ДІН: ДӘСТҮР ЖӘНЕ ДӘЙЕК

 Елбасы Жарлығымен бекітілген Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында  жаңа заңнама қабылдау мәселесі қарастырылып жатыр. Осыған байланыс­ты Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы Дін мәселелерін зерттеу орталығының басшысы Бақытжан Камаловпен әңгімелескен едік.

– Алғашқы сауалымыз, деструктивті діни ағымның сыртқы белгілері дегеніміз не? Жалпы көпшілік мұны қалай ажыратады?

– Бүгінгі күні қоғамда «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар туралы» заң жобасы талқыланып жатыр. Аталған заң жобасы дін саласындағы заңнаманы жетілдіруге және діни радикализмнің алдын алуға бағытталған.  Заң жобасына қатысты көптеген теріс, негізсіз пікірлер де айтылуда. Атап айтқанда, діни ортада дін ұстанушылардың сыртқы келбетіне қатысты шектеу­лер қойылуы мүмкін деген пікірлер. Шын­дығында, заңда азаматтардың діни ұстанымына қатысты сыртқы формаларына мәселен, (сақал, қысқа балақ, т.б) тыйым салу көзделмеген.

Деструктивті діни ағымдардың сыртқы белгі­лерін көпшілікке көрсету мәселелері бойынша теріс діни идеологиялардың елімізде таралуына тосқауыл қою мақсатында заң жобасында бірқатар қажетті шаралар қабылданады деп күтілуде. Атап айтқанда, теріс діни ағымдардың айшықтары мен сыртқы белгілерін пайдалану мен көпшілікке көрсетуге шек қою, теріс діни ағымның идеологиясын тарату мен насихаттауға тыйым салу мәселелері де қарастырылуда.  Жалпы деструктивті діни ағым дегеніміз – адамның қорғалатын құқықтары мен бостандықтарына қатер төндіретін, имандылық негiздерді, рухани және мәдени құндылықтар мен дәстүрлерді әлсіретуге және (немесе) бұзуға қабілетті діни көзқарастар, идеялар, сондай-ақ, ілімнің жиынтығы.

Десек те, алдағы уақытта деструктивті діни ағымға сыртқы тиістілік белгісі заңға қосымша актімен бектілуі мүмкін. Сол кезде сыртқы белгі­лерге не жататындығын еліміздегі белгілі діни бірлестіктер  өкілдері, теологтар, дінтанушылар және сарапшылар жан-жақты зерделеп, бекітілетін болады.

– Дін саласы бойынша мамандар даярлау мәселесі қалай шешілетін болады? Елімізде бұл бағытта білім беретін қандай оқу орындары бар және олар талапкерлердің сұранысына сай қызмет көрсетуге қауқарлы ма? Оқу орнын бітірген жастардың өз мамандығына сай жұмысқа орналасуына қажетті жағдайлар қарастырылған ба?

–Қазіргі таңда елімізде діни кадрларды даярлаудың өзектілігі жылдан жылға артып келеді. Бүгінгі күні елімізде ислами бағыттағы «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті мен тоғыз медресе (соның ішінде 5 медресе-колледж) жұмыс жасауда. Қазір «Нұр-Мүбарак» университетінде 1180 адам (1093-і бакалавриатта, 62-сі магистратурада, 25-і докторантурада)  оқиды. Сондай-ақ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, Е.Бөкетаев атындағы ҚарМУ, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен Шет тілдері және іскерлік карьера университеттері дінтану мамандығы бойынша білім беруде.

Жалпы, сөз басында айтқанымыздай, бүгінгі күні теолог, исламтанушы, дінтанушы мамандарға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен мемлекеттік органдарда да сұраныстар бар.  Аймақтағы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты мешіт­тердегі діни қызметкерлердің 13 проценті жоғары, 15,5 проценті орта, 70 проценттен астамы мешіт жанындағы сауаттылық арттыру курстарында білім алған. Айта кетейік, бүгінгі таңда жергілікті атқарушы органдарда да, өзіміздің дін орталығына да  теолог, дінтанушы мамандарға сұраныс бар. Қазірдің өзінде біздің орталыққа теолог қыз балалар қажет.  

Қазақстан Респуб­ли­касының дін са­ла­сындағы мем­лекеттік сая­сатының 2017-2020 жылдарға арналған Тұжырымдамасын іске асыруға арналған іс-шаралар жоспарында радикалды діни идеологияға ұшыраған адамдарды оңалту, радикалды көзқарастан арылту мәселелері тапсырылған. Сондықтан да,  қазіргі жаһандану дәуірінде діни экстремизм мен терроризм қауіп-қатерінің артуына байланыс­ты қоғамда ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізетін теолог мамандарға сұраныстың артары сөзсіз. Осы орайда, биылғы жылы аймақтағы мешіттер мен мемлекеттік органдарға қажетті діни кадрларды шақыру мақсатында, облыстық ішкі сая­сат басқармасының басшысы А.Қайруллаевпен бірге Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбарак» университеті студенттерімен кездесу ұйымдастырылып, бітіру­шілерді елге шақырдық.

– Деректерге сүйенсек, дін саласы бойынша шет елдерде білім алып, елге оралған жастар арасында ұлтымыздың дәстүр құндылығын бағаламайтын жайттар кездесіп жатады. Осы жөнінде айтып өтсеңіз...

– Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейінгі алғашқы жылдары біздің елімізде діни оқу орындарының болмауына байланысты жастарымыз Египет, Сирия, Ливан, Йемен, Ливия, Сауд Арабия Корольдігі, Пәкістан, Малайзия секілді алыс-жақын мұсылман елдерінен білім ала бастады. Алайда,  ғасырлар бойы өз үйлесімі мен жалғасын тауып келе жатқан дәстүрлі дініміз бен бабалар сабақтастығынан хабары жоқ кейбір жастарымыз  ол жақта  тек қана діни білім алмай, сол елдерде бұрыннан қалыптасқан біздің дәстүрімізге жат ағымдардың ықпалында қалып қойды.  Кейін өкінішке қарай, сол жат діни идеологияларды елімізде тарата бастады. Содан болар, қазіргі таңда елімізде тыйым салынған  «Таблиғи жамағат», «Хизбут-тахрир», «Ат-такфир уал хиджра», т.т. ағымдар пайда болды. Сондай-ақ, шет елдерде білім алған кейбір жастарымыз қоғамда ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі діни ұстаным мен беташар, келіннің сәлем салуы, бата қайыру және аруақтарға Құран бағыштау секілді салт-дәстүрлерді жоққа шығарып, «мынау ширк», «мынау бидғат» деп пікір айта бастағандары да шындық. Оның басты себебі, сол жастарымыздың өз тарихы мен мәдениетін, ұлттық рухани құндылықтарын жетік білмегендіктен болса керек. Осындайда Ж.Баласағұн бабамыздың «Кімде-кім халқынан алмаса тәлім, оны үйрете алмас ешбір мұғалім» деген сөзі ойға оралады. Осы сөздің астарында үлкен мән бар. Сондықтан да, қазіргі заң жобасында діни ілім алушыларға бірінші кезекте отандық діни оқу орындарынан білім алып, содан кейін, жолдамамен шетелдік оқу орындарында білімін жалғастыру ұсынылуда.  Бұл өз кезегінде еліміздің дәстүріне жат діни ағымдардан сақ болуына және  теріс діни ағымның арбауында қалмауына өз септігін тигізеді. 

– Жаңа заңнамада мемлекеттік және бюджеттік ұйым қызметкерлеріне қатысты қандай жауапкершіліктер қарастырылып отыр? 

– Мемлекетіміздің дін саласындағы кейбір заңнамаларына өзгерістер мен толықтырулар туралы заң жобасында мемлекеттік және бюджеттік ұйым қызметкерлерінің дін саласындағы ұста­нымдары мен құқықтарын шектеулер көзделмеген. Тек мемлекеттік қызметшілердің қызмет бабын діни бірлестіктер мүддесіне пайдалануға, өзге адамдарды діни қызметке араласуға мәжбүрлеуге тыйым салу және діни бірлестікті құрушы немесе діни бірлестіктің мүшесі болуға тыйым салын­уы ұсынылуда. Сол сияқты, мемлекеттік бюджет және ҚР Ұлттық Банк бюджетінен қаржыландырылатын ұйымдардың қызметкерлеріне де  қызмет бабын діни бірлестіктердің мүддесіне пайдалану мен өзге адамдарды діни бірлестіктердің қызметіне араласуға мәжбүрлеуге жол берілмеу талаптары қойылуда. 

Алайда, мемлекеттік, бюджеттік сала қыз­меткерлері жұмыстан бос уақытта діни рәсім­дерге, құдайға құлшылық етуге және басқа іс-шараларға көпшілікпен бірдей қатыса алады. Яғни, мемлекеттік қызметшілердің ар-ождан бостандығына ешқандайда шектеулер жоқ.

– Жаңа заңнамада діни бірлестіктер қызметін жеңілдететін қандай шаралар қабылданбақ?

– Жоғарыда аталған заң жобасында бірқатар діни бірлестіктердің қызметін жеңілдететін нормалар бар.  2011 жылғы ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының 4-тарауы, 12-бабында діни бірлестіктерге жергілікті, өңірлік және республикалық діни бірлестіктер деп мәртебе берілген болатын. Осы заң аясында өңірлік діни бірлестік – кемінде екі облыстан, республикалық маңызы бар қалалардан және Астанадан өкілдік ететін, олардың әрқайсысынан Қазақстан Республикасының кемінде екі жүз елу азаматы бар екі және одан көп жергілікті діни бірлестіктердің қатысушылары (мүшелері) болып табылатын,  Қазақстан Республикасының кемінде бес жүз азаматының бастамасы бойынша құрылатын. Ал, қазіргі заң жобасында өңірлік діни бірлестіктерді мүшелерінің саны кем дегенде екі жүз елу адамнан тұратын, еліміздің екі және одан да көп аймақтарында орналасқан жергілікті діни бірлестіктер құра алады. Бұл түзетулер еліміздегі діни бірлестіктердің ұсыныстарына сәйкес енгізілуде.

Сұхбаттасқан Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы».

Cұхбат 19 наурыз 2018 г. 488 0