Ғалым ӘМІРЕЕВ, Жаңақорған ауданының әкімі: ӨҢІРАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚ ДАМУҒА ЖАҢАША ДЕМ БЕРУДЕ

  Қаратау мен Сыр-Ананы тел емген Жаңақорған ауданы соңғы жылдары  көптеген жетістіктерге қол жеткізді.  Қай салада да қарқын бар. Аудан кәсіпкерлікті дамыту бағытында да ерекшеленіп тұр. Осы сапарымызда аудан әкімі Ғалым Әміреевпен әңгімеміз де әлеуметтің әлеуетін көтерген тың бастамалар жайында болды.

– Жаңақорған ауданы кәсіп­керлік саласы бойынша облыста алдыңғы орында тұр. Мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп, шаруасын дөңгелентіп отырған кәсіпкерлер саны өскеніне қуандық. «Агроиндустриалды аймақтардың» айшықты көрінісін де осы жерден көріп отырмыз. Тағы қандай жаңа бастамаларды қолға алдыңыздар? 

– Жері шаруаға шырайлы, шөбі шүйгін мекенде шаруашылық қалай өркендемесін. Бүгінде қолындағы түлік санын көбейтіп, оны асылдандыру үшін мемлекеттен қолдау алып жатқан кәсіпкерлер артып келеді. Мәселен, «Алтын асық», «Сыбаға», «Құлан» бағдарламалары жыл сайын  артығымен орындалуда. Жалпы, ауданда кәсіпкерлікті дамытуда  ауыл шаруашылығы саласына ерекше мән беріп жатырмыз. Оған қоса, өңіраралық ынтымақтастықты дамытуды қолға алдық. Осы мақсатта Қазақстанның  солтүстігі мен орталығынан ірі шаруашылық басшылары келіп, бізбен меморандумға отырды. Ол жақтан төмен бағада азық- түлік өнімдерін әкелуге болады. Ал, бізден бақша өнімдерін алады.

Тағы да бір келелі бағыт – егін шаруашылығы болмақ. Өткен жылы «Агроиндустриялды ай­мақ­тар» атты бастама көтерілді. Бастаманы биыл 5 ауыл негізінде жүзеге асырмақпыз. Ол бойынша бөлінген жер көлемі 200-300 гектарға жақындады. Ол үлкен нәтиже беріп жатыр. Ауыл адамдары кәсіпкер ретінде тіркеледі. Мемлекет тарапынан қоршауы мен су мәселесі шешіледі. Егер бұл бастама тыңғылықты орындалса, үлкен серпіліс берері анық. Осы негізде Төменарық ауылында 50 кәсіпкер тіркелген. Сүттіқұдық, Қаратөбе, Қандөз, Ақүйік ауылдары да бастамаға қатысуға ниет білдіріп отыр. Мәселен, Ақүйік ауылы үйрек өсіруге кірісті. Олар Қызылорда қаласындағы «Орда» шаруашылығымен  бірлесіп жұмыс жасауда.

Біздің мақсатымыз – әрбір ауылды бір салаға мамандандыру. Мысалы, Кейденде жүгері, тары егіледі, Жайылмада қарбыз, Қыр­кеңсе мал шаруашылығымен айна­лысады. Жаңарық елді мекені күріш егеді. Сол секілді әрбір ауыл­дың өз кәсібі болады. Жергілікті кәсіпкерлердің жобасын дамытуға байланысты  қаржыны Өңірлік ин­вес­тициялық орталықтан алдық. Ор­талықтың соңғы қаралымында біздің жобаларға 200 млн теңге бөлінді. Тағы бір қаржы институты- «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы біздің кәсіпкерлерге шипажай салып беруге, бордақылау алаңдарын малмен қамтамасыз ету орталықтарын ашуға мүмкіндік береді. Жылыжай, ет, сүт бағы­тын­да жобаларымыз бар. Сонымен бірге үлкен көкөніс сақтау қой­ма­сын ашуды да қарастырып жатырмыз. Тағы бір айта кетерлігі, биыл бірінші рет Қожакент ауылына Иран күрішін ектік. Егер жақсы  өнім берсе, келер жылдан бастап көлемі артады. Негізгі дақыл күріш болғандықтан, оның көлемін бір деңгейде ұстап отырмыз. Ауданда 9500 гектар жерге күріш дақылы егіледі.

Сондай-ақ, өткен жылы тір­кел­­ген шағын және орта кәсіп­кер­лік субъекті саны 3338-ге жетті. Оның 239-ы заңды тұлғалар, 1160-ы шаруа қожалықтары, 1939-ы же­ке кәсіпкерлер болып табылады. Ал, белсенді субъекті  саны – 3171. Биылғы жылы да қаншама жан кәсіп бастап, мемлекеттік бағ­дар­ламалардың тиімділігін көрді. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында ауданда 288 жоба бойынша несие алу жоспарланған. Ал, бағдарламаның екінші бағыты - Жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқыту бойынша «Бастау-Бизнес» жобасын 183 адам оқыды.  Сонымен бірге ауданда жаппай кәсіпкерлікті дамыту аясында «Ауыл шаруа­шылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы арқылы 79 жобаға 202, 2 млн теңге несие берілді. Осылай жүйелі жұмыстар нәтижесінде  ауданда  мал басы көбейді.  Қырғызстан, Өзбекстаннан мал шаруашылығы саласын зерттеп жүрген мамандарды шақырып, тәжірбие алмасып жатырмыз. Олар бізге тың идеялар беруде.

– «Шалқияда» тау-кен байы­ту комбинатын салу – үлкен жаңа­лықтың бірі. Осы бағытта басқа  қандай ірі жобалар бар?

– Индустриалды-инновациялық даму мақсатында қомақты инвестиция салып, аудан экономикасының өркендеуіне зор үлес қосып отырған «Қазатомпром» АҚ-ға қарайтын «Қызылқұм» ЖШС, «Байкен-U» ЖШС, «СКЗ-U» ЖШС және қорғасын-мырыш өндіретін «Шалқия Цинк ЛТД» мекемесін ерекше атауға болады. Қазіргі таңда «Шалқия» қорғасын-мырыш кешенінде тау-кен байыту комбинатының құрылысы жүруде. ТМД елдерінің ішінде Қазақстан бұл металдың ең ірі өндірушісі болып табылады. Сондықтан «Шалқия» елімізде ғана емес, Дүниежүзінде мырыш өндіретін алып кешен. Қазір мұнда кен орнын игеру, тау-кен жұмыстарын дамыту жоспарын жетілдіру, кеннің байытылуын зерттеу жұмыстары қолға алынған. Сондай-ақ, өткен жылы онда жұмысшыларға арналған жатақхана салынды. Кәсіпорында еңбек ететін 710 адамның басым бөлігі жергілікті тұрғындар. Алдағы уақытта жұмысшылар саны артады. Ауданда мұнан өзге «Премиум Класс-Строй» ЖШС жылдық қуаты 30 мың тонна әк шығаратын зауыт, «БК Қызылордацемент» ЖШС жылына 560 мың тонна цемент өндіретін  зауыт салып жатыр.  Сондай-ақ, «Қызылорда AGROPlus» ЖШС жылына 12 мың 750 тонна томат пастасын шығаратын өндіріс құрылысын  жүргізуде.

– Аудандағы құрылыс қарқыны ерекше екені байқалып тұр. Жаңа нысандар қатары  көбейіпті...

– Дұрыс байқағансыз, олардың қатарында әлеуметтік нысандар көп. Сонымен қатар, облыста ең көп мектеп Жаңақорған ауданында салынып жатыр. Былтыр екі жаңа білім ошағы оқушыларға есігін айқара ашты. Биылғы оқу жылында 4 мектеп пайдалануға берілмек. Оған қоса, тағы 4 мектептің жобасын дайындап отырмыз. Бізде жылына 3-4 мектеп салынады. Балабақша саны да артып келеді. Мәселен, Түгіскен ауылында бір мезетте үш нысан ашылады. Олар 300 орындық мектеп, 140 орындық балабақша және денешынықтыру-сауықтыру кешені. Қожамберді ауылында 300 орындық мектеп беріледі. Аққұм ауылында былтыр дәрігерлік пункт ашылса, биыл 300 орындық мектеп ел игілігіне беріледі.  Өткен жылы бірнеше ауылда  жаңадан  дәрігерлік пункт ашылды, ауыл халқы ем алу үшін бұрынғыдай аудан орталығына сабылмайтын болды. Мәдениет үйлері де күрделі жөндеуден өтті.  Биыл аудан орталығы мен ауыл арасын байланыстыратын жолдар да жөнделіп жатыр.

– Енді мәдени жаңалыққа ойыс­сақ. Аймақ басшысы ауданға жасаған сапарының бірінде «Сыға­нақты мәдени туризм алаңына айналдыру керек» деген болатын. Тарихы тереңде жатқан қалашыққа туристерді тартудың қандай жолы бар? 

– Елбасының «Болашаққа бағ­­дар: рухани жаңғыру» бағ­дар­­ламалық мақаласы ұлт­тық құн­ды­лықтар мен тарихи мұра­ларымызды кеңінен насихаттауға жол ашқаны белгілі. Елбасы мақаласындағы міндеттер мен аймақ басшысының тапсырмасына орай, қазір Сығанақ қаласының орнын ашық аспан аясындағы музейге айналдыру бағытында жұмыстар жасалуда. Археолог-ғалымдар бір кездері ірі шаһар болған орынның қираған үйіндісін асқан ыждағаттылықпен зерттеп, қаланы қоршап тұрған қабырғаны, үйлерді және мешіт-медресені қалпына келтіру жұмыстарын қарқынды жүргізуде.

Орта ғасырда Қыпшақ хан­дығы, Ақ Орда, Қазақ хандығы мемлекеттеріне  астана болған Сығанақ – республикалық маңызы бар тарихи ескерткіш. Қалашықта археологиялық және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Түркістан қаласындағы Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық қа­зақ-түрік университетінің «Архео­ло­гия» ғылыми-зерттеу орта­лығы 2014 жылдан бастап қазба жұмыстарымен айналысып келеді. Алматы қаласы институттары да осы істі қолға алуда. Биыл қалашықтың шығыс жақ қақпасы тұрғызылады. Екі жақ қамалы биіктейді. Қазба жұмыстары үшін республикалық бюджеттен тиісті қаржы қаралды. Осындай жұмыстар нәтижесінде қалашық туристік орталыққа айналды десек те болады.  Соңғы кездері қалашықтың тарихына қызығып келушілер қатары артты.   Жүйелі жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасып жатыр. Келешекте туристерге арналған  қонақ үй, тамақтану орындары да салынатын болады.

– «Көгілдір отынның» игілі­гін көрген кент тұрғындары оны пайдалануда шы­ғынның аз кететінін байқапты. Ал ауыл халқы ше, олар от жағып, күл шығару бейнетінен қашан құтылмақ?

– Дұрыс айтасыз, магистралды құбыр кент орталығына келіп тұр. Бірінші болып Шалқия елді мекені қосылмақ. «Шалқия Цинк» кәсіпорны ауыл тұрғындарын «көгілдір отынмен» қамтуды өздері қолға алды. Демек, Шалқияға жеткен газ құбыры Құттықожа ауыл­ына да жақындайды. Бұдан бөлек, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы бірнеше ауылға көгілдір отын жеткізіп береміз деген кәсіпкерлер де бар. Кейден, Бесарық және жол бойына жақын орналасқан ауылдарға осындай азаматтардың арқасында газ құбыры тартылады. Жалпы,  кентте 5600 отбасы болса, оның 5000-ы көгілдір отынның» пайдасын көріп отыр.  Әлеуметтік нысандардан 5 мектеп газға қосылды.

– Осыған дейін ауызсу, аяқсу көп ауыл үшін проблемаға айналып келгенін білеміз. Сіздерде бұл мәселе қаншалықты шешімін тапты?

– Ауданға қарасты 26 ауыл бар. Оның 19-ы ауызсумен толық қамтылған. Қалған 7 ауылға ауыз­су­ды жеткізіп беру үшін тиісті жұмыстар атқарылуда. 2019 жылы барлық елді мекен толық ауызсумен қамтамасыз етіліп, тұрғындар сапалы ауызсуға қол жеткізеді. Аяқсу мәселесі де оң шешімін тауып келеді. Оның түйінін шешуге жергілікті бюджеттен қаржы қарадық. Негізі ауданда Қыркеңсе мен Сунақата ауылы аяқсудан тысқары қалып қойған еді. Осы орайда былтыр Қыркеңсе мен Жаңарыққа канал қазылды. Сунақата елді мекеніне «Қазсушар» мекемесі канал жүргізді. Ал, апатты жағдайдағы 3 көпірге тиісті қаржы қаралып, жұмыстар атқарылуда.

– Жастар тарапынан қандай тың идеялар бар?

– Аудан жастары белсенді. Бар­лық салада өздерінің қабілеттерін көрсетіп келеді. Іс-шараларды ұйым­дас­тырып, жоғары деңгейде өткізуге атсалысады. Екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жастар оқу курстарына қатысып, жаңа мамандықты игеруде. Байқасаңыз, кәсіп ашуға ынталы жастар көп. Кейбірінің идеялары тың. Осы жас­тардың жобаларын қолдау мақ­сатында түрлі мүмкіндіктер қарастырылған. Біз де барынша қолдау танытып келеміз. Мәсе­лен, бос тұрған ғимараттарды жастар­дың идеяларын дамытуға  беріп жатырмыз. Онда олар кәсіптерін жандандырмақ. Сонымен бірге, 25 ауылда жастармен жұмыс жасайтын  арнайы мамандар бар.

– Әңгімеңізге рахмет.



Ауданға сапар барысында біраз жайға қанық болдық.  Кіреберіс тұста шағын жаңа аудан бой көтерген. Осыдан біршама уақыт бұрын бұл жер тақыр дала болатын. Қазір  сауда дүңгіршектері, тынығуға арналған орындар, көлік жөндеу нысандары көптеп салыныпты. Демек, халықтың тұрмысы түзелген. Сұхбаттан кейін Ғалым Махмұтбайұлының бастауымен Аққорған ауылына бағыт алдық.  Бұл ауылда мектеп, балабақша және денешынықтыру-сауықтыру орталығының құрылысы бітіп, берілуге дайын тұр екен. Жолда бірнеше ауылдың тұсынан өттік. Жүйіткіген көлік. Тегіс жол. Межелі орынға оңай жетесіз. Әрбір ауылдан қызыл кірпіштен салынған білім ошақтары ерекше көзге түсті. Қала мектептері секілді. Егістік алқаптары да  көзге шалынады. Басында техника, диқандар. Тіршілік қызу жүріп жатыр. Бұл – Сырдарияның сол жақ бетіндегі ауылдар. Негізгі тіршілік көзі егіншілік. Аудандағы егіс көлемінің басым бөлігі осы ауылдарға тиесілі.   Көзді ашып-жұмғанша Аққорғанға да жеттік. Ауыл жасыл желекке бөленген. Салынған балабақша заман талабына сай. Қос қабатты, 140 балаға лайықталған ғимарат. Ішінде ойын, жатын, асхана, акт зал, жуынатын бөлме, бәрі де бар. Қаланың алдыңғы қатарлы балабақшаларынан еш кем түспейді. Ауласында ойын алаңдары жеткілікті. 450-ден астам түп жеміс ағаштары отырғызылған. Балабақша жанында ауыл жастарына арналған денешынықтыру-сауықтыру кешені бой көтеріпті. Екі қабатты нысанда үлкен баскетбол алаңы, көрермендер залы, бокс алаңы, спортшылардың жуынып- киінуіне арналған бөлмелер қарастырылған. Одан әрі жаңа мектепке бағыт алдық. Жұмыс аяқталуға жақын қалыпты. Аққорған ауылының балалары алдағы оқу жылында жаңа мектептің табалдырығын аттайтын болады.  Аядай ауылдағы бұл қуаныш оңтүстік ауданда  қарқынды істердің көп екенін аңғартады.


Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы».

Жаңақорған ауданы.

Cұхбат 25 мамыр 2018 г. 205 0