«ЖАҢА ӘЛІПБИ ЖАҺАНДЫҚ БАЙЛАНЫСҚА ЖОЛ АШАДЫ»

 Елбасының Жарлығымен жаңа әліпбидің жобасы бекітіліп, жалпы халық бұған қолдау танытты. Бүгінгі таңда ғалымдардың, сала мамандарының ұсыныстары мен  қоғамдық пікірлер қаперге алынып, осынау жаңа әліпбидің емле ережелері әзірленіп жатыр. Бұл орайда Ш.Шаяхметов атындағы “Тіл – Қазына” ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры, филология ғылымдарының кандидаты  Ербол Тілешовпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Ербол Ерденбекұлы, жаңа әліп­биге көшу бағытындағы әзірлік жұ­мыс­тары жайлы айтып өтсеңіз...
– Елбасы Жарлығы шыққаннан бері бірқатар шаралар атқарылды. Ең бастысы, Қазақстан Республикасының Премьер-министрінің қолымен, 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен ла­тын әліпбиіне көшудің кешенді жоспа­ры бекітілді. Осы жоспар аясында әр­бір сала бойынша мамандар дайындау, оқулықтар шығару, жарнама, көрнекі ақпарат мәселесі сияқты бар­лық қажетті шаралар қамтылды. Бұл – бір. Екіншіден, Ұлттық комиссия құрылды. Аталған комиссияның жаны­нан 4 жұмыс тобы құрылды. Олар: орфографиялық, әдістемелік, терми­нологиялық, техникалық және ақпа­раттық сүйемелдеу топтары.
Бүгінгі таңда Елбасы бекіткен әліп­бидің емлесі дайындалды. Бұл жұ­мыс­тардың барысында биылғы жылдың 11 маусымында Астана қаласында жо­ғарыда аталған жұмыс­шы топ мүше­лерінің, білікті сала маман­дарының қатысуымен үлкен конференция өтіп, онда жаңа әліпбидің емле ережелерін жасаудың концепциясы бекітілген болатын. Осыдан соң жұмысшы топтар 4-10 шілде аралығында Ақмола облысы, Зеренді кентінде жиын өткізіп, өзара пікір алысып, ортақ шешімге келдік. Әрине, пікір қайшылықтары да болды. Дегенмен, айтылған ұсыныстарды әбден салмақтап, саралай келе жоға­рыдағы концепцияның негізінде жаңа әліпбидің емлесі әзірленді. Қазіргі таң­да осы емлені сынақтан өткізу ша­ралары жан-жақты жүргізіліп жатыр. Атап айтар болсақ, осыған дейін Қарағанды, Көкшетау қалаларында, бүгінде Қызылорда қаласында, одан әрі Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстары, Алматы, Астана қалаларында  осы мақсаттағы басқосулар өтетін болады.  Онда мемлекеттік қызметшілер, ғалымдар, сала мамандары тарапынан айтылған салмақты тұжырымдар мен ұсыныстар  және қоғамдық тұрғыдағы пікірлер назарға алынады.
Жаңа әліпбидің емлесін бұлай­ша сынақтан өткізіп отырған себебі­міз, әліпбиді ауыстыру – тек лингвис­тикалық құбылыс емес, сонымен қатар, әлеуметтік құбылыс деп қарауымыз қажет. Сондықтан бұл орайда әлеумет­тің көзқарасы айқындалып, жан-жақты сараптаулардан кейін шешімдер қа­был­данатын болады. Осыған дейін өзіміз куә болғандай, жаңа әліпбидің жобасын талқылау барысында халық бұл мәселеге бей-жай қарамайтынын байқатты.
Ең бастысы, саяси шешім қабыл­данды. Халық бұған қолдау танытты. Ендігі кезекте біз  “Бізге қандай әліпби қажет? Қандай таңбалар жүйесі қажет?” – деген мәселені қарастырып жатырмыз. Бұл ретте жоғарыда айтып өткеніміздей, төрт жұмысшы тобы Алматы қаласында бас қосып, жаңа әліпбидің емлесіне қатысты барлық пікірлерді талдап, таразылай келе, емле ережесінің жобасын әзірлеп,  қыркүйек айында Ұлттық комиссияның қарауына ұсынатын боламыз. Бүгінгі таңда бұл бағытта 3 мыңға жуық адам жұмыс жасап жатыр. Олардың қатарында осы саланың білікті мамандары, ғалымдар, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі инсти­тутының мамандары бар. Олар­дың тарапынан айтылған ұсыныс, пікір­лерге мониторинг жасалып, жи­нақ­талады. Осыны басшылыққа ала отырып, жаңа әліпбидің емле ережелері бекітілетін болады.
– “Латын әліпбиімен қазақ тілін меңгеру қиын. Әсіресе, осы күні үш тілді қатар оқып жатқан мектеп оқушылары үшін оңай болмайды” деген пікірлер айтылып жүр. Сіздің ойыңыз қандай?
– Жасыратыны жоқ, жаңа әліпбидің жобасын әзірлеуде кейбір көңілге қонбайтын пікірлер де айтылып жүр. Мәселен, “Латын әліпбиін ағылшын тілінің таңбасына теңестіре салсақ болмай ма?” деген тәрізді. Бұлай етуге мүлде болмайды. Оның бірінші себебі, ағылшын тілі басқа тілдік топта. Табиғаты тіпті бөлек. Біздің ұлттық табиғатымызға жанаспайды. Әрбірден соң, испан немесе каталан тілі, француз, итальян, португал тілдерін бір ғана “роман” тілі дегенмен, олардың әрқайсысының әліпбиі басқа. Сол сияқты, бір славян тілдері дегенмен, әліпбилері бөлек. Кешегі посткеңестік кезеңде де одақтас республикалардың әліпбилері әртүрлі болды. Сондықтан компьютердің, клавиатураның ыңғайы­на бейімделіп, оңай жағын ойластыр­ғанымыз жөн емес. Мәселен, біз кириллден шығып, ағылшын әліпбиіне көшкенде не ұтамыз? Бұл жағдайда біздің кей дыбыстарымыздың фонети­ка­лық, орфографикалық өзгерістер­ге ұшырауы мүмкін. Кезінде кирилл әліпбиімен көп таңбамыз бірдей болған еді, салдарынан сол таңбалардың ды­бысталуы өзгергенін байқадық. Қо­рыта айтқанда, өзіміздің ұлттық тұрпа­тымызға сай әліпбиіміз болуы тиіс. Оның кейбір таңбаларында өзге­шеліктер болуы да заңды. Себебі, қазақ әліпбиінің өзіндік матрицасы, өзінің стандарттық формасы болуы керек. Өздеріңіз білесіздер, жаңа әліпбиде бар болғаны – 32 ғана таңба, сондықтан үйренуіміз де аса қиын бола қоймас.
Шынында, жаңа әліпбиді қабыл­дау барысында халық мектеп қабырға­сында оқып жатқан балалары үшін алаңдайды. Өйткені балалар бастауыш сыныптан кирилл әліпбиіндегі орыс тілін, оған қоса ағылшын тілін үйренуде. Енді келіп, оларға латын әліпбиін жүктесек, оңай болмайтыны рас. Бұл мәселе бізді де ойландырады. Бұған қатысты ұлттық комиссияға өз ұсыныстарымызды беретін боламыз.
Осы ретте айта кетейін, аталған мә­селе бойынша білікті педагог, Алматы ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Таңат Аяпова Үкімет бас­шысының қатысуымен өткен үлкен бір жиында арнайы мәлімдеме жасады. Яғни, алдағы уақытта мектептің бірінші сынып оқушыларына ең алдымен, бүгінгі күні елімізде қолданысқа енгелі отырған  латын әліпбиін оқытып, баланың көз дағдысы, қол дағдысы әбден қалыптасқаннан кейін ғана, (ең болмағанда, екінші сыныптан бастап) ағылшын тілін оқытуды енгізсе деген мәселені көтерді. Менің ойымша, бұл өте орынды бастама, сондықтан бұл мәселеге байланысты оң шешім қабылданады деген ойдамын.
– Сіз бір сұхбатыңызда “Жаңа әліпбиді енгізу алдында жұмыс әліп­биін сынақтан өткізу керек” деген пікір айтқан екенсіз. Осы пікіріңізді өзіңізден білсек...
– Иә, жаңа әліпбиімізді енгізудің алдында жұмыс әліпбиін сынақтан өткізу қажет дегеніміз, біздің қазіргі қолданып отырғанымыз да жұмыс әліпбиі деп айтамыз. Жалпы жұмыс әліпбиі деген барлық елдерде болған. Мысалы, қазірдің өзінде орыс халқында “русская латиница”, жапондарда “романдзе” деген ұғым бар. Яғни, “роман” деген роман тілінен келген, “дзе” деген таңба дегенді білдіреді. Бұл сол елдердің жұмыс әліпбиі. Жұмыс әліпбиінің бірнеше түрі бар, олар: теңіз саласы қызметіне немесе авиациалық, қаржылық қызметтер бойынша жұмыс әліпбиі, т.б деген сияқты... Айталық, латын әліпбиіне көшпеген Қытай, Корея, Жапония, Үн­дістан, Араб елдерінде жұ­мыс әліпбиі міндетті түрде пайдаланылады. Өйт­кені бұл – ха­лықаралық кодтар, ха­лықаралық стан­дарттар. Мысалы, фи­зикадағы ха­лық­аралық Си системасы, химиядағы Мен­делеев периодтық системасы да жұ­мыс әліпбиіне жатады. Бұл әліпбиге байланысты әртүрлі таңбалар бар. Олардың қолданыс аясы жұмыс барысында жүйеленетін болады. Сондықтан жаһандық қарым-қатынаста жұмыс әліпбиін бекітудің маңызы зор.
Осы орайда айта кетейін, 2019 жылы еліміздің бірнеше мектептерінде нөл­дік сыныптардан латын әліпбиін оқыту тәжірибесі енгізілетін болады. Есіңізде болса, бұрын алты жастан мектепке баратын кезде осындай эксперимент болған. Сол сияқты, еліміздің әр өңіріндегі бірнеше мектептерде  осы тәжірибе жүзеге асырылады. Ал 2020 жылдан бастап жалпы мектептерде латын әліпбиі бірінші сыныптан оқытылады. Егер 2019 жылы латын әліпбиін оқытуды жаппай енгізетін болсақ, олар екінші сыныпқа барғанда әліпбидегі кейбір таңбалар өзгеріп, олқылықтар орын алуы мүмкін.  Сондықтан осы мәселенің алдын алу үшін алғашқы кезекте тәжірибе жүзінде қолға алып отырмыз.
– Жаңа әліпбиді енгізу барысында жүздеген жоба сарапталды. Соның ішінен бүгінгі  нұсқаны таңдауы­мыздың себебі неде? Ғалымдар қан­дай негізге сүйеніп отыр?
– Өздеріңіз білесіздер, алғашқы диграфтық нұсқа қолайсыз болды, одан кейінгі апострофтық нұсқа компьютерге енгізуге қиындық келтіреді дедік. Сондықтан соңғы нұсқа басқасына қа­рағанда, мейлінше ыңғайлы болды. Дегенмен, әзірленіп жатқан емле ережесіне сәйкес кейбір таңбалар өз­геруі де мүмкін. Бұл алдағы уақытта, яғни емле жобасы сынақтан өткен соң белгілі болады.  
Айта кетейік, латын графикасына негізделген жаңа әліпбиді дайындауда негізінен, тіл білімінің атасы Ахмет Байтұрсынұлының принципіне сүйе­ніп, ана тіліміздің дыбыстық ерек­шелігіне көбірек мән берілді. Жұмыс тобы осы принципті негіз етіп алды. Ең бастысы, бұл нұсқада дыбыстар орнында тұр. Бірде-бір дыбыс ұмыт қалмаған. Себебі, біздің мақсатымыз – қазақтың төл дыбыстарын айтылуына қарай барынша дәл беру. Сондықтан жаңа нұсқада қазақ тілінің төл та­би­­ғаты негізге алынып, латын әліп­биін таңдаған себепті халықаралық тәжірибелерге де мән берілді. Ал жаңа әліпбидің емлесін бекітіп, толыққанды әліпбиімізге ие болған кезде біз оны стандарттау мәселесін қолға аламыз.  
– Латын әліпбиіне көшудегі не­гізгі басымдықтың бірі – жалпы түркі жұртының арасында түсіністік артып, рухани байланыс нығая түседі деп айтамыз. Бұл тұрғыдан алғанда, біз таңдаған жаңа әліпби осы мақсатқа толық қызмет ете ала ма?
– Біз білетін қазақ халқының тарихында бұған дейін мемлекеттік дең­гейде әліпби бекітіліп көрген жоқ. Ай­талық, араб әліпбиі мұсылман дінімен енді. Бірақ бұл әліпби бізге жақсылық әкелді, имандылыққа бұрды. Одан кейінгі орыс әліпбиі миссионерлік мақ­сатпен енді. Ал А.Байтұрсынов бастаған Алаш азаматтарының енгізген әліпбиі тек қазақ мектептері үшін ғана қызмет етті. Өйткені ол кезде қазақ елі дербес мемлекет болған жоқ. Сондықтан төл әліпбиімізді бекіту бастамасы –Тәуелсіз еліміздің тарихында қабылданып отыр­ған аса маңызды саяси шешім деп қарағанымыз жөн.
Жаңа әліпбиімізді қабылдау арқылы жалпы түркі жұртымен қарым-қатынасты былай қойғанда,  сыртта жүрген 4 жарым миллиондай бауырлас­тарымызбен байланыс орнатуға мол мүмкіндік туады. Бұл туралы Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында Елбасы да ерекше атап өткен еді.
Түбінде түркілік ортақтастыққа ба­рамыз. Сондықтан келешекте түркі халықтарының ономастикалық одағы немесе қоғамы құрылатын шығар. Себебі, жаңа әліпбиге сәйкес жер-су аттарының жазылуын бір жүйеге түсіруіміз қажет деп ойлаймын. Түптеп келгенде, жаңа әліпби жаһандық байланысты арттырады.  Осы орайда айта кетейік, әлем елдерінің 48 проценті ла­тын әліпбиін қолданатын болса, ғылым, инновация жаңалықтарының 77 проценті латын әліпбиінде жарияланады екен. Оның ішінде, 200 млн-дай түркі халықтарының 55,5 проценті латын әліпбиін, 24 проценті араб, 17,7 проценті кирилл әліпбиін қолданатыны белгілі болып отыр. Демек, біз дер кезінде дұрыс таңдау жасадық.
– Латын әліпбиіне көшу тек қана таңба ауыстыру емес, жазу реформасына айналуы керек деген пікірді  түсіндіріп өтсеңіз...
– А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбек осы салада тер төгіп жүрген білікті азаматтардың бірі. Оның айтуынша, латын әліпбиіне көшу – тіліміздің құрылымындағы қазіргі жаңсақ кетіп қалған қателіктерді түзетудің зор мүмкіндігі. Яғни, әліпбиді өзгерту деген тек кирилл әріптерін латынмен алмастыру ғана емес, ол жазу саласына реформа жүргізіп, қазақ тілінің орфографиялық және орфо­эпиялық заңдылықтарына тиісті толықтырулар мен өзгерістер енгізу дегенді білдіреді. Өзіміз күнделікті көріп-біліп жүргендей, қазіргі таңда орфоэпия (айтылым) заңдылықтары ұмы­тылып, сөздің айтылуы да, жазылуы да орфография (жазылым) заңды­лықтарына қарай ауысып бара жатыр. Бір ғана мысал, айтылуында “сарарқа” сөзін “сарыарқа” деп жазамыз. Соңғы уақытта бұл сөзді жазылуындағы нұсқасына сай дыбыстайтын болдық. Сөйте тұра, “қазақ тілінің ережесінде екі дауысты дыбыс қатар келмейді” дейміз. Қайшылық бар ма, бар. Мұндай мысалдарды көптеп кездестіруге болады. Сол себепті жаңа әліпби жүйесінде бұрынғы кеткен қателіктер өзгертіліп, емле-ережелеріміздегі заңдылықтар толық сақталатын болады.
– Жаңа әліпбиге көшу бағы­тын­дағы шаралардың бірі – “Жаңа гу­ма­нитарлық білім – 100 жаңа оқу­­лық” жобасы қолға алынды. Бұл жұмыс­тардың алдағы бағыты қандай?
 – Білуімізше, осыған дейін әлемдік деңгейдегі ең көрнекті әдебиеттер ішінен 18 оқулық аударылды. Биылғы жылы да 20-дай оқулық жарық көреді және олардың барлығының электронды нұсқасы шығарылады. Кейбіреулер “Латын әліпбиіне көшкенде кешегі кирилл таңбасымен оқығандар үшін жаңа шыққан әдебиеттерді оқу қиындап кетпей ме?” – деп сұрап жатады. Ешқандай қиындығы жоқ. Айталық, бүгінгі тех­никаның жетістігімен ең қиын деген төрт томдық “Абай жолы” роман-эпопеясының өзін бірнеше секундта аударуға болады.
 Егер таңбаға байланысты кітап оқу қиын болса, жұрт қытайша қалай үйренуде? Олар да бес мың таңба бар. Десек те, қазір қазақ жастары қытай тілін бас-аяғы бір-екі жылда үйреніп жатыр. Яғни, тіл үйрену мәселесі таңбада тұрған жоқ. Мәселе – қажеттілікте болып отыр. Өткен ғасырдың өте қиын кезеңінде он екі жыл латынша жаздық. Айталық, Шерхан Мұртаза, Мұқағали Мақатаев, Еркеғали Рахмадиев секілді өмірде үлкен жетістікке жеткен елдің тұлғалы азаматтары алдымен латын әліпбиімен сауаттанған. Олар халқымызға рухани мол қазына қалдырды.
Олай болса,  бүгінгі ХХІ ғасырда, ақпараттық технология қарыштап да­мыған қоғамда жаңа әліпбиді қа­былдау аса үлкен қиындық тудырмайды. Бұл – болашақтың таңдауы, жаңа дәуірдің талабы. Сондықтан елдік мүд­де жолында ерекше оптимистік көз­қарас қажет.
–Рахмет!
Әңгімелескен,
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы».
Cұхбат 04 тамыз 2018 г. 115 0