Сыр өңірінің сыйлығы елорданың көрнекті орындардың біріне айналады - Елбасы

 Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев алғыс хат алды, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысы өзінің алғыс хатында Сыр өңірі тұрғындарын Астана қаласының 20 жылдығы мерекесімен құттықтап, өзінің жүрекжарды лебізін білдірген. Елбасы өзінің құттықтау хатында «Құрметті Қырымбек Елеуұлы! Сізді және бүкіл Қызылорда облысының жұртшылығын Астананың 20 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсіз Қазақстанның символы саналатын бас қаламыздың айтулы мерейтойы - барша қазақстандықтарға ортақ қуаныш. Сарыарқа төсіне қазығын қаққан еңселі елордамызды тұрғызуға бүкіл халқымыз жұмыла атсалысты. Биыл бас қаланың туған күніне орай «Өңірлердің Астанаға тартуы» жобасы аясында Қызылорда облысы да ерекше сый жасады. Зымырандық-ғарыштық техниканың ашық аспан астындағы музейі Қазақстанның ғарыш саласында жетекші мемлекеттердің бірі екенін айғақтайтын тамаша тарту болды. Сыр өңірі жұртшылығының бұл сыйлығы қала тұрғындары мен қонақтары үшін қызықты әрі көрнекті орындардың біріне айналатынына сенімдімін. Астананы көркейтуге зор үлес қосқан Сізге және бүкіл Қызылорда облысының тұрғындарына шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!», - делінген құттықтау хатында.

Мерейлі мереке қарсаңында қызылордалықтар елордада Зымыранды-ғарыштық техниканың ашық аспан астындағы музейін тарту етті. Ол Астананың сол жағалау бөлігінде орналасқан. Жалпы аумағы - 1,4 гектар. Онда шынайы өлшемде жасалған «Союз», «Протон», «Зенит» зымыран-тасығыштары орнатылды. Жақын арада «Буран» орбитааралық кемесінің макеті қойылады, экспозиция маңындағы аймақ абаттандырылды. Сондай-ақ, кешен аумағында зымырандардың техникалық сипаттамасы, жасалуы және пайдалану тарихы туралы барлық мәліметтер көрсетілген арнайы ақпараттық стендтер қойылды. 
 



НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 11 шілде 2018 г. 409 0