"Славян базары" фестивалінде еліміздің намысын кім қорғайтыны мәлім болды

  Беларусьтің Витебск қаласында өтетін "Славян базары" халықаралық өнер фестивалінде Қазақстан намысын "Әміре" атымен белгілі - Ернар Садырбаев қорғайтын болады. Ол Нұрғиса Тілендиевтің "Құстар әнін" өзгеше сипатта орындамақ. Аталған фестивальде Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаева мен қазақстандық танымал әнші Димаш Құдайберген төрелік ететін болады. Бұл туралы әнші Астанадағы Орталық коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

"Роза Қуанышқызы мен Димаш Құдайбергеннің "Славян базарына" төрелік етуі маған қолдау болары анық. Байқауға үш айдан бері дайындалудамын. Нұрғиса Тілендиевтің "Құстар әнін" байқауда өзгеше стильде орындаймын. Екінші ән - Раймонд Паулстың "Подберу музыку" әні. Ол әнді екінші күні оркестрмен бірлесе орындаймыз. Үшінші ән - рок-опера Моцарт мюзиклынан француз тіліндегі ән болады. Әнді өңдеу жағынан болсын, музыка жағынан болсын, сипат тұрғысынан да дайындық жақсы. Роза Қуанышқызы айтқандай, ең бастысы ішкі дайындық керек. Актерлық шеберліктің де қыр-сыры түсіндіріліп жатыр", - дейді Ернар Садырбаев.

Қазақстан мен Орталық Азиядағы "Славян базары" халықаралық фестивалінің ресми өкілі Қарлығаш Әбдікәрімова "Славян базары" халықаралық өнер фестивалінде осы жылы алғаш рет "Ұлы дала өнері" атымен Қазақстан күні өтетінін мәлім етті.

"Витебсктегі Славян базары" осымен 27 рет өтіп жатыр. Біз жиырма жыл бойы осы фестивальге қатысып келеміз және бас жүлде мен алғашқы үздік үш орынды әркез біздің елдің өкілдері алып келе жатқаны жасырын емес. Осы жылы Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева аталған фестивальде қазылар алқасына төрағалық ететін болады. Сонымен қатар, Беларусь мемлекетінің президенті Александр Лукашенко "Витебсктегі Славян базары" аясында Амфитеатр алдындағы жұлдыздар алаңында Роза Қуанышқызының жұлдызын жағу туралы сәйкес жарлыққа қол қойды. Бұл маңызды оқиға Қазақстан күнін өткізумен тұспа-тұс келіп отыр", - деді Қарлығаш Әбдікәрімова.

Сонымен қатар, баспасөз мәслихатында белгілі болғандай, Беларусь мемлекетіндегі "Ұлы дала өнеріне" елімізден Нағима Есқалиева, Жәмиля Серкебаева, Маржан Арапбаева, Ерлан Көкеев, Әлішер Кәрімов, Динара Сұлтан секілді бірқатар өнер өкілдері барады. Ал әнші Ернар Садырбаев "Витебсктегі Славян базарында" Қазақстан атынан өнер бәйгесіне түсіп, бақ сынайтын болады.

"Славян базары" жобасының арқасында біздің елімізден көптеген танымал әнші-әртістер шығып, қазір Қазақстан және әлемге танымал болуда. Соның айқын мысалы ретінде Димаш Құдайбергеновті атап өтуге болады. Ол қазір әлемдік аренадағы жұлдыз. Ал, осы жылы "Славян базарына" Қазақстан атынан Ернар Садырбаев қатысатын болады. Ол көпшілікке "Әміре" лақап атымен танымал. Біз оның дайындығына барынша көмектесудеміз. Менің пікірімше, ол сайысқа түсуге дайын", - дейді продюсер Жан Мұқанов.

Әнші Ернар Садырбаев мәлім еткендей, байқауға үш ән дайындалуда. Соның бірі - Нұрғиса Тілендиевтің "Құстар әні" және ол туынды өзгеше, яғни конкурстық стильде орындалатын болады.

Еске сала кетсек, 2015 жылы "Славян базары" фестивалінің бас жүлдесін Димаш Құдайбергенов жеңіп алған болатын. Қазақстандық танымал әнші биыл "Славян базары" конкурсының балалар арасында өтетін сайысында қазылық етеді. Балалар бағдарламасына Қазақстан атынан 7 жастағы Әбілқайыр Жұмабай қатысады.

Айта кетсек, "Славян базары" халықаралық өнер фестивалі Беларусь мемлекетін дүниежүзіне танымал етті. 1995 жылдан бастап фестиваль Беларусь Республикасының президенті Александр Лукашенконың жеке қолдауымен халықтар арасындағы мәдени диалогтың қалыптасуына ықпал етіп келеді. Фестиваль күндері дәстүрлі түрде одақтас мемлекеттер күні, Беларусь, Ресей, Украина елдерінің өнер иелерінің гала-концерті, "Шекарасыз фестиваль", "Театр кездесулері", "Жұлдызды сәт" бағдарламалары өткізіледі.

Мәдениет 07 шілде 2018 г. 242 0