АРАЛ АУДАНЫНДА ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

 Ауданға іссапары аясында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев әлеуметтік нысандардың ашылуына қатысып, кәсіпкерлікті дамыту мәселелері бойынша актив отырысын өткізді.

Сексеуіл кентінде жалпы аумағы 1062 ш.м. спорт кешенінің ашылу рәсімі өтті. Спорт кешені ғимаратында еркін күрес, грек-рим күресі, қазақ күресі және бокспен шұғылданатын бөлмелер, сондай-ақ, волейбол және баскетбол алаңдары қарастырылған.

Облыс әкімі Қ.Көшербаев болашақта мұндай спорттық нысандар барлық тіректі елді мекендерде салынатынын айтты.

«Елбасымыз жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауында ұлт денсаулығына жете мән беріп, көпшілікті дене шынықтыру мен спортқа шақыру арқылы ел халқының 30 пайызын спортқа жұмылдыру межесін қойған болатын. Бұл нысан - облыс бюджеті есебінен салынған аудандағы тұңғыш спорт кешені. Дәл осындай нысандар алдағы уақытта облыс бойынша барлық тіректі елді мекендерде, соның ішінде, ауданға қарасты Жақсықылыш кенті, Шижаға елді мекенінде, Арал қаласында салынады деп жоспарлануда», - деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, облыс әкімі жергілікті кәсіпкер Мейрамбек Таласовтың қаражаты есебінен салынған жана «Қарақат» сауда ойын-сауық орталығының жұмысымен танысты. Сауда кешені мамыр айында ашылды, мұнда дүкен, дәмхана, балалар ойын-сауық орталығы мен киім-кешек сататын бутиктер бар. Нысанда 63 адам жұмыспен қамтылды.

Шижаға елді мекенінде қайта жаңғыртылған сумен қамту жүйелері пайдалануға берілді. «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында ауылда 43,5 шақырым магистральді желі жүргізіліп, су сорғы станциясы күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар, нысанның аумағы кеңейтіліп, су есептегіш құрылғылар орнатылған.

Өткен жылы Арал ауданының 7 елді мекені орталықтандырылған сумен қамту жүйелеріне қосылды.

Атап өтейік, Қызылорда облысында республика бойынша ең жоғары таза ауыз сумен қамту көрсеткіші – 97 пайыз, алдағы жылдары елді мекендерді сумен қамту көрсеткіші 100 пайызға жеткізілетін болады.

Түстен кейін аудан орталығы Арал қаласында жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша актив отырысы өткізілді. Оған мүдделі мемлекеттік органдар мен қаржы институттарының өкілдері қатысты.

Облыс әкімі аймақта жаппай кәсіпкерлікті қарқынды дамыту үшін барлық жағдай жасалғанын атап өтті. Қайтарымсыз гранттар және шағын несиелер алу бойынша қадамдық іс-әрекеттер, типтік бизнес-жоспарлар әзірленіп және де жобаларды сүйемелдеу үшін әр ауылдық округтерге облыстық деңгейдегі лауазымды тұлғалар бекітілді.

 «2018 жыл аймағымызда «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы» деп жарияланды. Бұдан бөлек, шағын бизнес субъектілерінің стартап жобаларына 3 млн. теңгеге дейінгі қайтарымсыз гранттар беріп, қолдау көрету үшін облыстық бюджеттен 200 млн. теңге бөлінді. Өңірлік инвестиция орталығы арқылы шағын несиелер беру үшін облыстық бюджеттен 1 млрд. теңге, несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау үшін 1 млрд. теңгеден астам қаражаттар қарастырылғын», - деді аймақ басшысы.

2018 жылы Арал ауданында мемлекеттік грант алу үшін 86 кәсіпкер өтінім беріп, конкурстық комиссиямен жалпы құны 18,3 млн. теңге 23 мақұлданды. Өңірлік инвестициялық орталық тарапынан жыл басынан бері жалпы құны 166,3 млн.теңгені құрайтын 34 жобаны жүзеге асыру үшін шағын несие берілді.

Аудан және ауыл округтерінің әкімдері жаппай кәсіпкерлікті дамыту барысы туралы баяндама жасады.

Жиынды қорытындылай келе, аймақ басшысы жобалар бойынша жұмысты күшейту қажеттігін атап өтіп, барлық деңгейдегі әкімдерге аймақтық жобалау офис шеңберінде облыс әкімдігінің ахуалдық орталығы арқылы мемлекеттік қолдау алған кәсіпкерлердің есебін жүргізуді және несиелік қаражатты толық қайтаруды қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берді.

Арал ауданында 3 435 жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілері тіркелден. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда олардың саны 6,5 пайызға артты. 2018 ж. 1 тоқсан қорытындысымен Арал ауданында 108 адам «Бизнес-Кеңесші» жобасы аясында, тағы да 42 адам «Бастау-Бизнес» жобасы аясында білім алды.

Қызылорда облысында 40 мыңға жуық нақты жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген, бұл көрсеткіш  2017 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 10,8 пайызға артты.

Шағын және орта бизнес кәсіпорындарында жұмыспен қамтылғандардың саны 2018 ж. 1 қаңтарына 84250 адам, ал шығарылған өнім көлемі 2017 жылдың қорытындысымен 302,186 млрд. теңгені құрады. 2018 ж. қаңтар-сәуір айларында аймақта 2476 жеке кәсіпкер, 78 шаруа қожалығы және 240 ЖШС құрылды.

Сондай-ақ, өңірде «Бастау-Бизнес» бағдарламасы аясында 1600 адамды оқыту жоспарланған. Қазіргі таңда қатысушылардың алғашқы легі оқуды бітіріп, бизнес-жобаларын облыстқ комиссия отырысында қорғады. 291 адам оқу курстарын бітіріп, 127 адам жобасын қорғап шықты. Тағы да 800 жуық адам «Бизнес-Кеңесші» жобасы аясында оқытылатын болады, бүгінгі күні облыс бойынша 1171 адам оқу бітірді.



   

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 08 маусым 2018 г. 955 0