Беделі биік білім ордасы

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауларында жоғары білімнің сапасы мен қолжетімділігін арттыруды тапсырып, еліміз бойынша біраз нәтижелі іс қолға алынды. Бұл бағытта аймақ білімінің қарашаңырағы – Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде де жүйелі жұмыстар бар. Тілшіміздің осы оқу орны ректорының міндетін атқарушы, техника ғылымдарының докторы, профессор Қылышбай Бисеновпен сұхбатында беделі биік білім ордасындағы оң бастамалар жайлы тарата айтылады.

– Қылышбай Алдаберген­ұлы, заманға сай білім беру үрдісі қалыптасқан еліміздегі іргелі оқу орны Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырсаңыз...

– Университетіміз 2018 жылы Қазақстанның үздік ЖОО Ұлттық рейтингі қорытындысы бойынша (НАОКО рейтингі) жоғары 9-орыннан көрінсе, Еуропа және Орта Азия елдері университеттерінің 2900-ден астам ЖОО-лары арасында 2018 жылдың ақпан айында Үздік 300 университет тобына енді. Сонымен қатар, Еуразиялық экономикалық одақтың  «Признание» халықаралық сыйлығына ие болды. Сыр өңіріндегі  ір­ге­лі білім ордасының негізі қа­лан­ғанына 80 жыл толуы рес­пуб­ликалық деңгейде аталып өтті.

Бұл жетістіктер – университет ұжымының 2011-2012 оқу жылынан бастау алған сараланған бағдарламаларының, сындарлы қадамдарының, жүйелі де жоспарлы жұмыстарының ла­йық­ты нәтижесі. Мақсатты жүр­гізілген білім беру саясатының, қаржыландыру мен ғылымды басқарудың жаңа формаларын ендіруі арқасында университет жыл сайын жаңа белестерді бағындырып келеді.

Аталған уақыттан бастап университетті инновациялық технологиялар мен жаңа басқару қағидалары негізінде  мамандар даярлайтын инновациялық-кәсіпкерлік типтегі жоғары  оқу орнына айналдыру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Осы мақ­сатта Қорқыт Ата атын­дағы Қызылорда мемлекеттік уни­верситетінің 2012-2016 жылдарға арналған  страте­гиялық даму жос­пары жасалып, толық орындалды. Бүгінде 2017-2021 жылдарды қамтитын  даму жоспары жүзеге асырылуда.

 2013-2014 оқу жылынан бас­тап бүгінге дейін университеттің бакалавриат, магистратура және докторантурасының (PhD) 80 білім бағдарламасы Білім сапасын қамтамасыздандыру тәуелсіз қазақстандық агенттігінің ма­ман­дандырылған аккредитациясынан, 2015 жылғы ақпан айында университет мемлекеттік аттестациядан табысты өтті. 

2012 жылдың 20 наурызын­да тұң­ғыш рет 9 мамандық бо­йын­ша PhD докторантура ашылды.  Универ­ситет  ғылыми және ғылыми-техникалық ұйым ретін­де 2 рет аккредиттеуден өтті (2012, 2018 жылдары) 2015 жылдың 28 сәуірінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігінен тарихи жә­не мәдени ескерткіштерге ар­хео­­­ло­гиялық және ғылыми-рес­таврациялық жұмыстар жүр­гізу­ге арналған мерзімі шектеусіз мем­лекеттік лицензияға ие болды.

 Бүгінгі талап – ғылым мен өндірісті бір арнада тоғыстыру екендігі белгілі. Осы орайда университеттің ғылыми-инновациялық жобаларды жүзеге асыруы қай деңгейде?

– Ғылыми-зерттеу жұмыс­тары 2012 жылдан бастап ҚР БҒМ Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыруы не­гізінде жүр­гізілуде. Нақты айт­қанда: 2012-2014 жылдары – 10 гранттық жоба, 2015-2017 жыл­дар аралығында 4 жоба жү­зе­ге асырылса, қазіргі күні 2018-2020 жылдарға арналған 9 жоба орындалуда. Мұндай көр­сет­кіштер университет тарихында бұ­рын-соңды болмаған. 2011 жылы инновациялық жобалар каталогы әзірленуі нәти­же­сінде кәсіпорындармен жә­не биз­нес-құрылымдармен өз­­ара тиімді ынтымақтастық жол­­­­ға қойыла бастады. 2017 жылы ғалымдардың жаңа жұ­­­мыс­тарынан тұратын осын­дай каталогтың екінші шығарылымы жарық көрді.

2012-2017 жылдары университет ғалымдары 80-ге жуық  патент алды, 60-тан астам монография, бірнеше мың ғылыми мақалалар жариялады, Халықаралық рецензияланатын журналдарда, им­пакт-факторы нөлден жоғары шетелдік басылымдарда – 600-ден астам ғылыми мақала жарық көрді. 15 ұстаз-ғалымдарымыз «ҚР ЖОО үздік оқытушысы» мем­лекеттік грантының иегері атанды.

Университет жанында 2008 жылы құрылған «Физика-хи­­мия­лық талдау әдістері» ин­женерлік бейіндегі зертханасында шетелдік ғалымдармен бірлесіп, аймақтың шикізаттық ресурстары, экологиялық және экономикалық ерекшеліктеріне негізделген іргелі және қолдан­балы зерттеулер орындалуда.  

2011-2012 оқу жылында ашылған «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институты, «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығы, 2016-2017 оқу жылында ашылған «Мұстафа Шоқайтану» ғылыми-зерттеу орталығы, «Мәңгілік Ел» ғылыми-әдістемелік орталығы және «Рухани жаңғыру» оқу-әдістемелік орталығы, сонымен қатар 2013 жылы ашылған «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының жанындағы «Елбасы және Тәуелсіз Қазақстан» оқу-көрме залы Сыр өңіріндегі тарихи-мәдени мұраларды тү­бе­гейлі зерттеуге, ұлт тарихын оқытудағы және жастарға патриоттық тәрбие берудегі өзек­ті мәселелерді шешуге үлестерін қосуда.   

Ғылым мен биз­нес­тің ықпал­дасуының маңызы ерекше екені белгілі. Бұл тұрғыда 2013 жылы технологияларды коммерцияландыру орталығы, 2017 жылы Қызылорда облысы әкімдігімен бірлесіп Аймақтық инновациялар офисі ашылды. Сондай-ақ, білім алушылар мен ғылыми қызметкерлердің өзі бизнес-идея­­­лары мен инновациялық жо­­баларын іс жүзінде жүзеге асыруына мүмкіндік жасау мақ­са­тында  2017 жылдың мамыр айында  «Business-START» ор­та­лығы ашылып, онда бүгінгі таңда 22 жоба бойынша 75 студент өз кәсіптерін ашып, жұмыс жүргізуде.

– «Үш тілде білім беру», «Цифрлы Қазақстан» мем­лекеттік бағдарламаларды жү­зеге асыруда университет тара­пынан қандай шаралар атқарылып жатыр?

– Университет алғашқы­лар­­дың бірі болып 2012-2017 жылдарға арналған көп­тіл­ді білімді дамыту тұжы­рым­дамасын жасады. Осы тұжы­рымдамаға сәйкес бағдарлама дайындалды. 2012-2013 оқу жылынан бастап бакалавриаттың 4 мамандығы бойынша 1 курс студенттері қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде оқи бастады. 2015-2016 оқу жылынан бастап 16 мамандықтың студенттері үш тілде  білім алуда.

Университетте жасалған «Е-универ» электрондық уни­вер­ситет жүйесі барлық құры­лымдық бөлімдерінің жұ­мыс­тарын автоматтандырумен қа­тар, қашықтықтан оқыту техно­ло­гиясы және ашық білім беру ресурстары арқылы оқу үдерісін ұйымдастыруда. 2017 жылдың 11 тамызында халықаралық CISCO академиясының және Майкрософт компаниясының, отандық «Казроботикс» компаниясының филиалдары ашылды.

Университетте академиялық ұтқырлық бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында  20-дан астам отандық, 40-тан астам шетелдік жетекші жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық туралы келісімшарт жасалған. Сонымен бірге Еуропалық Одақтың Темпус және Эразмус Мундус бағдарламалары бойынша 5 бірлескен еуропалық жоба жүзеге асырылуда.

2012 жылдан бастап, рей­тинг нәтижесі бойынша әр оқу жылының соңын­да уни­верситеттің «Үздік оқы­тушы» кон­курсы өткізіледі. Конкурс нәти­жесі бойынша 100-ден астам оқытушы-профессорға еңбек­ақыларына қосымша ай сайын үстемеақы беріліп келеді. Сонымен қатар, университетте үш тілде білім беру бағдарламасын дамыту аясында 56 профессор-оқытушы IELTS халықаралық емтиханын тапсырып, жоғары балл жинағандары еңбекақыларына ай сайын қосымша үстемеақы алуда.

Жыл сайын 100-ге жуық үздік, белсенді студент университеттің және облыстық білім және ғылым қызметкерлері сала­лық кәсіподақ комитетінің қаржыландыруымен, тынығу лагерьлерінде бір апталық тегін демалыстарға жіберіледі.

Бүгінде университет  62 бакалавриат, 30 магистратура, 9 PhD докторантура мамандықтары бойынша мамандар даярлайды. Жақында ғана бұларға қосымша бакалавриаттың математика-информатика, физика-информатика мамандықтарын ашуға қол жеткізілді. Университеттің ғылыми-педагогикалық қыз­ме­тін 516 профессор-оқытушы, оның ішінде 20 ғылым  докторы, 217 ғылым кандидаты,  16 PhD және 180-нен астам ғылым магистрі атқарады.

Ресей Федерациясының Мәс­кеу, Қазан, Орынбор қалаларына 2011 жылдан бері 25 аспирант, 54 магистрант жіберілді. Бір ғана Қа­зан қаласының жоғары оқу орын­дарында 2013 жылдан бері 58 жас маман білім алды. Арнаулы қаржы есебінен оқуға жіберілген жас оқытушыларымыз ма­гистрлік, PhD докторлық диссертацияларын табысты қорғап келуде. Бүгінде университеттің осындай 40-тан астам жас ұстаз-ғалымдары ұжымның про­фес­сор-оқытушылар құрамында бі­­лім сапасын көтеру мен жан-жақты білім алған тұлғалар тәр­биелеу ісіне белсене араласуда. 

– Бүгінде техникалық ма­ман­дықтарға сұраныс көп. Қорқыт Ата атындағы Қы­зылорда мемлекеттік уни­верситеті нарық сұра­нысына сай жұмыс атқарып жатыр ма?

– Қызылорда облысының әкі­мі Қырымбек Көшербаевтың бастамасымен 2013 жылғы 31 ма­мырда Қамқоршылық кеңесі құ­рылды. 2016 жылғы 9 шілдеден  Байқау Кеңесі жұмыс істей бастады.

Аймақ басшысы тарапынан университет ұжымына әрдайым қамқорлық көрсетіліп келеді. 2013 жылдан бастап жыл сайын аймақтың білім, мұнай газ ісі, құ­рылыс, электр энергетикасы, ауыл шаруашылығы секілді түр­лі салаларын қажетті мамандар­мен қамтамасыз ету және жас­тар­ды қолдау мақсатында облыс әкімінің білім гранттары бө­лі­нуде. Бүгінгі күні университетте 428 студент облыс әкімінің білім гранты иегері атанды.

– Университетте алдыңғы буын өкілдерінің де есімі мен еңбегін құрметтеудің жақсы үлгісі қалыптасқанын білеміз...

– 2012-2017 жылдары университетте 180-дей ғылыми іс-шара, оның 14 проценті халықаралық деңгейде, 34 проценті  респуб­ликалық деңгейде өткізілді. Университет күшімен жүзге жуық ғылыми конференция жинақтары, монографиялар мен кітаптар жарық көрді.  2007 жылы аймақтағы бірден- бір іргелі жоғары оқу орнының 70 жылдығына орай «Сыр еліндегі іргелі білім ордасы» кітабы,  «Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік уни­вер­ситетінің ғалымдары» атты библиографиялық анық­тамалық   баспадан шықты. 

Білім ордасының 75 жыл­дығына арналған «Біз – тү­лектерміз», «Университет ақ­­парат айдынында (1998-2012 жж.)» жинақтарының бірінші шығарылымы және  «Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті: Қалыптасуы мен даму жылдары» кітабы, үш тілде шыққан фотошежіре жарық көрді.

2017 жылы университеттің 80 жылдығы аясында жоғарыда аталған жинақтардың («Біз – түлектерміз», «Университет ақ­парат айдынында (2012-2017 жж.)» екінші шығарылымы мен  «Қорқыт Ата атындағы Қы­зылорда мемлекеттік уни­верситеті» кітабы жарияланды. Бұларға қоса оқу орнының қалыптасуы мен дамуында өзіндік үлесі бар  дүниеден озған ұстаздар мен қызметкерлер туралы естеліктер мен мақалалар топтастырылған «Қалдырған ізің мәңгілік...» атты тұңғыш кітап оқырмандарға ұсынылды. Бұл – еліміздің жоғары оқу орындары тарихында бұрын-соңды болмаған жоба. 2016 жылы республика жоғары оқу орындарының ішінде алғашқылардың бірі болып танымал ғалым-ұстаздарымыздың өмір және еңбек жолына арналған «Ғибратты ғұмыр» сериясы бойынша кітаптар шығаруды бастадық. Бүгінгі күнге дейін аталған серияның  4 шығарылымы жарық көрді.

Мұндағы мақсатымыз – аға ұрпақтың өмір өнегесін, ізгілікті істерін, ғылыми мұрасын жас ұрпаққа үлгі ету, оларға  құрмет көрсету және жастарды Отанын сүйетін, парасаты биік, арына дақ түсірмейтін тұлға ретінде тәрбиелеу.

– Сыр еліндегі ғылым мен білімнің қарашаңырағы Қорқыт Ата атындағы Қы­зылорда мемлекеттік универ­ситетінің алдағы жоспарларымен бөліссеңіз...

– Көпсалалы университеттің өткен 20 жыл ішіндегі даму белестерін саралау нәтижесінде алда атқарылар жұмыстың жоба-жоспары жасалды.

Бірінші – өңір экономикасы салаларына мамандар даярлау. Қызылорда облысында қызмет ететін мамандардың басым көпшілігі (70-75 проценті) Қорқыт Ата  университетінің түлектері.

Екінші – өңірді әлеуметтік-экономикалық дамыту ісіне атсалысу. Университет қабырғасында дайындалып, қорғалған диссер­тациялар, дипломдық жұ­мыс­тар,  жаңа мазмұндағы жо­­ба­­лар, ғылыми-зерттеу нәти­же­­лері мен инновациялық жұ­мыстар өндірістің өзекті және практикалық маңызды проблемаларын шешуге елеулі ықпал етіп келеді.

Үшінші – аймақ халқын жұ­мыспен қамту. Біздің университет мыңнан аса адамды жұмыспен қамтып отырған жұмыс беруші.

Төртінші – өңірдің рухани-интеллектуалдық келбетін ай­қындау. Төл өнеріміз бен мәдениетіміз Қорқыт баба заманынан бастау алып, одан бергі ғасырларда дамып келеді. Бүгінгі күні университет ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан өркениеттің туын биік ұстап, киелі қарашаңырақ ретінде белгілі болып отыр.

Бесінші – университет ай­мақта өтетін ғылыми іс-шара­ларды ұйымдастырып, өткізу жұ­мыстарына белсене атсалысуда.

Оқу орнының мәртебесін қысқа уақытта осылайша ор­нықтыру, таныту, мойындату – оңай шаруа емес. Ол – ұжым мүше­лерінің бекем бірлігінің, қажыр-қайратының, терең ізденістерінің, төккен терінің, өз ісіне деген жауапкершілігі мен адалдығының  жемісі.

Жоғарыда аталған жетіс­тіктермен қатар алда тұрған жаңа міндеттер бар. Олар:

- университеттің әлемдік QS рейтингіне белсене қатысуы;

- оқу үдерісін ұйымдастыруда әлемдегі жетекші университеттер мен Назарбаев Университеті тәжірибелерін іске асыру;

- студент-жастарды «Мәңгілік Ел» идеясының  рухани-ізгілік құн­дылықтары негізінде тәр­бие­леу;

- студенттерді ағылшын, орыс тілдеріне үздіксіз оқыту және мемлекеттік тілді білу деңгейін жетілдіру;

- оқу үдерісіне 3D-модельдеу мен робототехниканы ендіру іс-шараларын жүзеге асыру;

- ғалымдардың коммерция­лан­дырылған және өндіріске ен­дірілген жобаларының санын көбейту;

- докторантура бағдарламасы бойынша жаңа мамандықтарға лицензия алу;

- тиімді оқыту, білім беру және ғылыми-зерттеу қызметіне қолайлы жағдайды қамтамасыз ету үшін  материалдық-техни­калық базаны одан әрі жетілдіру.

Университеттің білім беру қызметін заман талабына сай өркендету бағытында талай асуларды бағындырдық, алдағы бе­лестеріміз де ауқымды. Жиырма жылды тарих көшіне жіберген, көпсалалы аймақтық университеттің болашағы баянды, келешегі кемел болатынына сенімдіміз!

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан

 Ә. ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ.

Cұхбат 10 шілде 2018 г. 1 176 0