Қызылорда «Ақылды басқару» бағытындағы үздік жобаларды айқындайды

Қызылорда қаласы үшінші жүзжылдықты елеулі өзгерістермен бастайды. Сырдың бас шаһарында ақпараттық коммуникацияларды тиімді пайдалануға негізделген «Smart сity» жобасы жүзеге асырылмақ. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бастаған аймақ делегациясының Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары барысында белгілі болғандай, «Қызылорда – ақылды қала» жобасы «Huawei Technologies LTD»  компаниясымен меморандум аясында орындалады. Бүгінде біздің аймақ қана емес, тұтас ел экономиканы цифрландыруға ден қойды. Елбасы Жолдаудың бірінші басымдығында ­«Индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс» деді. Қазір трендке айналған «цифрландыру», «автоматтандыру», «роботтандыру» сөздері шын мәнінде іске асып, кәдемізге жараса, көп нәрседен ұтарымыз анық.

Ендеше, автоматтандыру мен цифрландырудың негізі саналатын IT саланың облыстағы жағдайы қалай? Өндірісті цифрландыру, технологиялар трансфертін ынталандыру мақсатында қандай ­жобалар қолға алынды? Бұл саланың жайын облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Индира Ақжігітова тарқатып берді.


− «Ақылды қаланың» қандай артықшылықтары болады? Айталық, Сингапур хай-тек медицина мен қоқысты жылдам тазалау мәселесін, ал Дубай шопинг пен қауіпсіздікті басты орынға қойып, адамдардың өмір сүруін жеңілдетті. Қызылордада қай мәселеге басымдық беріледі?

− «Smart сity» – халықтың өмір сүру жағдайын жақсарту мақсатында енгізілген стратегия. Айталық, Қарағанды облысы – денсаулық сақтау, Павлодар –білім, Астана – қауіпсіздік саласы бойынша пилоттық өңір болып бекітілді. Мұның мақсаты не? Болашақта әр аймақта жүзеге асқан үздік жобалар басқа өңірлерде де қолданысқа енеді. Ал Қызылорда «ақылды басқару» бағыты бойынша үздік жобаларды айқындайды. «Ақылды басқару» қалай жүзеге асады? Ол – барлық сала бойынша ақпаратты жинақтау мен бақылаудың тиімді мүмкіндігі. Қай салада қандай мәселе бар? Мысалы, білім саласының қай бағытына көбірек қаржы бөлу керегін, қай оқу орнында білім сапасы төмен екенін дер кезінде анықтай аламыз.

Қазір «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасынан туындайтын «Ақылды қала» тұжырымдамасы аясында 11 сала негізгі бағыт болып есептеледі. Олар – денсаулық сақтау, білім, тұрғын үй-шаруашылық, транспорт, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін инклюзивті қоғам құру, қаланы басқару, экология, қауіпсіздік, туризм салалары. Біз қауіпсіздік мәселесіне басымдық бердік. Ақылды басқару жобасын бірінші болып бастауымыздың себебі, оның функцияларының ішінде концепцияда айқындалған технологиялық платформамыз бар. Ол – облыс әкімдігінің ситуациялық ахуал орталығы.

«Ақылды қала» тұжырымдамасының негізі 2012 жылдан бастап қаланды. 2013 жылы «Ақпаратты Қазақстан» бағдарламасы бекітілді. Демек, барлығы кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр. «Ақылды қала» тұжырымдамасы негізінде білім саласы 66 бағытты қамтиды. Оның 33-і қолданысқа енгізілген. Ұлттық білім беру деректор қоры, электронды журнал, электронды күнделік жобалары енгізілді. Электронды құжат айналымы пайда болды. Бұған дейін дәрігердің жазғанын дәрігерден басқа ешкім түсінбейтін. Соңғы үш-төрт жылда қолжазбаны электронды түрде дайындауға мүмкіндік туды. Мысалы, Астана­дан облысқа жедел жәрдем келетін болса, олар науқастың жағдайымен сол мезетте электронды түрде танысып, науқасқа жеткенше диагнозы мен жағдайынан хабардар болады. 

− Жуырда ғана облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Татарстан, Мәскеу, Қытайға іссапармен барып, аталған мемлекеттердің жаңалықтарымен танысты. Сапар барысында ІТ саласын дамытуға қатысты келісімдер жасалды. Цифрлық технология бойынша алда тұрған бұл елдерден біз не ала аламыз? 

− Мәскеуде халықаралық Гайдар форумына қатыстық. «Цифрлық технология бойынша қандай мәселе бар, қай технологияны енгізген тиімді» деген сауалдар талқыланды. Қазір үлкен көлемдегі деректер қорынан туындайтын мәселені шешу керек. Айталық, желтоқсан айында «Каспий банк» акцияны көп ұйымдастырды. Сол кезде халықтың сұранысы жоғарылап, ақпарат айналымы кеңейіп, олардың қызмет көрсету платформасы бір жарым күнге тоқтап қалды. Демек, ол үлкен ақпарат айналымын көтере алмады. Форумда сол секілді білім, денсаулық сақтау, көлік салалары, коммуналдық сферада үлкен ақпарат айналымы болған кезде «Big Data» (үлкен деректер) технологиясы қолданылатыны айтылды. «Каспий банк» арқылы коммуналдық төлемдерді интернетпен төлеуге болады. Кезекке тұрып, жол жүріп, уақыт жоғалтпайсың. Қазір қала тұрғындарының саны 300 мыңнан, облыс халқы 800 мыңнан асады. Коммуналдық төлемдерді электронды түрде төлейтін, онлайн-сауда жасайтын тұрғындар саны артқан сайын дерек қоры көбейеді. Сол кезде «Big Data», «Вlockchain» технологиясын қолданамыз. Бұл ұғымдар енді ғана қолданысқа еніп жатыр. Гайдар форумында осындай мәселелердің шешімін таптық.

Татарстан – бүгінде цифрлық технологияны игеруде тек Ресейде ғана емес, ТМД елдерінде көш­басшы.  Осы елдегі  Иннополис қаласында ІТ бағытындағы университет, мектеп, балабақша бар. Балаларды кішкентайынан цифрлық технологияны қолдануға үйретеді. Тіпті, оқушылары да 3Д принтер пайдаланады. Қазан университетінде Қазақстанның 30 студенті білім алып жатыр. Облыс әкімі қызылордалық жастардың да білім алу жолын қарастырып, Татарстан президенті Рустам Миннихановпен  аталған білім ордасына  облыс жастары үшін жыл сайын 20 грант бөлу туралы келісімге келді.

Қытайға «Huawei Technologies LTD» компа­ниясының шақыруымен бардық. Телекоммуникация көшбасшысының 170 елде филиалы бар. Жұмыс тобы компанияның озық технологияларымен танысты. Қытайда қауіпсіздік мәселесі бірінші орынға қойылған. Же­дел басқару орталығына барғанымызда ақылды бас­қару жүйесімен нені анықтай алатынын сұрадық. Олар біздің әуежайдан бастап орталыққа келгенге дейінгі аралықта қайда тоқтап, қайда барғанымыздың барлығын бейне арқылы көрсетіп берді. Бұл – таң­ғаларлық жетістік. Олар шағын және орта бизнесті да­мыту арқылы осындай ауқымды цифрлық технологияға қол жеткізген. Біз қазір бірлескен түрде атқарылатын жобаларды анықтап алдық. Бұл жобалар облыста жекеменшік-мемлекеттік әріптестік аясында жүзеге асады.

− «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдар­ламасы аясында денсаулық, білім салалары жаңа бастамаларға қол жеткізді. Бірақ халық онлайн төлем жасауды, емханаға e-gov порталы арқылы талон алып, кезекке тұруды, қарапайым электронды цифрлық қолтаңбаны қалай алуды біле бермейді. Елдің қызығушылығын арттыру үшін не істеу керек? 

− 2012 жылдан бастап «Электронды үкімет» жобасы қолға алынғанда, облыста бар болғаны 129 электронды қызмет болды. 2017 жылы көрсеткіш 480-ге жетті. Бұл нені білдіреді? Электронды қызметті насихаттау, түсіндіру жұмыстары қарқын алуы қажет. Қазір емханаларда e-gov порталының нүктелері бар. Сол жерде менеджерлер халыққа түсіндіру жұмысын жүргізеді. Бұл орайда «Жас Отан» еріктілері де бізбен бірге жұмыс істеді. Қазір халықтың басым бөлігі денсаулық сақтау саласы бойынша, әсіресе емхананы ауыстыру, дәрігер шақыру және дәрігерге жазылу сияқты қызмет түрлерін жиі қолданған. Сондай-ақ, бүгінде әр ауданда компьютерлік сауаттылыққа үйрететін орталық бар. Электронды қызмет пайда­ланушылардың қызығушылығын арттыру үшін акция да ұйымдастырамыз. Айталық, электронды қызметті пайдаланған әрбір төрт мыңыншы адам теледидар ұтып алады.

− Елбасы Жолдауда: «Заманауи технологиялар жылдам өсіп келе жатқан мегаполистің проб­лемаларын тиімді шешуге жол ашады»,- деді. Бұл мемлекет тарапынан IT салаға айрықша қолдау көр­сетілетінін аңғартады. Жалпы, облыста ІТ мамандар жеткілікті ме?

− ІТ саласы тұтас ел бойынша енді ғана қарқын алды.  Байқасақ, осы саланың мамандары видео өңдеп, фоторепортаж жасауға бейім. Мобильді қосымша, бағдарлама жасай алатындары өте аз. Өткен жылы облыста оқытушылардың біліктілігін арттыру үдемелі түрде жүргізілді. Биыл да мектептердің білім деңгейін көтеруге 10 миллион теңге бөлінді. Демек, бәсекеге қабілетті маманды мектептен бастап дайындаймыз. Қазіргі жағдайымызды төмен деуге келмейді. ІТ саласына қолдау күшейді. Сондай-ақ, Мәскеуде оқып жатқан жастардың 70 проценті ІТ технологиясын игеруге маманданады.

ІТ саласының стартап жобаларына қолдау таныту үшін өткен жылдың желтоқсан айында жастар арасында «HackDay» идеялар фестивалін өткіздік. Сол кезде онға жуық жоба көңілімізден шықты. Мәселен, оқушылар газ анализаторын ойлап тапқан. Үйден газ иісі шықса, ұялы телефонға хабарлама түседі, сол арқылы қауіптің алдын алуға болады. Мүмкіндігі шектеулі жандарға таптырмас құрылғы смарт-палата жобасы ұсынылды. Смартфонға қондырылған басқару жүйесі арқылы науқастың ауруын нақтылай алады, емін белгілеп, ескертіп отырады. Жоба ұсынушылары алдағы уақытта кәсіпкерлермен кездеседі. Сол кезде жобаны өндіріске енгізудің жолын қарастырамыз.

− Болашақта ондаған адам жасайтын шаруа­ны роботтар немесе автоматтандырылған тех­нологиялар атқарады. Сонда бұл өзгеріс қан­шалықты қауіпті болмақ?

− Бір технология жасалған кезде, екінші мүмкіндікке жол ашылады. Адамның зерттеу ауқымы кеңейеді. Цифрлық технология арқылы жаңа жұмыстар пайда болады. Сондықтан қызметінен босаған адам өзіндегі стереотиптерді бұзып, өзін қайта даярлау керек. Айталық, адамдар онлайн-саудаға бейімделгені дұрыс.

− «Вlockchain» секілді цифрлы технологиялар қай салаларда қолданылуда?

− «Вlockchain» ұғымы Қазақстанда енді ғана қолданыла бастады. Әзірге банк саласында қолданысқа енді. Айталық, ақша аударымдары 15-20 минутта жүзеге асса, енді секундта орындалады. Мұны денсаулық сақтау саласында, сауда айналымы кезінде қолдануға да болады.

− Сұқбат үшін рақмет!

Әңгімелескен:

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».

Cұхбат 10 ақпан 2018 г. 534 0