«Бастау» жобасына кімдер қатыса алады?

Қымбатты достар, біз кәсіпкерлерге кеңес беру айдарымызды жалғастырамыз. Бүгінгі тақырыбымыз «Бастау» жобасына қатысты болмақ. Жобаның толық мақсат-міндеті, жүргізілу ерекшеліктері туралы Кәсіпкерлер палатасының кеңесші-менеджері Құрмантаева Гүлнұр айтып береді. 

            - Гүлнұр ханым, сәлеметсіз бе. Өзіңіз де білесіз, «Бастау» жобасына азаматтардың қызығушылығы өте жоғары. Сондықтан жалпы жобаның мақсаты туралы айтып беріңізші. «Бастау» жобасына қалай қатысуға болады?

            -  «Бастау» жобасы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасының екінші бағыты болып табылады. «Бастау» жобасына қатысу үшін ниет білдіруші азамат жұмыспен қамту орталығына немесе Кәсіпкерлер палатасының аудандардағы филиалына, сондай-ақ өзі тұратын ауылдық округ әкімшілігіне өтініш бере алады. Ниет білдірушінің мақсатты топқа жататындығын анықтайтын жұмыспен қамту орталығы. Орталық тізімді Палатаның филиалына өткізеді. Одан әрі Палата аталмыш азаматтардың кәсіпкерлік әлеуетін анықтау мақсатында тесттен өткізеді. Тесттен өткен азаматтар жобаның қатысушысы болып табылады және бұл азаматтар әрі қарай 25 күн көлемінде кәсіпкерлік негіздеріне қатысты арнайы оқытылады. Оқуды аяқтаған соң жоба қатысушыларына сертификаттар беріледі. Сертификат екі түрлі. Аудандық, облыстық комиссия алдында бизнес-жобасын сәтті қорғай алған жағдайда жобаны бітіргендігі жөнінде, ал комиссия алдында жобасын қорғай алмаған жағдайда оқуға қатысқандығы жөнінде сертификат беріледі. Оқудан 3 күннен артық қалуға болмайды. Оқудан себепсіз қалған азаматтар комиссияның шешімімен шығарылады. Оқуды бітіріп, сертификат алған соң 1 жолғы сертификат беріледі. 

            - «Бастау» жобасына кімдер қатыса алады?

            - Жобаға өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтар және жұмыссыздар қатыса алады. Оқуға қатысқан азаматтар кәсіпкерлік негіздеріне қатысты біліктіліктерін жетілдірумен қатар өздерінің бизнес-жоспарларын әзірлеп шығады. Оқуды сәтті аяқтаған соң бизнес-жоспарларын өңірдегі қаржы институттары: «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалы мен «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы» ЖШС-не ұсына алады. Бұл жобалар өміршең деп танылса аталмыш қаржы ұйымдары 6 пайызбен 8000 АЕК (айлық есептік көрсеткіш, биылғы жылғы көрсеткішпен 19 млн.тг.-ге дейін) дейін несие ала алады.

            - Биылғы оқу қашан басталады? Жаңадан енгізілген өзгешеліктер бар ма?

             - Осы жылы жобаға бірнеше өзгертулер енгізілді. 2017 жылы «Бастау» жобасы пилоттық негізде жүзеге асты да, біздің облыстан 5 аудан: Арал, қазалы, Қармақшы, Шиелі, Жаңақорған аудандарының тұрғындарынан барлығы 937 азамат оқытылды. Ал биыл барлық 7 аудандарда жүргізіледі. Онымен қоса Қызылорда қаласына қарасты ауылдық округ тұрғындары да жобаға қатысу мүмкіндігіне ие болды. 14-15 сәуірде барлық аудан мен Қызылорда қаласында тест өткізіліп, 16 сәуірден бастап оқу басталып кетеді. Сәуір айында оқуға қатысуға үлгермеген азаматтар қамықпаңыздар, бұл «Бастаудың» 1-легі (поток). Жыл ішінде мұнан өзге 5 лег жинақталып, оқытылады. Жыл соңына дейін 1600 қызылордалықты оқытуды көздеп отырмыз.

            - Гүлнұр ханым, кеңесіңізге рахмет. Жақсы, сау болыңыз!

Қызылорда облысы 

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі 

Cұхбат 10 сәуір 2018 г. 1 434 0