Елбасы 2 мыңнан астам домбырашының өнерін тамашалады

Бүгін Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Ұлттық домбыра күніне арналған концерт басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақ Елі» монументі алдындағы алаңда 2 мыңнан астам музыканттан құралған домбырашылар оркестрі өнер көрсетуде. Оркестр дирежері Айтқали Жайымовтың жетекшілігімен домбырашылар «Көңіл ашар», «Адай», «Балбырауын», «Ерке сылқым», «Сарыарқа күйлерін орындады.

Белгілі болғандай, бүгінгі шарадағы ең кішкентай қатысуышының жасы жетіде, ал ең үлкені - 75-те. Жоғарыда аталған бес күйден бөлек, концертке қатысушылар мына композицияларды орындайды: Н. Тілендиев - «Ата толғауы»; Дайрабайдың күйі - «Дайрабай»; Сүгір - «Ыңғайкөк»; Құрманғазы - «Серпер»; Дәулеткерей - «Көроғлы»; Дина - «16-шы жыл»; Н. Тілендиев - «Махамбет»; Дәулеткерей - «Қыз Ақжелең»; Құрманғазы - «Саранжап». Шара соңында сахнаға «Асыл» тобы және көпшілік сүйіп тыңдайтын «Музарт» тобы өнер көрсетеді.

Айта кетейік, Ұлттық домбыра күніне орайластырылған концертке белгілі музыканттар, қоғам және мәдениет қайраткерлері қатысуда. Атап айтқанда, Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік ұлттық аспаптар оркестрінің, «Отырар сазы» фольклорлық- этнографиялық ұлттық аспаптар оркестрінің, Астана қаласы мемлекеттік академиялық филармониясының ұлттық аспаптар оркестрінің, Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптары, Ақтау қаласының қазақ ұлттық қазақ ұлттық аспаптары оркестрлерінің  әртістері сахна төрінде өнер көрсетті.

Сонымен қатар, осынау ауқымды шараны өткізуге Орал, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Көкшетау, Павлодар, Қостанай қалаларының музыканттары және Жамбыл облысының әртістері атсалысты. «Қазақ Елі» монументі алаңында киіз үйлер тігіліп, қолданбалы өнер бұйымдарының көрмесі және бір күндік домбыра музейі ашылды.

Экспозицияға келушілер Құрманғазы, Дина Нұрпейсова, Ахмет Жұбанов, Махамбет Өтемісов, Біржан сал, Есбай Балұстаұлы, Ақан сері, Абай, Жамбыл Жабаев, Қазанғап Төлепбергенұлы, Сүгір Әлиұлы және басқа да ұлы тұлғалар ойнаған аспаптарды көре алады.


НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 01 шілде 2018 г. 518 0