СЫР БАЛЫҒЫНА СЫРТҚЫ НАРЫҚТА ДА СҰРАНЫС ЖОҒАРЫ

Бүгінгі таңда балық шаруашылығы облыс экономикасының маңызды саласына айналды. Өркендеу жолына түскен іргелі салада атқарылған жұмыстар да, алдағы міндеттер де ауқымды. Осы орайда облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Айдар Абдуалиевпен сұхбаттасқан едік.

– Айдар Сейсенбекұлы, бұдан 10-15 жыл бұрын байырғы кәсіпшілікті мұндай дәрежеге жетеді деп ешкім ойлаған жоқ еді. Сондықтан қайта түлеген саланың бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы айтып өтсеңіз...

– Қасиетті Сыр елі, өзінің ақ кү­рі­ші, төрт түлік малымен қатар Арал балығымен аты шыққан бере­ке­лі, құтты мекен. Қазіргі күні, об­лыста балық шаруашылығы ауыл шаруашылығының негізгі саласының бірі болып қалыптасты деп толық айта аламыз. Өйткені, ол өңір эко­номикасының дамуына, халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына жә­не оларды жұмыспен қамтамасыз етуде маңызды салаға айналды.

Бәрімізге белгілі, өткен ғасырдың 60-шы жылдары Сыр өңірі балық шаруашылығының дамуы бойынша республикада екінші орында  болды.  Жылына 55-60 мың тоннаға дейін балық ауланды.

Алайда, Арал теңізінің тартылуы 80-шы жылдардан бастап балық шаруа­шылығын тоқырауға ұшыратты. Ондаған балық өңдейтін кәсіпорындар мен балық зауыттары, шаруашылықтар жабылды. Балықшылар басқа өңір­лерден Балқаш, Қапшағай, Ырғыз көл­деріне көшіп аулауға мәжбүр болды. Теңіз суының тұздылығы 30 мгр/л дейін өсіп, балық аулау мүлдем тоқтайтын деңгейге жетті. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, 2000 жылы Солтүстік Арал теңізінен бар-жоғы 400 тонна балықтың бір-ақ түрі, камбала глосса ауланды.

Елбасының тікелей тапсырмасымен жүзеге асып, ғасыр жобасы атанған «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» (САРАТС-1) жобасының бірін­ші кезеңінің жүзеге асырылуы нәтижесінде облыстың әлеуметтік-эко­номикалық дамуына, оның ішінде ба­лық шаруашылығының дамуына үлкен мүмкіндіктер берді. Президенттің қолдауы мен қамқорлығының арқасында Арал халқы туған теңізінің игілігін көруде.

Жоба шеңберінде Сол­түстік Арал теңізіндегі «Көк­арал» су тоспасы, «Әйтек» су құрылысы кешені және Сыр­дария өзеніндегі қорғаныс бөгеттері салынды. Нәтижесінде теңіз деңгейі Арал қаласына 17 шақырымға дейін жақындады. Сырдария өзенінен Сол­түстік Арал теңізіне құйылатын судың көлемі көбейіп, өңірдегі көптеген биологиялық түрлер қалпына келе бастады. Өз кезегінде, көлемі 20-30 мың гектардан асатын ондаған ірі көлдер қалпына келіп, балық шаруа­шылығының дамуына мүмкіндік жаса­ды. Теңізде бұрын жойылып кеткен балықтың 14 түрі қайта көрініс тапты.

– Бұрынғы кездері балық аулауға мән      берілсе,     енді өңдеу саласының жақ­­сы дами түс­кенін байқаймыз. Табиғат пайдаланушылармен жұмыс қандай деңгейде?

– Облысымызда балық аулау көлемі жыл санап артуда. Мәселен, аулау көлемі 2000 жылмен салыстырғанда 20 есеге өсіп, қазіргі таңда 400-ден 8000 тоннаға жетті. Балық аулау көлемінің өсуі балық өңдеу саласының дамуына мүмкіндіктер жасады. Облыстағы атал­ған шаруашылықтар мен балық  өңдеу кәсіпорындарында мыңдаған адам жұ­мыспен қамтылды.

Бүгінгі күні, облыс бойынша Кіші Арал теңізі мен жергілікті маңызы бар 203 көлден балықтың 14 түрі бойынша кәсіпшілік балық аулануда. Облыс бойынша есепке алынған Кіші Арал теңізінің 18 учаскесі толықтай және жергілікті маңызы бар 203 көлдің 178-і (88%) аудан (қала) әкімдіктерімен конкурс негізінде табиғат пайда­ланушыларға бекітіліп берілсе, соның ішінде  25 көл резервте тұр (Аралда – 6, Жалағашта – 3, Сырдарияда – 4, Шиеліде – 10, Жаңақорғанда – 2).

2017 жылы облыста барлығы 8740 тонна балық ауланды, оның 7535 тоннасы бекітілген лимит көлемінде және 1205 тоннасы мелиоративтік (Кіші Арал теңізінің «Көкарал» бөгетінің төменгі бьефінде және Сарысу, Телкөл көлдер жүйесінде) аулауды құрады.

2018 жылы өткен жылмен салыс­тырғанда облысқа бөлінген балық аулау лимиті 4%-ке  (2017 жылы – 7696,6 тн, 2018 ж. – 7415 тн), соның ішінде Кіші Арал теңізіне  7%-ке азайса (2017 ж. – 6934 тн, 2018 ж. – 6469 тн), жергілікті маңызы бар көлдерге бөлінген лимит көлемі 24%-ке (2017 ж. – 762,6 тн, 2018 ж. – 946 тн) көбейген.

Ағымдағы жылдың 5 айында 1672 тонна балық ауланып, бюджетке 54 млн теңге түсірілді. Балық өңдеу саласында айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда, терең өңдеумен 8 зауыт айналысуда. Оларда 450-500-дей адам жұмыспен қамтылған. Балықшылар, балық өңдеу саласының жұмысшылары мен тасымалдаушы, сатушыларды қоса есептегенде, облыс бойынша 2800-3000 адам осы салада еңбек етеді.

Арал қаласындағы индустриалдық аймақтан «Аквакультура ЛТД» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігіне өткен жылы жер беріліп,  онда балық өңдеу зауытын салуда. Зауыт ағымдағы жылдың соңында іске қосылатын  бо­лады. Балық өңдеу зауыттарының 4-і Еуропалық сапа стандартына сәй­кестігін растайтын «Еврокод» санын алған.

– Балық  шаруашылығы облыс­тағы экспортты салаға айналып келеді екен. ТМД мен Еуропа нарығындағы қызығушылық неден туындап отыр?

– Өткен жылы облыс аумағынан  3410 тонна балық өнімдері (Ресейге (2171,6 тн), Польшаға (486 тн), Голландияға (347,6 тн), Грузияға (133,96 тн), Әзербайжанға (119,8 тн), Қытайға (60 тн), Данияға (47,64 тн), Германияға (29,1 тн), Өзбекстанға (15 тн) экспортталса, осы жылдың 5 айында 2084 тонна балық өнімдері экспортқа шығарылды. Бұл өткен жылдың осы мезгілімен салыстырғанда 25 процентке артық.

Экспортқа шығарылған өнімдер – көк­серке балығының сүбесі және қатырылған, мұздатылған торта, табан балықтары. Өнімдеріміз сапалы да дәмді, сондықтан сұраныс жоғары.

– 80-ші жылдары тоғандап балық өсі­ру жақсы дамыды. Қазір тауарлы балық өсіру шаруашылықтарын да­мы­туға басымдық берілуде екен. Бұл бастаманың мақсат-міндеті қандай, нәтиже бар ма?

– Балық шаруашылығы сала­сын­дағы маңызды мәселелердің бірі, ак­ва­культураны, немесе тауарлы балық шаруа­шылықтарды дамыту болып та­былады. Тауарлы балық өсіру шаруа­шылықтарын дамыту:  біріншіден –  та­­биғи су айдындарына кәсіпшілік жүк­­­темені азайтуға, екіншіден – ба­лық өңдеу зауыттарын шикізатпен қамтамасыз етуге, қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

2015 жылдан бері облыс бойынша — 10 (Арал, Қазалы, Жалағаш, Сырдария – біреуден, Қызылорда, Шиелі, Жаңақорған – екеуден) тауарлы балық өсіретін шаруашылықтар жұмыс жа­сауда. Өткен жылы бірінші рет аталған шаруашылықтармен 107 тонна тауарлы балық өсіріліп, нарыққа шығарылды.

Биылғы жылы 130 тонна тауарлы балық өсіру жоспарлануда.

Айта кету керек, Арал, Шиелі, Жаңақорған аудандарында тауарлы балық өсіру саласын дамытуда біршама жұмыстар атқарылуда. Арал ауданында Ақшатау көлін пайдаланушы «Жамбыл» өндірістік кооперативі өткен жылы 52 тонна тауарлы балық өсірді және балық шабақтарын шығаратын инку­бациялық цех салды. Осы ауданда екі кәсіпкер балық өсіретін тоған (пруд) салу үшін жер телімін алып, бүгінде қажетті жұмыстарды жүргізуде. Шиелі ауданында «Сүйіндік» шаруа қожалығы 2016 жылдан бастап балық шабақтарын шығаратын инкубациялық цех салып, бүгінгі күні өзінің шаруашылығын қам­тамасыз етумен қатар, артығын шаруашылықтарға сатуда. Жаңақорған ауданында жеке кәсіпкер Амантай Сарбасов бұрыннан  табиғи жылы су беріп тұрған скважинаның қасынан жы­лы­жайда көкөніс өсірумен айналысып келеді. Жылыжайға пайдаланып отыр­ған жылы судың артығына балық өсіруді жоспарлап отыр.

Атап айтқанда, биыл Өзбекстан Рес­публикасынан 1,5 мың африкалық жайын шабақтарын әкеліп, тоғанға жібер­ген. Кәсіпкер алдағы уақытта жабық ғимарат салып, инкубациялық цех орнатып,  оны жыл бойы өсіруді жос­парлауда. Африкалық жайын бас­қаларға қарағанда тез жетіліп, жақсы сал­мақ бере алады.  

Бұл өнімнің нарықтағы бағасы 500-600 теңге екендігін ескерсек, эко­номикалық жағынан тиімділігін көруге болады.

– Көлдерге мелиорациялық жұ­мыс­тар жүргізу де балықтың өсіп-өнуі­не жағдай жасайды. Бұл жұ­мыс­тардың қазіргі барысы қалай?

– Тауарлы балық өсіруге қолайлы су айдындарына мелиорациялық жұ­мыс­тар жүргізу үшін облыстық бюджеттен айтарлықтай қаржы бөлініп келеді. Өткен жылы Қазалы ауданында «Мариям-Ақкөл», Қармақшы ауданында «Қаракөл», «Таскөл», «Қоңыраулы-Көл­дей» көлдеріне су беретін каналдар тазаланып, гидротехникалық құры­лыстары қалпына келтірілді. Аталған жұмыстар, биылғы жылы Арал ауда­нындағы «Тұщы-1», «Тұщы-2» және «Қаракөл» көлдерінде жүргізілуде.

ҚР Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы №689 қаулысымен шіл­денің екінші жексенбісі «Балық ша­руа­шылығы қызметкерлері күні» ре­тінде Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесіне енді. Осыған байланысты, биылғы жылы 13-14 шілдеде Арал өңірі балықшыларының 4-ші слетін ұйымдастыру жоспарлануда. Қазіргі уақытта слетке дайындық жұмыс­тары басталды.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан

Жұматәли ӘБДІРАМАН,                    

«Сыр бойы».

Cұхбат 10 маусым 2018 г. 181 0