ТОНДА ТАҢБА БОЛУЫ ҚАЖЕТ

Бұдан үш жыл бұрын Еуразиялық экономикалық одақ аясында тері бұйымдарын таңбалау жөнінде келісімге қол қойылған болатын. Осы уақыт ара­лы­ғында қажетті ақпараттық жүйе дайын­далып, нормативтік-құқықтық актілері қа­был­­данды. Бүгінде елімізде пилоттық жоба өз жұмысын бастады. Осы­ған орай, тері бұйымдарын таң­балаудың пайдасы мен оның  қажеттілігі тура­сында облыс бойынша мемлекеттік кірістер депар­таментінің бөлім басшысы Сейтмахан Айменовпен әңгімелескен едік. 

– Сейтмахан Нұрәліұлы, тері бұйымдарын таңба­лау дегеніміз не? Жоба жайында толық айтып өтсеңіз. 

– Тері бұйымдарды таңбалау дегеніміз – пилоттық жобаны iске асыру туралы Келiсiмге сәйкес «идентифи­кациалық бақылау белгiлермен» бекiтiлген үлгiнi (БиБ) тауарларға түсiру. Яғни, тауарларды БиБ таңбалаудың үш тәсiлi пайдаланылады: тiгiледі, желiмденеді, тағы­лады. Бұл жоба елімізде өткен жылдың қараша айынан бастап  толық қолға алынды.

– Бұл жобаның пайдасы қандай?

– Біріншіден, халық  тонның қандай теріден тігіл­ген­дігі, өндірген мемлекет әрі жеткізуші жөнінде ақпарат алады. Әрі кәсіпкердің бәсекеге қабілеттігі артады. Екіншіден, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып жүргендердің жолы кесіледі. Үшіншіден, мемлекетке түсетін салықтың түсімі ұлғаяды. Таңбасы жоқ тон заңсыз болып есептеледі. Оны халық тонға тағылған чипке қарап біледі. Сондықтан жобаның маңызы зор.

– Қазіргі күні нақты қандай тері бұйымдарында бақылау идентификациялық белгілері (БиБ)  болуы керек? Сондай-ақ, қандай жағдайда өндірушілер мен импорттаушылар таңбалау бойынша ақпараттық жүйеге мәлімет беруі тиіс?

– 2016 жылдың 12 тамызынан бастап 7 түрлі тері бұйымдарына талап қойылып, сол уақытта күшіне енді. Олар: қаракүзеннен (норки) жасалған киiм заттары – СЭҚ ТН коды 430309010; су тышқаннан жасалған киiм ­заттары – СЭҚ ТН коды 4303109020; ақ түлкі және түлкіден жасалған киім заттары – СЭҚ ТН коды 4303109030; үй қояны немесе қояннан жасалған киім заттары – СЭҚ ТН коды 4303109040; еноттан жасалған киім заттары – СЭҚ ТН коды 4303109050; қой терісінен жасалған киім заттары – СЭҚ ТН коды 4303109060; табиғи теріден жасалған басқа киім заттары – СЭҚ ТН коды 4303109070. Бұл тізбеге қолғап, бас киім және оның бөліктері кірмейді. Ал, ақпарат беруге келсек, бекiтiлген талаптардағы нормаға сәйкес өндiрушiлер мен импортерларға үшiншi елден тауар әкелгенде, тері бұйымдарды (тiгу) өндiру,  шекара­аралық сауда мен комиссиялық сауда, БиБ туралы ақпарат шеңберінде бөлшек саудада жүзеге асырылған немесе жойылып кеткен тауарға және тауарлардың қалдықтарын таңбалау мен  сатып алушы қайтарылған тауарлары үшiн БиБ қолданған кезде ақпараттық жүйеге ақпарат беру жүзеге асырылады.

– Ал, БиБ алу үшін кәсіпкерлер не өткізу қажет?

– Кәсiпкерлер әкелген не өндірген тері бұйымдарына БиБ алу үшін ақпараттық жүйеге кәсіпкердің БСН/ЖСН, ТН СЭҚ-тың 10 сандық коды, үшінші елдерден әкелген тауар декларациясының тіркеу нөмірі, БиБ нөмірі, жаһанды сауда бірлігінің идентификациялық нөмірі, бақылау таңбасы белгісінің радиожелісіндегі нөмірі, жаһанды сауда бірлігінің сериялық нөмірі, тауардың атауы, нормативтiк құжаттарға жөн-жобаны көрсету, ­тауар өндірушінің аты-жөні, тауардың түрлері, тауардың шыққан елінің атауын беруі қажет. Сондай-ақ, БиБ алу үшiн «GLOBGAL Trade Item Number» (GTIN) сауда бiрлiгінің жаһандық идентификациялық нөмірі ақпараттық жүйеге ­тапсырылу керек. GTIN алу үшін GS1 Kazakhstan автоматты теңестіру бойынша аумақтық қауымдастыққа кіру қажет. Қауымдастыққа мүше болу ақылы болып табылады. Мұның барлығы электронды түрде қабылданады.

– Аймақта таңбалау жұмысы қалай жүруде? Таң­балау құны қанша тұрады?

– Тері бұйымдарды таңбалау бойынша талап тек кәсiпкерлiк қызметке арналады. Бүгінде өңірде тон сатумен 35 адам айналысады. Оларда 936 тон бар, оның 836-на рұқсат алынды. Жуырда қалған тондар да таңбаланады. Таңбалау құны қымбат емес, құн бақылау таңбалары жүйесінде бекітілген. Яғни, әзірлеуі мен жеткізуін қос­қанда 400 теңгені құрайды.

Әңгімелескен,

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы».

Cұхбат 26 ақпан 2018 г. 171 0