Самал Еслямованың қатысуымен фильм түсірілімі басталды

Алматы облысы Тұзкөл ауылында биылғы Канн фестивалінің үздік актрисасы Самал Еслямованың қатысуымен "Барымташылар" атты толықметражды қазақ-жапон фильмінің түсірілімі басталды, т- деп хабарлайды BNews.kz "Қазақфильм" АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Актрисаның сөзінше, аталған халықаралық жобада жұмыс істеу қызықты.

"Қазақстанда жұмыс істеу және Ерлан Нұрмұхамбетовтың жобасына қатысу мен үшін аса ерекше, өйткені Ерланмен "Түлпан" фильмінен бері таныспыз", - деді Самал Еслямова.

Қазақфильмнің мәліметінше, Қазақстан тарапынан жобаны ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ іске асырса, жапон тарапынан – "Tokyo New Cinema" компаниясы.

Фильмнің продюсерлерінің бірі - Сёдзо Ичияма (Жапония). Ол Такеша Китано, Цзя Джангке, Хоу Сяосяня сынды танымал режиссерлер түсірген фильмдердің продюсері. Жалпы алғанда, Седзо 20-дан астам фильмге продюсер болған. Олардың көпшілігі негізгі конкурстарға ілініп, Берлин, Канн және Венеция кинофестивалдерінде жүлделерді иемденген.  

"Барымташылар" фильмі Тянь-Шань тауының бөктеріндегі кішкентай ауылда тұратын тату отбасы туралы баяндайды. Олар шулы қаладан және тұрақсыздықтан алыста, жылқы бағумен айналысады.  Бір күні жылқы ұрлайтын топ алысқа отағасын алдап апарып, аяусыз өлтіреді де табын жылқыны айдап әкетеді. 12 жасар Олжас, топтың қолынан мерт болған әкесінің өліміне қайғырып, зұлымдықпен күресіп, отбасыларына түскен ауыртпалықты қарындастарымен бірге кешеді. Қорғансыз қалған Олжастың отбасына ғайыптан пайда болған бөгде біреу қол ұшын созады.

Фильмнің продюсері Юлия Ким (Қазақстан/Франция) бұқаралық ақпарат құралдарына халықаралық топты таныстырды. Фильмде режиссер Ерлан Нұрмұхамбетов (Қазақстан), тең режиссері  Лиза Такеба (Жпоания), қоюшы оператор Әзиз Жамбакиев (Қазақстан), актриса Самал Еслямова (Қазақстан) және актер Мирай Морияма (Жапония) жұмыс істейді.

Режиссер Ерлан Нұрмұхамбетов фильмнің жанрын вестерн мен мелордама аралас болады деп сипаттай отырып, отандық және жапондық көрермендерге бағытталған деді.

"Жапон тарапы белгілі аудитория мен табыс әкелетенінен үмітті. Сол себептен де фильмге жапонның танымал актері Мирай Морияма шақырылған", - деді Ерлан Нұрмұхамбетов.

Актер Мирай Морияма "Барымташылар" фильмінде ғайыптан пайда болатын Қайрат есімді кейіпкерді сомдайтынын және қазақ тілін меңгеріп, атқа салт мініп жүруді игергенін айтты.

"Мені бұл жобада қатты қызықтырғаны –  әке мен бала оқиғасы. Сонымен қатар, жобаның қазақстандық және түсірілімдер сіздердің елдеріңізде жүретіні мені тартты", - деп қосты Мирай Морияма.

Фильмнің продюсері Юлия Кимнің айтуы бойынша, түсірілімдер Шонжы мен Шелекте өтіп, бір ай бойы жүреді. Фильмнің релизі 2019 жылға жоспарланған.

Мәдениет 17 қыркүйек 2018 г. 653 0