Қазақстан мен Қытай бірлескен инвестициялық қор құрды

Бүгін Бейжіңде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытай Халық Республикасына ресми сапары шеңберінде Eurasian Nurly (Bright) Investment Fund Қазақстан-Қытай бірлескен қорын құру туралы келісімге қол қойылды, деп хабарлайды «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ баспасөз қызметі.
Қазақстан тарапынан Келісімге «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасы Айдар Әріпханов, Қытай тарапынан - CITIC Eurasian Capital Limited корпорациясының Бас директоры Сунь Ян және Қытай-Еуразиялық Экономикалық ынтымақтастық қорының президенті Линь Ган қол қойды.
«Құрылған қордың жоспарланған мақсатты көлемі 500 млн. АҚШ долларына дейін жетеді. Қордың негізгі инвестициялары инфрақұрылымды дамыту, табиғи ресурстарды өңдеу, логистика, ақпараттық технологиялар, өңдеуші өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен сияқты экономиканың әртүрлі салаларында Қазақстан аумағында жобаларды іске асыруға бағытталатын болады», - деді А. Әріпханов.
Келісімді іске асыру жөніндегі негізгі қазақстандық институт «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы «Қазына Капитал Менеджмент» АҚ болады. Бұдан бұрын, 2017 жылғы 7 маусымда Астана қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті шеңберінде Инвестициялық қор құру жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылған.
«Жаңадан құрылған Eurasian Nurly (Bright) Investment Fund қоры Қытайдағы ірі институционалдық және CITIC Group, China Eurasian Economic Cooperation Fund, Asia Investment Finance Group Limited және басқа жеке инвесторлардан Қазақстан экономикасына инвестициялар тартады. Келісімге қол қою - қазақстандық жобаларды қаржыландыру көздерін кеңейту жөніндегі жемісті жұмысымыздың нәтижесі», - деді «Қазына Капитал Менеджмент» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Әсет Сағымбеков.


Саясат 08 маусым 2018 г. 99 0