Дастан АЙТБАЙ: «КАФКА» ВИРУСҚА МЫҚТЫ ТОСҚАУЫЛ БОЛМАҚ

 Сыр елінің жас таланты алғаш рет әлеуметтік желідегі вирустарға қарсы қорғаныс жүйесін ойлап тапты. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің тәлімгері Дас­тан Айтбай өзі жасаған жүйесі вирусқа мықты тосқауыл болатынына сенімді. Бұл хакерлердің жемтігіне айнала қоймайтын жоба ретінде бағаланып отыр. Әлеуметтік желіде вирус тарататын сілтеме өте көп. Оларға қарсы антивирус жасалғанымен, көп ұзамай оны жойып жіберетін өзге вирус пайда болатыны баршаға аян. Осы мәселенің шешімін тапқан Дастан бұл еңбегімен республикалық байқауларға қатысып, жүлделі оралып қайтты.
– Алматы қаласында өт­кен ІТ саласы мамандарының байқауында өз жобаңызды қор­ға­дыңыз. Жобаның ерек­ше­лігі неде?
– Көктемде «Alma you management university» ұйым­дас­тыруымен өткен сайыста «Кафка» атты ақпараттық тех­нология саласында өзекті тақы­рыпты талдап, аталған жобаны өзіндік жүйеге келтіру жайлы ұсыныс тастаған едім. Сөйтіп, ақпараттық қауіпсіздікті сақ­таудың жаңа формасын құ­рас­тырдық. Франц Кафка есім­ді жазушының өмірлік ұста­нымын негізге алып, жобамды «Кафка» деп атадым. Жобаның бас­ты ерекшелігі – хакердің өзіне дәл сол шабуыл тізбегін кері қайтарып, өзін әлсіз етуінде. Яғни, жіберілген вирус бұрынғы «ұясына» барып, арқалап келген жүгі арқылы өзін-өзі жойып жібереді. Жобаны келешекте дамытып, түрлі вирустың таралуы­на кедергі келтірмекпін.
– Бұл салаға қызығушы­лы­ғыңыз қалай оянды?
– «Қорғаныс – утопия» яғни, елес тәрізді. Бұрын қорғаныс дегенге сенбейтін едім. Ақпа­раттық технология ғана емес, жалпы, өмірде де солай. Осы ойымды өзгерткен IT сала­сы болғандықтан, қызығу­шылығым оянды. Зерттей келе, болашағымды осы саламен байланыстырамын деп шештім.
– Бүгінде жұмыс ком­пьютер­лері вирусқа толы, бұл алаң­сыз жұмыс істеуге ке­дергі. Анти­вирустардың көбі­нің көмегі тимей жатады...
– Әрине, «уoutube» немесе өзге де сайтты ашсаңыз, жар­намаға толы екенін көресіз. Іздеген зат өзі-ақ алдымыздан шыға келеді. Бұның бәрі троян­дық вирус екенін аңғара бермейміз. Бұл вирустық тіз­бек адамнан қаражат алу мақса­тында қолданылады. Мұн­дай вирустан құтылуға, оны көр­меуге тырысыңыз. Бір рет бай­қамай ашқанның өзінде, ұялы телефонның немесе компью­тердің жұмысын баяулатады.
– Ал, компьютер, веб-сайтты хакерлік шабуылдан қорғауда қандай тіл қауіпсіз?
– Шетел жаңалықтарына мән берсек, хакерлер 2 млрд АҚШ долларын ұрлапты немесе ЦРУ базасына шабуыл жасалды дегенді жиі естиміз. Мұның барлығы АҚШ-та хакерлік жүйе жақсы дамығанын аңғартады. Десе де, сайттың жұмысына кедергі келтіру немесе жою, ол – өнер емес, нағыз қылмыс. Тіпті өзге елде хакерге сайтты бұзғаны үшін 3-7 жылға дейін бас бостандығынан айырады. Біздің жас мемлекетіміз мұндай дәрежеге жеткен жоқ. Өйткені бізде мықты хакерлер жоқтың қасы. Ал біздің мақсат – аталған хакерлік қылмысқа қарсы тұру. Осы тұста «C++sharp» компьютерлік бағдарлама тілі­нің негізінде сайт жа­саған абзал. Өйткені, бұл тіл – қауіпсіз әрі қиын тілдің бірі.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ,
«Сыр бойы».
Cұхбат 28 тамыз 2018 г. 355 0