Әрбір жетістік – ел еңбегінің жемісі

Қарт Қаратаудың аяқталар тұсы мен Сыр өзенінің өзегін еркін жайлаған Шиелі ауданы – тарихы бай, елі еңбеккеш, дамуға дәйекті түрде жол салған берекелі өлке. Қай салада болса да елеулі жетістіктерге жетіп келетін ауданның құрылғанына биыл – 90 жыл. Осы орайда аудан әкімі Әшім Оразбекұлымен сұхбаттасудың сәті түскен еді.



– Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәңгілік Ел» идеясы мемлекетімізді қарышты даму мен өсіп-өркендеу жолына бастайды. Елбасы  халыққа Жолдауында «Әрбір өңірдің көркеюі мен өркендеуі жалпы еліміздің экономикасы мен әлеуметтік әлеуетінің артуына үлес қосады» деп атап өтті. Әшім Оразбекұлы, осы тұрғыда қандай ой бөлісер едіңіз?

– Әлбетте, еліміз Елбасының ұзақ мерзімге арналған бағдар­ламалары негізінде тұрақты даму үстінде. Өйткені, Президентіміз саяси мәні зор бағыт бере отырып: «Қазақтың бір ғана Отаны бар, ол тәуелсіз – Қазақстан!» деп  атап көрсетті. Демек, еліміздегі әрбір қо­ғам мүшесі өзінің бар қабілетіне сай елдің да­муына атсалысуы тиіс деп ойлаймын. Көп жұ­­­мылса, бітпейтін шаруа, алынбас қамал бол­­майды. Сондықтан, «Алаштың  анасы» атан­­ған Сыр өңірінің ең шұрайлы, ең көрікті ай­мағына қоныс тепкен Шиелі ауданы әрдайым тұрақтылық пен ынтымақтың жоғары үлгісін көрсетіп, мемлекеттік бағдарламалардың мер­зімінде жоғары дәрежеде орындалуына өзіндік үлесін қосып келеді. Ел игілігі үшін жасалып келе жатқан жұмыстардың барлығы адамның кемел келешегі үшін атқарылуда. Біз өз тарапымыздан тұрғындардың жайлы өмірі мен ауызбірлігін алғашқы кезекке шығара отырып, болашақтың іргесі берік қалануына еңбек ету­деміз. «Мәңгілік Ел» ол қуатты экономиканы да­мытудың, білім, мәдениетіміздің өркен­деуі мен адамдардың денсау­лы­ғын жақсартудың ру­хани жаңғырудың негізінде жүзеге асады деп ойлаймын.

«Мәңгілік Ел» идеясы әр­дайым алдағы бағыт ұстар бағдаршамдай жарқырап тұруы тиіс. Біз осы орайда бір ғана мысал, аудан орталығындағы басты көшелерге тұрғындар рухын көтеретін ұлағатты атауларды қоюды ұй­ғарып, жүзеге асыра бастадық. Мәселен, «Мәңгілік Ел», «Ұлы дала елі», «Тәуелсіздік» деген атаулар әр адамның жүрегінде отаншылдық сезімін нығайтып, елі үшін өршіл талаптарға шақырады деген ойдамын. Бұл жұмыстар одан әрі жалғасын таба беретін болады.

– Кезінде 41 Еңбек Ері шыққан, шежірелі Шиелі атан­ған атақты ауданның құрылғанына биыл 90 жыл толады екен. Аудан жұрт­шылығы өздерінің төл мерекесін жоғары дәрежеде атап өтуі үлкен мәнге ие. Шиелі, ең әуелі, аграрлы саласы қалыптасқан және өнеркәсібі өркендеген аудандардың ал­дыңғы қатарында. Жаз бітіп, күз келе жатыр. Диқанның дала еңбегіне тоқталсаңыз.

– Ауыл шаруашылығы – ауыл­дың асыраушысы. Хал­қымыз­дың басым бөлігі ауылдарда, алыс елді мекендерде тұрады. Сондықтан да, аталған салаға айрықша мән береміз. Президент тапсырмасымен аграрлы салаға Үкіметтің орасан зор көмектері көрсетіліп келеді. 2010 жылы  көрші облыста Көксарай су қоймасы салынды. Оған іле - шала Сырдария өзенінің деңгейі төмен түскен жылдары су тапшылығына ұшырайтын Жаңақорған және Шиелі аудандарында аяқ су тапшылығын болдырмау мақсатында облыс басшысының ұсынысымен үр­лемелі су тоспасын салу қолға алынды. Нақтылай түс­сек, 2015 жылы Шиелі ауданында Қазақстан Үкіметінің қолдауымен жүзеге асырылған жобаның бірі – үрмелі су тос­пасының құрылысы еді. Аса маңызды құрылыс ауданның бас сағасы тұсынан «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының күшімен 2015 жыл­дың ерте көктемінен бас­тап жедел жүргізілді. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың салалық министрліктермен іскерлік байланыстарды нығай­туы нәтижесінде үрлемелі су тос­пасын қысқа мерзімде аяқ­тап, пайдалануға берілді. Бұл игілік аудан тұрғындарының ертеңгі күнге деген сенімдерін нығайта түсті. Диқан қауымының үміті ақта­лып, дария суы таяз­дана бастайтын шіліңгір шілдеде ерте көктемде орналастырылған да­қыл­­­дары­мыз өсу дәуірлері сатыларынан өз дәрежесінде өтті деп айта аламыз. Айта кетейін, 103 шақырымдық «Телікөл» су жүйесі және басқа да егістіктің күретамыры секілді каналдар облыстық су шаруашылығы басқармасы арқылы тазартылып, жағдайды орнықты етті. Бұл ертеңгі мол өнім негізі болмақ. Шиелі ауданының егіншілері биыл  29 062 гектарға егін ексе,  оның ішінде негізгі дақыл күріштің көлемі 12 500 гектарды құрайды. Күздік бидай 1 мың гектарға таяу болса, жаздық бидайдың да көлемін молайттық. Сондай-ақ, дәндік жүгері – 250, тары – 65, мақсары 1014 гектарға егілді. Ескі жоңышқа 6588 гектар болса, оған қосымша жаңа жоңышқа 3035 гектарға жеткізілді. Өйткені, жер құнарын арттырып, азот түзетін бұл дақыл ауыспалы егіс тәсілін дұрыс қолдануға қажет. Төрт түлік малды семіртуге тиімді деп жемдік асқабақты да ектік. Жұртшылыққа белгілі  Шиелінің қауын-қарбызы, картобы мен көкөнісі үлкен сұранысқа ие. Мұны да ескердік. Сондықтан картоп – 1050, көкөніс – 1285, бақша 1993 гектарға егілді. Оның өнімдерін еліміздің барлық аймағы тұ­тынуда. Сонымен қатар, 2017-2018 жылдары аудан бойынша 43 гектар жерге алма көшеттері отырғызылды. Бұл жұмыстар одан әрі жалғасын табатын болады.

– Мына мәселені де білгіміз келеді. Елбасы Жол­дауында 5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін кем дегенде 2,5 есеге арттыру жөнінде биік мақсат қойып отыр. Бұл орайда нендей жоспарларыңыз бар?

– Қазақта «арық айтып, семіз шық» деген мақал бар. Іргелі жоспарларымыз бар екені ақиқат. Бастысы, Мемлекет басшысы тапсырғандай, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамти отырып, олардың нәпақасын адал жолмен ажыратуына жол ашу. Сондай-ақ, өндірілген өнім­дерді өңдеу бағытында жұмыс ұйымдастыру мәселелері ойымызда тұр.

«Сыр агро и К» ЖШС-ның жобалық құны 2,5 млрд теңгені құрайтын 1200 бастық тауарлы сүт фермасының құрылысы басталды. Кешен құрылысын жүзеге асыру үшін 20 гектар жер телімі сауда-саттық арқылы табысталды.  Сүт өндіру бағытында жаңаша жұмыс жүргізе бастаған «Асылхан» шаруа қожалығының жоспарлары ауқымдылығымен ерекшеленеді. Онда жобалық құны 250 млн теңгені құрайтын, тәулігіне 1 тонна сүт өңдеу цехы іске қосылды.

Соңғы жылдары ашылған «Аруана» шұбат цехы жылдан жылға өз өнімдерінің сұранысқа ие түрлерін көбейтуде. Биыл тағы да жаңадан түйе сүтінен балмұздақ шығаруды қолға алды.

Мұның бәрі жеке кәсіп­кер­лердің іскерлік қа­біле­ті­нің арқасында болып жат­қан жағ­дайлар. Тұқым шаруа­шылығын дамытуды суб­си­дия­лау» қағидасына сәйкес, аудан бойын­ша биылғы жылы мемлекет тарапынан элита, 1-ші репродукциялы тұқымдар мен алма кө­шеттеріне 60 млн 337 мың теңге субсидия төленді.

Айналымнан шығып қалған егістікті қалпына келтіру бойынша «Төңкеріс-К» шаруа қожалығы Жалғыз ағаш учаскесі 1800, «Агро Байдалы» ЖШС 1700 және Сұлутөбе ауылдық округіне қарасты «Сыр Игілігі» ЖШС 200 гектар жайылымдық жерден егістік алқабына ауыстырылып, айналымға қосылды. 

Орта және шағын кәсіпкер­лікті өрістету барысында да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Ауыл шаруашылығы саласының мамандары мен диқандарымыз бар күш-жігерімен еңбек етуде. Әзіргі жобамызша, алдын ала белес биігінен іркілмей өтеміз деген сеніміміз мол.

– Халқымыздың атакәсі­бі – мал шаруа­шылығында үлкен шаруалар ат­қары­лып жатыр екен. Осыған кеңі­рек тоқталсаңыз...

– Мал шаруашылығы – біздің қос қана­тымыздың бірі. Бұл бағытта мемлекет тара­пынан қолдау барысы жұртшылықты қанағат­тандырады. Көзін тауып еңбек еткенге, мұның пайдасы зор болып тұр. Ауданның агро­өнеркәсіптік кешенін дамытудың Агрокар­тасының 2018-2022 жылдарға арналған іс-шара жоспары бекітілді. Ауданда 201 майда қожалық пен 311 дара кәсіпкердің бірігуімен 37 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды, оның ішінде 2018 жылы 6 кооператив құрылған.

Жылыжайлар салу, балық шаруа­шылығын дамыту бағы­тында да жоғарғы міндеттер тұр. Аудан бойынша 2018 жылдың 1 шілдесіне барлық төрт түлік мал саны тиісті кезеңмен салыстырғанда өсім бар.

2018 жылдың 6 айында тірі­лей салмақта 2349 тонна ет, 8657,7 тонна сүт, 1574,5 мың дана жұмыртқа өндіріліп, тиісті кезеңмен салыстырғанда ет 103,4, сүт 104,9 процентке жетсе, жұмыртқа өндірісі 2,9 есеге артқан.

Тағы бір қанағат тұтар жағдайымыз, асыл­тұқымды ірі қара 602 басқа, асылтұқымды қой 8272 басқа, жылқы 144 басқа, түйе 380 басқа жет­ті. Бүгінде 5 шаруа қожалығында мал бор­да­қылау алаңдары іске қосылған. 16 қолдан ұрық­­тандыру пункті жұмыс істейді. Жыл ба­сы­­нан бері 2593 бас аналық сиыр қолдан ұрық­тандырылды.

Биылғы жылы Төңкеріс ауыл­дық округіне қарасты «Жылқайдаров» шаруа қожа­лығы 100 басқа арналған мал бор­дақылау алаңын ашуды көздеп отыр. Иіркөл ауылдық округіне қарасты «Жерұйық» шаруа қожалығы 100 басқа арналған мал бордақылау алаңын ашуды жоспарлауда.

– Егіннің ебін, түлектің тегін танитын еңбекші қауымның бұл, шын мәнінде, жарқын жетістігі екен. Ал облыс әкімінің бас­тамасымен жаппай кәсіпкерлікті қол­дау жылының үш жылға ұзаруы бүкіл рес­публикамызға үлгі болды. Жалпы, кәсіп­керлік саласында ауданда қандай жұмыстар атқарылуда?

– 2018 жылдың  1 шілдесіне ау­данда 4714 ша­ғын және орта кәсіпкерлік субъектісі тір­келіп, өткен жылдың осы кезеңі­мен салыс­тыр­ғанда 9,3 процентке артқан. Жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъек­тілерінің саны 3643-ке жетті.  Бұл салада 7686 адам жұмыспен қамтылған.

Өнеркәсіп өнімінің көле­мін арттыру бағы­тында индустрия­лық-инновациялық  даму бағ­дарламасымен ауданда 2 жоба жүзеге асырылуда. Біріншісі – «Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС-ның жобалық құны 64 млрд теңгені құрайтын жылына 1 млн тонна тампонажды цемент шы­ғару зауыты. Халықаралық ірі жобаның құры­лысы өз мерзімінде аяқталып, желтоқсан айында пайдалануға беріледі.  

Екіншісі – «Фирма Балауса» ЖШС-ның Балауса Сауысқандық кен орнындағы кварцитті ванадий өңдеу және өндіру зауыты. Аталған кен орнын «Қара тақтатасты автоклавты қайта өңдеу» жобасына сәйкес жыл соңына дейін 2,5 млрд теңгеге қаржыландыру жоспарланған.

Аммоний метованадатын өндіру былтырғы жылмен салыс­тырғанда биыл 3 есеге артты. «Жаппай кәсіпкерлікті қолдауға» орай аудан көлемінде 2018 жылға арналған Жол картасы  әзірленіп, бекітілді.

Картаға кәсіпкерлікті қол­дауға бағытталған «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасы», «Бизнестің жол картасы – 2020», «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы», «Байқоңыр» ӘКК ҰК АҚ не­гізін­де қолдау көрсету шаралары секілді барлық мем­ле­кеттік бағдарламалар енгі­зілді. Әзір­ленген картаға сәй­кес, кент және ауылдық округ­терден барлығы 730 кәсіп­керлік субъектісін ашу жоспарланса, мемлекеттік кірістер басқармасына қаңтар-маусым айларында 514 кәсіпкер тіркеліп, жоспар 70,4 процентке орындалды. Кәсіпкерлердің тіркелімі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 16,6 процентке артты.

Ауданда жаппай кәсіп­керлікті дамыту мақса­тында жалпы құны 2,6 млрд теңгені құрайтын 350 жоба нақтыланып, 800 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Бүгінгі күнге барлық мемлекеттік бағдар­ла­малар аясында, жалпы құны 740 млн 500 мың теңгені құрайтын 92 жоба несие қаражатын алды. Жуық арада жобалық құны 485 млн теңгені құрайтын 71 жоба қаржыландырылатын болады. Сонымен қатар, 307 азамат несие алу үшін құжаттарын қаржы институттарына ұсынуда.

Жыл басынан бері «Ауыл шаруа­шылығын қаржылай қол­дау қоры» АҚ-дан ауыл шаруа­шылығын дамыту үшін аудан бойынша 34 жобаға   108 млн 500 мың теңге несие қаражаты берілді. Қазіргі таңда жалпы құны 470 млн теңге болатын 122 жоба аталған қаржы институтына ұсынылып, ауданға бөлінген қаржыға сәйкес 96 млн теңгенің 23 жобасының нақты несиелендіру бағытында құжаттары қабылданды.

Өңірлік инвестиция орта­лығы арқылы ауданнан жалпы құны 548 млн теңгені құрайтын 82 жоба бақылау кеңесіне ұсынылып, 58 жоба 195 млн 500 мың теңгеге қолдау тапты. Бүгінде бұл жобалар бо­йынша жалпы құны  157 млн теңге болатын 40 жоба толық қаржыландырылды. Сонымен қатар, «Агробизнес» бағдарламасы арқылы құны 364 млн теңге болатын 14 жоба қаржыландырылды, қосымша жобалық құны 336 млн теңгені құрайтын 17 жобаның құжаттары несиелендіру үшін қаралуда.

«Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдар­ламасы шеңберінде проценттік мөлшерлемелерін субсидиялау бойынша Шиелі ауданында жалпы құны 111 млн теңгені құрайтын 4 жоба екінші деңгейлі банктер тарапынан қаржыландырылды.

Қазіргі талап өте жоғары. Өйткені, уақыт өткен сайын замана көшіне ілесу қажеттігі мойнымызда тұр. Сондықтан сан салалы шаруалардың арасынан мына мәселеге назар аударғанымыз дұрыс болар деп ойлаймын. 2018 жылдың 1 жартыжылдығында негізгі қорға барлығы 12,3 млрд теңге инвестициялық қаржы салынды, 5,6 млрд теңге шетел инвестициясы тартылды. Сонымен қатар, құрылыс саласы ұмыт қалмауы тиіс. Аудан бойынша 2018 жылдың 6 айында құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 1547 млн.теңгені құрап, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2 есеге өсіп отыр.

Осы кезеңге 27080 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 102,6% орындалды.

Атқарушы орындардың халық­пен тығыз байланыс­та болып, жұмыс жүргізуі өз нәтижесін берері анық. Елбасы­мыздың «Болашаққа бағдар: ру­хани жаңғыру» бағдар­лама­сының аясында өнер, мәдениет, спорт салаларында  көптеген жетіс­тіктеріміз бар. Бұл көрсет­кіш жалғасын таба түседі.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жөнінде қосарыңыз қандай?

– Елбасының «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» атты мақа­ласы аясындағы «Туған жерге тағзым» кіші бағдарламасына сәйкес жыл басында форум өткізілген болатын. Осыған сәйкес, туған жердің өркендеуіне бей-жай қарамайтын азаматтар көптеген ұсыныстарын білдіруде.

Бұл бағытта 2018 жылдың  қаң­тарынан бас­тап «Шиелі-Думан» ЖШС-на қарасты «Арнау­лы әлеуметтік қызметтер көр­сету орталығы» жұмысын бастады.

Бүгінде Жуантөбе, Ақмая ауылдық округ­терінде дене шынықтыру-сауықтыру кешен­дері пайдалануға берілсе, Кер­делі, Төңкеріс, Жөлек, Бестам ауыл­дық округтерінде дене шы­нықтыру-сауықтыру ғимарат­тарының құры­лыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін жұрт­шылықтың пайдалануына беріледі деп отырмыз.

Осыған дейін, ауданымызда  Қызылқайың, 2 ферма елді мекендерінде 2 медициналық пункт пайдалануға берілсе, қазірде Жөлек, Жуантөбе, Кер­делі ауылдық округтерінен «Дәрі­герлік амбулатория» ғимарат­тары, Қоғалы ауылдық округінде «Фельдшерлік акушерлік пункт» ғимараты  салынып, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Ал Гигант ауылдық округінен салынып жатқан жабық бассейн құрылысы жақында аяқталады.

Аудан бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында барлығы 11 нысан салынуда. 

– Жаңа өзіңіз айтқандай, замана әкел­ген жаңа­лықтың бірі – цифрландыру техно­логия­сы. Осы бағытта ауданда нендей жаңалықтар бар?

– Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағ­дайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында көзделген жаңа тапсырмаларды орындау мақсатында цифрлық технологияларды қолданатын бірнеше жоба жүзеге асырылуда. 

Уран шикізатын өндіруші кәсіпорындарда цифрландыру жүйелері енгізілуде. Атап айтқанда, №6 кен басқармасы технологиялық процестерді (гео­технологиялық полигондарда диспетчерлік және автоматтық жүйелер) қамтитын «Ақылды кеніш» бағдарламасы жүзеге асуда, «Семізбай-U» ЖШС-да цифрлық өлшегіш құрал-жаб­дықтар пайдалануда. Сондай-ақ электронды құжат айналымы, Биометриялық терминалдар, КАП Сафети мобильдік қон­дырғысы, Пневматикалық электронды клапондар жүзеге асуда.

«Ақмая» шаруа қожалығы егіс алқаптарын цифрландыру жобасына облыстық бюджеттен 22,2 млн теңге бөлініп жұмыстар жүргізілсе, бұл тәжірибе ауқы­мын кеңейту жоспарымызда бар.

«Ақылды қала» жобасы аясында ауданда «Көшені ақылды жарықтандыру» жүйесін ен­гізу жобалануда. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы тауар өн­дірушілерінің егістік электрон­дық картасын қалыптастыру жұмыстары 100,1%-ке жетіп, 29633 гектар жердің электронды сызбасы қалыптастырылды. Мемлекеттік қолдау ретінде субсидиялау жұмыстары электронды түрде тапсырылуда.

Білім мекемелерін цифрландыру мақсатында үстіміздегі жылы барлығы 220754,8 мың теңге облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүр­гізілуде. Сондай-ақ, мектепке дейінгі білім мен тәрбие беру ұйымдарының жұмысын  автоматтандыру мақсатында электронды база орнатуға 12500,0 мың теңге қаралып, жаңа оқу жылынан бастап іске қосу жұмыстары атқарылып жатыр.

 Рахмет!

 Сұхбаттасқан:

Нұрмахан ЕЛТАЙ.

Cұхбат 28 тамыз 2018 г. 201 0