ХАЛЫҚТЫҚ МЕРЕКЕ ХАЛЫҚТЫҚ СИПАТ АЛҒАНЫ АБЗАЛ

Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ұлттық кодымызды сақтаудың бір жолы прагматизм екендігін айтады. «Төл тарихымызға, бабаларымыздың өмір салтына бір сәт үңіліп көрсек, шынайы прагматизмнің талай жарқын үлгілерін табуға болады», – деп атап көрсетеді. Шындығында Еуразия төсін еркін жайлаған ата-бабаларымызда туған табиғатты аялауға, әрбір нәрсені үнемді, ұқыпты ұстауға тәрбиелейтін көптеген өнегелі, тағылымды да қастерлі дүниелеріміз өте көп. Тек соған зейін салып ой көзбен қарай білуіміз керек, әрі сол қалыптасқан мәдени құндылықтарымызды ұдайы насихаттап отырғанымыз дұрыс. Елдік пен ерліктің жарқын үлгісін көрсеткен текті билеріміз бен хандарымыздың, жауына намысын бермеген батыр бабаларымыздың әрбір ісі ұрпаққа ұран.  
Халқымыз «Елге ел келсе – құт, елден ел кетсе – жұт» деп көршілес отырған елдің жақсылығын асырып, жамандығын жасырып, тату-тәтті мамыражай күй кешкенді қалаған. «Ақырет күні – көршіден» деп көршімен тату болуды басты орынға қойған. Есігін іштен бекітуді білмейтін қазақтар өзгені де өзіндей көрген. Алдымен ағайынның татулығын ойлайтын қазақ елі 13 наурыздан бастап «Амал айы туды, Ұлыстың ұлы күні келді»  деп қыстан аман шыққан бойда наурызға деп сақтаған соңғы сүр етін қазанға салған. «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» деп ауыл-аймақты аралап ағайынмен көрісетін жақсы дәстүр болған.
Амал айында ағайынмен көрісу Маңғыстау, Атырау секілді батыс облыстарда әлі күнге дейін сақталып келеді. Бұл игі дәстүр облыстың аудандарында да бұрыннан бар, ұмытыла қойған жоқ. Ендігі жағында халықтың қазынасына айналған мұндай маңызды бастаманы қайта жаңғыртуымыз керек. Алайда, жаңғырту керек екен деп жалаң ұрандатудың да қажеті шамалы.
1988 жылдан бастап Наурыз мейрамын қайта тойлауды қолға алған еліміз бұл мерекені жылда атап өтеді. Осылайша Ұлыстың ұлы күнін ел болып, жұрт болып тойлай бастағанымызға да биыл отыз жыл толады екен. Наурыз мерекесі БҰҰ тарапынан тойланатын мерекелер қатарына да кірді. Алайда, бұрынғы тойлау дәстүрі қазіргі кезде көп өзгеріске ұшыраған. Наурыз мейрамын тойлау бір жағы ресмиленіп барады. Барлық жерде өтетін шараның жалпы көрінісі мынаған саяды: алдымен ақшаңқай киіз үйлер тігіледі, қасына алтыбақан орнатылады да наурыз көже пісіріледі. Киіз үйдің ішіне дастархан жайылады оның үсті неше түрлі тағамдармен толтырылады. Бар қызық осымен бітеді. Ендігі кезек басшылар келіп дастарханға жайғасу керек, оған дейін ешкімнің дастарханға отыруға құқы жоқ. Басшы дастарханнан ауыз тиген соң басқа киіз үйге қарай бет алады, сосынғысы белгілі, дастарханды жаюға қызмет еткен қызметкерлер отырып тамағын ішеді сонымен негізгі іс-шара бітеді. Кейінірек түстің ауып кеткенін сылтауратқан шаруашылық қызметкерлері киіз үйді жинай бастайды. Қысқасы, жылдағы көрініс осы сипаттан аса алмай келеді.
Жуырда облыс әкімі Қ.Көшербаев «әкімдерге арнап дастархан жаюды қою керек» деп ескерту жасады. Шын мәнінде, халықтық мереке шынайы түрде әрбір адам төл мерекесін өз деңгейінде сезіне алатындай дәрежеге көтерілуі керек. Мысалы, кеңестер одағы кезінде (әлі де бар) халықтың ерекше тойлайтын мерекесінің бірі жаңа жыл болатын. Әрбір шаңырақ шамасы келгенше мерекеге дайындық жасайды, сағат түнгі он екіні көрсеткенде көршілер бір-біріне қонаққа барып таңға дейін сабылып жүреді. Жас балалар да мектепте өткен жаңажылдық мерекелерді көргеніне, аяз атаның қолынан алған сыйлықтарына мәз болатын. Демек, ресми іс-шараға қарағанда халықтық мейрамның адам жанына сыйлайтын жылылығы басымдау. Кезінде Наурыз да осындай халықтық мереке болған.

Қазіргі уақытта халықтық мерекені әрбір жанұя өзінше тойлаудың жоралғыларын ұмыта бастады. Оның үстіне жоғарыдан нұсқау келмесе, өздігінен әрекет ете қоймайтындай халқымызда өткенге салғырттық, немқұрайлылықпен қарайтын мінез де қалыптасып үлгерді. Сондықтан мейрамды халықтық деңгейде тойлаудың жолдарын жаңартып, оның ұлттық сипатының маңыздылығын насихаттауды жоғары деңгейге көтеру керек. Осындай қолда бар асыл дүниемізді халықтың өзіне қайтара отырып, рухани жаңғыруға жол ашуға болады.

Елбасымыз өз мақаласында: «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек.

Прагматизм – өзінің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді», – деп атап өтеді.

Ғасырлар бойы қанымызға сіңген жақсы қасиетіміздің бірі – ұстамдылық пен шыдамдылық. Ұстамды болуды бабаларымыз ғасырлар бойы жас ұрпақтың бойына сіңірумен келеді. Орынсыз жерге килікпеу, үлкеннің алдын кесіп өтпеу, үлкендер сөйлеп отырғанда сөзді аяғына дейін тыңдау, өз ойыңды асықпай, анық етіп жеткізе алу да ұстамдылықтан келіп шығады. Дастархан басына жиылған соң үйдің басшысы әкенің рұқсатынсыз бірде-бір жан тамаққа қол созбаған. Қанша жерден қарны ашып тұрса да шешесіне еркелеп өскен ерке ұлдың өзі бұл дәстүрді бұзып өте алмаған. Мұның өзі жас ұрпақты әдептілікке, шыдамдылыққа тәрбиелеудің бір үлгісі болатын. Әке отырған жерде бейберекет сөз айтылмаған, қыңқылдап ананы-мынаны әпер деп мазасын алмаған. Бала мен әкенің ортасындағы дәнекерлікті үйдегі шешелері атқарған. Ұлыстың ұлы күні секілді жиындарда да жиылған жұрт алдына тартылған астан алу үшін төрде отырған абыз-ақсақалдардың рұқсатын күткен. Бұл да елді ізеттілікке, ибалыққа тәрбиелеудің бір көрінісі деуге болады.

«Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы» дегендей, ат жалын тартып мінген жастар елге даңқы жайылған атақты билердің, абыздардың батасын алуды армандаған. Қазақтың әйгілі билерінің жүріп өткен жолдары ұрпақты тәрбиелеуге таптырмас құрал бола алады. «Тура биде туған жоқ» деп қандай қиын мәселелерді де екі ауыз сөзбен шешіп, халыққа туралығымен әрі тапқырлығымен үлгі бола білген. Осындай тура басшысы бар халық қашанда әділдіктің ақ жолынан адаспаған.

Ұлы Жібек жолының бойында қалалардың көбі Сыр бойында орналасқан. Жеті жұртпен араласып, жеті елдің мәдениетін білсе де, Сыр бойында қалыптасқан мәдениет өзінің тазалығымен, мейлінше қарапайымдылығымен ерекшеленді. Ол дәуірлерде де неше түрлі діни ағымдар, жат пиғылды мәдениеттер толассыз келіп жатты. Ол дәуірдің адамдары да оқыған, көзі ашық адамдар болды, алысты болжайтын көсемдер көп шықты. Түркістанда, Бұхарада, Бағдат пен Шамда оқыған ғұламаларымыз араб-парсы, шағатай т.б. тілдерде еркін сөйлеген. Үш-төрт елдің әдебиеті мен тарихын, мәдени құндылықтарын жақсы меңгерген. Осындай сүзгіден өте отырып, ата-бабаларымыз дәстүрлі ислам дінін ұстанған. 

Сыр бойында жыраулық дәстүр жанданды. Жырауларымыздың барлығы өскелең ұрпаққа елдік пен ерлікті, өнегелі істерді жырлады. Қазақ жырауларында қалыптасқан дидактикалық әдебиетте халықты тазалыққа, үнемшілдікке, қанағатшыл болуға шақыра отырып, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу жағын ылғи да насихаттаумен болды. Кейінгі ұрпаққа кемел адамның қандай болатынын көрсетіп кетті.

Демек, ата-бабамыз ұрпағының игілігі үшін көптеген асыл мұраларды қалдырып кеткен. Оны басқа елдің мәдениетінен іздеудің қажеттілігі жоқ. «Халықтық тәжірибе – бүгінге ғана емес, ертеңге де керек қазына», – деген болатын қазақтың біртуар батыр ұлы Б.Момышұлы. Ғасырлар бойы сары алтындай болып сақталған рухани жәдігерлеріміз талай сыннан сүрінбей өткен, бүгінгі күнге дейін талай тезге түсіп шыңдалған құнды дүниелеріміз – елдің ертеңі үшін дамылсыз еңбек етіп келеді. Тек өзімізде бар осындай асыл дүниелерді халыққа жарқыратып шығара білуіміз керек.

Бақыт ӘБЖЕТ,

«Рухани жаңғыру» орталығының

жетекші маманы,

филология ғылымдарының 

кандидаты, доцент.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 13 наурыз 2018 г. 166 0