Ел қазынасы салықтан құралады

Заман талабына сай мемлекеттік қызметті оңтайландыру ұдайы болып тұратын процесс. Осындай кезекті оңтайландыру процесі осыдан төрт жыл бұрын жүзеге асырылып, нәтижесінде салықшылар, кеденшілер бір мемлекеттік органға біріктірілген болатын. Міне, сол атаулы күн қарсаңында облыс бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Серік Мұстафаевпен кездесіп, сұхбаттасудың сәті түскен еді.


– Серік Жолдасбекұлы, 14 тамыз Мемлекеттік кірістер ко­митеті құрылған күн. Бұл жар­тыжылдық жұмысты қоры­тын­дылайтын кезеңге тура келеді екен. Олай болса, өзіңіз басқарып отырған де­партаменттің биылғы жыл ба­сынан бергі  жұмысына тоқ­талып өтсеңіз...

– Еліміздің 2050 жылға дейін­­­­гі даму стратегиясына негіздел­ген басым бағыттардың бірі – бір­те-бірте электронды форматқа көшу арқылы мемлекеттік қыз­мет түрлерін жеңілдету, оны алушыға қолайлы жағдай жасау. Мемлекеттік кірістер органдарының алдына қойылған бірқатар міндеттер осы мақсатқа жұмылдырылған. Жолдау аясындағы жобалардың бірі «Салықтың жиналуын көтеру» бойынша жұмыс қарқыны биылғы жылы да сақталуда.

Нәтижесінде, облыс бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті 2018 жылдың 1 жартыжылдығында шоғыр­лан­дырылған бюджетке 151,5 млрд теңге түсім түсуін қамтамасыз етті, бұл өткен жылдың осы кезеңінен 45,8 млрд теңгеге артық. Оның ішінде мемлекеттік бюджеттің үлесі 61,3 млрд теңге, тапсырма 108,6% орындалды. Республикалық бюджетке түсірілген салық көлемі 33,5 млрд теңге, өткен жылдың осы кезеңінен 6,6 млрд  теңгеге артық (орындалуы 103,4%), жергілікті бюджетке түсім – 27,8 млрд теңге болып құралды, өткен жылмен салыстырғанда 9,7 млрд теңгеге артық (115,7%).

Өсімге қол жеткізудің негізгі себептері облыстың макро­эко­но­микалық көрсеткіш­тері­­нің жақ­саруы: өңдеу өнер­кәсібі өнімдері (100,5%), құрылыс көлемі (115,9%), ауыл шаруашылығы өнімдері (102,7%) өсті. Кіші кәсіпкерлік субъек­тілерінің саны 2664-ке немесе 6,4% артты. Салықтық және кедендік әкімшілендірудің күшейтілуі арқасында 14,2 млрд теңгенің қосымша кіріс көздері қамтамасыз етілді. Бизнеске қолайлы жағдай жасау аясында салықтық тексерулер 46% азайды, тексерулер нәтижесімен 8 млрд теңгенің қосымша салықтары есептеліп, алдыңғы жылдардағы сомаларды қосқанда 10,4 млрд теңге өндірілді. Салық төлеушілердің салықтық міндеттемелерін өз еркімен орындауына қол жеткізу маңызды. Камералдық бақылау нәтижесімен 6 айда 6,7 млрд теңге қосымша есептелді.

Биылғы жылдың жаңалық­тарының бірі – IV деңгейлі бюджеттің енгізілуі. IV деңгейлі бюджеттің қалыптасуы жер­гілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға бағытталған, ауыл, аудан халқының мүддесі үшін жасалған әлеуметтік маңызды шара. 2018 жылдан бастап Бюджеттік кодекстің 8-тарауы 52-1 бабымен толықтырылып, түсімдердің аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджеттері арасында бөлінуі белгіленді. Облыстағы 2000-нан астам тұрғыны бар 65 ауылдық округ бойынша бірінші жартыжылдыққа 484 млн теңге бюджет қалыптасты, яғни болжамды түсімнің орындалуы 137,6%.

– Цифрландыру – бүгінгі заман талабы. Бұл тұрғыда қандай жұмыстар атқарылуда?

– Қызмет көрсетудің электрон­ды форматқа көшуі  бюд­жетті нығайтудың белгілі бір тетіктерін қамтамасыз етуде. Мысалы, электронды шот-фактура жүйесін қолданушылар қатары өсіп келеді. Қазіргі кезде бұл жүйені 3770 заңды тұлға (2017 жылдың 6 айында-2269), 3391 дара кәсіпкер және 8409 жеке тұлға, барлығы 15570 тұлға қолданып отыр (2017ж. - 10533).

Кедендік декларациялаудың «АСТАНА-1» ақпараттық жүйесі де қазіргі кезде толықтай қолданыста. 2017 жылдың қазан айынан бастап «транзит» модулі тәжірибеге енгізілген: содан бері 2035 транзиттік декларация осы жүйеде өңделді. 2018 жылдың 1 қаңтарынан экспорт режимі, ал 1 сәуірден бастап барлық басқа режимдер электронды жүйеге көшті. 2018 жылдың 6 айында 1198 декларация (100%) электронды түрде ресімделді («экспорт» - 500, басқа режимдер - 698). Тауарды босату тәртібін, яғни «жасыл», «сары» немесе «қызыл дәлізді» жүйе өзі таңдайды. «Қызыл дәлізге» түскен тауарға қойылатын кедендік бақылау түрін де ақпараттық жүйе көрсетіп береді. Айта кетуге болады, бірінші жартыжылдықтағы кедендік қарап тексерулердің тиімділігі 27% болған.

– Кіріс органдары салық және кеден қызметімен қоса бұрынғы қаржы поли­циясының да жұмысын жүр­гізуде, яғни экономикалық қылмыстың жолын кесуге үлес қосудасыздар...

– Жұмыстың тиімділігін арттыруда экономикалық қыл­мыстармен күресуді ұйым­дастырудың да рөлі басым. Департаменттің Экономикалық тергеу қызметінің қаржы, салық саласындағы құқық­бұзу­шылықтарды анықтау тәжіри­бесі айтарлықтай. Жыл басынан бері департаменттің өндірісінде 184 істің сотқа дейінгі өндірісі жүргізілді. 122 іс (66,3%) аяқталып, 68 іс сотқа жолданды. Мемлекет бюджетіне келтірілген залал көлемі 1,2 млрд теңгеге бағаланса, 218 млн теңгенің қаражаты қалпына келтіріліп, 2 млрд теңгенің мүлкіне арест қойылды. Экономикалық қылмыстар қатарында мұнай мен мұнай өнімдерінің заңсыз айналымына қатысты 12 қылмыс тіркеліп, 7 іс материалы сотқа жолданды. Бюджет қаражатын қымқыру, мақсатсыз жұмсау және талан-таражға салу бойынша алғашқы жартыжылда 61 қылмыстық істің өндірісі жүргізілді. Оның 37-сі аяқталып, 10 іс сотқа жолданды. Заңсыз ойын бизнесіне қатысты 17 қылмыстық іс тергелді. 12 істің өндірісі аяқталып, сотқа жолданды. Алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымы бойынша 7 іс тергелді. 3 қылмыстық іс айыптау қорытындысымен сотқа берілді. 1 млн 174 мың бөтелке алкоголь өнімі заңсыз айналымнан алынды. 17 қылмыстық іс жалған ақша фактілеріне қатысты қозғалған. Оның 15-нің өндірісі аяқталды. Қызметіміздің негізгі көрсеткіштері осындай.

– Алдағы жылдары жал­пыға бірдей декларациялау жүйесі енгізіледі. Оған дайындықтың басым бөлігі өздеріңізге жүктелген. Бұл жұмыстар қалай жүруде?

– Елбасының халыққа Жолдауында атап көрсетілгендей, Қазақстан үшін жаңа мүм­кіндіктер сандық технологияны меңгерумен тығыз байланысты. Жаңа форматтар мен озық идеялардың жүзеге асуы ізденіссіз және қатаң талапсыз мүмкін емес. Көлеңкелі экономикаға қарсы тұрудың бір тетігі – жалпыға бірдей декларациялау жүйесі 2020 жылдан бастап енгізілетін болады. Бұл жүйені енгізудегі мақсат – жеке тұлғалардың табыстары мен мүліктерін тиімді бақылауға қол жеткізу. Сонымен қатар, аза­маттардың табысы мен мүлкінің есебі ашық болуы салықтарды толық төлеуді қамтамасыз етеді және салықтық әкімшілендіруді барынша толық қамтуға мүмкіндік береді. 250.00 нысанды «Жеке тұлғаның активтері мен міндеттемелері туралы декларациясы» бекітілді және жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне кірген кезде декларацияда жеке тұлғалар көр­­сетуі тиіс ақпараттар тізі­мі анықталды. Декларация тап­­сырған кезде жеке тұлға өз атына тіркелген барлық жылжымайтын немесе жылжитын мүліктердің тиісті тіркеу дерек­терін (реквизиттерін) көр­­сетеді. Оған жердің кадастр­лық нөмірі, орналасқан мекен-жайы, автокөліктің маркасы, vin-коды, қозғалтқыш көлемі, мемлекеттік нөмірі, банктегі қаражат сомасы немесе қолдағы қаражаты, иелігіндегі жеке мүл­кі мен шетелдегі мүлкі, заңды тұлғаларға қатысты құрыл­тайшы болуы немесе қатысу үлесі сияқты деректер толтыруға жатады. Декларацияны Қазақстан Республикасының кәмелетке толған азамат­тары­ның барлығы тапсырады. Ал, Қызылорда облысында шамамен 400 мыңнан астам адам тапсырады деп күтілуде. 2020 жылы әрбір жеке тұлға өзінің мүлкі мен табысының 2019 жылдың 31 желтоқсандағы жағдайына байланысты декларация толтырады.

Президент Жолдауының жә­не бір бағыты еңбек рыно­гы­ның тиімділігін қамтамасыз етумен байланысты. Жұмысы мен күнкөріс көзін ресми түрде ресімдемеген тұлғаларды «кө­леңкеден шы­ғару» - мемлекет үшін ғана емес, сол тұлғалар үшін де тиімді. Қазіргі кезде осындай жандардың әлеу­меттік жағынан қорғалу тетігін бір жүйеге келтіру үшін «Тұрғындардың күнкөріс көзін ресми айқындау мәселелері» бойынша заң жобасы жасалуда. Жыл соңына дейін Мәжілістің қарауына ұсынылатын осы заң жобасында мемлекеттік кірістер органдарының мүдделі тұстары бар, яғни салықтық және әкімшілік-құқықтық шаралар кешені қамтылуы керек. Өзін-өзі жұмыспен қамтитын тұрғындар үшін «Бірыңғай жиынтық төлем» (единый совокупный платеж) жүйесін енгізу – салықтық міндеттемелерді жеңілдетіп, МӘМС (міндетті әлеуметтік меди­циналық сақтандыру) шең­берінде медициналық көмек және әлеуметтік төлем алуға құқық береді. Қазіргі кезде, облыс бойынша күнкөріс көзі айқындалмаған азаматтардың (2017 жылдың 01 шілдесіне 38500 адам болған) мәртебесін анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биылғы жылдың 1 шілдесіне 19300 адамның мәртебесі анықталды. Бұл ауқымды шараны жүргізу үшін біздің мамандар тарапынан көше аралап, үй жағалап жүру әдісі де қолданылуда.

– Мемлекеттік кірістер органдары қызметінің басты мәні неде?

– Халқымыздың саны өсуде, жақында ғана Қазақстан халқы 18 миллионнан асты деген дерек пайда болды. «Бір қозы туса – бір түп жусан артық шығады» деген мақал бар халқымызда. Сол бір түп жусан өсіп, сол қозының аузына түсуі үшін жұмыс жасайтын бірден-бір мемлекеттік органбыз, ел бюджетінің кіріс бөлігін қалыптастырамыз. Сон­дықтан, міндеттеріміз үлкен, ірі жұмыстарымыз бар алда, ал жұмыстың жолға қойылуы үлкен еңбектің арқасында мүмкін болады. Яғни, жұмыс жалғаса береді, біз еңбектене береміз деген сөз. Мемлекеттік кіріс органдары — маңызды мемлекеттік құ­ры­лымдардың бірі болып та­былады. Елдің қаржылық ахуа­лының тұрақтылығы ең алдымен осы саланың жемісті қыз­мет етуіне қатысты. Ал біз­дің жұмысымыздағы басты көр­сет­кіш бюджетке түсім болып саналады. 

«Қазақстан Республи­касын­дағы мемлекеттік басқару органдарын реформалау туралы» ҚР Президентінің 2014 жылғы 6 тамыздағы №875 Жарлығына сәйкес ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті құрылды. Осыған орай, салық және кеден органдары біріктірілді.  Ел­басының Жарлығына сәйкес құрылған Мемлекеттік кірістер департаменті қызметінің ау­қымы кеңейді. Ендігі жерде біз салық және кеден қызметтеріне қоса, қаржы полициясына тиесілі болған экономикалық зерттеу­мен де айналысып келеміз. Бұл жұмыстардың нәтижесін жоғарыда келтіріп кеттім.

Осы орайда, мемлекеттік кірістер органдары құрылған атаулы күн қарсаңында же­місті қызмет атқарып, ортақ қазынамызды – бюджет қор­жы­нының молаюына еселі еңбек етіп жүрген барлық әріп­­тестерімді шын жүректен құт­тықтаймын және олардың еліміздің игілігін көтеруге бағыт­­талған еңбектеріне табыс тілеймін.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы».

Cұхбат 11 тамыз 2018 г. 536 0