ЛАГЕРЬГЕ БАРАТЫН БАЛАЛАР МЕДИЦИНАЛЫҚ БАҚЫЛАУДАН ӨТЕДІ

Жазғы тыныгу лагерьлеріне баратын балалар толықтай медициналық бақылаудан өтеді. Дене қызуы өлшеніп, ауру белгілеріне шағымдарын тыңдайды. Ал, сырттан келетін жолаушыларға ақпараттық түсіндірмелер жүргізілуде. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық қоғамдық денсаулықты сақтау департаменті басшысы Ұлбосын Аханаева мәлімдеді. 

"Әрбір адам ауырмаудың басты жолын табуы керек. Яғни, тазалықты сүйіп, гигиена сақтауы қажет. Егер сәл ауру белгілері білінсе, дереу медициналық бетперде киеді. Ең алдымен, жан-жағындағы адамға инфекция жұқтырмауды ойлауы тиіс", - деді Ұ.Аханаева.

Сонымен қатар, облыс бойынша күнделікті жедел жәрдем дәрігерлерін шақыртушылар саны мыңнан асты. Бұл шақыртулар әдеттегіден 25 пайызға артқан. Ал, жұқпалы аурулар ауруханасына күнде 80-85 адам түрлі ауру белгілерімен шағымданып, дәрігерлерден кеңес алуда.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін облыста менингококты инфекция жұқтырған 1 жағдай тіркелді. Осы жылдың 31 мамырында Жаңақорған ауданының тұрғынынан инфекция анықталған болатын. 27 жастағы азамат аудандық ауруханаға жатқызылды. Алайда, дәрігерлер науқасты аман алып қала алмады, азамат 2 маусымда аудандық аурухананың жан сақтау бөлімінде көз жұмды.

Облыстық қоғамдық денсаулықты сақтау департаменті басшысы Ұлбосын Аханаеваның айтуынша, науқаспен қарым-қатынаста болғандарға медициналық бақылау әлі жүргізілуде. Байланыста болған 65 азаматтың 50-не жүргізілген профилактикалық ем шаралары аяқталды. Қалған 15 азамат дәрі-дәрмекпен емделуде. Ал, 10 күннен кейін аурудың ошақ орны жабылады. 

 Айта кету керек, облыста менингитке қарсы екпе егу жұмыстары басталды. 

Өңірімізге 50 доза екпе Бельгия мемлекетінен жеткізілді. Сонымен қатар, вакцинациялау №6 қалалық емханада жүргізілуде. Бүгінде 2 адам екпе ектірді.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 07 маусым 2018 г. 121 0