ДОМБЫРАНЫ ДӘРІПТЕГЕН ЖЫР КЕШІ

Қасиетті қоңыр үн. Елдің мұңын мұңдаған, жүректің үнін тыңдаған, намысты қайрап шыңдаған, ерлік пен елдікті жырлаған қайран күмбірге толы домбыра үні! Қазақтың бүкіл болмысы жыр мен әнде көрінді, тұрмыс-салттық дәстүрі өлеңмен бірге өрілді, қуанышы мен қайғысы күмбірлеген күй боп бірге төгілді. Сондықтан да қазақ домбыраны кие тұтты, оны үйдің төріне іліп қойып қастерледі. Он саусағынан өнер тамған, бүлкілдеген көмейі жырға толған талай арқалы ақындар мен аруақты жыршылар сөз киесі арқылы дүйім жұртты аузына қаратты, ұрпақты ұлттық дәстүрмен тәрбиеледі.
Ел қорғау ісінде жыршы-жыраулар сарбаздардың рухын көтеретін ұранына да айналды, рухты тәрбиелеу жолында шариғат заңдарын толғау мен терме арқылы ұғындыратын құралына да айнала білді. Сондықтан да Қазақ даласына сопылық ілімді жайған ұлы ұстаз Қожа Ахмет Ясауи бабамыз:
Менің хикметтерім, ғаламда дастан,
Рухым келсе сұхбатты қылар гүлістан!
Менің хикметтерім, Хадистің кені дүр,
Беріліп оқыған дерттінің емі дүр.
Менің хикметтерім, тәлиптің ризық тамағы,
Түсінбесе, өмірдің пасығы, – арамы!
Менің хикметтерім, пәрмән – Сұбхан"
Оқып түсінсең, мағынасы құран!- деп толғанды. Қазақ жыршылары Ясауи хикметіндегі өнегелі құран мен хадистегі мағынасы терең сөздерді термеге қосып жырлай бастады. Сыр бойында бой көтерген қалаларда ислам мәдениетімен қатар ұлттық дәстүріміз де биік дәрежеге көтерілді.
Қорқыттың киелі қобызы, әл-Фарабидің қасиетті домбырасы Сыр өңірінің жыршылық мектебінің қалыптасуына өз үлестерін қосқаны анық. Ғасырдан ғасырға ұласқан бабалар дәстүрі қазіргі кезде де өз жалғасын тауып келеді. Ендігі жағында ұлтымыздың асыл қасиеттерін болашақ ұрпаққа дәріптей білуіміз қажет, ұлттық кодымызды қастерлей де қадірлей де алуымыз керек. Осы бағытта Елбасы Н.Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласы аясында қолға алынған еліміздің мәдениеті мен рухани жетістіктерін насихаттау жолында көптеген игілікті істер қолға алынып жатыр. 12 маусым күні Елбасы "Ұлттық домбыра күнін" атап өту туралы жарлыққа қол қойды. 1-шілде "Ұлттық домбыра" күні болып белгіленді.  Жер-жерде бұл ұлы дәстүрді жаңғырту жолында көптеген іс-шаралар ұйымдастыру қолға алынды. Әр өңір өзінде қалыптасқан өнер мектептерінің өкілдерінің шығармаларын жырға қосты, өлеңдері мен термелерін насихаттауды қолға алды. Шілденің алғашқы күні Қазақстанның ұлан-байтақ даласы күмбірлеген күйге, көңілді шырқалған әнге толды. Қазақтың киесі тұғырға қонды, рухы қайта тірілгендей болды. Халықтың санасы өнер арқылы қайта сілкінгендей күй кешті, әрбір сахна, тамылжыған қасиетті демалыс орындары бұл күні жыр кешіне ұласты.
Мереке күні Тарихы терең, табиғаты көркем киелі Сыр бойында да күмбірлеген жыр кеші ұйымдастырылды. Сырдария өзенінің сол жағалауында аймақтық "Рухани жаңғыру" орталығының ұйымдастыруымен және облыстық "Қазақстан" телеарнасының қолдауымен өткен өнер кешінде жыр жампоздары мен колледж студенттерінен құралған талантты жыршылар Сырдың бойын жырға бөледі. Кешкі салқынмен алаулап жанған оттың жанында тұрып жыр кешінде сөз алған жүргізушілер М.Сүгірбай мен М.Дауылбай думанды қыздыру үшін ә дегеннен қазақтың көрнекті ақыны Қадір Мырза Әлінің мына бір өлеңімен бастады:
М.Сүгірбай:
Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра.
Нағыз қазақ - қазақ емес,
Нағыз қазақ - Домбыра!
Білгің келсе біздің жайды, содан сұра тек қана:
Одан асқан жоқ шежіре, одан асқан жоқ дана.
М.Дауылбай:
Ақиқатты айтқандардың бәрі осылай сорласын
Деп бір хаһан шанағына құйған оның қорғасын.
Бір ішегінде биіктік бар, бір ішегінде тереңдік.
Ол мылқауды сөйлетеді, жылатады кереңді.
Жалған сөйлеп көрген емес соның өзінде:
Аппақ жалын күйдің жанын жалап жатқан кезінде, - деп осы кештің арнайы қонағы Күнсұлу Түрікпеннің орындауындағы Сыр сүлейлерінің термесін орындауға кезекті жыршыға ұсынды. Елінің ерке қызы Үміт Медеуова Сырдың майда толқынымен сырласқандай тербеле жүріп ән салды. Кезек жырға келгенде Күнсұлудың артынан кезегімен терме орындаған М.Сүгірбай, С.Жақсығұловтардың әуелеткен дауыстары мүлгіген ымырттың шымылдығын түріп, жалындап жанған отпен бірге жырдың қуатты да шуақты мақамы аспанға қалықтап жатты. Арасында күмбірлеген күйге де кезек берілді. Шәкірттерін ортаға алған ұстаздар халық әнінен попури де орындады.
Сыр өңірі - жүз шайыр шыққан жыраулар мекені, сүлейлер жырдың сара жолын салып кеткен қасиетті өлке. Сыр елінің жыраулық өнерінде бір-біріне ұқсамайтын, бірін-бірі қайталамайтын көне дәуірлерден бері қарай жалғасын тапқан бірнеше жыр ордасы қалыптасып, ғасырлар бойына дамып отырған. Оңтүстігінде кең құлашты, нар дауысты Нартай мектебі, Қармақшы жерінде оғыздық кезеңнен сақталып қалған көмеймен айтатын кетелер мақамы (мұның өзі іштей бірнеше мектеп болып бөлініп кетеді), солтүстікте Нұртуған мектебінің өкілдері ұлттық мәдениеттің дамуына өзінің үлестерін қосып келеді.
Түркі халықтарының кемеңгер ойшылы, атақты абызы - Қорқыт бабамыздан бастау алатын жыраулық дәстүр Сыр өңірінде қанатын жайып, өрісін кеңге салып келеді. Осы орайда "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында аймағымызда Дәстүрлі өнер академиясының ашылғалы жатқандығын да сөз арасында айта кетейік. Ұлттық домбыра күніне арнап өткізілген "Бабамыздың үні сенсің - домбыра" атты жыр кешінде жыршылар мен термешілер өз өнерлерін ортаға салды, шара соңында қазақтың қасиетті қара домбырасын ұлықтаған дарынды күйшілер, әнші-жыршылар мен термешілер аймақтық "Рухани жаңғыру" орталығының алғыс хаттарымен марапатталды.


Бақыт Әбжет,
ф.ғ.к., доцент.
 Аймақтық "Рухани жаңғыру"
орталығының жетекші маманы
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 02 шілде 2018 г. 92 0