БЕС ЖЫЛДАҒЫ БЕЛЕС ЖӘНЕ ӨМІРШЕҢ БАСТАМАЛАР

Бұған дейін облыстық «Qyzylorda» телеарнасының тікелей эфирінде облыс әкімі  Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен  «Әкім сағаты» өткенін хабарлаған болатынбыз. Аймақ басшысы 2 сағат бойы тұрғындардың сан салалы сауалдарына жауап берді. Тікелей эфир барысында барлығы 261 сұрақ келіп түсті. Оның 167-сі онлайн режимде, ал 94-і  сall-орталыққа телефон арқылы жолданған.
Сұрақтарға жүргізілген сараптау қызыл­ордалықтарды көбіне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы (46 сұрақ) және жер мәселелері (29 сұрақ) тол­ғандыратынын байқатты.  Тағы 24 сұрақ тұрғын үй, 23 сұрақ білім саласы, 19 сұ­рақ жұмыспен қамту және әлеуметтік қамсыздандыру, 20 сұрақ денсаулық сақ­­тау мәселелері бойынша қойылды. Сон­дай-ақ, 12 адам ауылшаруашылық саласы бойынша хабарласса, мәдениет және кәсіпкерлік салалары бойынша 4 сұрақтан түсті. Мұнан бөлек, тікелей эфир барысында  басқа да мәселелер жөнінде  71 сұрақ қойылды.
Тікелей эфир басында алдымен аймақ­тың даму көрсеткіштеріне жасалған шо­лу көрсетілді. Облыс басшысы бейне­материалда акцент жасалған негізгі көр­сеткіштерді саралай отырып, ағымдағы жылы атқарылатын жұмыстарға  тоқталды. Қазір біздің аймақ өңірлерді дамыту қарқыны бойынша республикадағы маң­дайалды 5 облыстың қатарына енді. Соңғы 5 жылдағы көрсеткіштерге қарағанда, облыс экономикасына 1,3 трлн теңге тікелей инвестиция тартылған. Бұрын өнеркәсіптің ауқымды бөлігі мұнай, газ және ураннан тұратындықтан, экономика осы шикізаттардың бағасына тәуелді еді. Ал қазіргі өңдеу өнеркәсібінің 2 есеге өсуіне экономиканың құрылымын өзгерту арқылы қол жетті.  2 млн шаршы метр тұрғын үй салу арқылы ең үлкен әлеуметтік мәселе – баспана түйткілі шешімін тауып келеді. Аймақ басшысы 59 мың жұмыс орны ашылуының, күріш өнімділігінің 2 есеге артуының, 200-ден астам әлеуметтік нысанның салынуының, еліміз бойынша әлеуметтік салаға жан басына шаққанда ең көп қаржы бөлудің артықшылықтары туралы айтты. Адами капиталға салынған қаржының қайтарымы да мол болмақ. Қазіргі уақыттың ең өткір мәселесі жұмыссыздық, әсіресе жастар арасындағы жұмыссыздық көрсеткіші төмендеген. Жалпы алғанда, экономиканы әртараптандыру арқылы аграрлық-индус­триялық аймақтан индустриялық-аграрлық аймаққа айналудың  алғышарттары жасал­ды.
Одан әрі аймақ басшысы жыл басы­нан бері қалыптасқан әлеуметтік-эконо­микалық ахуал туралы айтты. Қызылорда облысының кәсіпкерлікті дамытудағы, инвестиция тарту, құрылыс саласындағы жетістіктері оның қарқынды дамып келе жатқанын айғақтайды. Бұл, ең алдымен Елбасының қолдауы, кәсіпкерлер мен мем­лекеттік органдардың үйлесімді жұмысы және халқымыздың ынтымағы мен ауызбірлігінің арқасында мүмкін болып отыр.
Телеарна редакторы А.Молжанова Елбасының Бес әлеуметтік бас­та­масының бірі – елді газбен қам­та­масыз етуді жалғастырудың, «Сары­арқа» магистральды газ құбы­рының біздің аймақ үшін маңызы қандай болмағын сұрады. Облыс бас­шысы Үкіметтің «Сарыарқа» магистральды газ құбырын алдағы шілде айында бастауды жоспарлап отырғанын айтты. Бұл жоба еліміздің газдандырылмаған орталық және солтүстік бөлігін, Ел­орданы табиғи газға қосуға бағыт­талған. Жақында «Қазтрансгаз» АҚ басшылығымен кездесуде келі­сілгендей, жобаны жүзеге асыруда жер­гілікті тұрғындарды құрылыс-монтаж жұмыстарына тартуға, салық­тық базаны нығайтуға мүмкіндік туады. Бүгінде Қармақшы, Жалағаш және Сырдария аудандарын «кө­гіл­дір отынға» қосу  облыс әкім­дігінің тікелей бақылауында. Жал­пы аудан орталықтары толық газ­дандырылған соң, екінші кезеңде тіректі елді мекендерге кезек келеді. Қазір Жосалы кентіне арналған  авто­мат­тандырылған газ тарату стан­циясы орнатылды. Кварталішілік газ құбырын жүргізуге облыстық бюд­жеттен қаржы бөлінді. Ал Сырдария мен Жалағаш аудандарына арналған жобаға республикалық, облыстық бюджеттерден  1,2 млрд теңге қаражат берілді.
Тікелей эфирде сall-орталықтан Қызылорда қаласының тұрғыны Э.Бекежанованың 2006 жылдан бер­гі жер кезегі қашан келетінін,  кәсіпкер А.Темірбаевтың  биылғы кәсіпкерлікті қолдау жылында ша­ғын кәсібін кеңейтуге қандай демеу көрсетілетінін сұраған сауалы оқыл­ды.
Қырымбек Елеуұлы 2005-2017 жылдар аралығында қала әкімдігінде жеке тұрғын үй құрылысына жер сұраушылардың 54 мың арызы тір­келгеніне тоқталды. 2016 жылы рес­публикада алғаш болып 980 гектар жерді «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында халыққа табыстау басталған еді. Осы «Бәйтерек» шағын ауданына  инженерлік инфрақұрылым апару үшін бюджеттен қыруар қаржы, яғни 11 млрд теңге бөлінді. 2005 жылы жазылған  7060 арыздың 6600-ы қана­ғат­тандырылды. Қалған 812  және 2006 жылдың бірінші тоқсанындағы арыздарды қанағаттандыру үшін осы аумақтан көлемі 150 гектар жер таң­далды. Бұл жерге инженерлік инфрақұрылым жүргізу үшін 3,9 млрд теңге қажет. Бүгінде бюджеттен ауыз суға 655 млн, электр желісін тартуға 300 млн теңге қаражат бөлінді. Осы жұмыстар аяқталған соң 1300 адамға жер телімі беріледі.
Облыста «Жаппай кәсіпкерлікті қол­дау жылында» кәсіпкерлерді қол­дау шараларына 32 млрд теңге қаралып отыр. Өңірде жобаларды жеңілдетілген микроқаржымен  қам­та­масыз ету үшін «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығының жұмысы жолға қойылды. Ол арқылы стартап жобаларға 5 жылға дейін жылдық 6 процентпен несие беру мүмкіндігі қарастырылған. Оны алу үшін Қызылорда қаласындағы Кәсіпкерлер үйіне орналасқан орта­лыққа құжат  тапсыруға болады. Ал аудан кәсіпкерлерінің онлайн түр­де аудандық палата арқылы құжат өткізуіне жағдай жасалған. Оған қоса тұрақты бизнес үшін 2-ші деңгейлі банктер арқылы несие алып, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша несиенің пайыздық мөлшерлемесінің тең жар­тысын субсидиялауға мүм­кіндік бар. Ол үшін бюджеттен қарастырылған қаражат жеткілікті.
Біз өмір сүріп отырған уақыттың талабымен кәсіпкерлікке кеңінен қолдау көрсеткен мемлекет қам­қорлығы үндесіп жатыр. Бірақ, көп ретте кәсіпкерлікпен айналысуға мі­­нез бен тәуекел жетіспейді. Об­лыс басшысы кәсіпкерлікті дамы­тудың әлеуметтік, саяси маңызына тоқталды. Ол жаңа жұмыс орын­дарының ашылуына, салықтық база­ның ұлғаюына, қоғамдық саяси тұрақ­тылыққа оң ықпал етеді. Өйткені тір­шіліктің көзін тапқан азаматтар  қоғамның тұрақтылығына мүдделі.
Тікелей эфирге телефон арқылы сауал қойған А.Өркенова қалааралық автобус маршруттарын кеңейту және «Қызылорда-Жезқазған» жолын жаң­­­ғырту туралы білгісі келетінін жеткізді. Былтырдан бері облыс орта­лығынан Ақтөбеге, Түркістанға, Әйтеке би кентінен Ақтөбеге автобус қатынасы бар. Қазір Ташкентпен екі аралыққа қатынас орнатуды тиісті министрлік қолдап отыр. Ал 424 шақырымдық республикалық маңыздағы «Қызылорда-Жезқазған» жолына қатысты Қарағанды облысы әкімдігімен және осы мәселедегі құзырлы министрліктермен бірігіп, жолды жөндеуді 2022 жылдан  2019 жылға жылжыту туралы жұмыс атқарылды. Оның үстіне «Сарыарқа» магистральды газ  құбырының құ­рылысы бұл жолды жөндеуді талап етіп отыр. Осылайша көптен бері күрмеулі болып келген «Қызылорда-Жезқазған» жолының жаңғыртылуы жоспардағыдан 3 жыл бұрын бас­талатын болды. Әзірге жолды ағым­дағы жөндеуге 316 млн теңге бөлінді.
Сырдария бойын жағалай қон­ған ел соңғы жылдардағы дария дең­гейінің күрт төмендегеніне алаң­даулы. Облыстағы суармалы жер­лердің мелиоративті жағдайына және САРАТС-2 жобасына  қатысты басқа да мәселелер Үкімет басшысы Б.Сағынтаевтың сапары кезінде кеңей­­тілген мәжілісте қаралған еді.  Дүниежүзілік Банктің қар­жы­ландыру рәсімдері созылып кетуіне байланысты және өткен кезеңде жобаға Өзбекстан Үкіметінің келіс­пеуі себебінен САРАТС-2 жо­басын республикалық бюджет есе­бінен бас­тау туралы шешім қабылданды. Жоба-сметалық құ­жаттар әзірлеуге дайындық жасалуда. Бұрын жоба 6 бөлімнен тұрса, енді 8 бөлімнен тұрады. Оған балық шаруашылығын дамытуға ықпал ететін 2 жоба қосылды. Облыс басшысы Сырдария өзені суының аз болуына қатысты ойларын жеткізді. Былтыр өзеннің деңгейі орташа жылдық деңгейден 2 метрге жуық жоғары болды. Бүгінде «Шардара» мен «Көксарайда» 5,7 млрд текше метр су бар. Бұл был­тырғыдан 1,2 млрд текше метрге кем. Өйткені тауда су аз. «Шардара» су қоймасы мен «Көксарай» су реттегішінің болжамдық жұмыс кес­тесіне сәйкес Сырдарияның  төменгі ағысына секундына 700 текше метр су жіберілуде. Облыс аумағына енген 640 текше метр судың 425 текше метрі егістікке пайдаланылып отыр. 2013-2016 жылдардағы Қызылорда қаласы тұсындағы Сырдария өзенінің су деңгейі осы жылғы су деңгейімен шамалас. Қазір Ауыл шаруашылығы және Энергетика министрліктері Сырдарияның жоғары ағысындағы елдермен төменгі ағысқа жіберілетін судың көлемін ұлғайту мәселесі бойынша келіссөздер жүргізуде.
Болашақта Қызылорда қаласы тұсындағы Сырдария өзенінің дең­гейін бірқалыпты ұстап тұру үшін ескі әскери комиссариат қа­сынан үрлемелі су тоспасын салу жоспарланған. Мұндай жоба соң­ғы 3 жылда Жаңақорған, Шиелі аудандарында жүзеге асып, тиім­ділігін дәлелдеді. Қызылорда қала­сының 200 жылдығына орай Мемлекеттік рәміздер алаңы мен Тұңғыш Президент саябағының ортасына үлкен саябақ салынбақ. Ол жұртшылық демалатын орын болады. Сондықтан да қала аумағында су деңгейін бірқалыпты ұстау маңызды. Қазір Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге «Қызылорда» су торабынан төмен қарай дария табанын тазалау жұмыстарының жобасы пысықталу үстінде.
Тікелей эфирге дейін хабарласқан Қазалы ауданының тұрғыны Ж.Ешепетов Қазалы қаласындағы «Шағала» балаларды емдеу-сауық­тыру орталығы туралы айтыпты. Жарты ғасырдан бері жұмыс жасап келе жатқан орталық ғимаратының тозығы жетті. Оның үстіне көктемгі су тасқыны кезінде сол аумақты су басты. Аймақ басшысының ай­туынша, демалыс орнының құрылысын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде іске асыру жоспарланып отыр. Ол үшін былтыр 100 млн, биыл 500 млн, келесі жылы 655 млн, барлығы 1,2 млрд теңге қаржы қаралған. Облыстық білім басқармасы мен «Қазақстандық мем­­лекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ арасындағы келісім құжаттары рәсімделуде. Қазалыда да Талдысу мен Қамбаштағыдай жыл он екі ай жұмыс істейтін орталық болады.
Келешекте Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласы қосылады деген жоспар бар. Сол жерде бұрынғы Қазалы уезінің саябағын қалпына келтіріп, демалыс орнын жасауға әбден болады. Ал лагерь балаларды демалыс маусымына қабылдауға дайындық жасауда.
Одан әрі облыс әкімі Қырымбек Көшербаев телеарна редакторы Ғ.Жұманазар қойған шыны зауыты құрылысының қай сатыда тұрғаны, тағы да басқа қандай индустриялық жобалар жүзеге асатыны туралы сауалға жауап берді. Қазір шыны зауытының аумағында 8 қосалқы мердігер компания жұмыс атқаруда. Шілденің басында пеш жағылады. Технология бойынша үздіксіз өнді­рістің алдында пеш 3 ай бойы қыздырылуы керек. Сондықтан жыл соңына қарай алғашқы өнім алынбақ. Оған қоса стратегиялық инвестормен келіссөздер аясында өте жұқа шыны өндірісі де өрістейді.
Басқа индустриялық  жобаларға келсек, тампонажды цемент зауыты, молибден, кальцийлендірілген сода өндірісі, «Шалқия» кенішіндегі кен байыту комбинаты, тұз, ет ком­бинаттары – бұлардың барлығы жаңа технологияға негізделген, экспортқа бағытталған. Құс фаб­рикасының құрылысы жалғасуда. «Ба­ла­сауысқандық» ванадий кен орнында жыл соңына дейін өнім көлемін ұлғайту жоспары бар. Газ поршеньді электр жылу станциясы мен керамикалық плитка зауыты құрылыстары түрік компаниясымен бірлесе атқарылады. Шетелдік әріп­тестермен бірге басқа да бірнеше жобалар жүзеге асады.
Тікелей эфирдегі әңгіме ауаны сол жағалаудағы қала құрылысына қарай ойысқанда, жақын арада пайдалануға берілетін «Рухани жаңғыру» орта­лығының қасынан осы орталық басшысы Н.Мыңжас  пен облыстық құрылысшылар ассоциациясының пре­зиденті Қ.Ерназаров байланысқа шықты. «Рухани жаңғыру» орталығы Қызылорда астана болған кездегі Қазақ орталық атқару комитеті үйінің үлгісімен, архивтен табылған ескі сызбаның ізімен салынды. 1925 жылы Қазақ орталық атқару комитетінің ғимаратында ұлтымыздың қазақ аты қалпына келтіріліп, қаланың Ақмешіт аты Қызылордаға ауысқан. Осы тарихи ғимаратты қайта жаңғырту, республикада алғашқылардың бірі болып «Рухани жаңғыру» орта­лығының Қызылордада ашылуы – ұлт тарихы мен руханиятына құрметтің белгісі.
Жалпы Бас жоспар бойынша Сырдарияның сол жағалауы 15 шағын ауданнан тұрады. Қазір мұнда 770 пәтерден тұратын 18 көпқабатты үй, 320 орындық балабақша, музей, жастар үйі, «Болашақ» университеті кампусының құрылыстары мен ауызсу, кәріз, газ, электр желілері, Алдағы уақытта қосымша 16 тұрғын үй, 300 орындық көпсалалы аурухана, Неке сарайы, мектеп, балабақша, отбасылық медициналық орталық және «Шіркейлі» каналының үсті­не көпір салынбақ. Оған қоса әртүрлі қаржы көздерінен  сауда, бизнес, ойын-сауық нысандарының құрылысын жүргізу жоспары бар. Қыркүйектің екінші онкүндігінде сол жағалаудағы алғашқы шағын аудан Қызылорда қаласының 200 жыл­дығына сыйлық болғалы тұр.
Одан әрі аймақ басшысы А.Жарқынбекқызының сайт арқылы жолдаған сауалына орай Қызылордада ашылатын Дәстүрлі өнер академиясы мен мамандандырылған физика-мате­матика мектеп-интернаты туралы айтып берді.
– Жаңа ғасырдың мұнайы – ақпа­раттық және сандық техно­ло­гиялар екенін ескерсек, бұл пән­дерді жетік білетін мамандарды жастайынан дайындау керек. 300 орындық интер­наты бар 400 оқушыға арналған мектеп сол жағалауда бой көтеретін болады, – деді облыс бас­шысы.  
Дәстүрлі өнер академиясының Сыр елінде ашылуы заңдылық сияқты. Өйткені, өнердің кәусар бұлағының бастауы осында жатыр. Академия құрамында колледж, бакалавриат және магистратура болмақ.
Облыс әкімі Астананың 20, Қызылорда қаласының 200 жыл­дығына орайластырылған шаралар туралы айтты. Қызылордадағы Астана күндері, Елорда мерейтойына арналған зымыран техникалары ашық музейін сыйға тарту – мерекелік шара­лардың бір парасы.
Қырымбек Елеуұлы бұған дейінгі сұхбаттарында да облыс дамуындағы  ең мақтан тұтатын көрсеткіші – мектеп бітірушілердің 97 процентінің жоғары және арнаулы оқу орнына түскені екенін айтқан болатын. Оған қоса тұрмысы төмен, көпбалалы отбасы балаларына арналған облыс әкімінің гранты тағайындалды. Әрине, бұл саладағы ең жарқын жетістіктің бірі ретінде балаларымыздың Ресей Үкіметі есебінен Мәскеу мен Санкт Петербургтегі ең үздік техникалық жоғары оқу орындарында оқып жатқанын айтамыз. Қызылорда – өз түлектеріне осындай мүмкіндік ұсынып отырған бірден-бір өңір.
Биыл ерке Есілдің бойындағы ел ордасы өзінің 20 жылдығын атап өтеді. Біздің аймақ мерейтойға арнап ашық аспан астындағы ғарыш музейін тарту етпек. Ол үшін «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық ғарыш орталығы 1,4 гектар жер телімін бөлді. Ашық аспан астында «Союз», «Протон», «Зенит» зымыран тасығыштары мен «Боран» орбитааралық кемесінің макеттерінен құралған зымыран-ғарыш техникасы музейі орналасады.
– Енді Нұрсұлтан Назарбаев атын­дағы әуежай арқылы Астанаға кіре бергенде оң жағыңызда «Нұр Әлем» сферасы, сол жағыңызда Тұран даңғылының бойында биік­тігі 60 метрге жуық «Союз», «Про­тон», «Зенит» және «Боран» зымырандары көрініп тұратын болады. Келісімшартқа сәйкес оларды 15 маусымға дейін жеткізу, орнату жоспарланып отыр. Экспозиция маусым айының аяғына таман дайын болады, – деді облыс әкімі.
Бүгінде құрылыс-монтаж жұмы­сы қарқынды түрде жүргізіліп, бір жағынан ғарыштық кемелердің макет­тері жасалып жатыр. Ғарыш музейі мен планетарий салу жобасы бойынша міндетті «Қазғарыш» агенттігі мойнына алған. Одан бөлек, аумақта серуендеу аймағы, ақпараттық стендтер жасақталады. Бұл мерейтой қар­саңында алғашқы астананың жаңа әрі жас астанаға арнаған сыйы, құрметі әрі сырбойылықтардың Елбасына ризашылығының бір көрі­нісі болғалы тұр.
Диас Фазылов – облыс әкімдігі ұйым­дастырған «Hack Day-2017» байқауына қатысушы. Ол ақпараттық технологияға аңсары ауып тұратын өзі сияқты жастар үшін өңірде қандай мүмкіндіктер барын білгісі келіпті. Статистикаға сүйенсек, бү­гінде аймақта 61 жастар ұйымы, 9 жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Қызылорда қаласының 200 жылдығына орай жастарға қызмет көрсету орталығы іске қосылады.
– Сырдарияның сол жағалауында салынып жатқан жастар ресурстық орталығының ІТ паркі болады. Ол Қазан қаласындағы ІТ паркінің үлгісі негізінде жасалады. Өйткені Татарстан – ақпараттық технологияларды да­мы­ту бойынша Ресейдегі ең озық орталық. Бұл жұмыстың барлығы осы салаға қызығушы жастардың талабын ұштап, алға ұмтылуына мүмкіндік беретіні сөзсіз, – деді аймақ басшысы.
Еске салсақ, «Hack Day-2017» байқауына 500-ден астам жас қатысып, олар ұйымдастырушылар күткендегіден озық нәтиже көрсетті. Осы орайда алғашқы өңірлік IT паркі Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада ашылды. Оның құрамында ақпараттық-тіркеу бөлімі, жұмыс, презентация, бизнес-келісім, әңгімелесу-демалыс, оқыту аймақтары мен технолаборатория, 3D студиясы, серверлік бөлме бар. Мұнда талантты жастар стартап жобаларын, алғашқы нұсқаларын әзірлеп те үлгерді. Бүгінде жаңашыл жастар жасаған 14 жобаны іске асыруға бюджеттен қаржы бөлінді. Астаналық, алматылық кәсіпкерлер тағы 4 жобаны қаржыландыруға ынта білдіріп отыр.
Былтыр мектеп бітірген қызыл­ордалықтардың 97%-нің жоғары және орта арнаулы оқу орындарына түсуін аймақ басшысы әркез мақтанышпен айтып жүреді. Бұл маргинал жастар қатарын, болашақ экстремистер мен қылмыскерлердің орнын толтыратын әлеуметтік базаны қысқартуға септігін тигізеді деген сенім бар. Соңғы үш жылдан бері ҰБТ қорытындысы бойынша Қызылорда облысы – республикадағы үздік бестіктің құрамында. Бағдарлама барысында аймақ басшысы осы позицияны сақтап қалу қажеттігін атап өтті. Биыл шешуші сынақ әдеттегідей 9 тестілеу пунктінде 20 маусым мен 1 шілде аралығында өтеді. Оған қатысуға талаптанып отырған түлектерге облыс әкімі сәттілік тіледі.
Сыр жастарына аймақ басшы­сының қолдауы айрықша. 2014 жыл­дан бері түлектер  Мәскеудің, Санкт- Петербургтің жетекші инженерлік жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіндігіне ие болды. Бүгінде Ресей астанасында 452 студент білім алып жүр. Биыл 76 жас оқуын аяқтаса, соның 31-і магистратураға қалу туралы шешім қабылдады. Қалғаны туған жерге оралып, жұмысқа орналасады. Бұл бағыттағы қолдау биыл да жалғасады. Қазірдің өзінде Мәскеу энергетикалық институты, Губкин атындағы Мәскеу мұнай және газ университеті өткізген емтиханға сырбойылық 670 түлек қатысты. Сынақ нәтижесі 15 маусымда белгілі болады.
Алдағы оқу жылынан бастап М.Ломоносов атындағы Мәскеу мем­­лекеттік университеті «Кибер­қауіп­сіздік» және «Процестерді математикалық модельдеу» маман­дықтары бойынша жыл сайын тағы 20 грант, оған қоса 20 адамды «Ақпараттық және цифрлық техно­логиялар» мамандығы бойынша Татарстанның Иннополис универ­ситетінде оқыту туралы келісім жасалды. Бүгінде Иннополисте өтетін конкурсқа қатысу үшін 31 бітіруші өтініш беріп қойды. Ал Мәскеу мемлекеттік университетіндегі емти­хан шілденің 10-ы мен 25-і аралығына белгіленген.
Тікелей эфир кезінде хабарласқан Қызылорда қаласындағы «Сабалақ» саяжайы тұрғындарының бірі меди­цина саласындағы түйткілді қозғады. Айтуынша, саяжай тұр­ғындарын қам­титын Тасбөгет кентіндегі №4 қалалық емхананың тозығы жеткен. Ғимарат бөлмелерінің тар болуы да келушілер үшін қиындық туғызады. Мүмкіндігі шектеулі аза­маттардың жоғарғы қабаттарға көтерілуіне де жағдай жасалмаған. Осы орайда тұрғындардың «мәселе тез арада ше­шілсе» деген тілегі бар. Бұдан хабар­дар екенін жеткізген аймақ басшысы:
– Тасбөгеттегі емхананың ескі және санитарлық талаптарға сай емес екенін біз білеміз. Оның орнына жаңа ғимарат салу мәселесі бұған дейін де көтерілді. Инвестор табылып, жер телімі бөлінді. Мемлекеттік-жеке­меншік әріптестік аясында жақын арада 250 келушіге арналған типтік үлгідегі емхана салына бастайды. Жоспарға сәйкес құрылыс келесі жылдың күзінде аяқталуы тиіс, – деді.
Денсаулық сақтау саласындағы негізгі басымдық апатты жағдайдағы объектілердің мәселесін шешу болды. Соңғы 5 жылда өңірде 58 медицина мекемесі салынса, соның 49-ы немесе 84,5%-і ескі ғимараттардың орнында қайтадан бой көтерді.
Былтыр облыста апатты үйлер мә­селесі оң шешімін тапты. 2013-2017 жылдар аралығында баспаналары құлау алдында тұрған 645 отбасы жаңа пәтерлерге көшіп, қоныс тойын тойлады. Есепті кезеңде 2 млн-нан астам шаршы метр баспана пайдалануға берілсе, Қызылорда қаласында 14 жаңа шағын аудан бой көтерді. Бүгінде жергілікті құрылыс компаниялары Сырдарияның сол жағалауында өздерінің қаржысы есебінен үйлер салып жатыр.
Мұндай қарбалас тірлік Арал ауданында да жүруде. Өйткені, уәде етілгендей, апатты жағдайдағы үйлерден көшірілген 19 отбасы осы шілде айында жаңа қоныстарына орналасуы тиіс. Бағдарлама бары­сында тікелей эфирге қосылған аудан әкімінің орынбасары Еркін Әбішев жұмыстың жай-жапсарымен таныстырды.
– Арал қаласындағы көпқабатты 2 үй апатты жағдайда деп танылған болатын. Оның бірінің төбесі биыл наурызда құлап, төтенше жағдай тіркелді. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Аймақ басшысы сол уақытта ауданға келіп, тұрғындарды жедел түрде баспанамен қамтамасыз ету туралы тапсырма берді. Осы мақсатқа облыстық бюджеттен 310 млн теңге қаржы бөлінді. Бүгінде мұнда 27 үй салынып жатыр. Оның 19-ы – Жароков көшесіндегі үйдің тұрғындарына, қалғаны Аралтұз көшесіндегі апатты жағдайдағы бас­панада тұратын 8 отбасыға беріледі, – деді ол.
Қазіргі күні мұнда рәміздер, балаларға арналған ойын-сауық және спорт алаңдары да қоса салынып жатыр. Алдағы уақытта бұл аумақ сәулеті келіскен ықшам аудан болады деген жоспар бар.
Одан кейінгі әңгіме өздігімен жұмыспен қамтылғандарға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек ту­ра­сында өрбіді. Қазіргі күні тұр­ғындардың «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамы­ту» бағдарламасы аясында же­ке кәсібін дамытуы үшін 6%-пен жеңілдетілген несие алуына мүмкіндігі бар.
– Ол үшін тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орта­лығына хабарласу керек. «Бастау-бизнес» жобасы бойынша да несие алуға болады. Келесі мүмкіндік – біз Қызылордада ет комбинатының құрылысына кірісіп жатырмыз. Оған союға қажетті мал дайындайтын коопе­ративтердің біреуіне мүше болып кіріп, мемлекеттің коопера­тивтерге бөліп жатқан субсидияларын иеленуге мүмкіндік бар, – деді облыс әкімі.
Жалпы, жыл басынан бері жеке қосалқы шаруашылықтарын, кәсібін дамыту үшін 1270 отбасы немесе 7580 адам біржолғы төлем ретінде ақшалай көмек алып, отбасының табысын арттырды. Шартты ақша­лай көмек алушылардың жан ба­сына шаққандағы орташа табысы әлеуметтік келісімшарт жасағанға дейінгі кезеңмен салыстырғанда 2,2 есе өсті.
Осы ретте аймақ басшысы бірқатар сәтті мысалды алға тартты. Атап айтқанда, шиелілік Динагүл Абдуллаеваның отбасы шартты атаулы әлеуметтік көмек алуға жүгінгенге дейін өзі де, жолдасы да жұмыссыз болған. Әлеуметтік келісімшарт негізінде бұл отбасыға шартты ақшалай көмек тағайындалып, төлен­ді. Жолдасы тұрақты жұмыспен қам­тылды. Өзі азық-түлік дүкенін ашып, кәсіпкерлікке бет бұрды. Нәтижесінде отбасының жан басына шаққандағы табысы 3,8 есе көбейді. Арал ауданының тұрғыны Ақниет Оспанованың отбасы шартты ақшалай көмектің арқасында жеке монша, ал жаңақорғандық Нұркен Тұрдалиев жеке наубайхана ашып, кондитерлік өнімдер саудасына ден қойды.
Облыс әкіміне сұрақ қойғысы келетіндер аз болған жоқ. Солардың бірі – жеке кәсіпкер Қызылбай Жүсіпов мал шаруашылығын қолдау бағытында қандай бағдарламалар барын білгісі келіпті. Аймақ басшысы саладағы маңызды жаңалық ретінде етті мал шаруашылығын дамытудың 2027 жылға дейінгі бағдарламасы қабылданғанын атап өтті.
– Алда тұрған басты міндет – етті мал шаруашылығымен айна­­лысатын қожалықтарды ірі коопе­ративтерге біріктіріп, сапалы ет өндірісінің бірыңғай жүйесін құру арқылы экспортқа өнім шығару. Аталған бағдарламаға сәйкес осы бағытта жұмыс істейтін тұлғаларға мемлекет тарапынан 15 жылға 4%-пен жеңілдетілген несие беріледі. Кепілдікке мүлік қоюға мүмкіндігі жоқтар үшін «ҚазАгроКепіл» акцио­нерлік қоғамы мәселені шешу жолдарын қарастырады, – деді облыс әкімі.
Биыл – жергілікті «Қайсар» фут­бол командасының құрылғанына 50 жыл. Атаулы дата ескерусіз қалмайды. Команда жанкүйерлерінің тарапынан қала тұрғыны Самат Есқожин қойған сауалға аймақ басшысы осылай жауап қайырды. Жоспарға сәйкес клуб тарихында ізі қалған ардагер футболшылармен кездесулер, спорттық-мәдени шара­лар ұйымдастырылады.
– «Қайсарға» барынша қолдау көр­сетіп келеміз.  Маусымның ба­сында фут­болшылар Түркияда екі рет оқу-жаттығу жиы­нын өт­кізді. Жаттықтырушылар шта­бына жаңа ойыншылар таңдалды. «Қайсарға» үлкен үмітпен қараймыз. Меніңше, команданың символы ретінде қасқырдың бейнесі орынды таңдалған. Циркке барсаңыз, онда өнер көрсететін аңдардың арасынан бөріні кезіктірмейсіз. Өйткені ол ешкімнің ықпалына көнбейді, мінезді әрі намысшыл. Осы орайда «Қайсарға» қайсар мінез бен намыс, жетістік тілеймін, – деді облыс әкімі.
60-шы жылдан бері аспан мен жер арасын жалғаған Байқоңыр қаласының екінші даму кезеңі басталды. Қазақстан тарапынан қала тарихында алғаш рет 50 пәтерлік 5 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Жалпы, қалада 90-шы жылдардан бері бірде-бір тұрғын үй салынбаған. Жаңа үйдегі пәтерлер жұлдызды қалашықта тұратын ел азаматтарына кезектілігіне сәй­кес беріледі. Құрылысты жыл соңы­на қарай аяқтау межеленіп отыр. Қаладағы тұрғын үйлерді жекешелендіру процесі туралы соңғы уақытта жиі айтыла бастады. Осы орайда облыс әкімі ғарыш айлағы мен Байқоңыр қаласы 2050 жылға дейін Ресейге жалға берілгенін, сол себепті әзірге мұндай процесс жүргізу үшін құқықтық негіз жоқ екенін шегелеп берді.
Байқоңыр қаласында бұған дейін қан тазарту ісімен айналысып келген ресейлік аурухана бүгінде қызмет көрсетуден бас тартып отыр. Алайда, кейбір қала тұрғындары мұндай медициналық көмекке зәру. Көпшілікті алаңдатқан сауалға байланысты аймақ басшысы:
– Ресей Федерациясының феде­ралдық медициналық-биологиялық агенттігінің Байқоңыр қаласындағы №1 орталық медициналық-сани­тар­лық бөлімінде 3 гемодиализ аппараты тұрақты жұмыс істей­ді. Науқастар арасындағы алаңдаушылық соның біреуінің бір апта бойы істен шығуына байланысты болған. Қазір­гі уақытта мәскеулік мамандар аппаратты жөндеп, іске қосты. Ендігі жерде де науқастар гемодиализ аппа­ратының көмегін еш кедергісіз пайдалана алады. Алдағы уақытта облыстық денсаулық сақтау бас­қармасы Байқоңыр қаласындағы облыстық медицина орталығының филиа­лында гемодиализ орталығын ашу бағытында жұмыс атқарып жатыр, – деп жауап берді.
Ал Қызылорда қаласындағы «Саяхат» шағын ауданының тұрғын­дарын жолдың жағдайы қинайды. «Жаңбыр, қар жауған күндері батпақтан аяқ алып жүру мүмкін емес. Әсіресе, мектепке қатынайтын оқушылар әбден әбігерге түседі. Жол салынса, жақсы болар еді», – дейді тұрғындар. Аймақ басшысы бұл мәсе­леден хабардар екенін жеткізе келе:
– 2017 жылы шет аймақтардың мәселесін шешуге жергілікті бюд­жеттен 40 млн теңге бөлініп, «Саяхат» шағын ауданындағы 40 көшеге тас төсеу, электр және су желілерін жүргізу мақсатында жоба­лық-сметалық құжат әзірленді. Бү­гін­де мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Биыл белгіленген көшелерге тас төсеуді бастаймыз. Одан бөлек, су желілерін қатар жүргіземіз, – деді.
Соңғы 5 жылда Қызылорда қаласының 500 шақырым жолдарын күрделі, орта деңгейдегі жөндеуден өткізуге және қайта жаңғыртуға 23 млрд теңге қаралды. Қаланың барлық кіреберіс жолы, соның ішінде орталық жолдар бірінші кезекте қалпына келтірілді. Шет аймақтардың түйткілі де назардан тыс қалған жоқ.
– Естеріңізде болса, 2013 жылы Әл-Фараби көшесінде «Джиппен» жүрудің өзі мүмкін емес еді. 2014 жылы бұл мәселені шешуге облыстық бюджеттен 1 млрд теңге қаржы бөлдік. 2014 жылы мұндай жұмыс Торайғыров көшесінде жүргізілді. Ендігі кезек – кішігірім ішкі жол­дарда. Мысалы, өткен жылы және биыл Тасбөгеттің жолдарын жөндеуге 900 млн теңге бөлінді, – деді аймақ басшысы.
Бағдарлама соңында облыс әкімі әлеуметтік желілерге қатысты пікір білдірді.
–  Әлбетте, мұның пайдалы жағы да, кері әсері де бар. Әлеуметтік желі – жаһандану үрдісінің бір белгісі, уақыт талабы. Мұнда шекара түсінік жоқ. Әлемнің кез келген түкпірінен керек ақпаратыңды дер кезінде ала аласың. Дегенмен, әрбір ақпарат объективті болуы тиіс. Өйткені, сөздің маңызы зор, – деп атап өтті облыс басшысы.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы».
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 02 маусым 2018 г. 191 0