Қазалыда түлектер туған ауылына балалар алаңын салып берді

Қазалы ауданына қарасты Бозкөл ауылындағы №96 мектепті 10 жыл бұрын бітірген түлектер туған аулына балалар ойын алаңын салып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Туған жерінде бас қосқан түлектер ауылдағы "Болат Әбілов" атындағы орталық саябақты көркейтіп, балалар ойын алаңын салды.
«Біз бұл шаруаны мақтау есту үшін жасап жатқан жоқпыз. Бар мақсатымыз - туған елімізге аз да болса өз пайдамызды тигізу. Он бір жылдықты бірге бітірген 11 бала ұйымдасып, орталық саябақ ішінен сырғанақ, әткеншек секілді дүниелер бар балалар ойын алаңын жабдықтап жатырмыз. Ауыл балдырғандары бос уақытын осындағы ойын алаңында өткізсе бір ғанибет емес пе?! Бұл біздің туған еліміздің дамуына қосқан тамшыдай болса да үлесіміз. Ең бастысы - туған ауылымның іргесі сөгілмей, берекесі арта берсе болғаны», - дейді Мұхит Иниятов.
Туған жерге деген қолдау мұнымен шектелген жоқ. Олар волейбол алаңы мен жастар жаттығатын турник, қоссырық сияқты спорттық қондырғылар да салып беруде. Бозкөлдік жастар спорт алаңын мектепте он бір жыл бірге оқып, марқұм болып кеткен Нұрғиса Сапаровтың құрметіне орай ашып отыр екен. Сыныптастар жастайынан спортқа жаны құмар достарын еске алу мақсатында футболдан турнир өткізуді де жоспарлап отыр.
"Өмірге құштар Нұрғиса біздің жадымызда мәңгілікке сақталады. Ешкімге жамандық ойламайтын бауырымыздың атындағы аяқдоп бәсекесін оның туған күні - 23 шілдеге белгілеп отырмыз", - деген жоспарымен бөлісті игілікті істің басы-қасында жүрген Дінмұхаммед Әбілов.
Ауыл тұрғындары да жастардың оң бастамасына дән риза. Бұл туралы бізбен әңгіме барысында Бозкөл ауылдық округінің әкімі Мархабат Қаниев айтып берді.
«Жақында Бозкөл ауылында тұратын балалар үшін үлкен мереке болғалы тұр. Олай дейтін себебіміз, Қарасақал Ерімбет атындағы №96 мектепті осыдан он жыл бұрын бітірген шәкірттеріміз ауылдан балалардың ойын алаңын жабдықтауда. Мұндай сыйлыққа ауыл халқының алғысы шексіз. Әсіресе, бала күтімімен айналысатын әжелер жаз айларында ойын алаңы балалардың басын қосатын жақсы орын болады деп қуанып жүр. Амандық болса, балалар ойын алаңы 1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күнінде пайдалануға беріледі», - дейді ауыл басшысы.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 30 мамыр 2018 г. 283 0