БАҒЫТ – АЙҚЫН, МАҚСАТ – АНЫҚ

Сейсенбіде облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен жастар кеңесінің отырысы өтті. Жиында мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру жұмыстары  талқыланды.
Мәжілісті ашқан облыс әкімі Мемлекет басшысының Жолдауы аясында 2019 жыл «Жастар жылы» болып жарияланғанын атап өтті.
– Жастар арасында қалып­тасқан әлеуметтік проблемаларды шешу, табысты, бәсекеге қабілетті және ұлтжанды жас қазақстандықтарды қалып­тастыру – аға буынның міндеті. Осы мақсатта Қызылорда облысының мемлекеттік жас­тар саясатын дамытудың 2021 жылға дейінгі Жол картасы бекітіліп, онда жұмысқа орналасу, тұрғын үй, білім алу, бос уақытын тиімді өткізу сынды жастардың өзекті мәселелері қарастырылған. Жыл сайын 100 дарынды да талапты ауыл балалары, оның ішінде, аз қамтылған және көпбалалы отбасынан шыққан жастар еліміздің белді жоғары оқу орындарында облыс әкімінің грантымен білім алуда. Биыл біз мұндай гранттардың санын екі есеге өсіріп, 200-ге жеткіздік, – деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ, 2018-2019 жаңа оқу жылында Мемлекет бас­­шысының тапсырмасына сәйкес Сыр өңірінде кәсіптік ма­мандықтарға 500 грант бөлінді.
Жастарды қолдауға бағыт­талған мемлекеттік бағдар­ламалардың бірі – «Нәтижелі жұ­мыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арнал­ған бағдарламасы». Жал­пы, «Бағдарламаға қатысу­шыларды техникалық және кәсіптік біліммен, қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қам­тамасыз ету» бағыты бойынша аймақтағы 20 кәсіп­тік-техникалық білім беру ұйымдарында  жастар 16 кәсіби емес мамандық бойынша білім алуда.
– 2018-2019 жаңа оқу жылына 500 орынға мем­лекеттік тапсырыс бөлінді. Елді­ мекендерден шалғай ор­наласқан білім беру ұйым­дарына барып-қайтуы үшін ма­териалдық көмек те қарас­тырылған. Нәти­желі жұмыс істеп, колледж бітірушілерін жұ­мыспен қамту көр­сет­кішін жоғарылату, оқу орын­дарының материалдық-тех­­никалық базасы мен оқы­тушылардың сапалық дең­гейін арттыру, өңірде жұмысшы мамандарды даярлау бойынша белсенді жұмыс жасауымыз қажет, – деп атап өтті облыс әкімі.
Бүгінде аймақтағы жалпы саны 700 мыңнан астам ха­лықтың 24%-і – жастар, олардың ішінде 190 мыңнан астамы 14-29 жас аралығында, ал экономикалық тұрғыдан белсенділері 110 мыңнан асады.
Жиында облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Қуаныш Жанұзақов аймақтағы жастарды қолдау жөніндегі шараларды жүзеге асыру барысы жайлы баяндады.
Айта кету керек, Қызыл­орда облысы республикада алғашқылардың бірі болып  «NEET категориясындағы жастармен жұмыс жасаудың кезеңдік жоспары» мен «2021 жылға дейінгі мемлекеттік жас­тар саясатын дамытудың жол картасын» қабылдады.
– Өткен жылы жастар ара­­сындағы жұмыссыздық дең­­гейінің орташа көлемі 4,3 про­центті құрап, тоқсан са­йынғы көрсеткіш артқан болса, биыл тоқсандық көр­сет­кіштердің тұ­рақ­тылығы сақ­талды. Ай­мақтағы NEET санатына жататын жастар санының жылдық көрсеткіші төмендеп келе жатқаны байқалады. Атап айтқанда, 2016 жылы 14,1 процентті құраса, 2017 жы­лы 9,5, биылғы жылдың екі тоқсанында 9,3 проценттен 8,3-ке төмендеп отыр, – деді ол.
Көрсеткіштердің төмен­деуі­не NEET санатындағы жас­тармен жұмыс жасау бойынша іс-шаралар жоспарының, облыс бойынша мемлекеттік жас­тар саясатын дамытудың 2021 жылға дейінгі Жол картасының бекітіліп жүзеге асырылуы оң ықпалын тигізген. Сондай-ақ, Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік банктің  бірлескен «ZhasProject» жобасы аясында облыста 266 жоба қолдау тауып, 900-ге жуық жас­тар жұмысқа орналасқан.
Басқарма басшысы әскерден келген жастарды жұмысқа орналастыру, әлеуметтендіру, жас отбасылардың тұрақтылығын сақтау, қолдау көрсету бойынша мектептерде кәсіптік бағдар беру кабинеттерін ашу, кеңес беруді қамтамасыз ету үшін жастар мәслихатын қосу, жас аналарды қолдау және тұр­ғын үй мәселелерін шешу турасында бірқатар ұсыныс білдірді.
Айта кету керек, 2014 жылдан бастап Мәскеу мен Санкт-Петербургтың озық оқу орындарында 510 қызылордалық студент Ресей федерациясы үкіметінің гранты есебінен білім алуда. Осы жылы алғашқы 74  түлек оқуын тәмамдады, олардың 43-і магистратурада оқуларын жалғастырады, қалғандары об­лыс­тың ірі кәсіпорындарына – «СКЗ-У» ЖШС, «Қызылорда жарығы» ЖШС, «Ансар Сервис» ЖШС, «Теплотехник» ЖШС,  мамандандырылған  мемлекеттік мекемелерге - индустриалды-инновациялық даму, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармалары мен жастар ресурстық орталығына және т.б. жұмысқа орналастырылды. Ал келесі жылы тағы 150 түлек оқуын бітіреді деп күтілуде.
Өткен жылдан бастап Қы­зыл­орда жастар ресурстық ор­та­лығы еуропалық жұмыс үл­гісіне көшті. Оның шеңберінде ор­талықта жастарға қажетті бар­­лық қызмет түрлері: коворкинг орталығы, жаттығу залы, тіл үйрету курстары, интернет қызметтері, заңгерлердің, дәрігерлер мен басқа да маман­дар­дың кеңес беруі, кинозал  және т.б. қызметтер  ұсынылады. Жастар үшін елеулі жаңалық, келесі жылы Сырдарияның сол жағалауында жаңа жастар ресурс­тық орталығы пайдалануға беріледі.
Жиында облыстық білім бас­қармасының басшысы Майра Мелдебекова «Нәтижелі жұмыс­пен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша білім саласында атқарылған жұмыстарды атап өтті.
Осы орайда облыс әкімі, Елбасы Жолдауында айтылғандай, бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін арттыру үшін қолданыстағы, әсіресе мектептердегі спорт ғимараттарын тиімді пайдалану қажеттігін жауапты тұлғаларға міндеттеді.  Енді өңірдегі барлық мектептер мен колледждердегі спорт нысандары сенбі, жексенбі күндері арнайы кестеге сай жұмыс істейтін болады.
Сондай-ақ, жиында Арал, Сырдария және Қызылорда қаласының әкімдері мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылу барысы туралы хабарлама жасады. Бүгінде Арал ауданында 14-29 жас аралығында – 18314, Сырдарияда – 11131 азамат тіркелген. Ал, Қызылорда қаласындағы 300486 халықтың 67349-ы – жастар. Қызылорда қаласында жастардың жұмысқа орналасу, кәсіпкерлікпен айналысу деңгейі көңіл қуантарлық.  
– Қызылорда қаласы мен қалаға қарасты кент және ауыл­дық округтерде шағын және орта бизнесті дамытудың басты көр­сеткіштеріне жүргізілген талдау нәтижесінде биылғы жылдың тоғыз ай қорытындысымен 2617 кәсіпкерлік субъекті тіркеліп, 2671 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл көрсеткіш өткен жыл­дың осы кезеңімен са­лыс­тырғанда 23 процентке артық, – деді қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.
Жиында аймақ басшысы бар­лық аудандарда дәстүрлі емес діни ағымдарға қарсы имму­нитетті қалыптастыру, қыл­мыстың алдын алуға бағытталған жұмыстарды жандандыру керек екенін атап өтті.
– Келесі жыл жастар мә­се­лесіне арналған – өте маңызды жыл. Қоғамның бұл категориясы барынша қолдау және ерекше назар аударуды талап етеді. Осыған орай, «Жастар жылын» атап өтуге мамандар толық, барынша сай болуын қамтамасыз ету мақсатында жұмыстар жүргізіліп, барлық жауапты тұлғалар маңызды іс-шараларды ұйымдастыруға қа­тысуы тиіс, – деді облыс әкімі.
Айдана ЖҰМАДИНОВА.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 08 қараша 2018 г. 105 0