МЕМЛЕКЕТ ҚОЛДАУЫ МЕРЕЙІМІЗДІ ӨСІРДІ

 Жыл басында аймақта жарияланған жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшжылдығының алғашқы белесі қорытындыланар уақыт таяп келеді. Бұл саланың тағы бір жаңалығы –  Елбасы өз Жолдауында «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы 2025 жылға дейін ұзартылып, жыл сайын 30 млрд теңгеден қаржы бөлінетінін айтты. Осыған орай кәсіпкерліктің кең қанат жаюына серпін беретін кезеңнің өту барысы, Жолдаудағы салық жеңілдігі, жергілікті тауарөндірушілерді қолдау бастамаларының өңірдегі кәсіпкерлерге тигізер әсері туралы бірнеше сауалымызды облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықовқа қойған едік.  
– Ғалымбек Жақсылықұлы, кәсіпкерлікті дамытуға қатысты Жол­даудағы жаңалықтарды әріп­тес­теріңіз қалай қабылдады?
– Біз үшін көптен күткен жаңалық – салық амнистиясының енгізілуі. Енді кәсіпкер салықтың негізгі қаржысын төлесе, айыппұл мен өсімпұлын төле­мейтін болды. Бұл кәсіпкерлер үшін таптырмас қолдау.
Сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының 2025 жылға дейін ұзартылып, жыл сайын 30 млрд теңгеден қаржы бөлінетіні жаңа жұмыс орындарының, кәсіпкерлік нысандарының ашылуына сеп болады. Мемлекет басшысының Жолдауда жергілікті тауарөндірушілерді қолдау, өнім өндіретін кәсіп иелерінің тауарларын кеңінен қолдануға шақыруы да біздің кәсіпкерлердің жұмысына жаңа дем, леп берері сөзсіз.
– Өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы шаралар жұмыссыздар мен өз-өзін өнімсіз жұмыспен қамтыған азаматтарды экономикаға тартуға ықпал етеді.  Жыл басында бұл саланы өркендетудің жол картасы әзірленді. Оған барлық көздерден 32 млрд теңге қаржы қарастырылды. Жаппай кәсіпкерлікті дамыту  үшжылдығының өту барысына қандай баға берер едіңіз?  
– Кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында үлгілі бизнес-жоспарлар, нақты алгоритмдер, барлық 264 елді мекенге жауапты лауазымды тұлғалар бекітілді.  Мемлекет те жаңадан ашылған және микробизнес субъектілеріне өтеусіз мемлекеттік гранттар беріп, микронесиелер арқы­лы қаржылай қолдау көрсетуде.
«Бизнестің жол картасы» бағ­дар­­ламасы шеңберінде жұмыс­сыздар­дың, жастардың, ерекше қажет­ті­­лік­тері бар азаматтардың жаңа биз­­нес-идеяларын іске асыруға жалпы сомасы 200 млн теңге құрайтын 224 мемлекеттік грант бөлінді. Бұған қоса, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы шеңберінде де жалпы сомасы 97,4 млн теңге құ­райтын 405 мемлекеттік грант беру бой­ынша жұмыстар жүргізілуде. Өтеусіз грант есебінен жыл соңына дейін 1005 тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарлануда.
Кәсіпкерлердің алған несиелерінің сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялауға 900,2 млн теңге бөлін­ді. Жыл басынан бері 4,1 млрд теңгені құрайтын 83 жоба мақұлданып, субсидия қарастырылды. Жыл соңына дейін кемінде 10 млрд теңге несиені субсидиялау көзделуде.
Кәсіпкерлерге қолдау көрсету тек қаржылай қолдаумен шектеліп қалып жатқан жоқ. Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлік негіздерін оқыту бойынша «Бастау» және «Бизнес-кеңесші» жобаларын іске асыруда. Бұл жобаларға тұрғындар тарапынан қызығушылық бар. Екі жыл ішінде 5063 адам оқу оқып, өз істерін ашты.
– Кәсіпкерлік палатасының жер­гілікті тауарөндірушілерді қол­­­дауда атқаратын жұмысының жау­­апкершілігін Елбасы Жолдау­ында жүктелген міндет одан әрі салмақтандыра түскені сөзсіз. Бұл бағытта осыған дейін атқарылған шаралар жемісін берді ме?
– Сатып алудың жылдық жоспары 100 млн теңгеден асатын ірі құрылыс нысандарына жүйелі түрде талдау жүргізілуде. Жуырда 35 ірі құрылыс объектісіндегі жергілікті өнім үлесін анықтау үшін талдау жүргізілді.  
Оларға 16,7 млрд теңгеге (54,5%) отандық тауар өндірушілердің өнімін алуға ұсыныс берілді. Барлығы 9,2 млрд теңгеге 600 келісімшарт жасалды. Тауарөндірушілермен, құры­лыс мекемелерімен кездесулер өткі­зіліп, меморандумдар жасалды. Құ­рылыс материалдарын өндіретін  кә­сіпорындар реестрі жергілікті атқа­рушы органдарға, жобалау және сараптама ұйымдарына жолданды.
– Қазір қолда тоғыз айдың қорытындысы бар. Сондықтан ресми статистикаға да тоқталғанымыз жөн болар. Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі туралы не айтасыз?
– Бүгінгі күні облыста 40988 шағын және орта кәсіпкерлік субъек­тісі жұмыс жасауда. Өткен жылмен салыстырғанда 11,3%-ке артып отыр. Бұл – республикалық өсімнен 2,7 есе жоғары көрсеткіш. Біздің өңір ақпан айынан бастап жаңа кәсіпкерлік субъектілерін құру бойынша респуб­ликада көш бастап тұр.
Статистикаға жүгінсек, биылғы жылдың бірінші тоқсанында шағын және орта кәсіпкерлік саласында 84250 адам жұмыс жасайды. Өсім бар. Жыл соңына дейін кемінде 90 мың адамға жеткізу жоспарлануда.
– Жер телімін алу үшін өтетін аук­циондар туралы ақпаратқа қол жеткізе алмай жүрген кәсіпкер­лердің шағымдары былтырдан бе­рі шешімін тапты. Республикада бірінші болып жер телімдеріне арналған аукциондар кәсіпкерлер палатасының алаңында өтетін бол­ды. Биыл мұндай аукциондар жал­ғасып жатыр ма?
–Бірінші жартыжылдықта өт­кі­зіл­ген 5 аукцион бойынша бар­лығы 300 өтініш қабылданды. 116 жер учаскесі, оның ішінде 103 жер учаскесі уақытша өтеулі жер пай­да­лану құқығымен, ал 13 жер учас­кесі жеке меншікке сатылды. Осы тә­жірибені аудан әкімдіктері де енгізуге ниет білдіруде.

Әңгімелескен
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,
«Сыр бойы».
Cұхбат 15 қазан 2018 г. 262 0