Кітап – жан азығы, өмір қазығы

Кітапхана – ғасырлар бойы адам баласына рухани байлық сыйлап келе жатқан, ғылым мен білімнің терең сырынан сусындатар мәдени орын. Сонымен бірге парасаттылық пен білімділіктің, байлық пен біліктіліктің киелі ордасы. Сыр бойындағы кітапханалардың ең басты орталығы – Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасы. Оның тарихы 19 ғасырдан бастау алады. 1867 жылы Перовск қаласында сауаттылар мен ауқаттылардың қаржысына Ақмешіт уезінің әскери халқы үшін уездік кітапхана болып ашылған. 1938 жылдан бастап Қызылорда  облыс орталығы болғаннан кейін қалалық кітапхана облыстық кітапхана болып қайта құрылды және ол М.Горький есімімен аталды. 

2000 жылы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасына халық жазушысы, көрнекті ақын Ә.Тәжібаевтың есімі берілді. Ол сонымен бірге Қызылорда облысы кітапханаларының әдістемелік орталығы болып саналады. 2009 жылы қараша айында қазіргі заман талабына сай техникалық құрал-жабдықтармен жасақталған 400 мың дана кітап қорын сақтауға арналған жаңа ғимаратқа көшті. Сол уақытта Сыр еліне жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан ­Назарбаев осы руханият орталығында болды. «Мен осы кітапханаға арнайы ке­ліп отырмын. Өйткені, еліміздің ертеңі білімді жастардың қолында, жас өрендеріміз болашақта білікті маман болып өркен жаюы керек» деді Елбасы осында болған кездесуде.

Бүгінде кітапхана 30870 оқырманға қызмет көрсетеді, кітап қоры 412472 дана. Мұнда кітапхана қызметін жетілдіру, қызмет көрсету аясын кеңейту, оқырмандардың ақпараттық сұраныстарына сәйкес қорды қалып­тастыру мақсатында жұмыстар жүр­гізіліп келеді. Оған облыстық кітап­хана директорының орынбасары Бақытнұр Мырзахметовамен сөйлесу барысында көз жеткіздік. Бақытнұр Тәңірбергенқызы алғашқы кезекте ең кішкентай оқырмандарға арналған бөлімге бастады.

Бөлімде кішкентай оқырмандар үшін  зал ұйымдастырылған. Бала­лар бөлімінің меңгерушісі Маржан Айгисинованың айтуынша, ең кіш­кентай оқырман 2 жаста. Әріп танымаса да, оларға ата-аналары осы жерде дауыстап кітап оқып береді, мультфильмдер көрсетеді, түрлі ойындарды ойнатады. Балаға кішкентай кезінен бастап бойына кітапқа деген құмарлығын оятады. Осы залда балаларға арналған көптеген шаралар ұйымдастырылады.  Мұнда кітапты аш­қан кезде беттерінің арасынан қолмен ұстауға келетін кейіпкерлер бейнесі шығатын кітаптар аз емес. Егер бұрын мұндай кітаптар тек орыс тілінде ғана болса, қазір қазақ тіліндегілер де молайды. Мұндай ойын кітаптарының баланың ой-өрісін дамытуға әсері мол. «Жанұялық оқулар» шарасында балаларға өлеңдер мен әңгімелер және ертегілер оқып береді. Бөлім қаладаға оншақты балабақшамен ты­ғыз байланыста жұмыс жүргізіп ке­леді екен. Бүлдіршіндерді әр жолы бір ертегімен таныстырып отырады, ойындар, мульт­фильмдер көрсетеді. Сондай-ақ, девиантты мінез-құлықты, яғни қиын балалар тәрбиелейтін екі мектеппен де үзбей жұмыс жүргізіледі. Сол секілді мүмкіндігі шектеулі балалар да назардан тыс қалмаған. Осындай мектептердің балалары бұл жерде жиі болып тұрады, жүре алмайтындарына кітапханашылар өздері барады. Балабақшалар мен мектептерде биб­лиодесант шаралары жиі өткізіледі. Балалардың жас ерекшеліктеріне қа­­рай арнайы бағдарламалар ұйым­дас­тырылған. Дарынды бала­ларға ар­налған бағдарламалар бар. Кітап­ханашылар осы шаралар аясында конкурстар өткізіп, үздік шыққан балаларды грамоталармен марапаттап, көтермелеп отырады.

Кітапхананың өнер бөлімінде сурет салу, мүсін жасау, фортепиано, домбыра үйірмелері және барельеф студиясы жұмыс істейді. Бөлім меңгерушісі Гүлжан Юсупова қатысушыларға жас ерекшеліктеріне байланысты шектеу қойылмайтынын жеткізді. Яғни, бала­лар да, үлкендер де қатыса береді. Зейнетке шыққаннан кейін домбыра үйренуге тілек білдірушілер аз емес екенін естідік. Үйірме жетекшісі Баян Әбуова қатысушылар салған суреттер мен барельефтен жасалған гүлдер мен ою өрнектер, моншақтардан тоқылған бисер секілді көптеген дүниелерді  көр­сетті. Бөлімде үйірме жетекшілері шеберлік сабақтарын жиі өткізіп тұрады.

Заман талабына сай кітапхананы іскерлік кездесулер, шеберлік сабақтар өткізуге ыңғайлы қарым-қатынас орта­лығына айналдыру бағытында біраз жұмыс атқарылған екен. Адамдар арасында емін-еркін, бейресми қарым-қатынас орнататын, жастар тұрақты келіп тұратын ыңғайлы алаң жасау мақсатында кітапханадан «BOOК кафе» және коворкинг орталығы ашылыпты. Аталған кафеде белсенді жастардың уақытын тиімді өткізуге, пікір алма­суға, қарым-қатынас орнатуына қолайлы жағдай жасалынған. Бұл жерде білім алуға, жұмыс жасауға, демалуға, сонымен қатар, көңілді кештер өткізуге болады. Кітап оқумен бірге кофе, шай ішіп, мәдени демалуға жақсы жағдай жасалғанын көріп риза болдық.

Ал коворкинг орталықтың негізгі мақсаты – әлеуметтік маңызы бар бас­тамаларды, жобаларды және бірлесе жұмыс жүргізу үшін жастардың қол­жетімді жұмыс кеңістігін ұйым­дастыру. Орталық іскерлік қатынас аймағы, бейресми кездесулер аймағы, демалыс аймағы және жеке жұмыстар жасауға арналған алаң секілді төрт аймаққа бөлінген. Іскерлік қатынас аймағы – шығармашылық және ғы­лым жолындағы жастардың басын қосу мақсатында түрлі іс-шараларды ұйымдастыруға арналған. Мұнда жастар өз жобаларын, идея­ларын талқылай алады, іскерлік кездесулер, пікірталастар, лекция, семинар, шеберлік сағаттары мен тренингтер ұйымдастыруға болады. Бұл орын жұмыс жасауға қажетті компьютер, проектор, экран, маркерлі тақта, диван, стол, үстелдермен жабдықталған. Интернет, WI-FI бар. Бейресми кездесулер аймағы – интеллектуалды ойын­дар, көрмелер ұйымдастыруға, вебинар және фильм көруге арналып, келушілердің демалуына жағдай жасалған қолайлы орын. Мұнда теледидар көріп, қызықты кітап, газет-журналдармен таныса алады. Демалыс аймағы  жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, шахмат және үстел теннисін ойнауына болады. Жеке жұмыстар жасауға арналған кабиналар жасақталған.

Кітапханада Қазақстанның халық жазушысы, дарынды драматург Қал­­тай Мұхамеджановтың жеке кітапханасы ашылған. Айта кетейік, оның драматургиялық шығармалары шет тілдеріне аударылып, АҚШ, Ұлы­британия, Болгария, Венгрия, Моң­ғолия, Ресей, Қырғызстан және тағы басқа елдердің театрларында қойылған.  Жазушының жеке кітап­ханасында 8 мыңға жуық кітап, сонымен қатар көп жылдар пайдаланған жеке заттары, жазу құралдары, кәдесыйлары, портреті қойылған. Биыл жазушының 90 жылдығына арнал­ған «Көктөбедегі кездесу» пье­са­сына талдау, «Мен Сырдың пер­зен­тімін» атты кең көлемді кітап көрмесі, «Қалағаңның қалжыңдары – халық мұрасы» атты әдеби кеш ұйымдастырылды. Жазушының шы­ғар­машылығын зерттеуші студент­тердің аз еместігі туралы ақпарат алдық.

Бүгінде кітапхана пайдалану­шы­ларының интеллек­туалдық деңгейі мен сұраныстары күрделі, мазмұны да өзгерген. Оқырмандар мен кітапхана қызметін пайдаланушыларға қызмет көрсететін кітапхана мамандарының білім мен біліктілігіне қойылатын та­лап та күннен-күнге күшеюде. Кітапхана процестеріне жаңа технологияларды енгізу, электронды каталог құру, құжаттарды электронды жеткізу, виртуалды анықтама қызметі, құжаттарды цифрлық жүйеге көшіру жұмыстары жүзеге асырылуда.

Кітапхана дәстүрлі кітапханалық қызмет көрсетумен қатар электронды технологияларға негізделген жаңа қызметтер ұсынады. Ақпараттық техно­логиялардың дамуы қорды сақтау ісінде жаңа мүмкіндіктер ашты. Кітап­ханада құжаттық мұраларды сақтау және қайта өңдеу қызметтері бағытында сирек кітаптарды цифр­лау, кітаптарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Заманауи ақпараттық технологиялар кітапхана ресурстары мен қызметтерін жетіл­діріп, ақпарат орталығы ретінде қызмет көрсетіп отыр. Электронды каталогты ұйымдастыру, құжаттарды цифрлық жүйеге енгізу, ақпараттық-анықтамалық жұмыстарды электронды жүйеге көшіру жұмыстары жақсы жолға қойылған. Электронды кітаптарды пайдалану, қорларды электронды жеткізу арқылы пай­да­ланушыларға ұсыну және оқыр­ман­дардың қажетті ақпараттарға қол­жетімділігін арттыру мақсатында кітап­ханалар заман ағымына сай қыз­мет көрсетуде.

Құжаттық мұраларды сақтау және қайта өңдеу қызметтері кітапхананың басты бағыттарының бірі болып табылады. Қазіргі таңда «Құжаттық мұраларды цифрлау» жобасы аясында өлкетану бағытындағы 3023 кітап, 1941-1969 жылы шыққан «Ленин жолы», «Путь Ленина» газеттері цифрлық форматқа көшірілген.

Қазақстандықтардың өмір сапасын арттыру әрі ұлттық экономиканы цифрландыру мақсатында елімізде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бүгінгі күні техника және технологияның шарықтап дамуы кітапхана қызметінде электронды ақпараттық ресурстарды белсенді қолдану арқылы кітапты электронды нұсқада оқуға мүмкіндік туғызып отыр. Заман талабына сай дәстүрлі жұмыс түрімен бірге жаңа технологияларды қолдану кітапхана жұмысында басты бағыттардың біріне айналды.

Осында болғанымызда кітап оқу­ды ілгерілету, кітап оқу мәртебесін көтеру, жалпы әдебиетті насихаттау, тұрғындарды кітапханаларға тар­ту және оқырмандардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында көптеген шаралар ұйым­дастырылып келе жатқанынан хабардар болдық. «Оқы және өзгеге ұсын!» буккроссинг жобасы – солардың бірі. Кітап көрмелері, ақын-жазушылармен кездесулер, шығармашылық кештер, кітаптардың тұсаукесер рәсімдері де жиі өткізіліп келеді. Жыл сайын дәстүрлі «Тәжібаев оқулары», республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы өткізіледі. Ел болып оқуға таңдалған кітапты насихаттау бары­сында көпшілік жұмыстың заманауи түрлері қолданылуда. Атап айтқанда, оқырмандар конференция­сы, кітап тұсаукесері, әдеби қазба, ток-шоу, флеш­моб, дебаттар және пікір-талас кештеріне оқырмандар үлкен қызығушылықпен қатысады.         ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағ­дарламалық мақаласын насихат­тау мақсатында өлкенің тарихына және Сыр бойынан шыққан тұлғаларды насихаттауға арналған «Туған жер – тұнған тарих» атты танымдық кеш, «Мәңгілік ел және ұлы дала құндылықтары», «Латын әліпбиі – келешектің кілті» атты дөңгелек үстел, «11-ші аймақ латын әліпбиіне көшеді» атты кітап көрмесі, Қызылорда қала­сының 200 жылдығына орай «Сыр – Алаштың анасы» атты ғылыми-танымдық конференция, «Алаш­тың айбарысың, Қызылорда» атты эссе байқау, батыр Келмембет Келді­байұлының туғанына 370 жыл толуына орай «Бабаға құрмет – ұрпаққа міндет» атты тарихи кеш ұйымдастырылды.

Кітапты насихаттау, оқуға деген қызығушылықты, қоғамның интеллектуалды әлеуеті мен мәдени құндылықтарын арттыру, кітап оқуға тарту, өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік білімін арттыру, жастардың кітап оқуға, көркем әдебиетке деген құштарлығын ояту мақсатында 23 сәуір - Дүниежүзілік кітап және авторлық құқықты қорғау күніне орай «Kitap Fest - 2018» кітап фестивалі өткізілді.

«Жастар таңдайды» атты жобаның мақсаты – жастарды кітап оқуға ынта­ландыру, әдеби талғамын қалып­тас­тыру,  кітап оқуды насихаттау, жас­­тар оқитын таңдаулы 100 кітапты анық­тау. Осы жоба аясында видеороликтер байқауы ұйымдастырылады. Жастар өздері сүйіп оқитын кітаптары туралы видеороликтер түсіріп, замандастарына ұсыну мүмкіндігіне ие болады. Ұлттық құндылықтар мен жалпы адамгершілік тәрбиесі арқылы білімді жеке тұлға қалыптастыру, өз өлкесіне және оның тарихына деген сүйіспеншілік сезімін ояту мақсатында кітапханада «Оқитын өлке» акциясы, «Кітаппен бірге өсеміз», «Кітапханамен бірге оқу»» атты жобалары жүзеге асырылуда. «Досыңа кітап сыйла!» және «Кітапханаға кітап сыйла!» акциялары оқырмандар қолдауына ие болып отыр.

Сыр өңірінен шыққан талантты жастарды бір әдеби ортаға жинап, шығармашылық деңгейін көтеруге, рухани-әдеби ортаның қалыптасуына, жас дарындардың жаңа көзқарастарын дамытуға жағдай жасау, жергілікті шығармашылық иелерін келер буынға таныту мақсатында «Жауқазын - ғұ­мыр» жас ақындар клубы, «Өнер», «Дидар» ақпараттық клубы, Сыр өңірінен шыққан талантты, белгілі тұлғаларды насихаттайтын «Келбет», сондай-ақ, «Отбасымен бірге оқиық», «Бүгінгі оқырман – ертеңгі көшбасшы» жобалары жұмыс жасайды. Оған қоса «Құжаттық мұраларды цифрлау», «Жанашыр», «50+WEB» жобалары бойынша жұмыстар жүргізіп келеді. Сонымен қатар кітапхана бөлімдері жанынан құрылған бірнеше клубтар бар. Атап айтқанда, «Кездесу», «Өнер», «Бағбан», «Дидар» және «Жауқазын-ғұмыр» жас ақын-жазушылар клубы, «ACK Kyzylorda» сұхбат клубы, «Рауан» балалар клубы, және «Шаңырақ» интеллектуалды орталығы.

Кітапханада жұмыссыз жастарға және әлеуметтік жағынан аз қам­тамасыз етілген азаматтарға қолдау көрсетуге бағытталған «Шаңырақ» интеллект-орталығы жұмыс жасайды. Мақсаты – 18-35 жас аралығындағы жұмыссыз жастар мен мүмкіндігі шек­теулі азаматтардың еңбек пен бәсекеге қабілеттілігін арттыру, ІТ-технологияларды пайдалануға үйрету. Өткізілген курс сабақтары мен тренингтерге осы уақыт аралығында жұмыссыз жастар, мүмкіндігі шек­теулі азаматтар да қатысып, интернет арқылы түрлі әлеуметтік желілерді және электронды үкіметтің онлайн қызметтерін пайдалануды үй­ренді, күрделі бағдарламалармен жұмыс жасау сияқты компьютерлік сауаттылықтар бойынша тегін курстан өтті.

Кітапханада көрсетілетін кітап­ханалық қызмет түрлері мен өткізілетін барлық мәдени шаралар, қорға келіп түскен жаңа әдебиеттер туралы, белгілі бір қаламгер шығармасына арналған виртуалды көрмелер туралы кітапхана сайтында жүйелі түрде жарияланып тұрады. Кітапхана пайдаланушылары үшін соңғы жаңалықтардың тағы бірі – мобильді кітапхана қызметі. Мобильді кітапхана қызметін планшет пен смартфон иелері пайдалана алады. Пайдаланушылар виртуалды көрмеден тегін Wi-Fi қызметіне қосылып, қажет кітаптың QR-кодын сканерлеп, оны электронды түрде өз мобильді құрылғысына жүктей алады. Мобильді кітапхана қорында Сыр бойының белгілі қаламгерлерінің туындылары бар.

Кітапханада мүмкіндігі шек­теулі азаматтарға кедергісіз орта қалыптастыру мақсатында қолайлы жағдайлар жасалған. Ғимаратқа кіре­беріс пандус санитарлық- нормативтік талаптарға сай жасалды. Пандус ауа райының қолайсыздығынан қорға­латын төбесі жабық, табанына арнайы тайғақтан қорғайтын резина төселген. Санитарлық тораптарда азаматтардың қимылы шектеулі топтары үшін ыңғайлы ұстап тұру қондырғылары орнатылған. Көз мүгедектеріне так­тилдік пиктограмма бағыттары (жо­лақтар) қойылған, шақыру қоңырауы орнатылған. Оқырмандарға сапалы қызмет көрсету және олардың сұ­ра­ныстарын қанағаттандыру, қа­жет­ті ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында бірінші қабаттан арнайы оқу залы ұйымдастырылды. Көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтар үшін браиль қарпімен кітапханада көрсетілетін қызмет түрлері, жұмыс істеу кестесі жазылған ақпараттық тақта қолжетімді жерде ілінген. Бұл залда кітапхана қорындағы құжаттардың барлық түрін пайдалануға, ақпарат іздеуде кітапханашының кеңесін алуға, кітапханада ұйымдастырылатын мәде­ни шараларға қатысуға, компьютерлік сауаттылық бойынша білім алуға болады.

Өмірде өз жүрек қалауымен таң­даған мамандығын өмір бойы сүйіп өтетін жандар бар. Кітапханашыларды солардың қатарына сенімді түрде жатқызуға болады. Ә.Тәжібаев атын­дағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында болып, ондағы жасалып жатқан жұмыстарды көріп осындай ойға келдім. Мырзамұратова Нұржамал Ахметқалиқызы басқарған ұжым мүшелері өскелең ұрпақтың интеллектуалдық әлеуеті артуына, ай­мақтың рухани дамуына өздерінің лайықты үлестерін қосып келеді.

 

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

         Сыр бойы".

Мәдениет 08 қыркүйек 2018 г. 840 0