БАЙҚОҢЫРДЫ ДАМЫТУ БАСЫМДЫҚТАРЫ

Газетіміздің өткен санында хабарлағанымыздай, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин жұмыс сапарымен «Байқоңыр» кешенінде болды.

Жұмыс сапарында Асқар Ұзақбайұлы ғарыштық қызмет жөніндегі «Роскосмос» мемлекеттік корпорациясының Бас директоры Д.О.Рогозинмен кездесті.

Кездесуге облыс әкімі Қ.Көшербаев, ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Б.Атамқұлов, республикалық қаржы, энергетика, білім және ғылым вице-министрлері, құрылыс және тұрғын үй –коммуналдық шаруашылығы комитетінің төрағасы және бірқатар орталық мемлекеттік орган жетекшілері қатысты. 

Кездесуде «Байқоңыр» кешенін дамытудың мәселелері талқыланып, бұл туралы биылғы жылдың 9 қарашасында  Петропавл қаласында өткізілетін аймақ­аралық ынтымақтастық форумында Қазақстан және Ресей мемлекеті басшыларына хабарланатыны айтылды.

Сондай-ақ, «Бәйтерек» жобасының жү­зеге асырылу барысы, Байқоңыр қала­­сын дамытудың бірқатар мәселелері пысықталып, «Гагарин стартын» жетіл­дірудің бірлескен жобасы бойынша Ресей, Қазақстан және Біріккен Араб Эмираты үш жақты жұмыс тобының есебі тыңдалды.

ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Байқоңыр қаласындағы бір­қатар нысанда болды.

Құрылыс алаңында А.Мамин «Нұр­лы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үй құрылысының барысымен танысты. Тұрғын үй құрылысын жыл соңында аяқтау жоспарланған, осыған байланысты Асқар Ұзақбайұлы келер жылы да арендалық құрылысты жалғастыруды, тұрғындардың «7-20-25» бағдарламасы бойынша коммерциялық тұрғын үй­лер алуына жағдай жасау қажеттігін жеткізді.

№277 орта мектепте болғанда білім сапасын түбегейлі жақсартуды қамтамасыз ету үшін Қазақстан аза­маттарының балаларын Қазақстан стан­дарттары бойынша оқыту мен тәрбиелеуді ұйымдастыру керектігін атап өтті. Сонымен бірге «Мұғалім мәр­тебесі туралы» Заң жобасын дайындау барысында мектеп мұғалімдерінің, сондай-ақ Байқоңыр қаласы балабақша тәрбиешілерінің жалақы төлеу жүйесін жетілдіру ерекшеліктерін ескеру қажеттігі сөз болды.

Ал қонақ үй ғимаратымен танысу барысында туризм инфрақұрылымын дамыту үшін инвесторларды тарту аталған қонақ үй базасында жоғары деңгейдегі отельдерді ұйымдастыруға ықпал етеді.

ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары нысандарды аралау қорытындысы бойынша «Байқоңыр» кешенін дамыту мәселелері Мемлекет басшысының тұрақты бақылауында тұрғанын атап өтіп, Елбасының әрбір қала өзінің тұрақты экономикалық өсу моделіне сүйене отырып дамуы керек деген тапсырмасы Байқоңыр қаласына да толық қатысты екенін жеткізді.

 

Ж.ӘБІШЕВ.

Саясат 15 қазан 2018 г. 253 0