдария атырауында авифаунаның 338 түрін сипаттаған. Орнитологтардың есебінше, дүние жүзінде 8 500-ден астам құс тіркелсе, соның 500-ге жуығы Қазақстан аумағында ұшырасады.

– Құстарды зерттеудің ерекшелігі неде?

– Құстарды бақылаудың өзі қызық. Мылтық асынған аңшы, қалтқы аңдыған балықшы сияқты екі көзің, бүкіл назарың құста ғана болады. Айырмашылығы, біздің қару – дүрбі мен фотоаппарат. Күннің ыстығында да, суығында да бақылауды тоқтатпайсың. Құстардың басым бөлігі таң алакеуімде және кешке күн ұясына батар сәтте қоректенеді. Түске дейін айналаны барлап, су құстары жүзіп серуендесе, құрлықтағы торғай тәрізділер бұтаққа қонақтап, құйқылжыта әндетеді. Талтүсте көбі демалады. Тіршілік ырғағына сәйкес әр түрдің өзіне тән мекендеу ортасы болады. Кәрітұма көлінде шартты 7 бақылау нүктесі бар. Таң атқаннан ымырт үйірілгенге дейін осы нүктелерде зерттеу жүргізіледі.

– Нұргүл, «Қызыл кітап» құстарының қайсысы Кәрітұманы мекендейді екен?

– Құстардың ондай түрінен тек 5-ін көзім шалды. Олар – қарақұс, тарғақ, сұр тырна, қарабай және алакөз қара ала үйрек. Өте сирек кездесетін сұр тырнаның 7-і көл үстінен ұшып өткенде дереу объективке алып үлгердім. Бір мезетте 25-30 шақты қарабайды байқап қалып, мұны жақсылыққа жорыдым. «Қызыл кітаптың» құстарынан бөлек, қасқалдақтар топтаса ұшып бара жатты, көл шағын болса да айдынында 6-7 аққу жүзіп жүрді. Өгізшағала деген құс бар ғой, орысшасы – хохотунья, солар сап түзеп  әдемі болып ұшқанымен, басқа құстардың жұмыртқаларын жарып, балапандарын жеп кетеді екен.

– Экспедиция кезіндегі қызықты оқиғалар туралы айтып берсеңіз...

– Айта берсе, қызық көп. Жолдасым екеуміз Қаратереңге ең бірінші барған кезде Анар деген мұғалімнің үйіне түстік. Ол кісіні анамыз бір-екі рет көргені болмаса, жақын таныстығы жоқ екен. Соған қарамастан, бізді жылы қабақпен қарсы алып, қаншама күн қонақ етті. 2015 жылы Алматыда халықаралық орнитологиялық конференция өтті. Оған ғылыми жетекшім, биология ғылымдарының докторы Ильгизар Рахимов қатысты. Елге келіп тұрған соң ағайымды қоярда-қоймай Қаратереңге апардық. Ол кезде де Анар апаның үйінде болдық. Бұрыннан аралас-құраластығымыз жоқ екенін естіген жетекшім үй иесінің қонақжайлылығына, кеңпейілділігіне қатты таңданды. Арал сапары аяқталған соң тездетіп Қызылордаға қайту керек болды. Орта жолға келгенде көлігіміз бұзылып қалмасы бар ма, енді қайттік?! Ұшақ уақыты – кешкі сағат 7. Әуежайға жетуді уайымдап тұрғанда жолай бір көлік тоқтап, жүрізушісі бізді танымайтынына қарамастан, артық аккумуляторын беріп, «үһ» дедік. Мұны көрген ресейлік ғалым аң-таң. «Сонда қалай, тегін бере салды ма?» деп қояды ол. Ауыл адамдарының ақкөңілділігіне, даладай кеңдігіне қалада тұратын менің де ішім жылып қалды.

– Нұргүл, ендігі мақсат қандай?

– «Ғылым кандидаты» дипломының қол­ға тигенін күтіп жүрмін. Осыдан кейін де ғылым жолындағы ізденісімді тоқтатпаймын. Қызылорда қаласының, облысының, ірілі-ұсақты көлдердің орнитофаунасын зерттесем деймін.

– Мақсатыңызға жетіңіз!


 

Әңгімелескен

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы».

 

Cұхбат 15 қазан 2018 г. 1 108 0