Путин мен Трамп Хельсинки саммитінің қорытындысы бойынша сұхбат бердІ

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путиннің Хельсинкидегі кездесуі жоспарланғаннан 90 минутқа ұзаққа созылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА.Кездесу 4 сағатқа жуық уақытқа созылды.

Мемлекет басшыларынан бөлек кездесуге тек аудармашылар ғана қатысты. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен кездесу өтетін орынды босатуды сұрады. Айта кететін мәселе, Трамп пен Путинннің G20 аясындағы өткен жылы болған соңғы кездесуі де келісілгеннен көп уақытқа созылған болатын, деп жазады СNN. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің бірі АҚШ президентінен кездесудің қалай өткенін сұрады. Оған жауап ретінде президент кездесудің жақсы бастамаға негіз болғанын айтты.


Кездесуден соң Ресей мен АҚШ тарапы түскі астан кейін кеңейтілген құрамда кездесу өткізіп, артынан бірлескен баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды. Ыңғайсыз жағдайлар да болмай қоймады. Баспасөз мәслихатының алдында тілшілердің бірін залдан шығарып жіберді. Ол «Ядролық қаруға тыйым салу келісімі» деген жазу ұстап тұрған еді. Алайда бұл жағдай баспасөз мәслихатының талапқа сай өтуіне кедергі болған жоқ. Баспасөз мәслихаты басталысымен сөз алған Владимир Путин АҚШ басшысымен болған кездесудің ашық әрі іскерлік бағытта өрбігендігін жеткізді. Ол кездесудің сәтті әрі жемісті болғандығын айтты. Соған қарамастан Ресей басшысы АҚШ пен Ресей арасындағы қарым-қатынастың соңғы уақытта күрделі болғандығын атап өтті. «Баршаға аян, екіжақты қарым-қатынас күрделі жағдайда. Алайда жағдай ушығып барады деп айта алмаймыз»,-деген ойын жеткізді Путин.


Баспасөз мәслихатында Ресей көшбасшысы келіссөздер барысында Вашингтонның Иран бойынша келісімнен бас тартқандығына алаңдаушылық білдіргенін жеткізді. «Ядролық келісімнің арқасында Иран МАГАТЭ-нің бақылауындағы және әлемдегі ең жан-жақты тексерілген ел болып отыр»,-деп қосты Путин. Путин басты назарды 2016 жылғы америкалық сайлау процесіне аударып, бұл үдеріске Мәскеудің ешқандай қатысы болмағанығын айтты. «Трамп АҚШ-тағы сайлау үдерісіне Ресейдің араласқандығы жөніндегі мәселені тағы көтерді. Маған осыған дейінгі кездесулерде сан мәрте қайталаған сөзді тағы бір рет айту қажет болды. Яғни, Ресей сайлау үдерісін қоса алғанда, АҚШ-тың ішкі ісіне араласқан емес және араласатын ойы да жоқ»,-деді Ресей президенті.


ТАСС агенттігінің хабарлауынша, Ресей президенті Владимир Путин америкалық әріптесі Дональд Трамппен болған кездесудің қорытындыларына көңілі толады. «Америка Құрама Штаттарының президенті Дональд Трамп мырзамен болған келіссөздер ашық әрі іскерлік атмосферада өтті. Мен кездесуді сәтті әрі пайдалы болды деп ойлаймын»,-деп мәлімдеді Ресейдің Мемлекет басшысы Ресей-АҚШ кездесуінен соң болған баспасөз мәслихатында. Путиннің сөзінше, көшбасшылар Ресей-АҚШ қарым-қатынасының қазіргі жағдайы мен болашағын және халықаралық күн тәртібіндегі шешуші тақырыптарды талқылаған. CNN-нің хабарлауынша, Трамп Вашингтон мен Мәскеудің арасы осыншама қиын жағдайда болмағандығын айта келе, алайда жағдайдың 4 сағат бұрын ғана мүлдем өзгергендігін жеткізген. Трамп Владимир Путинмен болған кездесудің екі арасындағы қарым-қатынасты айтарлықтай оңалтқандығын мәлімдеді.АҚШ президентінің мәлімдеуінше, диалог пен кездесуден бас тарта салу әлдеқайда жеңіл болар еді, алайда ол ешқандай да нәтиже бермес еді.

 Ол сондай-ақ сөзінде ресейлік әріптесімен бетпе-бет өткізген кездесуінде ядролық қаруды таратпау, Солтүстік Корея мен терроризмді қауіпті қарулардан тазарту мәселелерін сөз еткендігін атап өтті. Кездесу барысында Дональд Трамп Путинді жақсы қарсылас деп бағалады және бұл сөздің жақсы мағынасында айтылғандығына назар аударды. Ол Вашингтон мен Мәскеу арасындағы жағдайдың күрделеніп кеткеніне екі тараптың да кінәсі бар деген ойын жеткізді. «Меніңше, Америка Құрама штаттарының әрекеті ақылға қонымды болмады. Бізге осы таза диалогты баяғыда-ақ ұйымдастыру керек еді. Бәріне өзіміз кінәліміз»,-деді Трамп.


Тараптардың келіссөздер барысында экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселесі сөз болғандығы айтылды. Нақтырақ айтқанда, АҚШ пен Ресей бизнесі капитандарының жұмыс тобы құрылмақ. Көшбашылардың екеуі де екі ел арасындағы ынтымақтастық Сириядағы мыңдаған адамдардың өмірін сақтау қалу мүмкіндігін растады. Путиннің пікірінше, Мәскеу мен Вашингтон Сириядағы дағдарысты реттеумен қатар, әлемдік мұнай мен газ нарығындағы бағаны да бірлесіп реттеуге мүмкіндіктері бар. Айта кететін мәселе, баспасөз мәслихаты барысында Владимир Путин өзінің америкалық әріптесіне футболдан әлем чемпионатының добын сыйлап, АҚШ, Канада және Мексикада өтетін ӘЧ-2026 шарасын сәтті өткізуді тіледі.



Саясат 17 шілде 2018 г. 366 0