«ДЕНСАУЛЫҚ» ЖОЛҒА ШЫҚТЫ

«Денсаулық» және «Саламатты Қазақстан» меди­циналық пойыздары жолға шықты. Қыр­күйектің 3-де «Қарағанды» және «Алматы-2» бекетінен шыққан пойыздар үш ай бойы еліміздің шалғайдағы теміржол бекеттеріне тоқтап, елді мекен тұрғындарына медициналық көмек көрсетеді.
Медициналық бригада құрамында терапевт, педиатр, невропатолог, окулист, ЛОР, гинеколог, хирург, уролог, маммолог, стоматолог дәрігерлер бар. Пойыз диагностикалық құралдармен жабдықталған, оның ішінде компьютерлік спирометрлік жүйемен, эхоэнцефалографпен, диагностикалық жүктеме сынақтарын жүргізу үшін кардиологиялық мониторинг жүйесімен, сонымен бірге, рентген, стоматологиялық, ЛОР және офтальмологиялық жабдықтардың соңғы үлгілерімен қамтамасыз етілген.
«Денсаулық» пойызы Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан және Алматы облыстары бойынша барлығы 71 бекетке тоқтайды деп күтілуде. Ал, «Саламатты Қазақстан» пойызы Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды және Қостанай облыстарының шалғайдағы 57 станциясының тұрғындарына көмек көрсетпек. Тұрғындар жоғары білікті медициналық көмек, соның ішінде шағын хирургиялық операция­лар, жоғары сапалы стоматологиялық көмек ала алады.
Айта кету керек, «Медициналық пойыздар» жобасы алғаш рет 2010 жылы жүзеге асырылған болатын. Осы уақыт ішінде консультациялық-диагностикалық пойыздардан 1326 станция тұрғындары тексеруден өткен. Мамандар  379000 қазақстандықты тексерістен өткізген, оның ішінде 83806-сы бала.
Жоба «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры және ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, сонымен қатар «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ-ның «Әлеуметтік жобалар» корпоративтік қоры арқылы жүзеге асырылады.
«Денсаулық пойызы» өңірімізде 14 қазан мен 1 қараша аралығында болады деп күтілуде.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы».

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 13 қыркүйек 2018 г. 128 0