ТӘУЕЛСІЗДІК ДӘУІРІ – БІРЕГЕЙ ТАРИХИ ҚҰЖАТ

Қай заманда да ел тарихындағы шешуші дәуірді кең қамтып, терең талдаған еңбек жоғары бағаланған. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабында егемен еліміздің Тәуелсіздік алған жылдарынан бергі тарихы толығымен қамтылған. Кітаптың құндылығы – тәуелсіздік жылдарындағы қиын да күрделі сәттеріміздің, жеңісті де жемісті күндеріміздің, айқын үдерістегі қалыптасу, өркендеу сатыларының, қазақстандық мемлекеттік құрылыс пен даму, татулық пен бірлік моделінің жан-жақты таразыланған, егжей-тегжейлі сарапталған шежіресі екендігінде. Бұл жай кітап емес. Бұл Елбасының бәріміз үшін ең қасиетті құндылық саналатын Тәуелсіздік туралы ой-толғамдарының жиынтығы. 26 жыл ішінде болған оқиғаларға сындарлы талдау жасалған: бұл фактілер ғана емес, терең пайым. Себебі, кітап авторы Президент Нұрсұлтан Назарбаевты оқиғалардың куәгері, қатысушысы ғана емес, тәуелсіз мемлекетіміздің тарихын жасаушы деуге болады. Сондықтан бұл еңбек қажеттілігін жоғалтпайтын тұтас бір дәуірдің құжаты іспетті.

Елбасы кітабы еліміздің жаңа тарихын тұтас қамтыған, мазмұны аса бай 4 бөлімнен тұрады: «Мемлекетіміздің дүниеге келуі. Қазақстанның бірінші жаңғыруы (1991-1995 жылдар)», «Ұлы бетбұрыс. Қазақстанның екінші жаңғыруының басталуы (1996-1999 жылдар)», «Қияға құлаш сермеу. Қазақстанның екінші жаңғыруы (2000-2010 жылдар)», «Қалыптасқан мемлекет. Қазақстанның үшінші жаңғыруы (2010 жылдар)».

Әр бөлімнің өзі бірнеше бөлімдерге бөлінген. Олардың атауларына да мән беріліп, жаңа тарихымыз бен қазақстандық құндылықтардың дәуірлік оқиғалары нақты, әрі дәл суреттелген. Атап айтқанда, «Тарихи әділеттілік салтанаты», «Тұғыры берік мемлекеттік құрылым», «Бас­ты құндылығымыз – бейбітшілікті қастерлей білдік», «Жаңалықтың жылы лебі және қайта түлеген дәстүр», «Сыртқы саясат: тыңға түрен салғандай...», «Қияға көз тіккен Қазақстан барысы», «Баянды болсын – Бас қала!», «Саяси тұрақтылық жемісі», «Тәуелсіздік рухымызды шыңдады», «Әлем мойындаған көшбасшылық», «Көз алдымыздағы ұлы өзгерістер» және басқа да бөлімдерде еліміздің жарқын сәттері егжей-тегжейлі баяндалады. Елбасы кітабында қазақстандық даму моделінің мән-маңызы: оның эволюциясы, негізгі қағидаттары, тетіктері мен қозғаушы күштері айқын көрініс тапқан.

Қазақстанның жаңғыруының үш толқынын қарастыруға көп көңіл бөлінген. Президент жаңғыртудың жүйелі үш толқыны ретіндегі мемлекет құрылысы мен біздің тарихымызға өз көзқарасын білдірген. Бірінші және екінші жаңғыртудың арқасында тоталитарлық жүйені ысырып, нарықтық экономика құру, әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына кіру міндеттері ойдағыдай шешімін тапты. Үшінші жаңғырту елді жаппай жаңартуға және жаңа жаһандық шынайылық жағдайларында оны әлемнің аса дамыған 30 елінің қатарына енгізуге бағытталған.

«Тәуелсіздік дәуірі» – бұл өткен кезең туралы ғана кітап емес. Ол – болашақты бағдарлайтын, еліміздің болашақта қандай қағидаттарға сүйену керектігін көрсетіп берген туынды.

Елбасы еңбегінде сыртқы саясаттың айқын және мызғымас басымдықтарына толығынан тоқталған. Көпвекторлық қағидатына негізделген сыртқы саясатымыз Қазақстанның әлемдік деңгейдегі беделін көтергендігі, оны халықаралық сахнада танымал еткендігі де нақты көрініс тапқан. Бүгінде Қазақстан посткеңестік кеңістікте танымал көшбасшы елдердің қатарында қауіпсіздікті, экономикалық тұрақтылықты нығайтуға және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған көптеген үдерістердің бастамашысы болып табылады. Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы, Астана  Саммиті, Ислам Ынтымақтастық ұйымы, Шанхай Ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Еуразиялық экономикалық одақ, ЭКСПО-2017 әріптестік пен сенім саясатының маңызды нәтижесіне айналды. «Бұл тәуелсіздік жылдарында жинақталған маңызды дипломатиялық капитал Қазақстан Республикасын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде тағайындалуының алғышарты болды» деп атап көрсетті Елбасы.

Автор мемлекеттің ішкі саясаты, оның барлық салаларының дамуын қамтып, тарихи тұрғыда сараптап, елдің қарқынды да тиімді дамуы стратегиялық мемлекеттік жоспарлаусыз мүмкін еместігіне көз жеткізеді. Ол «Қазақстан-2030» Стратегиясының мерзімінен бұрын орындалуын айғақтармен дәлелдеп, оның 25 басты нәтижелерін айқын көрсеткен. Сонымен бірге 1991-2017 жылдардағы тәуелсіз Қазақстанның 33 басты нәтижелері іріктеліп, ғылыми түрде негізделген нақты қорытындылар жасалған.

Еңбектің тағы бір маңыздылығы – болашаққа жол салған жетістіктердің аталуында. Елбасы олардың қатарына жаңа мемлекеттің құрылуын, тәуелсіздіктің тәжі – Астананың салынуын, Қазақстан халқын біртұтас ұлт ретінде  қалыптастырудың  басталғандығын және қазақстандық даму моделінің жасалғандығын жатқызады. Тарихи тұрғыдан алып қарағанда Президенттің жасампаздық дәуірі – тәуелсіздік кезеңдерін негіздеп, тұжырымдауын орасан зор маңызы бар оқиға деп қарастырған жөн.

Елбасымыз кітаптың өн бойында қол жеткен  толағай табыстармен қатар, орын алған олқылықтарды, тың реформаларды жүзеге асырудағы бірлігі  мен берекелі   істерін де  жүрек түбіне сыр жасырмастан толғайды. Сонымен бірге Қазақстан қоғамының қазіргі келбетін сомдауда, Президент осы еңбегінде атап көрсеткеніндей, «зияткерлік өрлеудің» қомақты үлесі барлығын тарқатып айтады. Айтып қана қоймай, бұл салалардың бүгін атқарар басты миссиясы ретінде «адам капиталының  жаңа сапасын» қалыптастыруды атайды. Бұл міндет Елбасының Қазақстан халқына биылғы Жолдауында қойылған  он міндеттің жетіншісінің негізін құрап отыр.

Елбасы кітабында тарихтан  өзімізге және еліміздің одан әрі дамуына қажетті тағылым ала білу керектігін айта келе: «Тәуелсіз Қазақстан тарихының басты тағылымы мынада: кез келген тығырықтан жол тауып, кедергіні  – мүмкіндікке, тәуекелді  табысқа айналдырып, ең  асқақ арманға қол жеткізу әркімнің өз қолында... Ұлы тарих Кемел келешекке жетелейді», – деп түйіндейді. Айта кету керек, Елбасы тарихты, қоғамды ұйыстырудың қуатты факторы ретінде қарастыруға үлкен мән берген. «Біздің азаматтарымыз, әсіресе, жастарымыз бағдарымыздың не үшін және қалай айқындалғанын, тәуелсіз Қазақстанның қандай жағдайда өмірге келіп құрылғанын, оны қалыптастыруда қандай адамдардың маңызды рөл атқарғандығын, сол кезде, қандай оқиғалар болғанын білуге тиіс» – деген өнегелі сөздері ширек ғасырдың шынайы тарихын жазуды алға қояды.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабы – тәуелсіз Қазақстанның даңқты тарихын білуге және түсінуге, елімізді мақтан етіп, халқымыздың патриоттық сезімін күшейтетін туынды. Бұл еңбекті оқу арқылы  жас ұрпақ бойындағы отансүйгіштік, ұлтжандылық қасиеттерін одан әрі дамыта түсетіні сөзсіз. Сондықтан бұл кітапты оқушылар мен студенттерге оқытылатын «Қазіргі заманғы Қазақстан тарихы» оқу құралы ретінде пайдалануымыз қажет. Сонымен қатар Елбасы кітабының мазмұны мен маңызын бұқара арасында жан-жақты насихаттауымыз  керек.

Тарихшылар қауымының алдында  Тәуелсіздік дәуірінің тарихын тереңінен зерттеп, жаңаша зерделеу міндеті тұр.

 Меруерт АҢСАТОВА,

Қорқыт ата атындағы ҚМУ профессоры,

тарих ғылымдарының кандидаты.

Саясат 06 ақпан 2018 г. 457 0