Инновациялық жобаларға арналған гранттарға кімдер қатыса алады?

Біз кәсіпкерлікпен айналысуға ниет білдіруші азаматтарға арналған кеңес беру айдарымызды жалғастырамыз. Бүгінгі тақырыбымыз кәсіпкерлерге арналған инновациялық жобаларға берілетін гранттарға қатысты болмақ. Біздің сауалымызға кәсіпкерлер палатасының кеңесшісі Батпанова Гаухар жауап береді.

- Гаухар, сәлеметсіз бе. Жыл сайын өңірімізде инновациялық жобаларға қатысты гранттарға конкурс өткізіліп тұратынынан хабардармыз. Жалпы осы грантты жеңіп алу үшін конкурсқа кімдер қатыса алады? Қандай жобалар инновациялық болып саналады? Осы жөнінде айтып өтсеңіз.

- Инновациялық грант дегеніміз – экономиканың басым секторларында, яғни өнім өндіру мен қызмет көрсету салаларында шағын қалалар, моно қалалар және де ауылдық елді мекендерде өзінің кәсібін ашуға мүмкіндіктері бар. Жалпы инновациялық грант дегеніміз өзінің тұрғылықты жерінде жоқ кәсіп түрін ашу болып табылады. «Бизнестің жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасы инновациялық жобаларға арналған гранттарға шағын кәсіпкерлік субъектілері, оның ішінде ісін жаңа бастаушы кәсіпкерлер, жас кәсіпкерлер, әйелдер, мүмкіндігі шектеулі азаматтар  және 50 жастан асқан адамдар қатыса алады.

- Инновациялық жобаларға арналған гранттарға қатысамын деген азаматтар қандай құжаттар жинақтауы қажет?

 - Жобаға қатысушы үміткер мынадай құжаттарды жинақтауы қажет: заңды тұлғаны (дара кәсіпкерді) мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің көшірмесі, кәсіпкердің ағымдағы шотында грантқа қатысу барысында ұсынып отырған жоба құнының 10 пайызы көлемінде қаржысы бар екендігін дәлелдейтін банктен алынған анықтама, өтінім берілген кездегі жалдамалы жұмыскерлердің орташа саны туралы басшының қолымен және өтініш берушінің мөрімен (болған кезде) расталған анықтама, бизнес-жоспары және «Бизнес кеңесші» оқу курсынан өткендігін дәлелдейтін сертификаттың көшірмесі, өтініш берілген күнге дейін кемінде күнтізбелік 30 күннен кешіктірілмей берілген бюджетке төленетін міндетті төлемдер бойынша берешектің жоқ екені туралы анықтама, сонымен қатар мемлекеттік грант беру бойынша конкурстық іріктеуге қатысуға арналған өтінім, міне осы құжаттар конкурстық комиссияға ұсынады.

 - Құжаттар қай уақытқа дейін қабылданады. Конкурсқа қатысу үшін қосымша қайдан кеңес алуға болады?

 -  Үміткерлер конкурстық құжаттаманы 15 мамырға дейін, жұмыс күндері сағат 09.00-ден 18.00-ге дейін (жергілікті уақытпен, түскі асқа үзіліс сағат 13.00-ден 15.00-ге дейін) ұсына алады. Құжаттарды Қызылорда қаласы, Әйтеке би 28 мекен-жайында орналасқан облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасына тапсыру қажет. Конкурсқа қатысуға қатысты қандай да бір кеңес қажет болса біз – Кәсіпкерлер палатасының кеңесшілері әрдайым әзірміз. Мұнан өзге, бизнес-жоспарды да біз тегін әзірлеп береміз әрі «Бизнес кеңесші» курсына оқыту шарасын да Палатаның бизнес-тренерлері тегін жүргізеді.

 - Кеңесіңізге рахмет. Жақсы сау болыңыз!

 

Қызылорда облысы 

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі  

Cұхбат 24 сәуір 2018 г. 242 0